Қазақ жазушыларының арасындағы есуастық дерттерге қарсы
1937 жыл... Сталиннің қанды қырғыны қағынып, құтырынған заман. Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы саяси партия ұйымында кезекті жиын өтіп жатыр. Әлгі жиында Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Сәбит Мұқанов жазушы Бейімбет Майлиннің шығармаларындағы саяси қателер туралы ұзақ баяндама жасайды. Бейімбет Маилинді Ғабит Мүсірепов қорғап сөйлейді. Жиын барысында жазушы коммунист жолдастар Мұқановтың да қателерін бетіне басады. Әсіресе, аты-жөні көрсетілмеген төмендегі мақала авторы Сәбеңнің «адасқан» жылдарын көлденең тартып, контрреволюционер Мағжан Жұмабаевты қызметке орналастырғанына ызаланып, қатты айыптайды.
Мақала ақын, өлкетанушы Қазыбек Құттымұратұлының фейсбуктегі парақшасынан алынды.
Редакция
Қазақ жазушыларының арасындағы есуастық дерттерге қарсы
Жақын арада Қазақстандық жазушылар союзының қасындағы партия ұйымының жиылысы болып өтті. Партия ұйымының жиылысы жазушылар союзының ішіндегі бірталай сорақы кемшіліктерді ашты. Жиылыста сөйлеген Мүсірепов, Сейфуллин және басқа жолдастар жазушылар ұйымының саяси тәрбие жұмысының өте нашар екенін көрсетті. Мүсірепов жолдас: «саяси тәрбие жұмысының нашарлығынан жазушылар ұйымында бейқамдық, тап дұшпанына либералдық істеу сияқты есуастық дерттер кең түрде орын алған» деді.
Жолдас Сейфуллин жазушылар ұйымының күнделікті жұмысын сынай келе: «ұйымның жұмысы бұрын да жақсы болмаушы еді, қазір тіпті нашарлап кетті» деп осы жөнінде бірнеше фактілер келтірді.
Партия ұйымының жиылысында баяндама жасаған Мұқанов жолдас Майлин Бейімбеттің жинақтарындағы ірі-ірі саяси қателерді, большевизмге жат пікірлерді көрсетті.
Майлин өзінің ертеде, Алашорда идеологиясының ықпалында жүргенде жазылған өлеңдерін 1934-1936 жылдары шыққан жинақтарының ішіне де кіргізіп жіберген. Қазір Майлиннің ол өлеңдері өте зиянды контрабанда болып табылатынын жиылыс қатты айтты.
Мұқанов өзінің баяндамасында жалғыз Бейімбеттің ертеде жазған өлеңдерін сынаумен болды. Жазушылар ұйымының жұмысындағы ірі-ірі саяси қателер туралы, жазушылар ұйымының күнделікті жұмысындағы сорақы кемшіліктер туралы, Бейімбеттен басқа жазушылардың творчествосындағы кемшіліктер туралы баяндамашы ешнәрсе айтпады. «Әрине, Сәкеннің шығармаларында да, менің шығармаларымда да ірі-ірі саяси қателер болды» деп сыйпап қана өтті.
Баяндамадан кейін сөйлеген жолдастар жазушылар ұйымының ішіндегі кемшіліктерді қатты сынады.
Мүсірепов жолдас Мұқановтың баяндамасындағы кемшіліктерді айта келіп: «Майлинді тап дұшпаны етіп шығару, оның ертедегі қателерін тізіп, бұл қателерді кездейсоқ қата емес деп, Майлиннің партиялығына күмән келтіру теріс болады» деді.
Майлиннің ертеде жазылған өлеңдерінде өте зиянды пікірлер бар екендігі елдің бәріне мәлім. Жиылысқа қатысқан жолдастар Майлиннің саяси бейқамдығын, ертедегі жазылған саяси қате өлеңдерді жинаққа кіргізуінің өте үлкен қылмыс екенін, сол жинақ шыққаннан кейін де, Майлиннің үндемей жүруінің өзі үлкен қылмыс екенін дұрыс айтты.
Майлин өз қателерін әшкерелеп, өзін өзі сынаудың орнына, саяси қате пікірлі кітаптарын Әлібаев сияқты ұлтшылдар әдейі басып шығарғанын сезбей жүре берген.
Майлин өз қателерін тексере келіп, жоғарыда көрсетілген фактілерді мойнына алды. Бірақ әңгіме мұнымен тынбайды. Майлин жолдас бұл қателерін іс жүзінде түзетуі керек.
Майлиннің бұл қателерінен біздің әрбір жазушыларымыз өздерінің күнделікті істеріне сабақ алуы керек.
Баяндамашы Мұқанов жолдас Майлиннің қателерін ең негізгі мәселе етіп қойса да жиылыс негізгі мәселе жазушылар ұйымының саяси тәрбие жұмысының нашарлығы деді.
Жазушылар ұйымының қасындағы партия ұйымы төрт айдан бері саяси сабақ оқымайды. Кей бір «ардақты» жазушылардың «қолы тимейтін болса керек». Партиядан тысқары жазушыларға арнап саяси темалардан баяндама ұйымдастыру, лекция ұйымдастыру сияқты істерді керекті деп ойлаған адам да жоқ. Жазушыларды большевизмге жетілдіру, оларды саяси тәрбиелеу жөнінде жұмыс жүргізілмей, «жабулы қазан жабуымен» қала берген.
Сын және өзара сын жазушылардың ең жек көретін нәрсесі. Өз ара сынды жазушылар ұйымы науқан ретінде жүргізілетін іс деп біледі. Жазушылар ұйымының басшылары өз ара сынды ұйым ісінің негізі, ұйым ісін көрсетудің әдісі деп түсінбейді. Қайта өз ара сынды анда-санда ғана «айдай» салып өту үшін керекті деп біледі, және оны үстірт қырағылық үшін қолданады.
Майлиннің зиянды кітаптары басылып шыққалы алдына 7-8 жыл, соңына 2-3 жыл болды. Мұқановтың «Адасқандар» деген кітабы басылып шыққалы он шақты жыл болды. «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихы» шыққалы 3 жыл болды. Басқа жазушылардың да осындай бір қатар зиянды кітаптары көп уақыттан бері сыналмай келеді. Бірақ бұл кітаптар осы кезге шейін сөз болған емес. Бұл жазушылар арасында «сен тимесең, мен тимеймін бадырақ көз» деген принциптің бар екендігін көрсетпей ме?
Бұл «принцип» әсіресе жазушылар ұйымының басшыларының арасында кең өріс алған ауру. Ал егер бұл «принцип» бұзылып, жазушылардың кемшілігін сынамақ болса, әр кім алдын ала сынды басқадан бастауға тырысады. Бұл жөнде ұйым басындағы адамдардың приимуществосы бар. Өткен екі жиналыста бірнеше жазушы сынға алынды.
Жазушылар ұйымының бастығы Мұқанов жолдас Майлиннің қателері жайлы ұзақ баяндама жасап, өзінің де ірі-ірі саяси қателерінің барлығын айтуды ұмытып кетті. Бірақ оның «ұмытып» кеткенін жиылысқа қатысқан коммунистер еске алды.
Крайкомның VII пленумы және ҚК(б)П Бірінші сиезі қазақ ұлтшылдарымен күресуде, оның тамырына балта шабуда ең алдымен алашордашылардың объективный революцияшыл рөлі болып еді-мыс деген шірік теорияны тас-талқан ету керек деді.
Сонымен бірге, «ұлтшылдарды, алашордашыларды сөз жүзінде жерден алып жерге салатын, іс жүзінде оларға қарсы күреспейтін, олардың қылығына шектен асқан шыдамдылық істейтін, оларға либералдық ететін, оларды әшкерелеуге партия ұйымына жәрдем бермейтін адамдар, шынында троцкийшіл-оңшыл контрреволюцияның ұлтшыл агентурасын қолдаушы болады» деген.
Осы тұрғыдан қарағанда, біздің жазушыларымыздың ішінде кейбір жолдастар, мысалы Мұқанов, Тоғжанов жолдастар сөз жүзінде партия қаулыларын дұрыс деп көкірегін ұрса да, іс жүзінде алашордашылардың объективті революциялық рөлі болды деген шірік теорияны таратушы болып отыр. Бұған Мұқановтың 1933 жылы шыққан «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген басынан аяғына дейін контрреволюцияшыл алашордашылардың сөздерін айтып, жырларын жырлап, идеясын пропагандылайтын кітабының осы уақытқа дейін кәнпескеленбей қолданылып жүруі дәлел. Бұл өрескел қатені Мұқановтың осы күнге дейін дұрыстап мойындамауы, ұғынбағаны өз алдына басқа мәселе.
