ҚМДБ діни радикализммен күресуге қауқарлы ма?
Біраз болды, депутаттар Е.Бапи және М.Әбеновтар ҚМДБ өз ішінде діни радикализммен неге күреспейді, неге қол қусырып қарап отыр дегендей талаптар қоя бастады...
Бұл қаншалықты шындық?
Бір жағынан, ҚМДБ қоғамдық ұйым болғанымен, ол ұйым қазақ қоғамымен тікелей жұмыс жасайтын ұйым.
Ендеше, ол ҚР сияқты унитарлы мемлекет негізін құрайтын қазақ халқының мүддесін қорғауға, сол арқылы мемлекет мүддесіне қарсы келмеуге міндетті.
Яғни, ҚМДБ қаншама «мемлекеттен бөлек» статусына ие болмасын, бір-бірінің шаруасына араласпасын десек те - қоғам мәселесіне келгенде Мемлекет пен ҚМДБ әрекеті тоқайласып қалады - оны жасыру, жылы жауып қою мүмкін емес...
Енді, мемлекетке, қоғамға, ұлтқа дін тарапынан экстремистік шабуыл күшейген тұста, небір радикалды діншіл элементтер көбейген тұста - онымен тек депутаттар, билік, не қоғам күресіп қоймай, оған ҚМДБ де атсалысуы керек деген талаптың пайда болуы әбден заңды.
Иә, осы кезде қоғам радикалдарға ашық қарсы тұруда.
Мемлекет те өз мүмкіндігіне сай «күрес тетіктерін» іске қосып, ұлттық болмысты аяққа таптаушы «діншілдерге» жаза қолдана бастады...
Ал, бірақ, осы кезде ҚМДБ радикализммен және қаптап кеткен «тик-ток ұстаздармен» қалай күресу жолын таба алмай, тек «шамамыз келгенше тәртіпке шақырамыз» деп қана қойды...
Бұл - ҚМДБ шарасыз жағдайға тап болды дегенді білдіретін белгі.
Неге?
Себебі, осыған дейін, аты аталған «тик-ток ұстаздардың» бәрі де «ортақ дініміз үшін» деген ұран аясында - бірақ, әрқайсысы әр позицияда болса да - бір шептен (фронттан делік) табылушы еді.
Бұған себеп, ҚМДБ да, «ұстаздар» да басты орынға «қасиетті дін» ұғымын алға шығарып, «Ұлттық болмыс», «қазақ мәдениеті мен өнері», «Ұлттық мемлекет» ұғымдарын соның (дін тұтастығы) көлеңкесінде қалдырумен келді...
«Дін үшін Дін маңызды» деген қағиданы басшылыққа алды.
Ал, бұл сонау Халифат заманында пайда болған, діннің Халифатпен бірге өрісін кеңейту соғыстары кезінде қатаң қолданылған ереже емес пе еді?!
Міне, осы «көне ереженің» біздің елде «екінші тынысы» ашылып, жандана бастады...
Себебі, жаңа заманға сай дінді еш қайшылықсыз ұлт мәдениетіне, ғылым мен білімге сәйкестендіру үшін, дінді жаңа заманға бейімдеу үшін өте мол білім қажет, ақыл-ой қажет.
Осы қасиеттер біздің барлық «бағыттардағы» дін өкілдерінің, яғни, діни элитаның бойынан табылмады...
Ол түсінікті де - біздегі діни білім зайырлы ғылым-біліммен толықпады...
«Діни білімнің» өзі дінді «білім» деумен шектеліп қалды.
Ондайда дінде қандай реформа болуы мүмкін?
Мүмкін емес.
Сондықтан, біздегі діни уағыз «Дін ешқашан өзгермейді, әуелден Құдайдан келген жарлық солай» деген бұрынғы ортадоксты қағиданы қайталаумен шектелді...
Ал, тариха діннің заманға сай өзгеруі қалыпты құбылыс. Мысалы, исламның өзінде көптеген ағымдардың пайда болуы да осыны білдіреді.
Тіптен, дін орталығы саналатын елдер де ережелерін өзгертіп жатса да, біздің дін бір замандардағы ережелерге жабысып, қатты да қалды...
Сірә, халқымыздың көнбістігі, сенгіштігі, ашықтығы осыған себеп болды ма екен, мүмкін...
Міне, сөйтіп, осыған дейін «қазақ дәстүріне ашық қарсы» топ пен ҚМДБ «бір көйлектің екі жеңіндей» еш қиыншылықсыз, үнсіз сабақтасып қызмет етті, уағызын айтты...
ҚМДБ «Салт-дәстүр туралы» кітап жазып, онда да қазақ дәстүрінің барлық негіздерін тек дінге тіреп, осы арқылы радикалдардың қолына су бүркіді десе болады...
Енді жағдай біршама ушықты. Халықтың көзі ақпарат заманында тез ашылады - халық діншілдерге «қолайсыз сұрақтар» қоя бастады...
Бұған жауаптан ҚМДБ басын алып қашты, ал, жауапты «тик-ток ұстаздар» беруге мәжбүр болды.
Ал, олардың не жауап берері әу бастан белгілі - баяғы сол ортағасырлық әуен, демагогия мен догма, қисынсыз алгогикалық тұжырымдар, қазақ тарихын келте қайыру, оның дәстүрлерін өзге елдердің салтымен шатастыру және т.т.
Бірақ, бұлардың діни уағыздардың жолы болмады - ол мемлекетіміздің ғылымға ден қою қажеттілігімен, жастарды білімге шақыруымен, халықтың ұлттық санасының өрлеуімен қабаттаса келді де, дін догмасына қарсылық пайда болды.
Дінді заманға сай өзгерістерге шақыру орын алды...
Ал, ол «өзгерістерге» ҚМДБ дайын емес болса, радикализм - түбегейлі қарсы.
Міне, осыдан келіп, біз қазіргі күрделі діни ахуалға тап болып отырмыз:
ҚМДБ - қауқарсыз күйде.
Әсіредіншілдер - амалсыз бұйығы (астыртын) күйге көшті.
Енді, осы тығырықтан шығар жол бар ма?
Бар. Ол - Ұлттық мемлекетті Ұлттық салт-дәстүрге негіздеп құру.
Тарихта діндер алмасады,
Ал, Ұлттық мәдениет - ешқашан!
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz