Ескі мен жаңа
Елімізде идеологиялық тұрғыдан ескірген советтік атаулардан құтылу, тарихи жер-су атауларын қайтару, белгілі қайраткерлерге көше және мектеп аттарын беру үрдісі қызу жүріп жатыр. Бөгет те жоқ емес. Біздің айтайын дегеніміз басқа. Қазақыландыру процесіне жан-тәнімен қарсы болған, Рудный қаласында тұратын орыстың бірі: «қазақтар көшеге кімнің есімін беретінін де білмейді, олардың айтатыны бірнеше кісі, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы және Назарбаев» – деп айтып қалды.
Әрине, наданның сөзін құлаққа қыстырмауға да болар еді. Алайда, ойлап қарасақ, біздің елде осы кісілердің атында жүздеген елді мекен, көше, мектеп атаулары бар екен. Абай атында жүзден астам мектеп бар екен. Республика аумағында ақынның отыз шақты мүсіні мен ескерткіші орнатылған. Бір облыс, тағы бір аудан, бір қала, бірнеше ауыл оның есімімен аталады.
Ахмет атамыздың еңбегін де ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, Алаш қайраткерінің атында бір ғана Қостанай облысында бірнеше мектеп, бірнеше көше бар. Облыс орталығындағы әуежай да оның атымен аталады. Қостанайдағы ең үлкен өңірлік универсиетке де оның аты берілген. Қостанай қаласында, Әулиекөл ауданында, Жанкелдин ауданында ескерткіштері орнатылған.
Ендеше қастерлі есімді әрбір аудандағы немесе елді мекендегі мектептерге қайта-қайта бергеннен нені ұтамыз? Бұған дейін қабылданған тұжырымдамада белгілі қайраткерлердің есімі республика бойынша үштен артық берілмесін деген қағиданы да өрескел бұзып отырмыз. Есімін ел есінде сақтауға сұранып тұрған тұлғалар аз емес.
Назарбаевқа келсек, оның атында не жоқ дейсіз? Арнайы қор да, Университет те, интеллектуалды мектеп те, арнаулы мұражай да, әрбір облыс орталығында көше де, басқа да мәдениет ошақтары бар. Оның есімін бүгін біз өшірмесек күні ертең тарих өшіретіні де белгілі. Несіне жалтақтаймыз? Халықтың есебінен байыған жебірдің атын алып тастаудан неге тайсақтаймыз? Мыңдаған мекенге Совет Одағы тұсында ескерткіші қойылған Ленин мен Сталин секілді «көсемдердің» кейінгі тағдырынан неге қорытынды жасамаймыз.
Нұрсұлтан қаласы Астана болып бұрынғы атауын қайтарғанға мәз болдық. Облыс орталықтарындағы Назарбаев көшелері өзгерген жоқ. Елбасы ескерткіштері орнынан қозғалған жоқ. Назарбаев мектебі, Назарбаев қоры сол қалпында қалды. Назарбаевтың бес жүзден астам кітабы кітап сөрелерінен алынған жоқ. Назарбаев әулетіне бюджеттен қаржы бөлу тыйылған жоқ.
Сондықтан біздер әлі де Назарбаев дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды мойындауымыз керек.
Отыз жыл бойы елімізді қанаған, ат төбеліндей байлардың, туған-туыстарының ғана қамын ойлаған басшының айтқан, жазған сөздері де әр жерде әлі күнге дейін ілулі тұр. Оның көбі өз сөзі де емес, әлдекімдер жазып берген, немесе біреулерден көшірген, тәлімдік-тәрбиелік мәні жоқ сөздер.
Міржақып Дулатов: «Ұйқыңды аш, оян, қазақ, көтер басты!» – деген болса, бүгін ұйқымызды ашқандаймыз, оянған секілдіміз, бірақ, басымызды әлі көтере алмай жатырмыз.
Қостанай өңірінде орыстың ақыны Александр Пушкиннің тағы бір ескерткіші орнатылды. Оны Ресейдің жазушылар одағы қалаға сыйға беріпті. Ақынға еңселі ескерткіш осыдан бірер жыл бұрын облыстағы Лисаков қаласында тұрғызылған еді.Қоладан құйылған жаңа ескерткіштің биіктігі екі метр, салмағы 260 келі. Ескерткіштің граниттен жасалған тұғырын орнатуды Қостанай қаласының әкімдігі өз мойнына алыпты. Ресей жазушылар одағы басқармасының төрағасы Валерий Ганичев Қостанай облысының сол кездегі әкімі Сергей Кулагинге жазған хатында ақын ескерткішін орнатуға қол ұшын беруді өтінген. Наурыз айында жазылған хатта айтылған сол мәселе жарты жылдың ішінде шешілгенге ұқсайды.
