Қазақстандық блогерге халықаралық іздеу жарияланды
Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің (АФМ) қаржылық тергеу департаменті Қазақстан Республикасының азаматы, 1998 жылғы 23 маусымда туған, желіде andersonchik1 лақап атымен танымал Ильяр Ювашевке мемлекетаралық іздеу жариялады
Ол ел аумағында лицензиясыз жұмыс істеген заңсыз интернет-казино қызметін ұйымдастыруға көмектесті деген күдікке ілінген. Тергеу деректеріне сүйенсек, 2024–2025 жылдары Ювашев mellstroy.game ресурсын қоса алғанда, интернет-казино желісін құруға және басқаруға қатысқан.
Қаржы ағындарын заңдастыру және операцияларды жасыру үшін 22 жалған заңды тұлға, POS-терминалдар мен электронды төлем құралдары пайдаланылған. Осы жүйе арқылы өткен ойыншылар қаражатының жалпы көлемі 3,6 млрд теңгеден асады.
АФМ департаменті іздеуде жүрген адамның жүрген жері туралы мәліметі бар азаматтардан кезекші бөлімге мына телефондар арқылы хабарласуды сұрайды:
+7 7172 70 84 79 (ішкі 21384)
Call-center: 1458
Анонимдік пен сыйақыға кепілдік беріледі.
Сонымен қатар Беларусь Республикасының азаматы Андрей Буримге қатысты тергеу жалғасып жатыр. «Mellstroy» лақап атымен танымал блогер әлеуметтік желілер арқылы интернет-казиноны насихаттап, TikTok, YouTube Shorts және басқа платформаларда конкурстар мен челлендждер ұйымдастырған. Ол да халықаралық іздеуге жарияланған.
Тергеу мәліметінше, заңсыз интернет-казино қызметі азаматтарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға тарту арқылы елеулі әлеуметтік және экономикалық зиян келтірген. Бұл лудоманияның өсуіне, халық табысының жоғалуына және капиталдың офшорлық юрисдикцияларға кетуіне ықпал еткен.
Abai.kz