Каспий келесі соғыс ошағына айнала ма?
Израиль мен Америка бүгін тағы да Каспий айлағына шабуыл жасады. Иран жағалауындағы стратегиялық орталық Әнзәли портындағы әскери нысандарды атқылады. 19 наурызда осы айлақтағы әскери кемелерді соққылаған, кеден техникалары мен ғимараттары да зардап шеккен. Кемелерге Ресейден әскери құрылғыға жататын "құпия жүк" тиелгені хабарланған.
Алғашқы соққыны Израиль жалғыз жасаса, бүгінгі соққыға Американың да үн қосуы назар аудартады. Қақтығыс аумағының кеңіп келе жатқанын көрсететін көрініс. АҚШ-тың үн қосуы оның Каспий жағалауындағы басқа елдердегі компанияларына да қауіп. Әсіресе, Әзербайжан мен Қазақстандағы АҚШ компанияларына үлкен сигнал. Оның ішінде Әзербайжанның Каспий мәселесінде АҚШ-пен ынтымақтастық орнатуы Иранға бұрын да жақпай келе жатқан.
Каспий қаншама әскери емес су айдыны ретінде жарияланғанымен, Ресейдің кезінде Сирия оппозициясын, кейін Украинаны осы теңізден атқылауы сауал туындатқан. Әнзали мен Астрахань арасында әскери жүктің тасымалдануы бүгінгідей соққының боларын да аңдатқан. Мұны Әзербайжан сарапшылары соғыстың басында-ақ ескерткен.
16 наурызда Иранның ислам революциясы сақшылары корпусы Каспий маңындағы Түркіменстан тәрізді елдерге де ескерту жасаған. Сондағысы - Ұлыбританияда орналасқан Иран билігіне жақпайтын парсы тіліндегі тәуелсіз телеарналардың Түркіменстан спутниктік желілері арқылы хабар таратуы ұнамаған. Иран мұның ақыры "әскери қимылға" бастайтынын ескерткен.
Жалпы, 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иранға шабуылдар қарсаңында Түркіменстанға АҚШ әскери ұшақтарының қонуы да Ресей мен Иранға ұнамаған. Тіпті Венесуэладағы операцияға қатысқан Дельта күштері де Түркіменстанға орналасқаны айтылады. Бірақ ешкім растаған жоқ, жоққа да шығарған жоқ.
Шетелден Иранның қазіргі билігіне жақпайтын парсы тілінде хабар тарататын арналар баршылық. Және олардың бәрін спутниктік желіден ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да көруге болады. Сондықтан осы арналардан хабар таратуға мүмкіндік жасадың деп Түркіменстанға кінә артуының ар жағында басқа да салмақты мәселелер жатыр.
Совет одағы ыдыраған соң Каспийдің құқықтық мәселесін айқындауда да Иранның ұстанымы әуелде қырық құбылған. 2018 жылы Ақтауда бекіген құқықтық мәртебе туралы конвенцияға Иран жағалаудағы көршілеріне қарсы келе алмағанымен, бірден илікпеді. Бұл мәселеде Иранның жағалау елдеріне өкпесі де бар. Конвенцияны әлі ратификациядан өткізбей келе жатыр.
Соңғы соғыста Қазақстанның Иран аятолласы қазасына көңіл білдірмеуі және Иранның көрші елдерге шабуылын айыптауын да Тегеран бірден ұмытпақ емес. Иран зымырандарының радиусы Каспийдің арғы-бергі жағасындағы АҚШ мүддесіндегі нысандарды атқылауға жетіп тұр. Сондықтан Каспий жағалауындағы елдер үшін Ирандағы соғыс кәдімгідей қатер ұялатып отыр.
Мұның сыртында Қазақстанның Ақтау порты мен Иранның Әнзали айлағы бастатқан бірнеше портымен арада алыс-беріс жолға қойылған. Келісімдер бар. Тәжірибеден де өткен бағыт. Ол жақтан келетін импорт өнімдер мен Қазақстаннан Иранға экспортталатын шикізатттар да осы Әнзали арқылы тасымалданады. Каспийдің Иран жағалауына шабуылы осы тұрғыда Қазақстанға да зардабын тигізіп отыр.
Қуанышбек Қари
Abai.kz