Пушкин ескерткіші қала орталығына, Пушкин атындағы көшенің қалалық әкімдік ғимараты орналасқан тұсына орнатылды. Ескерткіш орнатылған тұғырдың бір жақ бетіне «А.С.Пушкин» деп жазылған. Тұғырдың артқы жағына және бір бүйіріне ақынның «Я памятник воздвиг себе нерукотворный, К нему не зарастет народная тропа...» және «Нет, весь я не умру – душа в заветной лире, Мой прах переживет, и тления убежит...» деген жыр жолдары қашап жазылған болатын. Осы өлең жолдары қазақ тілінде «Ескерткіш тұрғыздым мен асқақ шынар, Шөп баспас ел соқпағын бастап шығар...» және «Өлмеймін, мәңгі тірі жаным менің, Іріп те шірімейді тәнім менің...» деп жазылып еді. Бұған дейін қазақ тілді оқырманға кезінде ақын Ғали Орманов аударған: «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес, Ел ізі оған салған суый білмес» деген өлең жолдары таныс еді. Ал мына ескерткіштегі жазба қай аудармашыныкі екенін біле алмадық. Осы туралы «Азаттық» радиосы арқылы берілген хабарымыздан кейін (10.09.2010 ж.) аталған жолдар қырылып тасталды. Бірақ, ескерткіш орнында қалды.
Облыс орталығында ескерткіш орнату туралы билік жергілікті қаламгерлермен ақылдаспастан жеке-дара шешкені де құпия емес. Бұған дейін, Шоқан Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қостанай қаласында оған ескерткіш орнату туралы сол тұстағы облыс әкімі Сергей Кулагиннің арнайы шешімі де аяқсыз қалған еді.
Қостанайда орнатылған Пушкин ескерткішінің авторы Мәскеудің белгілі мүсіншісі Николай Кузнецов екен, оның Пушкинді бейнелеген мүсіндері бұған дейін Словенияда, Болгарияда және Сербияда қойылған.
Қайраткерлердің есімдерін есте қалдыру туралы Қазақстан үкіметі бекіткен тұжырымдамада олардың есімдерін оқу орындары мен мекемелерге республика бойынша үштен артық беруге болмайды деп тайға таңба басқандай етіп анық жазылған. Әйтсе де Александр Пушкинге қойылған ескерткіштерді Алматы, Астана, Қарағанды, Петропавл, Степногорск қалаларынан кезіктіруге болады. Орал қаласында ақынның бір емес, екі бірдей ескерткіші тұр екен. Қостанай облысындағы Лисаков қаласында Александр Пушкинге қала орталығында орнатылған еңселі (биіктігі 2 метр 20 сантиметр) ескерткішті «Арай» компаниясы қалаға сыйға тартыпты.
Бір сөзбен айтқанда, орыстың ақыны атаусыз қалған жоқ. Қостанай қаласындағы орталық көшелердің бірі оның есімін иеленген. Қалалық балалар кітапханасы да Пушкин атында. Осы кітапханада ақын мұражайы жұмыс істейді. Қамысты ауданындағы Жайылма қоңысында ақынның қола бюсті орнатылған.
Қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнерпаздар шыққан Қостанай топырағында ескерткіштер аз емес. Олардың біразы тың игеру жылдарына, біразы төрт түлікке, біразы азамат соғысы мен екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға арналған.
Аштық құрбандарына, Алаш арыстары Елдес Омарұлына, Әлжан Байғуринге, Мырзағазы Есполовқа, Ғаббас Нұрымовқа, Мұхтар Мурзинге, атақты билер Шеген Мұсаұлына, Тоқсан Жабайұлына, Наурызбай Қазыбайұлына, сахна саңлақтары Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, композитор Әблахат Есбаев, дәрігер Мұхамеджан Қарабаевқа, т.б ардагер азаматтарға қойылуға тиісті ескерткіштерді әлі күтіп жүрміз.
Осыдан біраз жыл бұрын Қостанай қаласындағы советтік идеологияның ойлап тапқан жазушысы Николай Островский атындағы қалалық кітапхана атауын өзгертіп, оған тақтақ ақын Нұржан Наушабайұлының есімін беру туралы бастама көтерілген болатын. Сол кездегі Мәдениет министрі Е.Ертісбаевтың кітапханаға ақын есімін беру туралы бұйрығы да шықты. Алайда, кітапхана атауы әлі өзгерген жоқ.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қолқанат көмекшісі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сенімді серігі, ұлт жазушысы Мұхтар Әуезовтің жан досы, терминге жұтаң кезде тілімізге «пішіндеме» (геометрия), «кескіндеме» (тригонометрия) дегендей ұғымдарды енгізген, физика оқулығын алғаш рет көпке қолжетімді етіп қазақша сөйлеткен, жеті тіл мен жеті ғылымды еркін игеріп, «Қазақтың Ломоносовы» атанған, неміс қызын өмірлік жар қылған, тағдыр-талайы тартысты романға, тізбекті киносериалға сұранып тұрған Алаш Арысының бірі һәм бірегейі (Ғарифолла Әнестің сөзі) Елдес Омарұлына ескерткіш орнату туралы Мәдениет министрлігіне хат жолданған болатын. Еңбек ардагері, ауыл шаруашылығына еңбегі сінген қайраткер, Елдес Омарұлының туысы Аманкелді Қалиевқа және Қостанай облысының әкімдігіне ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұловтан «ұсыныс қараусыз қалдырылды» деген хат келіпті Ербол Әліқұлов күні кеше лауазымынан босатылды. Аталмыш хатта бұл ұсыныс не себепті қараусыз қалғаны туралы ештеңе айтылмаған. Елім деп еңіреп өткен Елдес Омарұлы неге ескерусіз қала береді?
