Адамзат жазу қабілетін жоғалта ма?
Жақында мен Дэвид Перелл мен Сэм Альтман арасындағы жеті минуттық сұхбатты тыңдап шықтым. Қысқа ғана әңгіме болғанымен, онда жасанды интеллект пен жазу, білім беру, құралдардың эволюциясы және адамаралық байланыс сияқты талай маңызды тақырып қамтылған.
Бұл сұхбат мені көптен мазалап жүрген бір сұраққа жетеледі:
Біз жазудың адам үшін аса құнды екенін білеміз. Жазу дегеніміз ойлаудың өзі. Бірақ жасанды интеллект мәтінді адамнан әлдеқайда жылдам әрі тиімді жасай алатын заманда, неге біз әлі де адам жазған дүниелерді оқимыз? Неге олар бізге тартымды?
Жауабы қарапайым: біз тек сөзді немесе бейнені оқымаймыз, біз автордың өзімен байланыс орнатамыз.
Өзімнің оқу тәжірибемді еске аламын. Қызықты мақала немесе жақсы кітап оқысам, міндетті түрде автордың өмір жолын, тағдырын зерттей бастаймын. Бұл дегеніміз жасанды интеллект бере алмайтын ерекше әсер.
Технология өмірімізді, тіпті қоғамның құрылымын өзгертуі мүмкін. Бірақ адамға ғана тән қасиеттер, әңгіме айту қабілеті мен байланыс орнатуға деген құштарлық ешқашан жоғалмайды.
Бізге жазу керек. Бізге тіл керек. Бізге сөз қажет.
Өйткені тілдің шегі — біздің әлеміміздің шегі.

Сурет: Видео скрині.
Сіздерге әлгінде айтқан сұхбаттан үзінді төменде:
Дэвид Перелл: Неліктен жасанды интеллект жазуды жойып жібермейді?
Сэм Альтман: Мен жасанды интеллект жазуды жойып жатыр деген ешқандай дәлел көріп тұрған жоқпын. Иә, интернетте сапасы төмен ЖИ мәтіндері көп, студенттердің кейбір жұмыстары да сол арқылы жазылып жатқан шығар. Бірақ мұның бәрі шынайы қауіп деп ойламаймын.
Жасанды интеллект толыққанды «суперинтеллект» деңгейіне жеткенде ғана адам жазуын толық алмастырады деп айтуға болар еді. Бірақ ол кезде бізді бұдан да ірі мәселелер күтіп тұрады.
Тіпті адамнан да жақсы жаза алатын жүйе пайда болды делік.
Сонда 2027 жылғы ең танымал романдардың мұқабасында адам авторының аты жазыла ма? Меніңше, иә.
Өйткені мен жақсы кітап оқып болған соң ең алдымен автор туралы білгім келеді. Оның өмірін, тағдырын түсінгім келеді. Ал ЖМ мәтіні маған ондай сезім сыйлай алмайды.
Керемет кітап оқығанда, сен бір адаммен байланыс орнатасың. Оны жеке танымасаң да, танығандай боласың. Ортақ адамдық тәжірибе бардай сезінесің. Міне, кітаптың нағыз құндылығы осы.
Дэвид Перелл: ChatGPT дәуірінде жазушыларды қалай тәрбиелеу керек?
Сэм Альтман: Бір шығармашылық жазу ұстазы туралы әңгіме естігенмін. Студенттерге бірінші күні романның алғашқы абзацын жазуды тапсырады. Әдетте олар жас жазушыларға тән қателіктер жібереді: артық метафора, тым сәнді сөздер, жасанды әсер.
Сосын ұстаз бір жаттығу жасатады: әр беттен бір метафораны, әр сөйлемнен бір артық сөзді алып тастау. Осылайша 10 бет 1 бетке дейін қысқарады. Нәтижесінде мәтін жеңілдейді. Бірақ бір мәселе ашылады: онда оқиға жоқ.
Адамдар әдемі жазуға тырысады, бірақ оқырманға қызығы оқиға.
Ал кейбір бестселлерлерді қараңыз: сюжеті керемет, бірақ тілі әлсіз.
Осындайда екеуін біріктіруге бола ма? ЖИ құралдары соған көмектесе ала ма деген сұрақ туады.
Дэвид Перелл: ChatGPT-дің әңгіме айту қабілеті туралы не ойлайсыз?
Сэм Альтман: Әзірге бұл бағытта әлсіздеу, бірақ болашақта жақсарады. Модельдер жылдам дамып жатыр. Егер оларды әңгіме айтуға арнайы үйретсек, нәтиже әлдеқайда жақсы болады.
Дэвид Перелл: ChatGPT-ді күнделікті қалай қолданасыз?
Сэм Альтман: Бұрын бірнеше ғана мақсатта қолданатынмын. Қазір ол әмбебап құралға айналды. Әр бірнеше ай сайын оны қолданудың жаңа тәсілін табамын. Әзірге жұмыс процестеріне толық кіріге қойған жоқ, бірақ уақыт өте бұл өзгереді.
Көп адамдар оны бағдарламалауда қолданатынын айтады, «өмірімді өзгертті» дейді. Басқалары балалардың оқуына, мұғалімдер сабақ беруіне әсер еткенін айтады. Медицина мен шығармашылықта да мысалдар көп.
Дэвид Перелл: Ол сізге электронды хаттар жазуға көмектесе ала ма?
Сэм Альтман: Ұзақ хаттарды қысқаша мазмұндауда өте ыңғайлы. Кейде ұзақ хаттарды мүлде оқымаймын, тек оның қысқаша нұсқасын қараймын.
Дэвид Перелл: Үлкен тілдік модельдер жазу мен коммуникацияға деген көзқарасыңызды қалай өзгертті?
Сэм Альтман: Болашақта адамдар басқаша жазатын болады.
Қазір бір қызық жағдай бар: біреу бірнеше ойды ЖИ-ге беріп, әдемі хат жаздырады, ал оны алған адам қайтадан қысқартып оқиды. Біз негізі тек негізгі ойларды ғана қалаймыз, бірақ әлеуметтік этикет сақталады.
Бірақ болашақта жаңа құралдар пайда болады, олар тек мәтінді кеңейтпейді, керісінше ойлау кеңістігінде жаңа идея табуға көмектеседі.
Компьютердің ең жақсы қасиеті де осы емес пе? Ол бізге өз бетімізше жасай алмайтын нәрсені жасауға көмектеседі.
Бір қызығы, бізде ондаған жыл бойы «ойлау құралдары» бар, бірақ адамдар әлі де жазуды Microsoft Word ашып, терумен шектеледі. Бұл былайша айтқанда, кәдімгі жазу машинкасы сияқты.
Ал шын мәнінде, жазудың өзі-ақ керемет нәрсе. Бірақ оны одан да жетілдіруге толық мүмкіндік бар.
Дайындаған Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz