Лирикадан азаматтық санаға дейінгі эволюция!
(Мұхтар Шаханов поэзиясы хақында)
КІРІСПЕ:
Қазіргі Қазақ әдебиеттануында Мұхтар Шаханов поэзиясы көбіне тақырыптық тұрғыдан — азаматтық, махаббаттық немесе тарихи поэзия ретінде жеке-жеке қарастырылып келеді. Алайда мұндай жіктеулер ақын шығармашылығының ішкі бірлігін, поэтикалық жүйе ретіндегі тұтастығын толық ашып бере алмайды. Шаханов поэзиясы — тек тақырыптар жиынтығы емес, ол эволюциялық сипаттағы тұтас көркем-философиялық жүйе.
Оның поэзиясында үш ірі қабат айқын байқалады: лирикалық сезімнің мөлдір әлемі, балладалық-оқиғалы баяндау жүйесі және азаматтық-экзистенциалдық сана биігі. Бұл қабаттар бір-бірінен оқшау емес, керісінше, бірін-бірі толықтырып, біртұтас поэтикалық қозғалыс түзеді. Сондықтан ақын шығармашылығын түсіну үшін оны кезең-кезеңдік тақырыптық сипаттаудан гөрі, ішкі құрылымдық-философиялық эволюция ретінде қарастыру қажет.
Шаханов поэзиясының басты ерекшелігі — жеке сезімнің қоғамдық санаға, ал оқиғаның моральдық-философиялық символға айналу үдерісі. Алғашқы лирикалық өлеңдердегі махаббат пен сағыныш кейінірек адамгершілік, жауапкершілік және ар мәселелерімен ұштасып, философиялық категорияға көтеріледі. Осылайша поэзия тек эстетикалық тәжірибе емес, этикалық және рухани таным құралына айналады.
Сонымен қатар, ақын поэзиясының екінші маңызды қыры — оның оқиғалы-балладалық құрылымы. Тарихи аңыздар, нақты оқиғалар мен символдық сюжеттер арқылы Шаханов адамзаттық моральдық таңдауларды көрсетеді. Мұнда өткен шақ тек тарихи дерек ретінде емес, қазіргі қоғамның рухани айнасы ретінде қызмет атқарады.
Үшінші қабат – азаматтық поэзия. Бұл кезеңде ақынның шығармашылық бағыты түбегейлі кеңейіп, жеке лирикадан қоғамдық трибунаға, сезімнен әлеуметтік жауапкершілікке өтеді. Тіл тағдыры, ұлттық сана, тарихи әділет, рухани құндылықтар сияқты мәселелер поэзияның негізгі өзегіне айналады.
Осы үш қабаттың тоғысуы нәтижесінде Шаханов поэзиясы ерекше тұтас құрылымға ие болады. Бұл құрылымда форма да, мазмұн да тұрақты емес, керісінше динамикалық сипатта дамиды. Ақынның өлеңдеріндегі ырғақтың құбылмалылығы, ұйқас жүйесінің еркіндігі, тармақ ұзындығының өзгермелілігі — бәрі де ішкі эмоционалдық және философиялық қозғалыстың көркем көрінісі болып табылады.
Зерттеудің негізгі мақсаты — Мұхтар Шаханов поэзиясын тұтас жүйе ретінде қарастырып, оның лирикалық бастауынан азаматтық-экзистенциалдық деңгейге дейінгі эволюциясын ғылыми тұрғыда талдау. Сонымен қатар, ақын поэзиясының өзіндік формалық ерекшелігін — шартты түрде «Мұхтарлық поэтикалық модель» деп атауға болатын құрылымдық жүйесін анықтау.
Зерттеу барысында келесі негізгі мәселелер қарастырылады: поэзиядағы лирикалық, балладалық және азаматтық қабаттардың өзара байланысы; махаббат концепциясының сезімнен моральдық-философиялық категорияға дейінгі трансформациясы; оқиғалы поэзиядағы аңыз бен тарихтың символдық бірлігі; ақ пен қара, ар мен сатқындық, әділет пен әділетсіздік сияқты бинарлық жүйелердің философиялық қызметі; поэтикалық форманың динамикалық және синкреттік табиғаты.
Осылайша, бұл бастапқы зерттеу Мұхтар Шаханов поэзиясын тек әдеби мәтіндер жиынтығы ретінде емес, рухани-этикалық және философиялық жүйе ретінде қарастыруға бағытталады.
- ЛИРИКАЛЫҚ БАСТАУ: СЕЗІМНІҢ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ӘЛЕМІ
- Ерте кезең поэзиясының табиғаты. Мұхтар Шаханов поэзиясының ерте кезеңі — Қазақ лирикасындағы дәстүрлі эстетикалық жүйенің табиғи жалғасы бола отырып, ақынның жеке көркемдік әлемінің қалыптасу сатысын айқындайтын маңызды кезең болып табылады. Бұл кезеңде поэзияның негізгі өзегі ретінде махаббат, жастық, табиғат және ішкі эмоционалдық толғаныс алынады. Ақынның осы тұстағы поэтикалық ойлау жүйесі әлеуметтік немесе философиялық мәселелерді тікелей көтеруге ұмтылмайды. Керісінше, ол адам жанының нәзік иірімдерін, сезімдік әлемнің ішкі қозғалысын бейнелеуге бағытталады. Сондықтан бұл кезеңді шартты түрде лирикалық-эмоционалдық жиынтық кезеңі деп сипаттауға болады.
Шаханов поэзиясының ерте кезеңінде, адам — ең алдымен сезім иесі, өмір — үміт пен күту кеңістігі, әлем — эстетикалық тұтастық ретінде қабылданады. Осы ерекшеліктер арқылы бұл кезең кейінгі күрделі философиялық және азаматтық ізденістердің бастапқы рухани-эстетикалық базасын қалыптастырады.
- Махаббаттың алғашқы моделі. Ерте лирикадағы махаббат белгілі бір тұтас көркемдік модель ретінде көрінеді. Бұл модельде махаббат тек жеке эмоциялық күй емес, ол – рухани байланыс, сенім жүйесі, эстетикалық идеал деңгейінде танылады. Ақынның «Кешікпей келем деп ең», «Мен саған өкпелемеймін», «Мен туралы ойладың ба?», «Арыс жағасында», «Бақытымның таң жұлдызы өзіңсің», «Биге неге шақырмадың?», «Ақ бантик», «Алғашқы кездесу», «Қуаныш вальсі», «Әке туралы жыр» қатарлы әнге айналған шығармалары осы модельдің негізгі көркемдік көріністері болып табылады.
Мәселен: «Кешікпей келем деп ең» өлеңінде, махаббат — нәзік сенім күйі болып, ол күту мен сенім арқылы ашылады:
«Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен», - бұл жолдарда драмалық тартыс жоқ, айыптау жоқ, тек күту мен сенім бар. Махаббат мұнда күмәнсіз, кіршіксіз күй ретінде көрінеді. Лирикалық кейіпкер үшін сүйікті жан — үміттің тірегі. Және «Арыс жағасында» шығармасында махаббат өткен шақтағы әсем естелік ретінде беріледі:
«Жаз еді күлкің де,
Қайдасың бұл күнде», - бұл жерде сезім идеалданады, сүйген жан көркем бейнеге айналады. Яғни, махаббат — эстетикалық құбылыс, рухани жадта сақталатын идеал болып келеді. Сонымен бірге «Қуаныш вальсі» шығармасында махаббаттың мазмұны тереңдей түседі:
«Қосылды тағдырым,
Қосылған қос өзен секілденіп», - міне мұнда махаббат тек кездесу емес, екі тағдырдың бірігуі, өмірлік үйлесімнің бастауы ретінде танылады. Ал осы мезгілде жазылған «Әке туралы жыр» махаббаттың ірге тасы спетті. шығармасында махаббат тікелей айтылмағанымен, оның іргетасы ашылады:
«Сүрінсем, сынай қарап от жанарың,
Сен мені жақтамадың, ақтамадың.
Әрдайым осы қатал мінезіңнен,
Күш алып мақсатыма аттанамын», - Бұл жолдарда сүйіспеншілік пен талап қатар жүреді, өз-өзінен күш алып, алға ұмтылыс жасаған адамдық қалыптасу үдерісі көрсетіледі немесе кейінгі махаббат философиясының түп негізі — осы тәрбиелік-рухани ортада жатыр.
Жалпы жоғарыда мысал арқылы көрсетілген ерте кезеңдегі махаббат моделін – идеалданған, сенімге құрылған, таза эмоционалдық сипаттағы және өмірді үйлесімді құбылыс ретінде қабылдайтын жүйе деп қарауға болады.
