Бейсенбі, 30 Сәуір 2026
Саңлақ 159 0 пікір 30 Сәуір, 2026 сағат 13:02

Теңбіл доптың теңдессіз шеберлері

Коллаж: Abai.kz.

Басы: ТД-сыз дәуірдің дүлдүлдері

Жалғасы: Тележұлдызға айналмаған тарландар

Футболдан әлем чемпионатында жарқырай көрінген жұлдыздар жөніндегі әңгімені әрі қарай жалғастырамыз.

Сурет: sportsheroes.ru сайтынан алынды.

«Шекспир»

Неге «Пеле» атанғанын қазір оның өзі де есіне түсіре алмайды. Португал тілінде ол ешқандай мағына бермейді де. «Бала күнімде аулада доп қуып жүргенде, титтей боп алып, бәрін шыркөбелек алдап өте алатыныма сүйсінген біреу маған осылай деп айдар тағып еді, сол ат өмір бойы жабысты да қалды» деп еске алады атақты футболшы.

Пеленің шын және толық аты-жөні – Эдсон Арантес до Насименто. Ол 1940 жылдың 23 қазанында Бразилияның Минас-Жерайс штатындағы Трэс Корасоэс (Үш жүрек) елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Дондиньо кезінде тәп-тәуір ойнағанымен, жоғары деңгейге жете алмаса керек. Сондықтан ба, күнұзақ үй бетін көрмей, ала допқа арбалған баласына бар білгенін үйретуге ден қойыпты. 7 жасынан бастап мамандардың назарын аударған талантты балақайдың бақытына орай, жергілікті балалар командасын біраз уақыт даңқты бапкер Валдемар де Брито жаттықтырады. Болашақ футбол королінің бойындағы ерекше қабілетті байқап, «Сантосқа» қабылдануына қол ұшын берген де сол екен. Сөйтіп, Пеле 15 жасында-ақ кәсіпқой клубпен келісім-шарт жасасады.

Пеле тек Бразилия ғана емес, әлем футболы тарихындағы ең үздік ойыншы саналады. Алаңдағы ғұмырында 1281 гол соққан оның орташа нәтижелілігі бір ойынға 1,15 доптан келеді екен. Сан-Паулу штаты чемпионатының он рет сұрмергені атанған Пеленің 1958 жылғы рекорды (30 ойында 58 гол!) әлі күнге жаңарған жоқ. Оның бір ойында соққан 11 добын да («Сантос» – «Ботафого» – 13:0) күні бүгінге дейін ешкім қайталай алмады.

Ұлттық команда сапында 90 матч өткізіп, 77 гол соққан Пеле – үш рет әлем чемпионы атанған тарихтағы жалғыз футболшы. Бразилия құрамасының жейдесін ол ең соңғы рет 1971 жылдың 18 шілдесінде киді: Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында футбол королі мен оның серіктері Югославияны ұтты. Ал жалпы футболмен қоштасу матчын Пеле 1977 жылдың 1 қазанында Нью-Йоркта өткізді – жергілікті «Космос» пен «Сантос» арасындағы жолдастық кездесуде ол екі команданың сапында да өнер көрсетті.

Аяқдоп шебері болып та адамзатқа танылуға болатынын дәлелдеген тұлғаның алғаш жарқ еткен турнирі – 1958 жылғы әлем чемпионаты еді. Швеция жасыл алаңдарындағы сол жарыста Пеле 6 доп соқты: оның үшеуін жартылай финалда француздарға, екеуін финалда шведтерге! Ол кезде футболшы небәрі 17 жаста еді. Сөйтіп, 28 жыл күткен қуаныш – Нике құдайы бейнеленген алтын кубок Бразилияға аттанды.

