Сейсенбі, 28 Сәуір 2026
Дат 289 0 пікір 28 Сәуір, 2026 сағат 13:25

Ұлттық идеологияның өзегі - Қазақстан тарихы, министр ханым!

Сурет: nur.kz сайтынан алынды.

Оқу-ағарту минстрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова ханымның назарына!

Осы аптада Оқу-ағарту минстрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова алдағы үш жылда барлық сыныптардың оқулықтары жаңартылатынын жеткізіп, өзі бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Министрді қолдай отыра,  қоғамдық пәндерден білім беру саласында еңбек етіп жүрген (тарихшы) маман ретінде өз ойымызды жеткізсек.

Жас ұрпақ санасына мемлекетшілдік ұғымы оқу стандарты талаптарына сәйкес, қоғамдық пәндер арқылы жеткізіледі. Еліміздің әлемдік қауымдастықта өз орнын қалыптастыруы мемлекетшілдігімізге де байланысты. Мемлекетшілікте жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуын қамтамасыз ету идеясы жатыр. Идеяның артында Ұлттық идеология (жабық) тұр. Идея – ашық дүние. «Идеология - белгілі бір әлеуметтік топтың, таптың, ұлттың немесе мемлекеттің мүддесін білдіретін, қоғамдық өмірді түсіндіретін идеялар, көзқарастар, құндылықтар мен сенімдер жүйесі. Ол адамдардың дүниетанымын қалыптастырып, оларды ортақ мақсатқа жұмылдыратын және саяси-әлеуметтік әрекеттерін бағыттайтын Рухани күш».

Идеологияның үздіксіз жүріп отыруы (Қазақстан тарихына қатысты - жабық кейде мәжбүрлеу) сапалы оқулықтың мазмұнына да тікелей байланысты. Оқулық ұлт тарихын басқа өрениеттермен қатар талдап, эмоциялық саралап көрсетіп, оқытушы мен оқушының ұлттық құндылықтарға көңіл-күйін анықтап беріп отыратын негізгі құрал.

Дәл қазіргі уақытта, өкінішке орай, қолданыстағы кейбір оқулықтардың мазмұны түгілі, жазылуының өзі оқытушымен оқушының логикалық-психологиялық талаптарына сай емес. Қараңыз, «Мектеп» баспасы ұсынып отырған 10-11 сыныпқа арналған Дүниежүзі тарихы оқулығы. Авторлары: Р.Р.Қайырбекова, С.В.Тимченко, З.А.Джандосова. Алматы. «Мектеп». 2019.

Мысал керек пе? «Адам. Қоғам. Құқық». 11-сынып оқулығы. Авторлары: М.Изотов, М.Сәбит, Р.Дуламбаева, А.Ибраев, С.Есетова. Алматы: «Мектеп» баспасы. Осы оқулықтың кіріспесінде «Алғы сөзі» 3-бет, (жолма-жол) «Оқулықта оқушылар дүниетанымының патриоттық аспектісін қалыптастыруда танымдық, эмоциялық-бағалаушылық және мінез-құлықтық компоненттерді қамтитын интегративтік тәсіл қолданылады». Кешіріңіздер, мынандай қойыртпақ сөйлемдерді сана қабылдай алмайды. Онсыз да телефонмен әуестеніп, мұғалімге пысқыра қарап отырған оқушының пәнге деген ынтасын одан әрі төмендетудің үздік жоспары демеске амал жоқ. 253 бетте «Құқықтық сана – адамдардың қолданып жүрген және тілек ететін құқыққа көзқарасын білдіретін түсініктер мен сезімдердің, бағалар мен мақсаттардың жиынтығы. Құқықтық сана әлеуметтік құбылыстарды ерекше бағалай отырып, қоғамдық сананың басқа нысандарымен өзара әрекет етеді». Құқық қоғамда тәртіптің орнатылуы үшін керек, құқық адамның абыройын, адамгершілігін, өмірін және бостандығын қорғайды» - деп жазылған.

Құқықтық сананы - қарапайым ауызекі сөзбен түсіндірсек: қоғамның барлық мүшелерінің заңды сыйлауы, заңды білуі, заңға бағынып оны орындауы және оның әділдігіне сенуі емес-пе?

Осындай, орыс тілінде жазылып қазақ тіліне аударылған жүйесіз сөйлемдерден тұратын оқулықтарды норма деп қабылдауға болмайды. Сабақ мазмұнының субьектілігі, тілінің күрделілігі сондай, оны терең бойлап түсіндіруге мұғалімнің де интеллекті жетпей қалады. Тарихты оқытуда ең маңызды мәселе -  балалардың психологиясы мен жас ерекшеліктерін ескере отырып, түсінікті тілде жеткізе білуде. Оқу материалының мазмұны, ғылыми ойлау жағын да ескере отырып, баланың ой қорыта алатындай түсінігіне сай жазылуы керек. Оқушы санасы қабылдамағанан кейін пәнге деген қызығушылығы да болмайтынын ескеріңіздер.