- Лирикалық кеңістік пен образ жүйесі. Шаханов поэзиясында табиғат пен адам сезімі өзара ажырамас бірлікте қарастырылады. Табиғат элементтері (өзен, жаға, кеш, жел, көктем) тек пейзаждық деталь емес, олар — сезімнің кеңейтілген формасы. Осы тұрғыдан алғанда, табиғат сезімнің сыртқы бейнесі, ішкі психологиялық күйдің проекциясы және эмоционалдық қозғалыстың кеңістігі. Лирикалық кейіпкер — сыртқы әрекет иесі емес, ол — ішкі әлемнің иесі. Оның болмысы рефлексия арқылы ашылады. Мәселен, «Ақ бантик» өлеңін алайық, өлеңді үш деңгейде талдауға болады: Бір кездегі шанына ақ бантик байлаған балауса қыз, енді бір мезгілде бантиксіз, автор бұл арқылы тәбиғи кеңістік жасайды. Енді осыған қабат ақ бантик таққан қыздың өмір тарихы елес береді. Ол енді балауса қыз емес, есейген, жылдар оны басқа жанға айналдырған. Міне өлеңде осылайша эмоционалдық кеңістік қалыптасады. Сүйтіп өлеңде үшінші психологиалық кеңістік қалыптасады, яғни, ішкі «мен» осылардың барлығын ішкі ой елегінен өткізіп жастық шақ, өмір, арман, сағыныш елесін бастан кешіреді.
Жалпы автор осы құрылым арқылы поэзиясында тұтас эстетикалық әлем қалыптастырады.
- Поэтикалық форма. Енді автордың ерте кезеңдегі поэтикалық формасына қарасақ, өлең құрлысы Қазақтың классикалық дәстүрімен тығыз байланысты екенін аңғарамыз. Бұл кезеңде ақын формалық экспериментке бармайды, керісінше дәстүрлі құрылымды сақтай отырып дамиды. Ақынның өлеңдерінен тұрақты буындық - бунақтық өлшем, дәстүрлі ұйқас жүйесі, ырғақтың бірқалыптылығы, композициялық тұтастық және интонациялық айқындық сияқты ерекшеліктер көрініс табады. Бұндай форма оқуға жеңіл, музыкалылығы жоғары әрі мазмұнмен үйлесімді. Сонымен қатар, осы тұрақты құрылым ішінде кейінгі кезеңдегі формалық құбылмалылықтың алғашқы белгілері де байқалады. Бұл — ақын поэтикасының эволюциялық мүмкіндігін көрсететін маңызды нышан еді.
Қорыта айтқанда, Мұхтар Шахановтың ерте лирикалық кезеңі Қазақ поэзиясында махаббаттың эстетикалық моделін қалыптастырды. Жастық пен сезімнің тұтастығын көрсетіп, табиғатты лирикалық кеңістік деңгейіне көтерді және классикалық өлең формасын сақтады. Бұл кезеңнің басты ғылыми-эстетикалық маңызы — оның кейінгі философиялық, экзистенциалдық (болмыстық) және азаматтық поэзияға өтудің рухани әрі көркемдік негізін қалыптастыруында.
- МАХАББАТ ФИЛОСОФИЯСЫ: СЕЗІМНЕН МОРАЛЬҒА ДЕЙІН
Шаханов алғашқы қадамындай емес, өмір жолындағы аяқ алысының күрделенуіне байланысты махаббатты сезім деңгейінен адамның моральдық қабілетіне көтерді. Яғни, махаббат эмоция емес, қайта, махаббат адамдықтың өлшемі деп қарады. Бұл тұста Шаханов махаббатты жырламайды, оған сын көзбен қарайды. Ол махаббатты қорғайды, оны талдайды, енді бір жағынан оған талап қояды. Сондықтан, Шахановты — махаббатты романтикадан ар-ұждан категориясына көтерген ақын деуге болады.
- Махаббаттың өтпелі кезеңі немесе ішкі драманың пайда болуы. Мұхтар Шаханов поэзиясындағы өтпелі кезең — ерте лирикалық сезімнің біртіндеп күрделеніп, моральдық-этикалық таңдаулар кеңістігіне ауысуымен сипатталады. Бұл кезеңде махаббат енді тек эстетикалық немесе эмоциялық құбылыс ретінде ғана емес, адамның ішкі жауапкершілігін айқындайтын рухани сынақ ретінде көріне бастайды. Осы трансформацияның айқын әрі көркемдік тұрғыдан тұтас көрінісі — «Танагөз» поэмасы. Бұл шығарма ақын поэтикасындағы сапалық бетбұрысты білдіреді: лирикалық сезім кеңістігі экзистенциалдық (болмыстық) және моральдық деңгейге көтеріледі.
«Танагөз» поэмасын махаббаттан арыға өтетін экзистенциалдық драма дер едік. Танагөз — Мұхтар Шаханов шығармашылығындағы философиялық тереңдігімен ерекшеленетін туынды. Сыртқы құрылымы жағынан махаббат тақырыбына құрылғандай көрінгенімен, поэманың ішкі мазмұны әлдеқайда күрделі: онда адам болмысының моральдық, экзистенциалдық және рухани қабаттары ашылады.
Шығарма махаббат емес, мүмкіндіктің феномені. Поэманың негізгі көркемдік ерекшелігі — махаббатты классикалық романтикалық деңгейде емес, таңдау мен мүмкіндік категориялары арқылы беруінде. Шығармадағы үштік құрылым: «Мен» (лирикалық кейіпкер), Мұрат және Танагөз дәстүрлі махаббат үшбұрышынан өзгеше сипат алады. Мұнда негізгі сұрақ: «кім кімді сүйді?» емес, «кім қандай шешім қабылдады?» дегенге саяды. Танагөз бейнесі нақты тұлғадан гөрі, моральдық таңдау нүктесі және рухани мүмкіндік символы ретінде көрінеді. Осылайша, поэмада махаббат, таңдау, тағдыр және мөралдық нәтиже сынды тізбекті логикалық модель қалыптасады.
(1) Мұрат бейнесі құрбандық арқылы биіктеуді көрсетеді. Поэманың ең күрделі әрі философиялық тұрғыдан терең кейіпкері — Мұрат. Оның әрекеттері жеке сезімінен бас тарту, досына жол беру және кейін басқа өмірді (Зеркүлмен) қабылдау сияқты барыстан айқындалады. Сырттай қарағанда жеңіліс сияқты көрінгенімен, мәндік тұрғыдан алғанда, бұл — моральдық жеңіс. Мұрат махаббатты иеленбейді, керісінше одан бас тартады. Осы жерде сезімнен бас тарту — әлсіздік емес, керісінше — рухани күштің көрінісі дейтін Шаханов поэтикасының маңызды қағидасы айқындалады. Бұл тұрғыдан Мұрат бейнесі ақын поэзиясындағы, «ар үшін өзін құрбан ету» моделінің көркем жүзеге асуы болып табылады.
(2) Танагөз айқындалмаған әрі өмір шындығын көрсететін образ. Поэмадағы ең соңғы, ең маңызды көркемдік шешімдердің бірі — Танагөздің ішкі таңдауының жұмбақ қалуы. Оқырман үшін, ол Мұратты сүйді ме? әлде «менді» таңдады ма? деген сұрақтарға нақты жауап берілмейді. Бұл — кездейсоқ емес, саналы эстетикалық тәсіл. Өйткені, өмірде моральдық шешімдер әрқашан айқын болмайды және адам сезімі тұрақсыз әрі қайшылықты сипатқа ие ғой? Бізше, Танагөздің осы «белгісіздігі» поэманы өмірге жақындатады, оны философиялық деңгейге көтереді.
Поэмада дағдарыс пен шынайы болмыс ашылады. Поэманың кульминациялық тұсы — Мұраттың өмірлік қиындыққа ұшырауы. Осы сәтте Танагөз оның жанынан табылады, бұрынғы романтикалық байланыстардың мәні өзгереді. Бұл жерде Шаханов поэмадағы махаббатты сезім ретінде емес, әрекет пен жауапкершілік ретінде түсіндіреді. Яғни, махаббат — тек бірге болу емес, қайта, махаббат — қиындықта достықтың құрбанына айналып, жанынан табылатын адалдық.
Поэмада Ар категориясының үстемдігі айқын көрінеді. Екінші сөзбен айтқанда, поэманың түпкі философиялық нәтижесі — ар категориясының жеңісі. Мұнда махаббат соңғы шешуші күш емес, адамдық өлшем — ар, жауапкершілік және адалдық. Сондықтан шығармада, сезім — уақытша, ал, ар — тұрақты категория ретінде көрінеді. Бұл — Шаханов поэзиясының жалпы дүниетанымдық бағытын айқындайтын негізгі белгі.
Экзистенциалдық мазмұн жағынан алсақ, поэма жеке емес, ұлттық түс алады. Поэмада көтерілген мәселелер экзистенциалдық сипатқа ие. Алайда бұл экзистенциализм (болмысшылдық) батыстық үлгідегі жеке тұлғалық дағдарыс деңгейінде шектелмейді. Мысалы, Жан-Поль Сартр философиясында, адам — жалғыз, таңдау — жеке жауапкершілік. Ал Шаханов поэтикасында, адам — қоғаммен байланыста, таңдау — моральдық-әлеуметтік салдары бар. Яғни, бұл жеке экзистенция емес, ұжымдық (ұлттық) экзистенция. Мүмкін бұл кеңестер одағы кезіндегі жалпы ұжымдық болмыстың Шаханов санасындағы көрінісі шығар? Алайда, сол кездің жағдайымен мұндай таңдау қажетті десек те, бүгінгі жастар арасындығы өзімшілдік жөнінен алғанда да, бұл шығарма адамдық тұрғысынан маңызын жоймайды деп ойлаймыз.
Енді поэманың жанрлық табиғатын елестетсек, «Танагөз» поэмасын дәстүрлі жанрлық шеңберге толық сыймайды деп қараймыз. Онда, лирикалық сезім, оқиғалы құрылым және философиялық түйін біртұтас синтез құрайды. Сондықтан оны лирикалық-экзистенциалдық поэма, немесе оқиғалы-философиялық поэма ретінде қарастыру ғылыми тұрғыдан негізді. Құрылымдық жақтан алғанда, поэма бір үлгімен жазылмаған. Алдымен шығарма 11 буынды қара өлең түрінде басталады. Онан соң 14, 15 буынды, егіз ұйқасқа - шығыс поэзиясында қолданылған мәнсауи (мансұи) – ұйқасқа өтеді. Сонымен бірге бұл поэмада ақынның өз стиліндегі өлең үлгілерінің бірнеше түрі де кезігеді. Поэманың бұндай жазылуында, сезімдік толғаныстардың, ойды бейнелеудің ыңғайы және уақыттың ақын шабытын әр арнаға салуының себебі болғаны айқын.
Жалпы, «Танагөз» поэмасы — махаббат туралы шығарма ғана емес, адам болмысының моральдық құрылымы туралы философиялық туынды. Онда, махаббат — бастапқы импульс, таңдау — негізгі процесс (барыс) және ар — соңғы өлшем ретінде көрінеді. Поэманың ішкі философиялық формуласы: мүмкіндік, таңдау, жоғалту және ардың қайта оралуы немесе махаббат, сынақ, бас тарту және адамгершілік түрінде сипатталады. Сонымен қатар поэмада махаббат үш деңгейде дамиды: «Мен», Мұрат және Танагөз сынды үш кейіпкердің алғашқы адал да, жақтас әрі ішкі сезімдері әлі айқындалмаған кезіндегі - сезімдік тартымдылық; Үшеуінің шешуші басқышқа өткендегі үнсіздік, достық және өзара жол беру сынды – әлеуметтік-этикалық таңдау және Мұраттың қиындыққа ұшыраған кезіндегі «мен»нің іздеуі мен Танагөздің Мұраттың жанынан табылуы сынды – рухани жауапкершілік. Осылайша өтпелі кезеңнің негізгі логикасы, махаббат, сезім, таңдау және жауапкершілік ретінде айқындалады. Бұл — Мұхтар Шаханов поэтикасындағы алғашқы ірі экзистенциалдық бұрылыс немесе лирикадан философияға, сезімнен моральға және жеке тәжірибеден ұлттық рухани санаға өтудің көркем әрі теориялық тұрғыдан тұтас көрінісі.
- Толысқан кезеңдегі махаббат концепциясы. Мұхтар Шаханов поэзиясының кейінгі кезеңінде махаббат туралы түсінік сапалық тұрғыдан түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Егер кезеңде махаббат эстетикалық-эмоциялық құбылыс ретінде көрінсе, өтпелі кезеңде ол моральдық таңдаулар кеңістігіне өтті. Ендігі кезеңде махаббат айқын философиялық және қоғамдық мазмұнға ие күрделі категорияға айналады. Бұл кезеңде махаббат жеке адамның ішкі сезімі ғана емес, қоғамдық-этикалық өлшем, адамдық сапаның индикаторы, рухани жауапкершіліктің формасы ретінде қарастырылады. Енді мына мысалдарға қарайық:
(1) «Әйелдер» өлеңін махаббаттың әлеуметтік-философиялық кеңеюі ретінде қарастыруға толық негіз бар. Бұл шығармада махаббат жеке лирикалық сезім деңгейінен шығып, адам болмысының, азаматтық жауапкершіліктің және рухани сапаның өлшеміне айналады. Ақын әйел бейнесін дәстүрлі поэзиядағыдай тек сұлу объект, эстетикалық нысан ретінде емес, терең моральдық категория ретінде ұсынады. Мәтіндегі:
«Тереңдігі жоқ әйелдің
Қорқу керек сыртқы сұлулығынан», - деген жолдар сыртқы сұлулық пен ішкі мазмұнның арасындағы қайшылықты ашады. Мұнда әйел бейнесі — тек әйелдің өзі емес, жалпы адамдық сапаның метафорасы. Яғни «тереңдік» — рухани кемелдік, ал «сұлулық» — алдамшы форма ретінде көрінеді. Ақынның: «Әйел – еркек намысының қорғаны» деген тұжырымы махаббатты мүлде жаңа кеңістікке шығарады. Бұл жерде әйел — ер адамның жеке сезімдік қалауының нысаны емес, оның ар-намысының, адамгершілігінің айнасы. Демек, әйелге деген қатынас арқылы ер адамның ішкі болмысы өлшенеді. Осы ойды күшейте түсетін:
«Нағыз сұлу әйел табу
Бүкіл еркек атаулының арманы.
және
Нағыз сұлу әйел үшін қажет кезде жан қию —
Бұл жігіттік кодекстің жазылмаған тармағы», - деген жолдар махаббатты этикалық категорияға айналдырады. Мұнда «сұлу әйел» — тек физикалық сұлулық емес, рухани толықтықтың символы. Ал сол үшін «жан қию» — құрбандық идеясы арқылы махаббаттың шынайылығын, тереңдігін көрсететін өлшемге айналады.
Осылайша, өлеңде махаббат: жеке сезімнен әлеуметтік қатынасқа, одан ары, философиялық-онтологиялық мәнге дейін үш деңгейде ұлғаяды. Әйел тағдыры арқылы махаббат ұғымы кеңейіп қана қоймай, «таңдау», «жауапкершілік», «намыс» категорияларымен тығыз байланысады. Бұл тұрғыда әйел — махаббаттың объектісі емес, адам өмірінің мәнін айқындайтын іргелі күшке айналады. Сондықтан бұл өлеңді махаббаттың онтологиялық (тұлғашылдық) деңгейге көтерілуі, яғни адамның болмысын айқындайтын категорияға айналуы ретінде бағалауға болады.
(2). Мұхтар Шахановтың «Махаббатты қорғау» поэмасы — Қазақ поэзиясындағы махаббат ұғымын жаңа сапалық деңгейде пайымдайтын туындылардың бірі. Шығармада махаббат тек жеке лирикалық сезім ретінде емес, адамның рухани болмысын айқындайтын, этикалық жауапкершілікпен тығыз байланысты күрделі категория ретінде қарастырылады. Ақын махаббатты қорғау идеясын алға тарта отырып, оны адамдық ерлікпен, намыспен және ішкі рухани беріктікпен сабақтастырады. Поэманың алғашқы бөліктерінде автор махаббаттың көпқырлы әрі қайшылықты табиғатын ашады. Екі адамның бір-бірімен табысуы — кездейсоқтық емес, бірақ сол сезімді сақтап қалу — саналы таңдау мен ерік-жігерді талап ететін үдеріс ретінде көрсетіледі. Ақын сезім тұрақсыздығын көбелек метафорасы арқылы бейнелейді. Гүлден-гүлге қонған көбелек — тұрақсыз, тереңдікке ұмтылмайтын адам психологиясының символы. Бұл жерде махаббаттың жоғалуы сыртқы жағдайдан емес, адамның ішкі тұрақсыздығынан туындайтыны айқындалады. Осылайша, махаббат кездейсоқ туатын құбылыс емес, оны сақтау — моральдық және еріктік әрекет деген тұжырым қалыптасады.
Поэманың бірінші бөлімде махаббат мәселесі нақты адам тағдыры арқылы ашылады. Самат бейнесі — сезімді бастан кешіргенімен, оны қорғай алмаған, шешуші сәтте рухани әлсіздік танытқан кейіпкер. Ақын оны махаббатты тек сезіну жеткіліксіз, оны қорғай білу — азаматтық ерлік деп сынайды. «Тілін тістеп тұрып қалу» мотиві — шешімсіздік пен қорқақтықтың көрінісі. Осы арқылы автор махаббатты этикалық сынақ және ерлік актісі ретінде қарастырады. Абай мен Тоғжан образына ишара жасау арқылы ақын махаббаттың биік үлгісін қарсы қояды. Демек, махаббатқа лайық болу — рухани деңгей мәселесі.