Араға төрт жыл салып, Чилидегі доп додасына келгенде, оның есіміне бүкіл әлем қанық-тын. Алайда Пеле тура чемпионатқа иек артпада жолдастық кездесуде күтпеген жерден жарақат алып қалды. «Бапкерлерге шынымды айтсам, әлем чемпионатына апармай қояр» деп қорыққан ол сол күйі ешкімге ләм-мим деп тіс жармапты. Аяғының ауырғанына тістене шыдай жүріп, тағы екі жолдастық ойынға қатысып, тіпті біреуінде гол да соғыпты. Ол Чилидегі алғашқы матчта да мексикалық Антонио Карбахалдың қақпасына доп енгізді. Алайда ойыннан соң жарадар аяғы тіптен жарамауға айналғанын байқады.

Дегенмен Бразилия құрамасы бұл біріншілікте өзінің үздік ойыншысынсыз-ақ екінші рет әлем чемпионы атанды.

Пеле 1966 жылғы әлемдік доп додасына да қатысты, бірақ онда бразилиялықтар Венгриядан және Португалиядан жеңіліп, топтан озып шыға алмады. Есесіне, 1970 жылы Пеле мен оның отандастары үшінші рет алтыннан алқа тақты. Осыдан соң (тіпті әлі күнге дейін) мамандар Бразилияның сол құрамасын әлем чемпионаты тарихындағы ең үздік команда, ал Пелені әлемдегі ең үздік футболшы санайды.

Пеленің ғаламат шеберлігінің құпиясын бір ауыз сөзбен түсіндіру қиын. Анығы, оған Құдай дара дарын берді. Ала допты аяғымен дәл ол сияқты қалауынша билете алатын жан бұған дейін болмаған-ды (одан кейін де кездеспегеніне сенімділер көп-ақ). Алайда әйгілі бразилиялық тек табиғи талантты игерумен ғана шектелмей, жалықпай жаттығу, тынбай іздену арқылы да шеберлігін шыңдай түскен. Ұжымдаса ойнай білу, қарсыласы үшін оқыс, әріптесі үшін оңтайлы пастарды дәл бере алу, екі аяғымен де еркін соғу сияқты қасиеттері – соның дәлелі. Оның 100 метр қашықтықты небәрі 11 секундта жүгіріп өтуі де – кәдімгі желаяқтардың өзі қызығатын көрсеткіш. Бойы 173 см болса да, бір орнында тұрып 2 метрге секіре алуына қалай таң қалмайсыз? Дәрігерлер тіпті оның көз қиығы да қарапайым адамдікінен сәл кеңдеу деседі. Яғни Пеленің алаңдағы әр сәт, әр өзгерісті қапысыз аңдап, алаңның қай бұрышындағы серігін де көрмей-ақ сезіп, допты оған дәлме-дәл асыра алуы тегін емес деген сөз.

Көзі тірісінде әлемде Пеледей даңқты адам аса көп бола қойған жоқ. Оған күн сайын келіп жататын хаттар мен өтініштерде қисап болмайтын. Бәріне жауап бермек түгілі, оқып тауысудың өзі мүмкін емес. Дегенмен футбол королі қауырт шаруаларының арасынан аздаған уақыт тауып (ол ірі бизнесмен де, министр де болды, киноға да түсті, ән де айтты), қайырымдылық іс-шараларын өткізіп тұратын.

Жер бетіндегі жалпы кедей-кепшік үшін Пеле – тығырықтан шығарар, тілекті қабыл етер ұлы құтқарушы іспеттес. 1995 жылы Руандадағы қос тайпаның (тутси мен хуту) қанды қақтығысынан әбден запы болған 17 жасар бозбаланың жолай кезіккен америкалық жүк кемесіне жасырынып, Рио-де-Жанейроға Пелені іздеп барғаны баспасөзде біраз шу болды. Қалтасында көк тиыны жоқ бір оңтүстікафрикалық бейбақтың өз пірін жақыннан көру үшін Кейптауннан Касабланкаға дейін бір ай жүргені де (қайықпен, автобуспен, арбамен, тіпті кейде түйемен!) – рас оқиға. Ал Конгодағы азаматтық соғыс кезінде екі жақ Пеле қатысатын ойынды көру үшін бір күнге шайқасты тоқтатқан да... ертесіне қайта жалғастырған.

