АҚШ Иранды иліктірем дейді, Иран иілмеуде...
Әлем төрт жылдан астам уақыттан бері Ресей‑Украина соғысына назар аударумен болды: мұның соңы үшінші дүниежүзілік соғысқа жалғасып кетпесе болғаны деген қауіп үнемі төбеден төніп тұрды. Енді, оған АҚШ, Израиль бір жақ, оған қарсы Иран болып, жаңа соғыс ошағы пайда болды...
(Әрине, бұл жерде Трамп пен Путиннің достығы, АҚШ пен Еуропаның қазіргі «соғыс саясатына» деген көзқарастарының әртүрлі болуы, Израиль мемлекетінің «агрессиялық қорғаныс» тактикасын таңдауы, ең бастысы, Украина халқының қайсарлығы басты роль атқарды десе де болады...).
Осындай алмағайып кезеңде, жағдайдың күн сайын емес, сәт сайын өзгеріп отыратыны – соғыс табиғатына тән жағдай. Сондықтан, біз бүгін тағы да еліміздегі ең мықты ирантанушы, саяси сарапшы Қуанышбек Қариды тағы да ой бөлісуге шақырдық:
Әбдірашит Бәкірұлы: - 8 сәуірде Иран мен АҚШ арасында бітім жарияланып, оған Израиль де бейіл білдіре қалды. Әдетте, Израиль жағы Иранмен келісімге оң қарап көрген емес. Ал жарияланған бітімнің бір аптасы өтіп, екіншісі аптасы қалды? Бітім түбі баянды бола ма, әлде соғыс тағы жалғаса ма?
Қуанышбек Қари: - Алғашқы бір аптаның ішінде Пәкістанның араағайындығымен Иран-АҚШ келіссөзі өтті. Алайда мәміледе екі тарап та күткен нәтижеге қол жеткізе алмады. Ормуз бұғазын Иран бөгеп тұрғаны аздай, осы келіссөзден кейін АҚШ бұғазды сырт жағынан бұғаттауға тырысты. Дегенмен бірен-саран кемелердің Иран жағынан үлкен айдынған шығып кеткені айтылады. АҚШ алты кемені кері қайырған деседі. Екі жақ та өздеріне жағатын мәліметтерді таратуға тырысып жатыр.
Сөздің түйіні: – АҚШ Иранды иліктірем дейді, Иран иілмеуге ұмтылады. Пәкістандағы келіссөзде бұғаздың ашылуы күтілген еді. Мәселе керісінше сипат алып кетті.
Соның бәріне қарамастан, тараптар келіссөзді одан әрі жалғастырудың қамын қарастыруда. 16 сәуірде Пәкістанда келіссөздің келесі раунды жалғасатын түрі бар. Пәкістан қарулы күштерінің қолбасшысы да сәрсенбіде Тегеранға сапарлады. Соған қарағанда Иран мен АҚШ арасындағы мәміле одан әрі жалғасатын түрі бар.
Ә.Б.: - Екі жақ нақты неге келісе алмай жатыр? Не жетпейді?
Қ.Қ.: - АҚШ Иранға уран байытуды 20 жылға доғаруды және бұрын 60 пайызға байытылған 450 келі уранды беруді сұрап отыр. Бұған енді Ормуз бұғазын ашу талабы қосылды. Иран уран байытуды 5 жыл тоқтата тұруға келісетінін білдірген, Ормузды ашу талқылануда. Иран АҚШ-тан бұрын бұғатталған активтерін босатуды сұрайды. Оңай талаптар емес. Оның үстіне қазіргі соғыс жағдайындағы келіссөз келіссөзден гөрі қоқан-лоққыға да ұқсайды. Әлбетте, Иран мәміле басында арандатуға бармай, барынша салқынқанды болуға тырысып отыр. Соғыс алдындағы келіссөз бен қазіргі келіссөзді салыстырып болмайды. Қазіргі келіссөз қысыммен, қорқытып-үркітумен сипатталады. Иранның аятолласынан бастап, ондаған әскербасылары мен саясаткерлерін көздеп атқан АҚШ-пен бір дегенде мәмілеге келудің өзі оңай емес.
Келіссөзді Иран ішінде «дұшпанмен сөз байласу» немесе «жауға берілу» ретінде бағалайтындар жетеді. Сондықтан Иранның келіссөз командасы екі жақты: ішкі және сыртқы қысым астында қалып отырғанын да ескеру керек.
Ә.Б.: - Иран билігі осы соғыс кезінде өзін жауға төтеп беруші ретінде көрсетіп келеді. Экономика күйреп жатыр, логистика мандытпайды, сауда-саттық тежелген. Бірақ соған қарамастан Иран мызғымаған түр көрсетеді. Бұл шынымен солай ма, әлде уақытша құбылыс па?
Қ.Қ. - Экономика мен сауда-саттықтың жағдайы мәз емес. Бірақ азық-түлік қауіпсіздігі алдын-ала ойластырылғандықтан, Иран ішін бермей келеді. Отан үшін жанпида деген ұран аясында билік өзін бәрін бақылауда ұстап отырғандай көрсетуге тырысады. Ирандағы Қаңтар оқиғасы кезіндегі бас көтеру жоқ, қазір билікке талап қойып көшеге шығып жатқандар байқалмайды. Бірақ мұның бәрі дауыл алдындағы тыныштыққа ұқсайды. Есесіне, қыста наразылыққа шыққандар түрлі жазаға, соның ішінде өлім жазасына кесіліп жатыр. Биыл Иранда «жау» қолынан қаза тапқандардың сыртында, өз билігінің қолынан қаза тапқандар айрықша көп.
Ә.Б.: - Мұның соңы неге апарады?
Қ.Қ. - Тап басып айту қиын. Соғыс қорқақты батыр қылады, соғыс – батырмын, бармын дегенге де ауыр сын. Келіссөз жалғасады. Бір дегеннен келісім салтанат құрмасы да анық. Бірақ АҚШ басшысы Трамп солай бола қалғанды қалайды. Сөзі одағай, бір күн олай, бір күн былай. «Бір-бірімізбен тату көршідей болайық» деген Байден қариямен салыстыруға мүлде келмейді. Нетаньяху неше мәрте қолқа салса да Байден оның ығына жығыла салмады.
Израиль премьерінің бағына, әлде сорына қарай Трамп келе қалды да, Нетаньяхудың дегені бола қалды. Қазіргі жағдайда Трамп өз басын осыдан аршып алуға да тырысып жатқан сияқты. Яғни, Трамптың беделіне Нетаньяхудың айдап салуымен соғысқа араласты деген таңба басылды. Ол содан арылуға ұмтылғанымен, ортада өгіз өледі, арба сынады – әйтеуір дегені болмай жатыр. Қайта бұрынғы проблемаға проблема қосылып кетті. Трамп өзі кірген соғыстан өзі шыға алмай дал. Заты асықпайтын ирандықтар әліптің артын бағып, ұрымтал тұсын аңдып келеді. Бірақ қатты шаршады. Екі жақтың күші бірдей емес. Иран уақыттан ұту үшін келіссөзден қайтпайды, Америка «ескі пышақ ұялғаннан өтеді» дегеннің керімен дегеніне жеткісі келеді. Оның бәрі келіссөзде шешілуі тиіс.
Ал келіссөз деген – ұзақ процесс.
Әбдірашит Бәкірұлы, сарапшы
Abai.kz