Үйдің үлкені
Айымқанның биыл елу жасқа толатынын кіші келіні жаңа жыл кіре салысымен абысындарының құлағына құйып, күзде шағын той жасайық деген еді. «Жеңгемізге тосын сый болсын, айтпай-ақ үйіне соятын малымызды жетелеп, сый-сияпатымызды, кәде-жоралғымызды алып, бала-шағамызбен кіріп барайық», – деп күйеулеріне ақыл салғанда үш еркек те қойнына тығып ұрлап бара жатқан жұмыртқасын байқамай сындырып алған баладай сүмірейіп, бұға түскен. Қыз емес пе қарындастары Гүлімқан бұл іске ерекше қуанып, алыста тұрса да, ағаларының үйіне аптасына бір келіп, әпкесінің тойына өзі не дайындап жатқанын, олардың не істеуі керектігін айтып, бір хабар біліп кетуді әдетке айналдырды.
Мизам айы келіп, арықтағы су қол малдырмай, талдардың алды жапырағынан айырылып, арты сарғайған шақта, Айымқанның туған күні – жай туған күні емес, елу жылдығы деп өзінен кейінгі тете інісі Қабылжан әйелі Сапия және үш баласымен таң ата ептеп айдап жүрген ескі «Москвичіне» қара қойын салып жетіп келді.
– Он сегіз жасыңыз құтты болсын! – деп Сапия қайын әпкесінің басына он екі өрнекті аппақ гүлді орамал жауып, иегінен байлап, екі бетінен қайта-қайта сүйіп. – Ел келгенде басыңыз ағарып тұрсын, әпке, – деп той рәсімін бастап жіберді.
– Қайдағы той? Не той? – Күнде келіп жүретін қонақтар бүгін ерекше ілтипатпен келгенде, үйдің іші де, сырты да шашылып жатқанын көрген Айымқан қысылып қалды.
– Туған күніңізбен!
– Жарты ғасырыңызбен!
– Құттықтаймыз! – деп Қабылжанның үш баласы үш жағынан жаңа ғана өз бақшаларынан үзіп әкелген гүлдерін «үлкен апа» деп атап кеткен Айымқанға ұсынып, әдеттегідей сүйісіп, иіскелеп мәз болды.
– Айналайындар! Садағаң кетейіндер!– деп Айымқан абдырап тұрып қалды да, сәлден соң есін жиғандай: – Үйге кіріңдер! Кіріңдер үйге! Мен неге тұрмын! – деп балалардың кішісін бауырына қысып, табалдырықтан аттады.
***
Уақыттың жүйрігін-ай. Содан бері талай жыл зымырап өтіпті. Әкелері Айты да, аналары Күміс те колхоздың малы мен сауын сиырларының бейнетінде. Еркегі сиыр бағып, бұзауларды енесінің емшегіне жолатпай ұстап беріп, ептеп идіріп, әйелі жиырма шақты сиырды сауады. Айты сауылған сүтті сабаларға құйып, арғы беттегі бір ет асым жердегі «Молоковоз» деген жазуы бар машина келетін үш жолдың айырығына жеткізіп береді. Құдайдың күні сан қилы ғой: кейде жаңбырдың, кейде бұршақтың астында қалады, кейде дауыл тұрады,– өлсе де сүтті уақытында апарып, сүт фермасының меңгерушісіне тапсыруы керек.
Бір күні осылай бейқам келе жатқанда алдындағы қарағанның арасынан кекіліктер пыр етіп ұшып, аты үркіп кетті де, өзі торысының басынан асып құлап түсіп, екі сабасы екі жаққа ұшып, қия жолдан сайға қарай төмен домалап кетті. Айты да қараған-бұтаға, ұсақ тастарға қарамай, атылған оқтай сабаларының артынан еңбектеп ұмтылды. Сай табанына жеткенде екі сабасын құшақтап отыра кетті. Бірінің аузы шешіліп, бірінің түбі тесіліпті, екеуінде де бір тамшы сүт қалмаған.
Бос сабаларды көре сала жазы-қысы май сіңген шіләпасын басынан тастамайтын сүт-тауар фермасының меңгерушісі бас киімін жұлып алғандай болып өкіріп қоя берді:
– Мынау не, кемпірдің емшегіндей салбыраған не?
– Сүтімді ағызып алдым... – Айтының аузы әрең қимылдағандай болды.
Ферма басшысы долы қатынша бір-екі сүт тапсырушы мен «Молоковоздың» шопыры естісін деп айқайлап жіберді:
– Мен айттым ба саған!? Бұл сүт емес – алтын дедім бе!? Біз Балтық теңізінің матростарын сүтпен қамтамасыз етеміз дедім бе?! Олар сен сияқты жайлауда емес – суда жүр. Отанды қорғап жүр. Күнде сүт ішуі керек! Енді не ішеді?! Әкеңнің басын іше ме?! Сабадағы сүтті ағызғанша, атың екеуің іші боққа толы миларыңды ағызбайсыңдар ма?! Сволочь!
Оның әдетін білетін Айты да, шопыр да, сүт тапсырып жатқандар да аузына құм құйғандай тісін қышырлатқанымен, ешқайсысы үн қатпады.
– Үйіне хабар айта сал! Мен мұны парторгтың алдына – колхоз кеңсесіне апарамын!– деп тұрғандардың біріне бұрылды да, Айтыны «Молоковоздың» үстіне шығарып, жанына бос сабаларын лақтырып тастап, жайлаудан ылдиға қарай тартты...
...Сол кезде балалары Айымқан сегізде, Қабылжан алтыда, Гүлімқан төртте, Нияз екіде еді. Бәрі сүп-сүйкімді балапандардай. Күміс алаңкөңіл болатын.
Ертеңіне-ақ Айымқан анасы екеуі аттың еріне жиырма бес литрлік екі алюминий фляга артып, оған шелектеп сауылған сүтті толтырып, әкесінің орнына «Молоковозға» сүт тасып жүрді. Сол жерде шопыр Айтыны ауданға әкеткенін, он бес тәулікке қамалуы мүмкін екенін қызына «сүйіншілеп» айта салды.
***
Бір күні Күмісті туыстары келіп, ылди жаққа алып кетті. Енді сүт сауу да, балаларға қарау да, малды жайғастыру да, отын теріп келіп от жағу, тамақ істеу де, сауылған сүтті тасу да – бәрі-бәрі Айымқанның мойнына түсті.
Анасын екі әйел, бір ер адам бір аптадан кейін алып келгенде, аттан түсе сала балаларын бір-бірлеп құшақтап:
– Жылаңдар! Жылаңдар! Әкесіз қалдыңдар! Енді жетім болдық! – деп боздап қоя берді.
Шаштары жайылып, көз жасы төгіліп, өксігі тау жаңғыртқандай еді. Балалардың кішілері ештеңе түсінбей, Айымқан мен Гүлімқан аналарына қосылып жылады, ал Қабылжан ер бала болған соң түнеріп тұра берді.
...Кейін ауылдастары Айтыны он бес тәулікке қамап, милициялар тепкілеп ұрып, екі бүйрегін зақымдап тастапты, ауруханаға жетер-жетпесте көз жұмыпты деп айтып жүрді.
***
Келесі жазда колхоз бұларға сауын сиыр бермей қойды. «Шамасы келмейді» десіпті. Оның орнына колхоздың оқшаудағы қойларын бақсын деген екен, бірақ Күміс көнбеді. Кетпенін алды да, темекі алқабына кетіп қалды. Күндер өте берді. Балалар да өсе берді. Ілияс дүниеге келді. Темекінің бар ауыртпалығын осы буыны қатпаған балалар көтерді: көктемде атыздарға су жібереді, суы тартыла бастағанда араларын бір сүйемдей етіп көшет отырғызады, сосын тағы суарады, алғашқы арам шөбін отайды – үш рет отайды. Шөптеулердің арасын ұзартып жіберсең, арамшөп қаптап кетеді, одан да асырып алсаң, түбін буып тастайды. Сосын алғашқы үзім, тізу, рамкаға ілу, таңғы үзім, түнгі тізім, ара-арасында суару – қысқасы, аяқ суытар уақыт жоқ. Қыста да темекіні сұрыптап, буып-түйіп шығасың.
