Сейсенбі, 28 Сәуір 2026
Әдебиет 176 0 пікір 28 Сәуір, 2026 сағат 12:46

Мұхтарлар рухы

Сурет: автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Мұхтар Құл-Мұхаммедке!

Түркі жұрты болған емес тұлдыр ел,
Тарихының тамырынан жыр түлер.
«Мұхтар» сөзін көне тілден аударсаң
«Мақтаулы» мен «таңдаулыны» білдірер.

Қара ниет қадалғанда сұқтар көп,
Құдай өзі жібергендей: «Құтқар!» – деп.
Ат қоюдан жаңылмаған бұл қазақ,
Есім берген ерлеріне Мұхтар деп.

Басылса да тарпаң жылдар тасыры,
Басылмапты басынулар, әсілі...
Сары дала сағымындай сырғуда
Мұхтарлардың мәртебелі ғасыры.

Пенделігін болар, бәлкім, кешуге,
Талай ұрпақ соларды оқып өсуде.
Қаламымен қалың елін тербеген,
Мұхтарлардың ұлы көші, көшуде.

Сығаларға қалмағанда сау есік,
Дүйім елде тұрған кезде дау есіп,
Алаш Орда аманатын арқалап,
Ұлы Абайды ұлықтады Әуезов.

Сахнада сайран салып сақау үн,
Түзей алмай қойдық тілдің ақауын.
Ұйқы көрмей ұлт тарихын түгендеп,
«Бес ғасырды» безбендеді Мағауин.

Рухымыз жатқан шақта қамалып,
Шындық іздеп шыққан жан ол шам алып.
Жырларымен түркі жұртын тамсантты –
Ақиқаттың алдаспаны Шаханов.

Қарсы тұрып ұлтқа төнген нәубетке,
Сөз өнерін айналдырды сәулетке,
Ұрпақ үшін ұлы парыз атқарып,
Үшеуі де ұшып кетті зау көкке.

Жетімсіреп жұлдызы жоқ, ай қалды,
Уақыт жасар пәтуәлі байламды.
Әрбірінің кітапнама – ғұмыры,
Кітапхана рухына айналды.

Саналыға бола қоймас салмақ бұл,
Таразыға салар болсаң таңдап бір.
Ұлылардың үзілмеген тізбегін
Академик Құл-Мұхаммед жалғап тұр.

Тіршілікте ұтылған бар, ұтқан бар,
Жалған ұран қажет емес жұртты алдар.
Алтын құрсақ аналарым тұрғанда
Дүниеге келер талай Мұхтарлар!

Әлібек Шегебай

Abai.kz

0 пікір