Оның бер жағында союздың қасындағы партия жиналысында Мұқанов жолдастың бір қатар басқа қателері айқындалды. Мұқанов партиядан үш рет шыққан алашаордашыл Айсаринді қорғап, контрреволюцияшыл ұйымның мүшесі Уәлиахметовті жақтап, оларды қызметке алмақшы болған. Бұларды Мұқановтың қызметке аламын дегеніне жазушылар ұйымының правлениесі түгелімен қарсы болып қаулы шығарған. Мұқанов жолдас белгілі контрреволюционер Мағжан Жұмабаевты қызметке орналастырған, оған дом советтен үй әперген. Жұмабаевты қызметке алу жөнінде бастауыш партия ұйымы қарсылық білдірсе де Мұқанов партия мүшелерінің пікіріне құлақ қоймаған. Қайта партия мүшелеріне теріс түсінік беріп, оларды алдаған; «Жұмабаевты қызметке алу туралы жоғарғы орындармен келістім» деп өтірік айтқан.
Міне, осындай фактілер бола тұрса да, жазушылар союзының қасындағы партия ұйымы бұған бұл уақытқа дейін көңіл бөлмей келгені былай тұрсын, тіпті соңғы жиылыстың өзінде де бұларды дұрыстап ашып тексермеген.
Міне, осының бәрі жазушылар ұйымы большевиктік қырағылықты күшейтуде, қазақ ұлтшылдары мен іс жүзінде күресуде, өз ара сынды өрістетуде бүгінгі таңдағы міндеттерін жете ұқпай отырғандығын көрсетеді.
Жолдас Мирзоян Конституцияның проектісі туралы жасаған баяндамасында былай деді: «Дұшпан большевиктік қырағылық жоқ жерде, большевиктік өз ара сын орнына өздерін өздері мақтап, арқаны кеңге салған адамдардың арасында, бюрократтық тәртіп жайлаған жерде ұялайды, жұмысшылар қалың бұқарамен, қалқоз шаруаларымен жеткілікті байланыс жасамаған жерге, жұмысшылардың, қалқозшылардың және жұмысшы әйелдердің сынына құлақ қоймаған жерде, қалың бұқарамен байланысты үзген, қалың бұқараның инициативасына және белсенділігіне басшылық етпеген жерге ұялайды. Дұшпан біздің қызметшілерге жағынып, оларды мақтап, оларды өзіне сендіруге тырысады. Бұл кемшіліктерге қарсы күресу, бұл кемшіліктерді тайынбай жою, қалың бұқарамен екі арадағы байланысты күшейту, қатардағы адамдардың айтқан сөзіне құлақ қоя білу біздің барлық ұйымдардың міндеті» деген болатын.
Жазушылар ұйымы жолдас Мирзоянның осы сөзін ұмытып отыр.
Біздің басты жазушыларымыз Сейфуллин, Мұқанов, Жансүгіров, Майлин тағы басқалар осы күнгі қалқозшылардың, жұмысшылардың өмірін жақсы білмейді. Бұлар қалқозға, зауытқа бармағалы көп уақыт болды. Жазушылардың оқушылармен байланысы өте нашар. Жұмысшылардың, қалқозшылардың арасында, жазушылар арасында өз шығармаларын оқу, өз шығармаларын бұқараның сынына салу, көпшіліктің сынына құлақ қойып, көпшіліктен үйрену деген жоқ.
Біздің жазушыларымыздың бір қатары ұлы ұстазымыз Сталин жолдастың жұмысшылардан, қалқозшылардан үйрену керек деген нұсқауын ұмытып жүр.
Қазақстан еңбекшілерінің осы күнгі өмірін зерттеп, болып жатқан жаңалықтар туралы жазу, контрреволюцияшыл сұмырай ұлтшылдардың, шпион, диверсанттардың қаскүнемдік әрекеттерін әшкерелеу - бұл міндеттер қазақ жазушыларының көңіл бөлмей келе жатқан мәселелері. Бұл темаларға біздің басты жазушылар жазбай жүр. Өйткені олардың бірқатары қазіргі өмірден артта қалып келеді. Жазушылар арасында өтірік, өсек, күндестік, мен-мендік, ақша құмарлық, бейқамдық сияқты дерттердің орын алуы өмірден артта қалғандықты айқын көрсетеді.
Жазушылар бұл дерттен арылмай тұрып, заманымызға сәйкес ірі шығармалар бере алмайды.
«Сотсиалистік Қазағыстан» газеті,
1937 жыл, 28 маусым, №146
Қазыбек Құттымұратұлы
Abai.kz