Осылайша он жыл темекінің арасында өте шықты. Тоғызға шыққан Ілияс та кәдімгідей еңбекке араласты.
Бір күні қырманда бір құшақ темекі бауын көтеріп, арбаға әкеле жатқан Күміс балаларының көз алдында арықтан аттай бергенде сүрініп құлап, арқасындағы жүгі өзін басып қалды. Арттағы балалары арқалаған темекілерін лақтыра салып, аналарына жеткенше аузы қаракөк болып, сілекейі шұбырып қалды. Ілияс қырманды жаңғырта айқай салды. Оның даусынан темекі үзіп жүрген келін-кыздар мен арбадағы жүкшілер жүгіріп жетті.
Күміс балаларының көз алдында бір рет «ох» дегендей болды да, басы оң жағына сылқ ете түсті. Әйелдер балаларды бір-бірлеп жетелеп әкетті. Тек Айымқан ғана анасының Құдай берген аманат жанын қайта Құдай алып кеткенін көріп, көгере тұрып қалды, әйелдердің жетегіне көнбей қойды.
Күміс сол күйі орнынан тұрмады...
***
Атасының қайғысынан кейін анасының ауырып жүргенін балаларынан қанша жасырғысы келсе де, Айымқан бәрібір сезіп жүрді. Кейде темекі алқабында, кейде темекі қорасында қалтырап-дірілдеп жатып қалатын. Мұндайда әйелдер жабыла келіп, қол-аяғын уқалап, бетіне су бүркіп, әзер дегенде есін жиғызатын. Бірі «сақинасы ұстапты» деп, сақинасын үзіп жіберсе, бірі «талмасы ұстады» деп дұға оқып, әйтеуір көп ұзамай тәуір болып кететін. Өз-өзіне келген соң балаларын бір-бірлеп көзбен аялай түгендеп, дел-сал күйі жата беретін. Бір түн өткізіп, таңғы намаз уағында ештеңе болмағандай тұрып, аула-үйін сыпырып қойып, темекісіне кетеді. Сосын бірде қолдама, бірде атала, кейде быламық, кейде қуырма шай ішіп, көбіне бүкіл денесіне қойдың құйрық майын жағып, өзін өзі емдеп алып жүре беретін.
Бір апта бұрын бес бала бес қатарға түсіп, Күміс бір қатарға түсіп, алтауы таңғы үзімде жүрген. Бригадир келіп, қатар ішіндегі үйіліп қойылған темекілерді шашып жіберіп, айқайлай бастады:
– Піспеген жапырақтарды неге үзесіңдер?! Бұлар төртінші сорт болып қалады! Қолға тигенін жұла бересіңдер ме?! Төменгі жағынан аздап сарғайған бір-екі жапырақты ғана алсаңдар өлесіңдер ме?! Бұл – Науқаттың темекісі! Бұл сиырдың емшегі емес! – деп бригадир ашуға басты. – Біле- білсеңдер Науқаттың темекісін Черчилль шеккен. – Англияның үкімет басшысының мүштегіне темекіні өзі салып бергендей мақтанышпен сөйледі ол. – Қане, шығыңдар! Екі күннен кейін келіп үзіңдер!
Күміс айтысып отырсын ба, шығып кетті. Қораға барып бұрын үзген темекілерін тізіп қойды да, балаларын ертіп, үшінші күні түстен кейінгі үзімге келсе, бір атыздағы темекісін біреулер түк қалдырмай жұлып алып кетіпті. Екі-үш кебіс ізінен басқа еш белгі жоқ. Сонда анасы балаларына жүзін көрсетпей, арықты бөліп тұрған шымның үстіне отырып алып жылады. Жылап отырғанда Айымқан жанына барса, оны құшақтап алып: «Үйдің үлкені сенсің, қызым, кішілерге бас-көз бол», – деп көз жасын сүртіп тұрып кетті.
***
– Сәлеметсіз бе, әпке!
– Мерейтойыңыз құтты болсын!
– Тойыңыз тойға ұлассын!
Айымқанның қақпасын қаққыламай-ақ жарқылдап кірген сіңлісі Гүлімқан, басын жерден көтермейтін күйеу баласы Тұрсыналымен, інілері Нияз жұбайы Зебимен, кенжесі Ілияс Бақтықанымен және балаларын бір қауым етіп ертіп кіріп келді де, қара шаңырақты бір сәтте базарға айналдырып жіберді.
Бақшаға ұзын үстел қойылып, самаурындар қайнап, дастарқан үсті жайнап, сағынысып көріскен бауырлардың үлкендеу балалары бір-біріне мақтанып, кішілері бақ ішінде ойнап, тауықтар мен қойларды тамашалап, жалғызбасты әйелдің үйі бір өзгеше күйге енді.
***
– Мен асаба боламын!– деп Гүлімқан күздің салқынына қарамай, әпкесінің елу жылдығына арнайы тіктірген аппақ көйлегін киіп шықты. Бала-шағаны, келін-кепшіктің бәрін үстелге тізіп отырғызып қойып: “Салют атылсын! Әпкемізді қол шапалақпен қарсы алайық!” – деп бұйырды.
Петардалар атылып, бенгал оттары жанып, үйінен ұзатылып жатқандай сіңлісі жаңа ғана сыйға тартқан ақ капрон көйлегін киіп Айымқан келе жатты. Қол шапалақтан, өзіне ғана қадалған көздерден, жалтырақ-жұлтыраған жарықтардан сасқалақтаған ол алабұртып кеткен бетін қайта-қайта сипалап, көйлегіне өзі шалынып кете жаздап, Ілияс «бұл – президенттер отыратын орындық» деп, жаңа ғана сыйлап, төрге қойып берген креслоға қол шапалақтың сүйемелдеуімен әрең жетіп отырды.
Жұрт тағы бір дүркін қол соқты. Шампанның тығыны көкке атылды.
***
Осы балалар! Осы бауырлар! Апасының қырқы берілген күні ел тарай салысымен, балаларды тізіп отырғызып, екі нағашы ағасы, жалғыз ағасы, бір нағашы әпкесі дастарқанды жинастырып қойып, маңызды әңгімеге көшкен еді.
– Алланың жазғаны екен! Жиендеріміз осылай жет... жалғыз қалды. Бұлардың енді дербес күн көруі қиын. Бір-бірден бөліп алып кетейік! – деп әңгімені алдымен үлкен нағашы ағасы бастады.– Мен Айымқан мен Қабылжанды алайын!
– Мен Гүлімқанды алып кетейін! – деді кіші нағашы ағасы томсарып тұрған Гүлімқанға қарап.
– Бауырларымнан бөлінбеймін! – деп Гүлімқан шарт кетті.
– Бөлінбегенде не істемексің?! Бұл – Құдайдың ісі! Кейін табысарсыңдар! Қатынасып тұрарсыңдар! – деп, Күміске құйып қойғандай ұқсайтын әпкесі жай ғана айта бастағанда, Ілияс орнынан атып тұрып, оның мойнынан құшақтап жылап жіберді. – Мені сіз алып кетіңізші?!
– Ешкім ешқайда кетпейді! – деп Айымқан орнынан атып тұрды, танауы делдиіп кетіпті.– Осы үйде тұрамыз! Анам маған «бауырларыңды сен қара, үйдің үлкенісің» деп аманаттап кеткен! Нағашы аға, нағашы әпке, аға, сіздер кете беріңіздер! Өз балаларыңызды бағыңыздар! Үйдің үлкені ретінде кішілерді адам қатарына қосу, үйлендіріп, тұрмысқа беру – менің мойнымда! Болды, енді қайтыңыздар!
Туыстар бір-бірлеп шыға бастады...
***
– Ал енді алғашқы сөз Қабылжан аға мен Сапия жеңгемізде! Екеуі әпкеміздің тойына деп таң атпай келіп, жай келмей, қойларын сойып әкеліп, ішек-қарнын жуып, ішегінен быжы жасап, етін асып қойды. Ендеше сөз сіздерде, аға-жеңге, әпкеме айтар игі тілектеріңізді бүгін айтпағанда қашан айтасыздар... – деп Гүлімқан асаба жадырай сөйлеп, сөз беруге көшті.
***
Қабылжан мен Сапия – Айымқан үшін ерекше жандар. Үшеуі бірге өсті. Оныншы сыныпты бітірер-бітірместе, кәмелеттік аттестатын ала салысымен, Айымқаннан екі жас кіші інісі Қабылжан осы Сапияны ертіп кіріп келді.
– Әпке, келінің келді, орамал сал!– деген Қабылжанның сөзін алғашында Айымқан әзіл шығар деп ойлады. Бірақ қасында жүзі бал-бұл жанып, бұрынғыдай емес, именіп тұрған Сапияны көрді.
– Шын ба, Сапыш?
– Рас, әпке! Мені арғы ауылдағы бір жігіт алып қашпақшы болыпты. Қабышқа айтсам, «одан бұрын мен алып қашамын» деп, осылай келіп қалдық.
– Сендердің естерің дұрыс па? Үйдің жағдайы мынау. Қыздың үйіне жетелеп апарар тышқақ лақ не қалыңмалға бір тиын да жоқ!
– Әпке, сізді ұзатпай жатып, өзім үйленіп жатқаным үшін кешіріңіз!– Қабылжан осылай дегенде Айымқанның іші елжіреп кетті.
– Мені ұзататын сен бе едің?! Сендер осылай отыра тұрыңдаршы,– деп Айымқан екеуін отырғызып қойып, келесі көшедегі Сапияның үйіне барды.
– Кел, Айымқан, кел! Келмейтін едің, жайшылық па? – деді алдынан шыға келген Бұрма әпке.
– Менің жынды інім Сапияны алып қашып барыпты!
– Қашан, қарағым?!
– Қазір. Екеуі үйде отыр.
– Орамал салдыңдар ма?
– Жоқ, әпке!
– Мен қазір... – деп Бұрма әпке төргі үйге, күйеуіне ақылдасуға кіріп кетті де, біраз күбірлесіп отырып, қайта шықты. – Үйдің босағасынан аттатпай тұрып ұстап қалсақ болар еді. Бірақ болған іс болыпты. Қабылың жаман бала емес. Тек бір ғана «бірағы» бар ғой.
– Қандай «бірағы»?.. Иә... иә, әпке, біздің қолымызда мал да, ақша да жоқ! Әкеміз де, шешеміз де жоқ!
– Айымқан! – деді арғы үйден асыға шыққан қыздың әкесі Самат. – Сенің бір тиының да, бір малың да керек емес! Қара суға неке қия беріңдер! Балалар бақытты болсын!
Айымқан үйіне көп бала туып-өсірген көрші кемпірді ертіп келіп, дүкеннен қарызға бір орамал сұрап алып, Сапияның басына жапты. Жаман болған жоқ. Қабылжанның бауырларымен бірге еңбек етіп, Айымқан екеуі балшық илеп, кесек илеп, ауыл шетіне құрқылтайдың ұясындай шағын үй салып алды. «Ініңіз ішіп жүр, әйтеуір бір көлік әперсеңіз, таксиде жұмыс істер еді» деген соң, Айымқан қарызға батып жүріп, осы қазір мініп жүрген ескі көлігін сатып әперген. Сөйтіп тұрмыстары түзеліп кетті.
***
– Әпке, біз сізді жақсы көреміз. Сіз бізге ата да, ана да болдыңыз. Сізді күтпей, әйел алып кеткенге ұялдым. Міне, бұл балаларым түгел сіздің балаларыңыз! – деді Қабылжан лебізін қысқа қайырып. Оның сөзін Сапия да қолдады.
– Ал енді екінші сөз бізде, солай емес пе, шеф? – деп Гүлімқан күйеуі Тұрсыналыға қарады.
***
Екі қыз ғана болғандықтан ба, әлде қыздар өзара тату бола ма, әйтеуір Айымқан мен Гүлімқан өзге ағайындардан гөрі бір-біріне жақын болып өсті. Аналары көз жұмғаннан кейін екеуі оңашада жылап алатын да, бір-біріне сыр білдірмейтін.
Бірде басқа ауылдағы анасына ұқсайтын нағашы әпкесі Айымқанға кісі жіберіп: «Сырға салуға жақсы адамдар келеді, қыңқ етпей, жақсылап қарсы алсын»,– депті. Күміс қайтыс болған соң Ілияс анасын сағына бергенде, Айымқан оны сол нағашы әпкесінің үйіне жиі апаратын. Ілияс оны анасындай көріп, кейде түнде де қалып қоятын. Сонда Айымқанды көріп қалған ба, әлде бұрыннан сөз болып жүрген бе, әйтеуір, келін қылып алғысы келетін біреулер бар екен.
Айымқан үсті-басын ретке келтіріп, шашын тарап, үйдің іші-сыртын жинастырып дайын тұрды.
Келді. Келгенде де сары қарын үш әйел мен басына орамалы жарасқан, жарқыраған жас келін – төртеуі бірге кіріп келді. Айымқан да нағашы әпкесі айтқандай қабағын шытпай, дастарқанын жайып, жақсылап қарсы алды. Гүлімқан тамақ жасап берді.
Әйелдер бір-біріне сыбырласып отырып, асқа бата жасаған соң, құлағы сыңғырлап отырған Айымқанға емес, әпкесінің айтқанын екі етпей жүгіріп жүрген, аяғы-аяғына тимей қызмет қылған Гүлімқанның құлағына алтын сырғаларын тағып, дұға жасап, бет сипап кете барды.
Тағдырдың бұйрығына мойынсұнып, бірен-саран жасауыма деп сақтап жүрген заттарын да сандығымен қоса Гүлімқанға ұстатып, енді Айымқан үнсіз отырып қалды.
***
– Қайынбике, – деді біреу жер жақтан өзіне «маған қарап сөйле» деп ұрсып тұрғандай сезген Тұрсыналы. – Осылайша уақыт өте береді екен. Сіз де жер ортасына келіпсіз. Тағы бір осындай жыл жасаңыз! – Тұрсыналы осы сөздерді әрең айтты.
Оның айта алмаған сөзінің есесін Гүлімқан толтырды. Ол екеуінің бала күнінде қалай ойнағандарын, сіңлісіне болысып кімдермен төбелескенін, тұрмысқа ұзатылып бара жатқанда әпкесінің өксіп-өксіп жылағанын, тұңғыш балалы болғанда «осы балаңды маған берші» деп жылап жібергенін, сол кезде қайыненесінің Айымқанның меселін қатты қайтарғанын, ал әпкесінің содан кейін олардың үйіне бармай қойғанын, Тұрсыналы қайынбикесін көрсе болды ұялып, жерге қарай беретінін – бәрін-бәрін ұсақ-түйегіне дейін тізіп айтып шықты.
Сосын:
– Әпке, сізге мынау норка ішік!– деп үстіне аппақ, қымбат күзен ішік жапты.
Бағанадан бері Гүлімқан сөйлеп жатқанда жеңіл киініп отырған Айымқан дірілдей бастаған еді. Ішікті алғысы да, кигісі де келмесе де, оны үстіне желбегей жамылып алды.
***
– Құттықтау сөзінің кезегі Нияз бен Зебиде!– Гүлімқан отырғандардың қол шапалағына бөленген бауырларына қуана қарады.
– Әпкемнің елу жылдығы мен үшін ерекше мереке!– деп, баяғы колхоздың бордақы өгізіндей домаланған Нияз шыбықтай тартылған арық әйелін жаңа көргендей құшақтап тұрып, толқып, көтеріңкі дауыспен сөз бастады.– Одақ ыдырағанда бәріміздің есіміз шығып кетті. Колхоз тарады, темекі егілмей қалды, ішерге ас, киерге киім таба алмай қиналдық. «Жолақымды тауып беріңіз, мен бір жаққа кетейін», – дедім бір күні әпкеме. Әпкемнің сол кезде бүкіл ауылды аралап, ақша таппай қайтқаны әлі күнге есімде. Аудан орталығына күнде барып-келіп, екі-үш жерде еден жуып, ыдыс жуып, кір жуып жұмыс істеді. Түнді түн демей, күнді күн демей екі айдан кейін маған жолақы тауып беріп, Қазақстанға жіберді. Ол жақта да ісім оңалмады. Қарызға батып, алты айдан соң қайтып келсем, әпкем қабағын шытпай қарсы алды. Сосын тағы да жолақы тауып беріп, бір балаларға қосып Мәскеуге жөнелтті. Ол жақта жағдайым түзелді, үйлендім, пәтер алдым. Бес жылдан кейін әпкеме келсем, «сені жібергенде алған баяғы қарыздарды сұрап жатыр» демей ме. Мен оны ұмытып та кетіппін. Сонда әпкемнің шашы ағарып, түсе бастағанын көріп, Мәскеуге алып кетейін десем, «Мәскеуің өзіңе бұйырсын» деп көнбеді. Амалсыз кеттім. Бір уыс ақша ұстатсам, алмай қашып әуреледі. Тастап кеттім, кейін оның бәрін банк арқылы қайта өзіме салып жіберіпті. Әпке, сол ақшаларыңызды өсіріп-өсіріп, міне, елу жылдық мерейтойыңызға жол талғамайтын көлік әкелдік!– деп Нияз бен Зеби әпкелерін құшақтап, қолына Lexus-тің кілтін ұстатты. Айымқанның қолдары дірілдеді ме, әлде алғысы келмеді ме – кілт қолына тұрмады. Нияз кілтті үстел үстіне сарт еткізіп тастап, бокалын көтеріп, бауырларымен қағыстыра бастады.
***
Үйдің еркесі, ең кенжесі Ілияс анасы қайтыс болған соң Айымқанды «апа» деп кетті. Қыңыр, кекшіл, айтқанынан қайтпайтын бала болды. Екі күннің бірінде көшедегі балалармен төбелесіп келеді. Ай сайын полицияға түседі де, Айымқан қызыл жағалыларға да, жәбір көргендерге де «ағалап-жағалап» жүріп әрең құтқарады. Ілияс әпкесіне тыным бермейді, тағы бір бәленің үстінен шығады. Бірде ата-аналар жиналысынан Ілиястың қылықтарын естіп, қатты ашуланып келсе, інісі алдын ала бәрін біліп қойғандай: «Сіз менің анам ба едіңіз, жиналысқа неге бардыңыз?» – дейді. Айымқанның қатты ашуы келіп, булығып, бетінен тартып жібермек болғанда, «үйдің үлкені сенсің, қызым, кішілерге бас-көз бол» деген анасының бейнесі көз алдына келіп, оң қолын сол қолымен ұстап, әрең тоқтады.
Енді сөз сол Ілиястың өзіне тиді:
– Әпкеміз өзі үшін емес – біз үшін өмір сүрді. Әпкеміз өзі үшін емес – біз үшін туған екен. Қазір сол күндер қайта келсе, мен бәрін басқаша істер едім. Ең алдымен: «Әпке, сіз тұрмысқа шығыңыз, мен содан кейін үйленемін», – дер едім. Рас, үйленуге рұқсат сұрардың алдында: «Әпке, өзіңіз тұрмысқа шықпайсыз ба?» – десем, ол: «Менің пойызым өтіп кеткен. Мен бауырларым үшін туғанмын. Сендердің балаларың – менің балаларым, сендердің бақытың – менің бақытым», – деген. Бұл – менің әпкемнің бүкіл тағдыры. «Әпке, мына гауһар сырға мен гауһар сақина сізге!» – деп Бақтықан қайынбикесінің құлағына сырға тағып, қолына сақина салғанда, анау бауырлары бокалдарын шарт соғыстырып, ішуге ыңғайланды.
Сосын ән басталды. Би биленді. Біртіндеп балалардың алды ұйықтап, бөтелкелер босап, қызып алған қонақтар да тарай бастады.
Қонақтарды шығарып салған соң, Айымқан ескі желеңін киіп, алжапқышын тағып, қуанарын да, қынжыларын да білмей, отырыстан жиналған ыдыс-аяқты жууға кірісті…
Әбдікерім Мұратов (Қырғызстан)
Аударған: Әбділдабек Салықбай
Abai.kz