Сәрсенбі, 1 Сәуір 2026
Арылу 218 0 пікір 1 Сәуір, 2026 сағат 13:32

Ұлттық қауіпсіздік балабақшадан басталады!

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Соңғы уақытта қоғамда ұлттық қауіпсіздік мәселелері тек құқық қорғау немесе ақпараттық кеңістікпен ғана шектелмейтіні жиі айтылып жүр. Әсіресе, діни экстремизмнің алдын алу тақырыбы күн тәртібінен түспей келеді. Осы тұрғыда заңнамалық өзгерістер Мәжілісте талқыланып, экстремистік мазмұндағы әдебиеттердің таралуына тосқауыл қою үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құзыретін кеңейту мәселесі көтерілді. Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан көтерді.

Бұл бастаманы депутаттар да қолдап отыр. Өйткені радикалды идеялардың таралуына жол бермеу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Алайда мәселе тек кітаптар мен ақпарат құралдарында ғана емес екені анық. Қауіпті идеология көбіне білім мен тәрбие арқылы да таралуы мүмкін.

Қазақстанда соңғы жылдары жеке балабақшалардың саны айтарлықтай артты. Бұл – мемлекеттік балабақшалардың жетіспеушілігінен туындаған заңды үрдіс. Дегенмен, мұндай мекемелердің барлығы бірдей сапалы әрі қауіпсіз тәрбие беріп отыр ма деген сұрақ туындайды. Әсіресе, елдің батыс өңірлерінде кейбір діни топ өкілдерінің жеке балабақшалар ашып, балаларға қандай бағытта тәрбие беріп жатқаны қоғамды алаңдатады.

Бұл мәселе бұрын да көтерілген. Атырау қаласындағы кейбір балабақшаларға қатысты мысалдар айтылып, олардың қызметі қоғамда пікірталас тудырған болатын. Осыған байланысты сарапшылар мен депутаттар ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілеттігін тек ақпараттық кеңістікпен шектемей, білім және тәрбие саласына да белгілі бір деңгейде кеңейту қажет деген пікір білдіруде.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері ұлттық қауіпсіздік ұғымының ауқымы кең екенін атап өтеді. Олардың айтуынша, ұлттық қауіпсіздік тек әскери немесе саяси бағытпен ғана емес, қоғамдық, экономикалық, ақпараттық және экологиялық салаларды да қамтиды. Ал қоғамдық қауіпсіздік ұғымына құқықтық тәртіп пен алдын алу шаралары кіреді.

Алдын алу жұмыстарының өзі отбасынан, балабақшадан және мектептен басталатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, балалар тәрбиесі мен білім беру жүйесі де ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстар түрлі мемлекеттік органдардың қатысуымен үйлестіріліп, арнайы кеңестер мен штабтар арқылы жүзеге асырылады.

Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдайда тек үйлестіру жеткіліксіз болуы мүмкін. Өйткені идеологиялық қауіптер жасырын әрі ұзақ мерзімді әсерге ие. Сондықтан тәрбие беру мекемелерінің қызметін бақылау, олардың бағдарламалары мен құндылықтық бағыттарын сараптау – уақыт талабы.

Ұлттық қауіпсіздік бүгінде тек шекара мен ақпаратты қорғаумен шектелмейді. Ол – сана, тәрбие және құндылықтар қауіпсіздігі. Егер қоғам өз болашағын қорғауды көздесе, бұл мәселені балабақшадан бастап қарастыруы тиіс.

Abai.kz

0 пікір