Кеңесшіл әкеден кемел ұл туа ма?
Жарықтық Абай хакім сонау 19-ғасырда: "...болды да партия, ел іші жарылды" деп бекер күңіренбеген екен. Құрылтай сайлауы жақындаған сайын "Республика" партиясы "картоп жарып жатыр".
Күні кеше жарыс сөзге шыққан партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров: "Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы" - деп салды. Қазіргі нарықтық дәуірдегі қаржының, капиталдың маңызын көрсетпек болған оның бүл сөзі кері қабылданып, қызу талқыға түсті.
Ал кешелі бері қалың көпшілік Құнанбайды емес, аталмыш партияның тең төрағаларының бірі Бейбіт Әлібековтің әкесі Бахыт Алибековты әңгіме етіп жатыр.
Желідегі жазбаларына қарасақ бизнесмендер партиясын басқаратын кіші Әлібековтың әкесі кеңес заманын аңсайтын, қып-қызыл коммунист екен.
Үлкен Әлибеков Тәуелсіз Қазақстанда 35 жыл жасаса да өзінің қазақ болып туғанына әлі күнге өкінеді екен. Қазақ бауырларын "қазанбас" деп кемсітеді екен. "Наурыз" мейрамын "сасық" деп, жыл сайын "9-мамырды" асыға күтеді екен. Атаулы күнде Кеңес туын қолына алып, кеңес әскерінше киініп, паркте ойнақ салады екен. Оған өзі фейсбук парақшасына салған суреттері куә. Өз жазбаларында Ресей президенті Путинге алғыс жаудырып отырады екен.
Кіші Алибеков көпшіліктің сынына өзінің он сегізден асқан, жеке отбасы бар азамат екенін, әкесінің жазғаны мен іс-әрекетіне жауап бермейтінін жазыпты.
Солай-ақ болсын...
Көптің көкейінде республикашыл Айдарбек Қожаназаровқа қойылатын: "Қасыңда жүрген Бейбіт Алибековты тең төраға еткен үлкен Алибековтың малы ма, әлде орысшыл, кеңесшіл көзқарасы ма?!" деген сұрақтың тұрғаны анық.
Abai.kz