Кеңсайдан да, басқа бейіттерден де фәниден бақиға кеткен қайраткерлердің ескерткіштерін жиі көреміз. Қорымның өзі ашық аспан астындағы мұражай секілді. Алайда сол мүсіндерді қабірге дұға оқуға келген кісілер ғана көреді.
Елге еңбегі сіңген азаматтарға орнатылған ескерткіштерді олардың есімі берілген көшелердің немесе оқу орындары мен мекемелердің алдына қойса дұрыс болар ма еді деген ой келеді.
Ресейдің бір елді мекенінде «Отан қорғаушыларға» деп аталған ескерткіш орнатылыпты. Онда соғыста қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөндері жазылыпты. Бірнеше адам Ауған жерінде, тағы бірнешеуі Шешен елінде, отызға жуығы Украинада қаза тауыпты.
Сонда бұлар қандай Отанды қорғаған деген сауал туады. «Басқа елді жаулаушылар» десе де болады екен.
Мен мүсін өнерінен бейхабар кісімін. Алайда, ескерткіштерге байланысты өзімнің ұстанымым бар. Көзқарасым ерекше. Атқа мінген батырлар көбінесе қолына найза ұстаса, қаламгерлер қолына кітап ұстап тұрады. Ел билеген көсемдердің біреуі батысқа, біреуі шығысқа қолдарын шошайтып тұрады.
Атақты мүсінші Хакімжан Наурызбаев бейнелеген Шоқан орыстың сырбаз офицері ретінде көзге түседі. Үстінде орыс әскерінің мундирі. Шоқан сол мундирді қайтыс болар алдында шешіп тастағаны белгілі. Кейінгі қазақ ұрпағына орыс офицері емес, қазақ ғалымы Шоқан керек.
Ескерткіштер бірі біріне ұқсайды. Ат үстінде отырған батырлардың көбісі найзасын шошайтып тұрады. Найзасын жауға кезегені түсінікті. Тұғырдағы көсемдер қолын шошайтып тұрады. Алайда қайда, қай жаққа бар дейтіні түсініксіз.
Қазір кімге және неге ескерткіш қойылмай жатыр. Адамға ғана емес, сиырға да, қойға да, есекке де ескерткіш бар. Келешекте бас киімге де ескерткіш қоюға болады. Қымбат бас киімге, қалпақтарға емес, басты суықтан сақтайтын түлкі тымаққа. Аяқ киімге де ескерткіш қоюға болады. Қымбат аяқ киімге емес, кәдімгі пимаға. Сонда оларды да ел еске алар.
Мешіт салдырып, оған әкесінің немесе ата-бабасының есімін беру сәнге айналды. Мешіт салу, әрине, сауапты іс. Мешіттің қабырғасына ата-бабалары туралы ескерткіш тақта қойса да жеткілікті емес пе? Олардың кім болғанын елдің көбі білмейді. Мешітке белгілі дін ғұламаларының есімі берілуі керек. Облыс және аудан орталықтарындағы мешіттерге кісі есімі мүлдем берілмесе де жарасады. Онда орналасқан мешіттер сол жердің, мекеннің атымен аталғаны орынды деп ойлаймын.
Бір елді мекендегі гүлзарды сонда қоңыс тепкен бір рудың атымен атапты. Руының атын жазған қалпақ кигенді де, көйлегінің арқасына да, көлігінің терезесіне де руын жазғанды көріп едік. Енді қала атауын руының атымен атаса да таң қалмайтын болдық.
Кезінде коммунистер ескіліктің қалдығынан құтыламыз деген ұран тастаса, біздер жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Ескі мен жаңаның үйлесетін де, үйлеспейтін де жері бар. Тозған киімді қайта кигеннен тәніміз жылына қояр ма? Елдің баласы бола алмай тұрса да елдің ағасы болғандардың жолымен жүрсек еліміз оңар ма? Өткеннен сабақ алсақ қана алға басарымыз анық.
Ақылбек Шаяхмет,
жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері.
Abai.kz