...Кезінде Бразилия ұлттық құрамасын жаттықтырған, бірақ негізгі мамандығы спорт журналисі Жоао Салданьядан ағылшын репортері «Неге Пелені футбол королі деп атайды?» деп сұрағанда, ол:

– Себебі, әдебиет үшін Шекспир кім болса, футбол өнері үшін Пеле сондай дәрежеге ие, – деп жауап беріпті...

Сурет: kazpravda.kz сайтынан алынды.

«Пикассо»

1974 жылы тұңғыш рет чемпионаттың үздік футболшысы журналистердің дауыс беруі арқылы анықталды. Неміс Франц Беккенбауэр (278 дауыс) мен поляк Казимеж Дейнаны (175) артта қалдырған Голландия құрамасының капитаны Йохан Кройф 372 ұпаймен бірінші орын алды.

Кройфты сол уақыттың өзінде «Болашақтың футболшысы» деп атайтын. Ол 70-жылдарда даңқы дүниеге жайылған голландиялық «тұтасқан футболдың» нағыз әмбебап өкілі еді. Ойын барысында қорғанысқа да көмектесіп, шабуылға да дем бере білетін оның бесаспаптығына риза болып, таң қалмаған жан сирек-тін. Әрине, Кройфтың басты таланты – алаң ортасында қалауынша ойнақ салып, команданың бүкіл ойынын ұйымдастыра білуі еді. «Маэстро», «Футбол Пикассосы» деген сипаттамалар – соның дәлелі.

Расында да, футболшы десе, көз алдымызға екі иығына екі кісі мінгендей атлет жігіттер елестемей ме? Ал Кройф спортшыдан гөрі өнер адамына көбірек ұқсайды. Тек сырт келбеті жағынан ғана емес, ойнау стилі жөнінен де. Өзге жұрт құшырлана тебу үшін жаралған деп түсінетін ала доп оның аяғына тигенде, суретші қылқаламына, әлде дирижер қолындағы таяқшаға айналып кететіндей еді. Жанкүйер қауымның оның ойынынан өнер туындысын тамашалағандай әсер алатыны сондықтан болса керек.

Шыны керек, бүгінде егде тартқан жанкүйерлер болмаса, көпшілігіміз Кройфтың ойынын дұрыстап көрген де жоқпыз. Біз футбол қарай бастаған 80-жылдардың басында ол шау тартып, шабандап қалған еді. Алайда соның өзінде оның алаң ортасындағы ойлы ойыны, команданың бүкіл қимылының тізгінін өз қолында ұстауы талайды тәнті ететін. Ал нағыз бабындағы шағында қандай болғанын әлгі бейнетаспадан тамашалап, таң қалғанымыз анық. Оған қарсы ойнағандар тіпті «Кройф Пеледен де мықты еді» деседі. Мәселен, 1974 жылғы әлемдік доп додасының бас мергені, поляк шабуылшысы Гжегош Лято: «Футбол тарихындағы ең ұлы ойыншы – Йохан Кройф, ал Пеле содан кейін тұрады», – деп ашық мәлімдеді.

Пеленің «Әлемнің ХХ ғасырдағы үздік футболшысы» атанғаны мәлім. Ал Кройф – «Еуропаның ХХ ғасырдағы үздік футболшысы».

Йохан Кройф 1947 жылдың 25 сәуірінде Амстердамның еврейлер көп шоғырланған ауданында дүниеге келіпті (оны журналистердің «еврейден шыққан тұңғыш ұлы футболшы» деп атауы тегін болмаса керек). Әкесі Мэнус ұсақ саудамен айналысса, анасы Нэл «Аякс» футболшыларының киім-кешегін жуумен нан тауыпты. Баласын «Аяксқа» алып келген де сол кісі екен. Клубтың балалар командасының бапкері әуелі 10 жасар Йоханға қарап тұрып: «Тым әлжуаз екен», – деп, басын шайқаған көрінеді. «Тек сіздің балаңыз болғаны үшін ғана келісіп отырмын, біраз байқап көрейік, өзгелерге ілесіп кете алмаса, бізге ренжімеңіз» депті сосын. Шидей ғана «әлжуаз» балақайдың қатарластарынан әлдеқайда талантты екенін ол байғұс қайдан білсін...

Балалар командасында 7 жыл жаттыққан Йохан 1964 жылы «Аякспен» ресми келісім-шарт жасасып, көп ұзамай оның негізгі ойыншыларының біріне айналды. Амстердамдық клуб 1966-1973 жыл аралығында 6 рет ел чемпионы атанды, үш жыл қатарынан Еуропа елдері чемпиондарының кубогын (қазіргі Чемпиондар лигасы) жеңіп алды. Команданың осы табыстарының бәріне де Й.Кройфтың еңбегі ерекше сіңді. Оның ойыны мамандар тарапынан да жоғары баға алып, үш рет қатарынан құрлықтың үздік футболшысы атанды. Бұл – бұған дейін ешкім қол жеткізе алмаған жетістік еді.

Даңқы дүркіреген дүлдүл жігітке Еуропаның үздік клубтары қатты қызығып, бірінен соң бірі шақыра бастады. Йохан солардың ішінен ойын философиясы өз стиліне сәйкес келетін «Барселонаны» таңдады. Алайда 70-жылдары испан суперклубы халықаралық аренада да, ұлттық біріншілікте де аса көп табысқа жете қоймады.

Й.Кройф ұлттық құрама сапында да көздеген мақсатына жете алмады. Ол Голландия құрамасының қызғылт-сары жейдесін алғаш рет 1966 жылы Венгриямен кездесуде киіп, тұңғыш ойынында-ақ гол соғып үлгерді. Дегенмен Йоханның жұлдызды шағы – 1974 жылы Батыс Германияда өткен әлемдік доп додасы еді. Бас бапкер Ринус Михелс кілең «Аякс» пен «Фейеноорд» ойыншыларынан құрылған голланд командасын чемпионатқа мүлде жаңа тактикалық тәсілдермен қаруландырып әкелді. Допты ұйымдаса тартып алу, жасанды офсайд, қорғаныста да, шабуылда да ойын барысына қарай әр футболшының бір-бірінің орнын басып ойнай беруі – басқалар үшін әлі таңсық еді. Мұндай «ұйымдастырылған берекесіздікке» қарсы ештеңе жасай алмай, пұшайман болғандар шетінен жеңіле берді. Сөйтіп, алаңдағы 11 ойыншының да қатысуын қажет ететін «тұтасқан футбол» («тотальный футбол») дүниеге келді. Голландықтар сол кездің өзінде-ақ бүгінгі үздік құрамалардың тактикалық бағыт-бағдары саналатын 3-5-2 үлгісімен ойнады. Вим Сурбиер қорғаныстың оң қапталын қадағалады, Руди Крол сол қанатты тастай ғып бекітті. Ортада қажет кезде олардың қателігін түзетуге әзір Ари Хаан жүрді. Ортаңғы шептегі үш Вим – ван Ханегем, Янсен және Райсберген тылдың тыныштығына көбірек көңіл бөлді, ал Йохан Неескенс негізінен шабуылшыларға (Джонни Реп пен Роб Ренсенбринк) қол ұшын берді. Йохан Кройф болса, осы «ұйымдастырылған берекесіздіктің» басты дирижері, ұстаз идеясын іске асырушы «алаңдағы бапкер» болатын.

Кройфтың өзгелерден артықшылығы неде еді? Біріншіден, оның жылдамдығы керемет-тін. 30 метрді ол 3,8 секундта жүгіріп өтетін. Екіншіден, сол жылдамдығын ол тамаша игере білетін. Қажет кезде лезде құйындай жүйткіп, артынша лезде іркіле қоятын. Үшіншіден, Йохан допты аса шеберлікпен жетектегенде, оны одан тартып алу еш мүмкін емес-ті: қара күші тасыған талай қорғаушыны Кройфтың жалт бұрыла қоятын шалт қимылы пұшайман ететін. Оның «Ұшқыр голланд» атануы да сондықтан еді.