Ұлттық идеологияның өзегі - Қазақстан тарихы десек, Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық басылымы биылғы жылы жарық көрмек. Алдағы уақытта әрбір сыныпқа жазылатын оқулықтарды дайындауда жеті томдықты басшылыққа алатын шығар деп үміттенеміз. Әр автор өз тұжырымын тықпалай бермей, академиялық басылымды басшылыққа ала отырып, тарихи кезеңдермен тұлғаларға объективті баға беруде бір ізділік болуы керек. Оқулық сықиған тарихи фактілерді бере бермей, оушыларды сыни ойлауға жетелейтін, себеп-салдарлық байланыстарды тәжірибемен байланыстыра сипаттайтын мазмұн табуы қажеттілігін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ескеретін шығар деп сенеміз. Оқулық, тарихи фактілер мен құбылыстардың өзара байланысын терең талдауға үйрете алатындай этнологиялық мазмұнда жазылуы ескерілуі қажет және оқулық мазмұны жыл сайын ауыса бермей, тұрақтанатын уақыт болды. Оқулықтардың бас сарапшылығына (жоғары деңгейдегі ақы төлеп) кәсіби деңгейдегі ірі этнолог профессор Ж.Артықбаев ағамызды қоюды ұсынар едім.

Оқулықты дайындауда теориялық материалмен қатар, педагогикалық, әдістемелік тәсілдерде (ой жүгірту, сызба, кесте, карта, тест  т.б.)   ескерілуі шарт. Оқулық ақпаратты таратушы ғана емес, өзіндік білім алуға көмектесетін нұсқаушылықты да қатар атқаруы тиіс. Егер бала білімді (ұлттық құндылықтар) өмірде қолданудың мәнін түсінбесе, оны меңгеруге де қызығушылығы болмайды.

Оқулық жазуға кейбір монополист баспалар секілді Ресей ғалымдарын (Қазақстан тарихы. 10-сынып. Авторы З.А.Джандосова. Алматы. «Мектеп». 2019. Петербор ғалымы), болмаса, орыс тілді тарихшыларды тартып жазғызуды тоқтатыңыздар. Басқа-басқа Қазақстан тарихы оқулығының орыс тілінде жазылуы, жадымыздың құлдық санадан әлі ажырай қоймағанының анық көрінісі. Ұлттық идеологияның қайнары - тарихымызды тұмшаламыңыздар. Конституцияда орыс тілі қазақ тілімен «қатар» тұрама, «тең» тұрама, бәрібір, уақыт ағымымен коммуникация жүйесінің күшеюімен қазақ тілі алдағы он-он бес жылда «қатар» тілді жұтпаса да жұтатыны анық. Грек ойшылының «Өзіңді-өзің таны» - деген сөзі бар. Грек ойшылының пікірін жеке тұлғаға қатысты емес, ұлтқа қаратыла айтылған деп қабылдасақ, идеологияның басты өзегі өзімізді өзіміз тану емеспе?!.  Біз - қазақ, өзімізді – өзіміз танып болған ұлтпыз ба?? Қоғамтанушы маман ретінде осындай сұрақ қоюға қақым бар ма?

Оқулық авторлары жазған еңбектеріне көп ақы алмайтынын да білеміз. Бөлінген қаражаттың қызығын монополистік баспалар көреді. Авторларды да солар таңдайды. Осыны Оқу-ағарту минстрлігімен және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесесе шешкен оңды болар еді. Оқулық сараптамашыларының аз ақыға жүрдім бардым жұмыс істейтіні де шындық.

Құрметті министр Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова ханым!

Қазақстан тарихы оқулығын бесінші сыныптан бастамай алтыншы сыныптан бастағандарыңыз дұрыс. Бастауыштан жаңа келген оқушының қоғамның даму заңдылығын (тарихты) қабылдау деңгейін ескерген жөн. Бізде, балалардың жас шамаларымен, қабылдау ерекшеліктеріне сай, логикалық ойлауы мен психологиялық қабылдауына объективті түрде ғылыми статистикалық зерттеу жүргізілетіне күмәнім бар.

Астаналық әріптесімнің айтқан әңгімесі. НИШ-те істеген. Бірде, мұғалімдер бөлмесіне кірсем ұлты ағылшын мұғалім бар еді. Әлгі солқылдап жылап отыр дейді. Тіл білетін әріптестерінен сұрамай-ма, мына қызға не болды? -деп. Сөйтсе, мұғалім оқушылардың білім деңгейін анықтап, әр оқушының сабақты қабылдау деңгейіне сай сабақ жүргізгісі келген. Біздің оқушылар айтқанды ұқпай бірі кітаптан көшіріп, бірі телефоннан жауап іздеуге кірісіп кеткен. Мұғалім айтса тыңдамайды. Бұл не? Бұл бүгінгі қазақ жастарының менталитеті. Өтірік баға, өтірік көшірме жауап күнделікті өмірімізге сіңіп барады. Ащы. Ащы болса да шындық.

Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова ханым, сізден тағы бір өтініш (мұғалімдер қауымының) ҚР Ғылым және жоғары білім минстрлігімен кеңесе отырып, Қазақстан тарихынан ҰБТ-дағы 20 балды 30 балға көтеріп берсеңіздерші? Себеп-салдарларын шиырлатпай-ақ, төтесінен айтқанда, қазіргі таңда оқушыларға Қазақстан тарихын оқытудың бірден бір жолы – ҰБТ-ы ғана болып тұр. ҰБТ-дан Қазақстан тарихынан тест тапсырмасын тапсырмайтын болса, тарих пәнін керек қылайын деп отырған оқушы жоқ. Балл санын ұлғайту, Қазақстан тарихы пәнінің қажеттілігін арттырып, ақиқатын айтқанда, еріксіз оқуға мәжбүрлік (ұлттық идеологияны жасырын, мәжбүрлеп жүргізу тәсілі) тудырады. Ғылым және жоғары білім минстрлігі ҰБТ тапсырар кезде оқушылардың жалпы жинақ балын 140-тан Қазақстан тарихы пәні есебінен 150-ге көтеріп берсе ешкім ұтылмайды.

Ғылымбек Дауылбайұлы Іргебаев, тарихшы 

Abai.kz

0 пікір