Дүйсенбі, 23 Наурыз 2026
Ақмылтық 115 0 пікір 23 Наурыз, 2026 сағат 12:49

Алатау – кімнің қаласы?

Сурет: azattyq-ruhy.kz сайтынан алынды.

Қала салынбай жатып, байбаламға басудың қажеті жоқ, әрине. Бірақ, кеш қалмас үшін сұрақ қою маңызды.

Иә, бұл ерекше жоба: Арнайы заң қабылданды. «Болары болып, бояуы сіңді» деп, қол сілтеп қоя салуға да болатын еді. Бірақ, дәл осындай кезде үндемей қалу – түсінбеушіліктің басы болуы мүмкін.

Алатау – жай ғана жаңа қала емес. Бұл – Қазақстан үшін эксперимент: Жаңа құқықтық жүйе, экономикалық және басқару моделін сынау.

НЕГЕ МҰНДАЙ ЭКСПЕРИМЕНТ ҚАЖЕТ?

Классикалық мемлекеттік жүйеде ірі инвестицияны тез тарту қиын: Бюрократия көп, заңдар қатаң, сотқа сенім аз. Ерекше аймақ арқылы инвесторға сенімді, икемді және жылдам шешім қабылдайтын орта жасалады.

БҰЛ ЖОБАНЫҢ КІМГЕ ПАЙДАСЫ БАР?

Билікке: Жылдам экономикалық нәтиже және саяси ұпай.

Инвесторларға: Салық жеңілдігі, тәуелсіз сот жүйесі, жерге қолжетімділік.

Жергілікті элитаға: Құрылыс, инфрақұрылым, табыс.

Қарапайым халыққа: Жанама пайда (жұмыс, қызмет), егер бәрі жоспар бойынша жүрсе.

Басқа елдердің тәжірибесіне тоқталайық...

Сингапур мен Дубайда сәтті аяқталды. Себебі тұрақтылық, құқықтық жүйе сенімді болды.

Нигерия (Экотек) мен Зимбабведе сәтсіз аяқталды. Себебі жемқорлық, саяси тұрақсыздық, инвесторға сенімсіздік тудырды. Украинада да солай. Сот жүйесінің әлсіздігі, әкімшілік тұрақсыздық, әлеуметтік шиеленіс сәтсіздікке ұшыратты.

Қысқасы, Алатау – екінші Дубай немесе жабық экономикалық анклав болуы мүмкін. Мәселе жобада емес, оны кім және қалай басқаратынында.

Сұрақ қарапайым: Қала кім үшін салынады? Пайдасын кім көреді – қарапайым халыққа па, билік пе, әлде шетелдік инвесторлар ма?

Иә, инвестиция келеді. Иә, инфрақұрылым салынады. Иә, экономика өседі. Бірақ, басқару жүйесі өзгереді. Ұлттық сот ықпалы әлсірейді. Жер мәселесі шиеленісуі мүмкін. Әлеуметтік теңсіздік тереңдеуі ықтимал.

Бұл жобаның нәтижесінде қарапайым халықтың өмірі жақсара ма, әлде жаңа «жабық әлем» қалыптаса ма, ең басты сұрақ осы!

Мәселе жобаға қарсы болуда емес. Мәселе – түсінуде.

«Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» демеу үшін, дәл қазір сұрақ қою және түсіну керек. Үлкен жобалар – үнсіздікті емес, саналы бақылауды қажет етеді.

Гүлмәрия Барманбекова

Abai.kz

0 пікір