Дегенмен Й.Кройфтың, жалпы Голландия құрамасының көз сүйсіндірер керемет ойынына қарамастан 1974 жылғы әлем чемпионатының финалында бір тәртіпке бағынған ұйымшыл неміс командасы жеңіске жетті. Бұл ойынның бейнетаспасын көріп отырып, қандай тамаша матч болғанына көз жеткізе аласыз. Голландықтар бірінші таймда алаң иелерінен әлдеқайда басым ойнады. Олар тіпті немістердің аяғы допқа тимей жатып-ақ есеп ашты. Ойынды ортадан бастаған қызғылт-сары жейделі футболшылар бір-біріне 14 дәл пас тастады, сосын 14-нөмірлі ойыншы Кройф айып алаңына тұра ұмтылды. Оны қорғаушы Берти Фогтс шалып жығуға мәжбүр болды. Пенальтиді мүлтіксіз соғатын Неескенс бұл жолы да мүлт кеткен жоқ.

Бұдан кейін де голландықтар есепті еселей түсуге талай рет мүмкіндік алды. Қорғаныстың мақтаулы Беккенбауэр бастаған ортаңғы шебі жасыл алаңда ойнақ салған Кройф пен оның әріптестерін өз қақпасына қарай жиі-жиі өткізіп алумен болды. Бірақ қақпашы Зепп Майер бұл кездесуде тамаша ойнады. Оның Вольфганг Оверат және Пауль Брайтнер секілді серіктері еңсесі басылып қалған команданың жігерін қайта жануға барын салды. Қолдан сусып кете барған ойын тізгінін қайта ұстауға осы ойыншылар, сондай-ақ Райнер Бонхоф көп үлес қосты. Көп ұзамай Ян Йонгблад қақпасының маңында да қауіпті жағдайлар көбейе түсті. Сондай сәттің бірінде айып алаңына андыздай ұмтылған Бернд Хельценбайнды Янсен шалып құлатты: Брайтнер 11 метрлікті дәл соғып, таразы басын теңестірді. Бірінші таймның бітуіне екі минут қалғанда Герд Мюллер өзінің құрама сапындағы соңғы голын соқты – 2:1.

Йохан Кройф 2016 жылдың 24 наурызында Барселонада қайтыс болды. Ол бапкерлікке ауысқан соң темекіге тым үйір болып кеткен еді. Ақыры өкпе рагына ұшыраған екен. «Аякс» футбол клубының стадионы қазір ұлы футболшы һәм бапкердің атымен аталады. 2019 жылы Барселонадағы «Ноу Камп» стадионы алдында оған биіктігі 3 жарым метрлік ескерткіш қойылды. Ал 2020 жылы Амстердам қаласының бір көшесіне Кройфтың есімі берілді.

«Футбол – өте қарапайым ойын. Елу метрге пас беріп қайтесіз, доп бекерге қарсыласқа жем болуы мүмкін ғой? Оның орнына жаныңыздағы серігіңізге берсеңіз, ол әрі қарай ойын өрнегін жалғамай ма? Ең үздік идея – ең қарапайым идея. Қақпаңызға гол салынбағанын қалайсыз ба? Онда допты үнемі өзіңіз ұстаңыз, қарсыласқа бермеңіз. Мен ауладағы балалардың ойынын жалықпай қарай беруге дайынмын. Ең шынайы футбол – сол ғой. Менің командаларым да сол футболды ойнауға тырысты...»

Бұл – Йохан Кройфтың жүрек сыры еді. «Аякстың» да, «Барселонаның» да, кейінгі отыз жылдағы Голландия және Испания құрамаларының ойын философиясы Кройф идеясынан бастау алып, сол бағытты жалғастырып келеді.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір