Сейсенбі, 28 Сәуір 2026
Аласапыран 154 0 пікір 28 Сәуір, 2026 сағат 13:35

Аракчи Путиннен не сұрап келді?!

Сурет: nur.kz сайтынан алынды.

Ресейде жүрген Иранның сыртқы істер министрі Аракчи Санкт-Петербургте бұрынғы келіссөздер «біршама ілгерілеушілікке қол жеткізгенімен», Америка Құрама Штаттарының «шамадан тыс талап қоюына» байланысты келісімге келе алмағанын мәлімдеді. Аракчи ақпан айының соңында соғыс басталғаннан бері әлем жұртының «Иранның шынайы қуатына куә болғанын» атап өтіп, «Иран билігі әлі де тұрақты, қуатты және төзімді» деді.

Өз кезегінде Кремль Иранды қолдайтынын тағы да қайталады. Путин Ресейдің «бейбітшілікті ілгерілетуге  барлық күш-жігерін салатынын» және Иранмен стратегиялық қарым-қатынастарды жалғасты дамыта беретінін қадап айтты. Иран халқының елдігін сақтауда көрсеткен "ерік-жігері мен қайсарлығына" мақтау айтты.

Ормуз бұғазы бойынша дау ушығып барады.

Иран парламенті Ормуз бұғазын әскери бақылауға алу туралы заң жобасын дайындауда. Бұл жоспар бойынша израильдік кемелерге ғана өтуге тыйым салынады, ал басқа кемелерге жол ашық, тек иран валютасымен өту ақысын төлесе болғаны.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио «АҚШ Иранның халықаралық су жолдарын пайдаланудағы үстемдігіне және ақы төлеу жүйесін құруына төзе алмайды» деп мәлімдеді. БҰҰ Халықаралық теңіз ұйымының басшысы Арсенио Домингес мұндай шаралардың «халықаралық құқықта ешқандай негізі жоқ» екенін атап өтті.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі дүйсенбі күні кешке қарай Нью-Йоркте теңіз қауіпсіздігін талқылады.

Қақтығысқа дейін әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газдың шамамен 20%-ы тасымалданған Ормуз бұғазы қазіргі уақытта екі тараптың да қоршауында қалды, бұл әлемдік экономикаға қатты әсер етуде.

Ливан майданында Израиль күштері мен Иранды жақтайтын Хезболла содырлары бір-біріне шабуыл жасауды жалғастыруда.

Израиль премьер-министрі Нетаньяху Хезболланың «122 типті зымырандары мен дрондары – екі үлкен қауіп» екенін мәлімдеді.

Жексенбі күні Израильдің Ливанның оңтүстігіндегі әуе шабуылдары 14 адамның, оның ішінде екі баланың өмірін қиды, бұл атысты тоқтату басталған бергі ең қанды күн болды. Ливан тарабы 17 сәуірде атысты тоқтату басталғалы бері Израильдің әскери операцияларында кемінде 36 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. 2 наурызда қақтығыс ушыққалы бері 2500-ден астам ливандық сарбаз, 16 израильдік сарбаз қаза тапты.

Хезболла жетекшісі Наим Кассем Израильмен тікелей келіссөздерден бас тартатынын қайталап, мұндай қадам Ливанды «жаңа тұрақсыздық цикліне ұрындырады» деп мәлімдеді.

Abai.kz

0 пікір