Поэманың ең драмалық желілерінің бірі екінші бөлім немесе — Ғайша тағдыры. Бұл бөлімде махаббат күту, сенім және төзім категориялары арқылы ашылады. Ғайшаның ұзақ жылдар бойы адал күтуі — махаббаттың беріктігін дәлелдейді. Алайда шешуші сәттегі шыдамсыздық трагедияға алып келеді. Күйеуінің дәл сол түні оралуы — тағдырдың ирониясы мен адам өмірінің қайшылықты табиғатын көрсететін көркемдік тәсіл. Бұл бөлімде, махаббат тек сезім емес, уақытпен сыналатын құндылық, бір сәттік әлсіздік — өмірлік өкінішке ұласуы мүмкін дейтін философиялық астар бар. Ғайша образы арқылы ақын махаббат пен тағдыр арасындағы күрделі байланысты ашады.
Поэманың үшінші бөлімі немесе «Мәрзия» бөлімі тарихи-аңыздық сюжетке негізделген. Мәрзия мен шебер жігіт арасындағы қатынас — махаббаттың әлеуметтік қысым жағдайындағы сынағы. Шебер жігіттің қорқақтығы — махаббат алдындағы жауапсыздықтың белгісі. Ал Мәрзияның хаты - махаббаттың беріктік, тұрақтылық және батылдық қасиеттерін талап ететінін айқындайды. «Құм секілді сырғымалы махаббат» метафорасы — тұрақсыз сезімнің символы. Бұл бөлімде махаббат жеке сезім ғана емес, моральдық таңдау кеңістігі ретінде танылады.
Мұхтар Шаханов поэзиясында көрініс табатын махаббат концепциясы сырттай қарағанда екіұдай сипатқа ие сияқты көрінеді: бір жағынан, «Ғашықтық ғаламаты» тәрізді туындыларда ол стихиялық, иррационал (бейақыл), адамның еркінен тыс пайда болатын күш ретінде бейнеленсе, екінші жағынан, «Махаббатты қорғау» поэмасында махаббат саналы таңдау мен этикалық жауапкершілікке негізделген рухани құндылық деңгейіне көтеріледі. Алайда бұл айырмашылық ақын дүниетанымындағы қайшылық емес, махаббат феноменінің екі түрлі онтологиялық және этикалық деңгейде қарастырылуының көрінісі болып табылады.
Бірінші деңгейде махаббат — стихиялық бастау, яғни адам еркінен тыс туындайтын, әлеуметтік нормалар мен рационалдық шектеулерді елемейтін экзистенциалдық тәжірибе. Бұл деңгейде ақын махаббаттың табиғатын сипаттайды, оның қалай пайда болатынын көрсетеді.
Екінші деңгейде махаббат — моральдық акт, яғни адам еркімен бекітілетін, жауапкершілік пен рухани беріктікті талап ететін құндылық. Мұнда ақын махаббаттың қалай жүзеге асуы керектігін, оның қандай шарттарда ғана шынайы мәнге ие болатынын айқындайды.
Осылайша, Шаханов поэтикасында махаббат, бір мезетте туылатын тағдырлық құбылыс, әрі сақталуы мен қорғалуы бар этикалық таңдау ретінде түсіндіріледі. Демек, «Ғашықтық ғаламаты» мен «Махаббатты қорғау» арасындағы айырмашылық — мазмұндық қайшылық емес, функционалдық толықтыру. Біріншісі махаббаттың генезисін (туындауын) ашса, екіншісі оның аксиологиясын (құндылықтық өлшемін) қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, ақынның жалпы идеясы әлсіремейді, керісінше, тереңдей түседі. Махаббат тек сезім ретінде емес, адамның рухани кемелденуінің өлшемі ретінде ұсынылады.
Қорытындылай келе, Шаханов поэзиясындағы махаббат концепциясы төмендегідей тұтастықта көрінеді: махаббат — таңдау, себебі ол жүзеге асу үшін ерікті қажет етеді; махаббат — адамдық өлшем, өйткені адамның рухани деңгейін айқындайды; махаббат — сирек феномен, себебі ол ішкі дайындықты талап етеді сонымен бірге, махаббат — ерлік, өйткені оны сақтау мен қорғау рухани батылдықты қажет етеді. Сондықтан ақын поэтикасындағы негізгі қағида, махаббаттың пайда болуы — табиғи құбылыс, ал оның шынайы құндылыққа айналуы — адам ерлігіне байланысты деп түйінделеді. Міне сүйтіп, дуалистік сипат Шаханов поэзиясының әлсіз тұсы емес, оның философиялық тереңдігін айқындайтын басты ерекшелік деп есептейміз.
Сайып келгенде пайымдауларымызды сүзгіге салсақ, сезімнен экзистенцияға дейінгі философиялық деңгей шығады. Яғни, Шаханов поэзиясында махаббат біртіндеп эстетикалық категориядан этикалық және философиялық категорияға өтеді. Бұл процесс үш негізгі деңгейде жүзеге асады деп ойлаймыз: Алдымен, сезім (эмоциялық бастау) — махаббаттың бастапқы, табиғи күйі болса; Онан соң, Мораль (таңдау мен жауапкершілік) — адамның ішкі шешімі мен жауапкершілігі болып қалады; Ал экзистенция (болмыс деңгейі) — адамның өз өміріне, өз болмысына қатынасы болып бекиді. Осылайша махаббат, жеке психологиялық күй емес, адамның өмірлік ұстанымын және ішкі моральдық құрылымын айқындайтын күрделі жүйеге айналады. Философиялық тұрғыдан бұл тұрпаттық аунау эстетикалық сезімнен этикалық жауапкершілікке өтіп, онан экзистенциалдық санаға жетеді. Бұл — Шаханов поэтикасының ең маңызды ішкі эволюциялық өзегі.
Діттеп келгенде, Мұхтар Шаханов поэзиясындағы махаббат философиясы тұтас эволюциялық жүйе ретінде қалыптасқан: ерте кезеңде — лирикалық, эстетикалық сезім; өтпелі кезеңде — моральдық таңдау кеңістігі; толысқан кезеңде — этикалық-философиялық жүйе. Бұл эволюция махаббат ұғымын, қарапайым эмоциялық күйден, адам болмысының терең құрылымдық категориясына дейін көтереді. Нәтижесінде Шаханов поэзиясында махаббат, сезім ғана емес, адамдықтың өлшемі, рухани жауапкершіліктің формасы және ұлттық сана мен моральдың негізі ретінде көрінеді.
III. ОҚИҒАЛЫ-БАЛЛАДАЛЫҚ ПОЭЗИЯ: ТАРИХ ЖӘНЕ МОРАЛЬ
- Балладалық құрылым: оқиға арқылы ойлау моделі.
Мұхтар Шаханов поэзиясындағы оқиғалы-балладалық арна — оның шығармашылық жүйесінің ең күрделі әрі динамикалық қабаты. Бұл деңгейде поэзия лирикалық сезімнің тікелей көрінісі болудан шығып, драматургиялық логикаға негізделген моральдық-философиялық модельге айналады. Яғни, ақын үшін өлең — тек сезімді жеткізу құралы емес, ойлау, талдау, бағалау кеңістігі.
Шахановтың балладалық құрылымы тұрақты композициялық схемаға сүйенеді немесе: оқиға, тартыс, таңдау онан соң түйін болып құрылады. Бұл схема тек формалық емес, поэтикалық таным логикасын айқындайтын ішкі құрылым болып табылады. Оқиға - тарихи, аңыздық немесе тұрмыстық негіздегі бастапқы ситуация. Бұл – сыртқы қабат болып есептеледі. Тартыс — тек кейіпкерлер арасындағы ғана емес, моральдық құндылықтар арасындағы қақтығыс. Таңдау — кейіпкердің ішкі шешім сәті, оның адамдық болмысы осы жерде ашылады. Түйін — дайын үкім емес, оқырманды ойлануға мәжбүр ететін философиялық нәтиже. Осы құрылым арқылы Шаханов поэзиясы баяндаушы сипаттан гөрі этикалық процесс сипатына ие болады. Ақын оқиғаны айтып бермейді — оны моральдық сынақ алаңына айналдырады. Сондықтан бұл поэзияда маңыздысы не болды? деген сұрақ емес, кім қалай шешім қабылдады? деген мәселе. Бұл тұрғыдан алғанда, Шахановтың балладалық поэзиясы — лирика мен драматургияның синтезі, ал оның ішкі механизмі — экзистенциалдық (болмыстық) таңдау логикасы.
Шаханов поэзиясындағы оқиғалы-балладалық арнаны құрайтын негізгі шығармалар оның тарихи-философиялық дүниетанымының өзегін қалыптастырады. Бұл қатарға: «Отырар ойраны», «Нарынқұм зауалы», «Ғашықтық ғаламаты», «Әке үкімі» және «Кете балықтың ерлігі» сияқты т.б. көптеген туындылар жатады. Аталған шығармалардың барлығына ортақ сипат — жеке оқиғаны емес, ұжымдық моральдық тәжірибені көрсету. Яғни, бұл өлеңдерде нақты бір тарихи немесе тұрмыстық жағдай бейнеленгенімен, олардың мағынасы сол оқиғадан әлдеқайда кең. Мысалы: «Отырар ойраны» — тек тарихи апат емес, сатқындық пен ардың қақтығысының әмбебап моделі. «Нарынқұм зауалы» — тарихи әділетсіздік арқылы рухани қарсылықтың феноменін ашады. «Ғашықтық ғаламаты» — махаббатты жеке сезім емес, тағдырлық және моральдық категория ретінде қарастырады. «Әке үкімі» — отбасы аясындағы оқиға арқылы адамдық жауапкершіліктің шегін анықтайды. «Кете балықтың ерлігі» — аңыздық сюжет негізінде ерлік пен намыстың архетиптік моделін ұсынады. Бұл шығармаларда оқиға өзінің дербес мәнінен ажырап, символдық жүйеге айналады. Яғни, әрбір шығарма — белгілі бір моральдық ұғымның көркем формасы. Осылайша, Шаханов поэзиясында баллада жанры тек оқиғалық баяндау емес, ұлттық тарихи сананы моральдық-философиялық деңгейде қайта пайымдау тәсілі ретінде көрінеді.
Шаханов поэзиясының ең маңызды көркемдік ерекшеліктерінің бірі — тарихи дерек пен аңыздық баяндаудың органикалық бірігуі. Бұл синтез оның шығармаларын қарапайым реалистік деңгейден шығарып, символдық-философиялық кеңістікке көтереді. Ақынның поэтикалық ойлауында: Бірінші, тарихи дерек — нақты оқиға, уақыт және тұлғалар (мысалы, Отырар трагедиясы); екінші, көркем аңыз — оқиғаның бейнелік кеңеюі және мифтік сипат алуы; үшінші, символ — оқиғаның жалпыланған философиялық мәнге ие болуы сияқты үш қабат қатар жұмыс істейді. Мұндай құрылымның нәтижесінде, нақты тарих ұлттық жадқа айналады, аңыз рухани тәжірибенің формасына өзгереді және символ философиялық категорияға көтеріледі. Мысалы, Отырар туралы сюжет тек бір қаланың тағдыры емес, ол өркениет пен варварлықтың (жабайылықтың) қақтығысы, ар мен сатқындықтың мәңгілік күресі және ұлттық рухтың сын сағаты ретінде көрінеді. Аңыз бен шындықтың жымдасуы Шаханов поэзиясына бірнеше маңызды функция береді. Ол уақыттық шектеуден босатады, оқиғаны архетиптік деңгейге көтереді, оқырман санасында терең эмоционалдық және философиялық әсер қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, ақынның поэтикасы символдық ойлау жүйесіне негізделген. Ол нақтыны айтумен шектелмейді — нақты арқылы мәңгілікті көрсетеді.
Жалпы айтқанда, оқиғалы-балладалық поэзия Мұхтар Шаханов шығармашылығында, лирикадан драматургиялық ойлауға өтуді, жеке сезімнен ұжымдық моральдық тәжірибеге көтерілу процесін және тарихи материалды философиялық жүйеге айналдыру тәсілін көрсетеді. Бұл арнада поэзияның табиғаты: өлең — сезім емес, сынақ; оқиға — мақсат емес, құрал; кейіпкер — бейне емес, моральдық субъект және оқырман — бақылаушы емес, шешім қабылдаушы болып түбегейлі өзгереді. Сондықтан Шахановтың балладалық поэзиясын жанрлық тұрғыдан, оқиғалы-философиялық поэзия немесе этикалық-драмалық баллада ретінде анықтауға толық негіз бар. Бұны — Қазақ поэзиясында оқиға мен философияны біртұтас жүйеге біріктірген жаңа көркемдік модель десек болады.
Біз бұл ойларымызды төменде мысал ретінде «Отырар ойранын» талдау арқылы ілгерлетіп көрейік:
«Отырар ойраны» тек тарихи оқиға емес, ол өркениет пен варварлықтың қақтығысы, сатқындық пен ерліктің мәңгілік тартысы сонымен бірге рух пен биліктің күресі болып табылады. Мұхтар Шаханов шығармашылығындағы оқиғалы-балладалық поэзияның ең биік көріністерінің бірі — «Отырар ойраны» (кей нұсқаларда «Отырар қаһармандығы немесе жеңілген жеңімпаз туралы дастан») туындысы. Бұл шығарма сыртқы құрылымы жағынан тарихи оқиғаға негізделген эпикалық поэма болғанымен, ішкі мазмұны тұрғысынан терең философиялық-экзистенциалдық сипатқа ие күрделі көркем жүйе болып есептеледі. Аталған туындыны тек тарихи жыр немесе дәстүрлі баллада шеңберінде қарастыру жеткіліксіз. Себебі мұнда оқиға баяндау негізгі мақсат емес, ол — моральдық, этикалық және болмыстық (экзистенциалдық) мәселелерді ашудың көркем құралы ретінде қызмет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Отырар ойраны» — поэтикалық формадағы трагедиялық философия.
Шығарманың композициялық құрылымы бірнеше деңгейлі тартысқа негізделген: (1) Тарихи-сыртқы тартыс. Бұл деңгейде Шыңғыс хан бастаған жаулаушы күш пен Қайырхан қорғаған Отырар қаласының арасындағы күрес бейнеленеді. Алты айға созылған қорғаныс — тек әскери қарсылық емес, ұлттық рухтың көрінісі ретінде суреттеледі. Бұл тартыс жаулап алу мен қорғау сынды классикалық эпикалық қарсыластық үлгісіне сәйкес келеді. (2) Ішкі-моральдық тартыс. Шығарманың шынайы драматизмі осы қабатта ашылады. Қарашоқы бейнесі арқылы сатқындық мәселесі көтеріледі. Бірақ ақын сатқындықты жеке мінездің әлсіздігі ретінде ғана емес, адам болмысының күрделі қайшылығы ретінде көрсетеді. Әсіресе Қарашоқының әкесі бейнесі — шығарманың ең трагедиялық нүктесі. Әкенің өз перзентін айыптауы — қандық байланыс пен моральдық жауапкершіліктің қақтығысы, яғни экзистенциалдық таңдау ситуациясы. (3) Болашақ-үміт желісі. Отырардың күйреуімен қатар, шығармада үміт мотиві де сақталады. Қаладан аман шыққан бала бейнесі — тарихи жалғастықтың символы. Соңғы бөлімде ақын өзін сол ұрпақтың өкілі ретінде таныстырып, тарихи жады мен рухани сабақтастық идеясын бекітеді. Бұл — трагедиядан кейінгі рухани қайта туу концепциясы.
Шығармада бірнеше іргелі моральдық-экзистенциалдық ұғымдар жүйесі бар:
Сатқындық феномені. Шығармадағы ең өткір тұжырымдардың бірі — сатқындықтың болмыстық табиғаты. Шыңғыс хан аузымен айтылатын «елін сатқан адам — өзгені де сатады» деген идея сатқындықтың универсалды заңдылығын білдіреді. Бұл жерде сатқындық тарихи әрекет емес, адамның ішкі құрылымына тән этикалық дағдарыс ретінде көрінеді.
Ерлік пен жеңіліс парадоксы. Қайырхан бейнесі арқылы ақын «жеңіліс» ұғымын қайта қарастырады. Қала құлағанымен, рух жеңілмейді. Керісінше, сырттай жеңген күш (Шыңғыс хан) моральдық тұрғыдан күмәнді бейнеде көрінеді. Осылайша шығармада, жеңіс – ақиқат, ал жеңіліс – әлсіздік емес дейтін классикалық бинарлық оппозициялар қайта мәнделеді.
«Осал жер» концепциясы. Шығармада бірнеше рет қайталанатын идея — әр күштің әлсіз тұсының болуы. Бірақ бұл әлсіздік физикалық емес, моральдық сипатта. Отырардың күйреу себебі — сыртқы шабуыл емес, ішкі сатқындық. Бұл — тарихи оқиғаның философиялық тұжырымдамасы.
«Отырар ойраны» шығармасының ең терең қабаты — оның экзистенциалдық мазмұны. Алайда бұл мазмұн батыстық экзистенциализмдегі жеке тұлғаның жалғыздығы мен еркіндігі мәселесінен өзгеше. Мысалы, Жан-Поль Сартр философиясында негізгі назар жеке адамның таңдау еркіндігіне аударылса, Шаханов поэзиясында басты мәселе — ұжымдық жауапкершілік. Бұл тұрғыда шығармада келесі категориялар: ар және намыс, тарихи жауапкершілік, ұлттық бірлік және рухани адалдық алдыңғы қатарға шығады. Немесе, мұнда «жеке экзистенция» емес, «ұлттық экзистенция» көрініс табады. Әр кейіпкер — тек жеке тұлға емес, белгілі бір моральдық принциптің тасымалдаушысы.
Шығармадағы кейіпкерлер шартты түрде бірнеше типке бөлінеді: Қайырхан — ар мен рухтың символы, Қарашоқы — сатқындық пен рухани құлдыраудың көрінісі, Қарашоқының әкесі — трагедиялық сана мен кешігу символы, Шыңғыс хан — сыртқы жау ғана емес, ақиқатты ашушы парадоксалды фигура. Әсіресе Шыңғыс хан бейнесі біржақты негативті кейіпкер емес. Ол кей тұста моральдық шындықты ашатын, тіпті философиялық деңгейде сөйлейтін тұлға ретінде көрінеді. Бұл — автордың күрделі көркемдік тәсілі.
«Отырар ойраны» шығармасының жанрлық табиғаты синкреттік (тұтастық) сипатта. Онда, балладалық элементтер, эпикалық баяндау, драмалық диалог және философиялық толғаныс өзара тоғысады. Сондықтан бұл туындыны «поэтикалық трагедия» немесе «философиялық дастан» деп атау ғылыми тұрғыдан неғұрлым дәл келеді.
«Отырар ойраны» — тарихи тақырыпқа құрылған шығарма ғана емес, ұлттық сананың, моральдық жауапкершіліктің және адам болмысының күрделі қабаттарын қатар ашатын көпдеңгейлі поэтикалық жүйе. Бұл туындыда Мұхтар Шаханов тарихты жай баяндауды мақсат етпейді; керісінше, оны философиялық тұрғыдан қайта пайымдап, адамзаттық мәнге көтереді. Осы тұрғыдан алғанда, Отырар — нақты географиялық кеңістік емес, рухани-символдық кеңістік. Ол адам болмысының беріктігі мен әлсіздігін, ар мен сатқындықтың мәңгілік тартысын сонымен бірге, жеңіліс пен рухтың диалектикасын біріктіретін әмбебап модельге айналады.
Шығармадағы ерлік пен сатқындық, рух пен күш, намыс пен айла және жеңіліс пен моральдық үстемдік сияқты негізгі қарама-қарсылықтар тарихи шеңберден шығып, жалпыадамзаттық этикалық категорияларға айналады. Сондықтан «Отырар ойраны» — өткеннің көркем шежіресі емес, бүгінгі және болашаққа бағытталған рухани-этикалық үндеу. Осы деңгейде тарих өзінің деректік сипатын жоғалтып, моральдық архетипке айналады. Яғни, Отырар — тек болған оқиға емес, қайталанып отыратын адамзаттық жағдайдың символы.
Шахановтың балладалық поэзиясында кейіпкерлер классикалық психологиялық портрет деңгейінде берілмейді. Олар — белгілі бір мінездің немесе тағдырдың иесі ғана емес, этикалық ұстанымдардың көркем көрінісі, яғни моральдық модельдер. Кейіпкерлерді негізгі типологиялық жүйе бойынша үш арнаға бөлуге болады:
Арлы кейіпкер. Бұл тип — поэзиядағы рухани биіктіктің өлшемі. Ол әділет пен намысты қорғайды, жеке мүддеден гөрі ұжымдық, рухани құндылықты жоғары қояды және көбіне трагедиялық тағдырға ұшырайды, бірақ моральдық тұрғыдан жеңіске жетеді. Мысалы, «Отырар ойранындағы» Қайырхан бейнесі — тәндік жеңіліс пен рухани жеңістің символы.
Сатқын кейіпкер. Бұл тип — моральдық күйреудің көрінісі. Ол жеке пайдасын, қорқынышын немесе әлсіздігін таңдайды, тарихи және рухани жауапкершілікті бұзады. Көбіне өзін-өзі ақтай алмайтын трагедиялық күйде қалады. Сатқындық Шаханов поэзиясында тек жеке әрекет емес, рухани азғындықтың шегі ретінде бейнеленеді.
Аралық кейіпкер. Ең күрделі әрі терең тип. Ол екіұдай күйде болады, нақты шешімге дейін ішкі қайшылықты бастан кешіреді және оқырманның өзіндік рефлексиясына мүмкіндік береді. Бұл тип арқылы ақын оқырманды сырттан бақылаушы емес, ішкі қатысушыға айналдырады. Осы типология нәтижесінде Шаханов поэзиясы психологиялық реализмнен гөрі этикалық символизмге жақындайды. Кейіпкер — мінез емес, таңдау формуласы болып келеді.
Оқиғалы-балладалық поэзияның басты ерекшелігі — оның қабылдаушыға әсер ету тәсілі. Бұл поэзияда мәтін тек оқылмайды, ол сезіледі, бағаланады, ішкі жақтан реакция тудырады. Шаханов поэзиясы оқырманды бейтарап қалдырмайды. Ол арнайы құрылған эмоционалдық-этикалық механизм арқылы оқырман санасын белсенді күйге енгізеді. Атап айтқанда, оқырман күйіну арқылы трагедиялық оқиғаға эмоционалды еніп, тарихи қасіретті ішкі деңгейде сезінеді; жирену арқылы сатқындық пен әділетсіздікке қарсы моральдық қарсылық қалыптастырады, сонымен қоса, жақтасу арқылы белгілі бір кейіпкер жағына өтіп, этикалық позиция таңдайды. Яғни, Шаханов поэзиясының негізгі стратегиясы — оқырманды ақпарат қабылдаушыдан моральдық шешім қабылдаушы субъектіге айналдыру. Бұл — поэзияның әсер ету деңгейін эстетикалық шеңберден шығарып, этикалық тәжірибеге айналдыратын ерекше тәсіл.
Жалпы қорытындыласық, оқиғалы-балладалық поэзия Мұхтар Шаханов шығармашылығында тарихи деректі, аңыздық ойлау жүйесін және моральдық философияны біртұтас көркем модельге біріктіреді. Бұл арнада: оқиға баяндау емес, моральдық тәжірибе құралына айналады; тарих өткен емес, адамдық құндылықтарды тексеру алаңына өзгереді; кейіпкер образ емес, этикалық таңдау моделі болып қалыптасады, сонымен қатар, оқырман тыңдаушы емес, ішкі төреші болып поэзияның табиғаты түбегейлі өзгереді. Осылайша, Шахановтың балладалық поэзиясы Қазақ әдебиетінде жаңа сапалық деңгей қалыптастырды. Ол поэзияны сезімдік кеңістіктен моральдық-философиялық кеңістікке көшірді.
- БОЛМЫСШЫЛДЫҚ ӨЗЕК: ШАХАНОВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ІШКІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ
Мұхтар Шаханов поэзиясындағы рухани-этикалық құрылым жеке-жеке моральдық ұғымдардың жиынтығы емес, өзара байланысқан, ішкі логикасы бар тұтас жүйе ретінде көрінеді. Бұл жүйені түсіну үшін құндылықтарды қатарластыра сипаттау жеткіліксіз; оларды иерархиялық (жіктік тәртіп) құрылым ретінде қарастыру қажет. Осы тұрғыдан алғанда, ақын поэтикасындағы барлық негізгі құндылықтарды біріктіріп, бағыттап тұратын орталық категория — «ар» ұғымы. Ал намыс, адалдық, шыншылдық, қайсарлық, әділдік, асқақтық, еркіндік, мінез және өршілдік т. б. — осы өзектің түрлі формалық көріністері. Оның осы күрделі де, бір беткей ұстанымын «ар» төңірегіне ұйыстырсақ, оның пэзиясының өзегін аңғара аламыз. Әрине, ақынның бұл ұстанымдарының қарсы, өзі жек көретін жағында қорқақтық, ездік, әлсіздік, опасыздық, сатқындық, жалғандық, екі беткейлік және өзімшілдік т.б. лар тұратыны сөзсіз. Осылайша оның өлеңдері қарама – қарсылықтардың қақтығысы арқылы жарқын жақтарды нұсқайды. Демек, Шаханов поэзиясындағы ішкі құндылықтар жүйесі «Ар»ды болмыстық (экзистенциалдық) өзек етеді деген сөз.
Шаханов поэзиясында «ар» моральдық өлшем ғана емес, адам болмысының іргетасы. Ол адамды анықтайды, оның рухани шекарасын белгілейді, барлық әрекет пен таңдаудың ішкі өлшеміне айналады. Бұл тұрғыда «ар» қасиет емес, онтологиялық принцип, яғни адамның кім екенін айқындайтын негіз. Ақын поэтикасында адам байлығымен емес, білімімен емес, дәл осы ар деңгейімен өлшенеді.
(1)«Ардың» интуитивтік (тіке түйсіктік) формасы негізіндегі ерте кезең. Ақынның ерте кезеңдегі лирикаларында «ар» ұғымы тікелей философиялық категория ретінде аталмайды. Бірақ оның алғышарттары айқын байқалады. Бұл кезеңде, адам — ең алдымен сезім иесі, махаббат — тазалық пен сенімнің көрінісі және өмір — рухани үйлесім кеңістігі ретінде беріледі. Осындай поэтикалық әлемде «ар» ұғымы: тазалық, адалдық және сенімге беріктік түрінде көрінеді. Мысалы, ерте кезгі махаббат лирикаларында опасыздық жоқ, күмән аз, сезім — кіршіксіз. Бұл — әлі рефлексияға түспеген, бірақ бар болмысты анықтайтын табиғи моральдық тұтастық. Ал «Әке туралы жыр» сияқты шығармаларда «ардың» алғашқы нақты формасы көрінеді. Әке бейнесі арқылы талап пен мейірімнің бірлігі, әділдік пен қаталдықтың үйлесімі сондай – ақ жауапкершілік пен тәртіп беріледі. Немесе ерте кезеңде «ар» сезімдік тазалық, тәрбиелік құндылық және ішкі адамдық негіз ретінде қалыптасады.
(2) «Ардың» моральдық таңдау категориясына айналуы барысындағы өтпелі кезең. Ақын поэзиясының келесі кезеңінде «ар» ұғымы сапалық өзгеріске ұшырайды. Енді ол табиғи күй емес, саналы таңдау нәтижесі ретінде көріне бастайды. Бұл өзгерістің айқын көрінісі — «Танагөз» поэмасынан да байқалады. Бұл шығармада, махаббат — тек сезім емес, ол — таңдау, ал таңдау — жауапкершілік. Мұрат бейнесі арқылы «ар» алғаш рет өзін шектеу, құрбандыққа бару, сонымен бірге басқа үшін өз мүмкіндігінен бас тарту сияқты әрекеттер арқылы ашылады. Бұл жерде маңыздысы, ар — табиғи қасиет емес, саналы еріктің нәтижесі. Яғни, ар сезім, таңдау және жауапкершілік сатысынан өтіп тұлғаланады. Бұл — Шаханов поэзиясындағы алғашқы болмыстық (экзистенциалдық) бұрылыс.
(3) «Ардың» тарихи-ұлттық деңгейге көтерілген балладалық кезеңі. Оқиғалы-балладалық шығармаларда «ар» ұғымы жеке адам шеңберінен шығып, ұлттық және тарихи категорияға айналады. Мысалы, «Отырар ойраны» шығармасында, Қайырхан — ардың тұлғаланған бейнесі, Қарашоқы — ардан айырылудың символы, ал Шыңғыс хан — күш пен билік логикасының көрінісі. Бұл жерде «ар» жеке қасиет емес, ұлттың рухани иммунитеті. Отырар трагедиясы арқылы ақын, ар сақталса — халық рухы жеңілмейді, ар жоғалса — жеңіс те мәнсіз деген ойды ұсынады. Бұл кезеңде «ар» ұғымы тарихи жадымен, ұлттық намыспен және коллективтік жауапкершілікпен тікелей байланысады. Осылайша, «ар» алғаш рет ұлттық экзистенцияның өзегіне айналады.
(4) «Ардың» қоғамдық-философиялық жүйеге айналған азаматтық кезеңі. Ақынның азаматтық поэзияларында «ар» ұғымы өзінің ең жоғары деңгейіне жетеді. Бұл кезеңде ол жеке моральдық өлшем ғана емес, қоғамдық диагноз қою құралына айналады. Ақын бұл кезеңде тіл мәселесі, ұлттық сана, тарихи әділет және рухани құлдырау сияқты тақырыптарды көтере отырып, олардың барлығын «ар» категориясымен байланыстырады. Бұл туралы мазмұнды зерттеуіміздің келесі «Азаматтық поэзия» бөлімінде басқа қырынан толықтырып кететін боламыз. Бірақ осы кезеңде ақын поэзиясы лирикадан моральдық трибунаға көтерілсе де, көркемдік табиғатын жоғалтпағандығын ескерте кеткіміз келеді.
Төменде біз ақынның «Нарынқұм зауалы» поэмасы мен басқа өлеңдері арқылы «ар» ұғымын және басқа да ішкі құндылықтар жүйесін онан ары нақтылыққа жеткізетін боламыз. «Нарынқұм поэмасы» — Қазақ поэзиясындағы ішкі құндылықтарды ең шегіне жеткізіп, экзистенциалдық деңгейде пайымдаған туындылардың бірі. Бұл шығармада тарихи оқиға — Махамбет Өтемісұлы өлімі — тек фактологиялық дерек ретінде емес, адам болмысының түпкі моральдық негіздерін ашатын философиялық ситуация ретінде беріледі.
Поэманың алғашқы желісінде Махамбеттің өлім алдындағы түйсінуі суреттеледі. Түс көру мотиві — тек көркемдік тәсіл емес, болмыстық алдын-ала танымның формасы. Ақын өз ажалын сезінеді, бірақ оның алаңдауы жеке тағдырға емес, ұлттың рухани болашағына бағытталған. «Бассыз қалу» метафорасы физикалық өлімнен гөрі рухани жетекшісіздік және ар-сананың әлсіреуі деген ұғымдарды білдіреді. Бұл жерде «ар» жеке адамдық қасиет емес, ұлттық болмыстың өзегі ретінде көрінеді. Махамбеттің өлімге қатынасы — қорқыныш емес, керісінше, ар алдындағы адалдықтың соңғы бекітілуі. Осы арқылы поэмада адалдық уақыт пен өлімнен биік тұрған категория ретінде танылады.
Поэманың екінші желісі — Ықылас образы арқылы берілген сатқындық феномені. Бұл жерде сатқындық жеке қылмыс емес, онтологиялық (тұлғалық) құлдырау, яғни адамның адамдық мәнінен айырылуы ретінде сипатталады. Ықыластың әрекеті материалдық мүдде үшін ұлттық құндылықты тәрк ету болып табылады. Бұл — ардың толық жоққа шығарылуы. Сондықтан да поэмада сатқындық қателік емес, болмыстық апат ретінде бағаланады.
Ең жоғары философиялық шарықтау — әке үкімі. Әке образы бұл жерде жеке тұлға емес, дәстүрлі моральдың, дала этикасының тасымалдаушысы. Оның ұлына шығарған үкімі эмоциялық реакция емес, ар заңын қалпына келтіру әрекеті. Әкенің: «менің өшпенділігім — пендешілік, сенікі — сатқындық» деуі — моральдық деңгейлерді нақты ажырату. Бұл жерде жеке сезім кешірілуі мүмкін, ұлттық сатқындық кешірілмейді деген қағида бекітіледі. «Дала заңы — баба заңы» формуласы арқылы поэмада «ар» құқықтан жоғары, жазылған заңнан бұрынғы, экзистенциалдық-этикалық абсолют ретінде танылады.
Поэмадағы барлық желілерді біріктіретін өзек — «ар» ұғымы. Ол моральдық норма ғана емес, адамның болмысын анықтайтын іргелі категория. Бұл тұрғыда Махамбет — арға адалдықтың символы, Ықылас — ардан айырылудың көрінісі, ал әке — ар заңын сақтаушы. Осы үштік құрылым арқылы шығармада «ар» таңдау, жауапкершілік және болмыс категорияларымен тұтастықта қарастырылады. Жалпы «Нарынқұм зауалы» поэмасы «ар» ұғымын тарихи оқиға шеңберінен шығарып, экзистенциалдық-философиялық деңгейге көтереді. Демек, бұл поэма — ұлттық этика мен экзистенциалдық философия тоғысқан іргелі көркем ой жүйесі.
Намыс — ардың динамикалық көрінісі. Ақынның «Еркектер жырында» ата қыранның:
«Ерлік даңқы қанат жайған мына ұлы заманда
Мүсіркеу сөз естуден өлім жеңіл маған да», - деп құздан құлап өлуі бұл ойымызды айғақтайды. Егер ар ішкі өлшем болса, онда намыс сол өлшемнің әрекетке айналуы. Намыс қарсылық тудырады, әділетсіздікке төзбеуге итермелейді, ішкі принципті сыртқы қадамға жеткізеді. Сондықтан Шаханов поэзиясында намыс эмоция емес, экзистенциалдық ұстаным.
Адалдық ардың өзгермейтіндігін, уақытқа төзімділігін білдіреді. «Шың басындағы оқиға» өлеңіндегі жігіттің сертке беріктігі, адалдығы, ерлігі; қыздың қорқақтық, әлсіздік істеп серттен таюы және қыз ағасы мен әкесінің намысқа күйіп ар алдында азаптануы жеке – жеке сипат ретінде емес, болмыстық таңдау жағдайында ашылатын құндылықтар жүйесі ретінде көрінеді. Шығармада сертке адалдық — ардың көрінісі болса, одан тайу — рухани әлсіздік ретінде бағаланады. Ал намыс — осы құндылықтардың шектік өлшемін белгілейтін категория ретінде көрінеді. Шығарма ерлік, опасыздық, әлсіздік, намыс, адалдықтың нақты мысалы. Бірақ одан да маңыздысы бұл — ардың сыналатын сәті.
Мінез бен тектілік ар, намыс және адалдық сияқты қасиеттердің жинақталған формасы, адамның тұрақты рухани типі. Ақын поэзиясында құндылықтар абстракт күйде қалмайды, олар мінезге айналады. Шахановтың «Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ» өлеңінде ар, намыс ұғымы сәл басқашалау айтылады. Тұлпардағы шодыр мінез бен жуас ат таңдауы барысында, әрине, соңғы нәтиже артықшылық көзделеді. Өйткені тұлпар да намыс бар, тек бар, мінез бар, ол мақсатына жете біледі. Еркектің әйелге, әйелдің еркекке ұқсауы адамды өз тәбиғи қасиетінен айырады. Адамды ұсақ мінезіне қарап бағалау — қателік, өйткені кейбір “ыңғайсыз” қасиеттердің түбінде намыс, еркіндік және тектілік жатады. Нағыз тұлға — өз болмысынан айрылмайтын, ішкі еркіндігін сақтайтын адам. Ер мен әйелдің бақытты үйлесімі — бірін-бірі өзгертуге тырысуда емес, әрқайсысының табиғи қасиеті мен рухани дербестігін құрметтеуде. Еркіндік жоғалған жерде — тұлғалық та, бақыт та мәнін жоғалтады. Бұл тұрғыда адам — идея емес, мінез арқылы көрінетін болмыс. Шаханов кейіпкерлерінде кейде «қаталдық», «шодырлық» сияқты қасиеттердің болуы кемшілік емес, ішкі еркіндік пен намыстың белгісі ретінде түсіндіріледі.
Өршілдік – жоғарыға ұмтылу, шектен асу және рухани қозғалыс. Бұл — ардың статикалық емес екенін көрсетеді. Өршілдік арқылы адам өз деңгейін кеңейтеді, болмыстық мүмкіндігін арттырады. Шахановтың «Эверестке шығу» өлеңінде:
«Құдай саған еркек деген атберді,
Дәулет берді,
Атақ берді,
Бақ берді.
Шараң қанша енді соның бәрімен,
Қоштасатын шақ келді...» – деп, Аррияның Транзейді жанып оның еркектік намысын қорғап қалу үшін, ішкі ерлігін алып шығуы керемет өршілдік еді. Сонымен бірге, өлеңде махаббатқа адалдық, сертке беріктік, асқақтық тұр. Сондықтан өршілдікті, асқақтықты амбиция емес, рухани динамика деу керек.
Біз Шаханов поэзиясындағы ішкі құндылықтар жүйесіне ішінара тоқталдық. Солайда ақын поэзиясындағы бұл құндылықтар кездейсоқ ұғымдар жиынтығы емес, бір орталыққа бағынған тұтас құрылым екендігін, сонымен бірге, құндылықтың мінезге, мінездің болмысқа айналатындығын аңғарамыз. Осы тұрғыдан алғанда, Мұхтар Шаханов поэзиясындағы «ар» — жалаң мораль емес, адамды, қоғамды және тарихты байланыстыратын әмбебап рухани код. Ақын поэзиясында қалыптасқан бұл ішкі құндылықтар жүйесі келесі деңгейде сыртқы қоғамдық позицияға айналады. Яғни ішкі «ар» — азаматтық үннің негізіне айналып, қоғаммен қатынаста жаңа сипатқа ие болады.
- АЗАМАТТЫҚ ПОЭЗИЯ: ҚОҒАМ ЖӘНЕ АҚЫН
- ҚОҒАМ ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ: АЗАМАТТЫҚ САНАНЫҢ КӨРКЕМ МОДЕЛІ
Мұхтар Шаханов поэзиясындағы азаматтық кезең кенеттен пайда болған құбылыс емес. Ол ақын шығармашылығында ерте қалыптасқан ішкі құндылықтар жүйесінің (ар, намыс, адалдық, т.б.) біртіндеп қоғамдық кеңістікке шығуының заңды нәтижесі болып табылады. Бұл үдерісте шешуші тарихи факторлар — Арал – Балқаш мәселесі, Желтоқсан оқиғасы. Осы кезеңнен кейін ақын поэзиясы жеке мораль мәселелерінен қоғамдық сана мен ұлттық тағдыр мәселелеріне қарай бет бұрады. Демек, Шаханов поэзиясында ішкі «ар» философиясы ашыққа шығып азаматтық позицияға айналады.
Азаматтық кезеңде ақын поэзиясының тақырыптық ауқымы кеңейіп, ұлттық сананың түйінді мәселелерін қамтиды.
- Тіл және ұлттық болмыс. Шаханов поэзиясында тіл қатынас құралы емес, ұлттық болмыстың өзегі болып есептелді. «Үш тұғырлы тіл», «Бүкіл болмысымен орыстанғандар», «Космополит Қазақтар» және басқа осы тәрізді өлеңдерінде, тілден алшақтау рухани әлсіреу, ана тіл – ар категориясымен теңестіріледі.
«Рух пен тілден бөлінген халық –
Жеңілген халық – ол анық.
Ғаламдастыру даңқы тез билеп ырқына,
Бұл құндылықтарсыз қазақ ұлты да
Кетеді жерден ұсақтап, азып, жоғалып..». – өлеңдегі негізгі идея, тіл жоғалса — ұлттың ішкі тұтастығы бұзылады, тіл мәселесі — мәдени емес, ұлттың тағдыры мәселесі дегенді білдіреді.
(2) Ұлттық сана және тарихи жады. «Отырар ойраны» сияқты шығармаларда, тарих өткенді баяндау емес, қазіргі сананы қалыптастыру құралы ретінде көрінеді. Ақын бір реткі сатқындықтың өзі бір елді біржолата құртып жібере алатындығы сынды дәйек арқылы, ұлттық сананы қалыптыстырудың маңызын көрсетеді. Тарихты ұмыту — рухани жауапсыздық деген тұжырым жасайды. Ақын тарихи сюжеттер арқылы бүгінгі қоғамға моральдық баға да береді.
(3) Қоғамдық мораль дағдарысы. Ақын поэзиясында қоғамдағы келеңсіз құбылыстар жүйелі түрде сыналады: жемқорлық («Жепутаттар»); жағымпаздық («Бағынпаздықтан өрбіген жағымпаздық»); рухани сатқындық («Намыссыз дарын сатқындары») және құндылықтардың бұзылуы («Жаңа қазақтар»). Мысалы, «Жаңа қазақтар» өлеңінде:
«Сорласа жұрт рухсыздан сорлайды.
Қырандардан биік қойсақ торғайды,
Отанды кім торғайлардан қорғайды?
Рухсыздың, қайырсыздың баюы,
Бәлкім, ертең ұлтымызға зор қайғы», - бүкіл өлеңде байлық пен руханияттың арасындағы қайшылық ұлттық трагедия деңгейінде қойылады. Ал «Намыссыз дарын сатқындары» шығармасында, таланттың арсыздықпен ұштасуы — қоғам үшін ең қауіпті құбылыс ретінде бағаланады. Бұл өлеңдерде ақын құбылысты сипаттамайды, оның моральдық табиғатын ашады.
4) Құндылықтардың бұзылуы және қоғамдық салдар. «Қыран тағдыры» сияқты шығармаларда жеке қасиеттердің сапасы қоғамдық нәтижеге әкелетіні көрсетіледі. Ақынның өлеңдегі «Ақылсыздың қолындағы жомарттық — нәрестенің қолындағы қанжар» деген әйгілі метафорасының өзі біраз нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде құндылықтар өздігінен жеткіліксіз, оларды ақыл мен жауапкершілік реттеуі тиіс деген меңзеу бар. Демек жеке моральдағы кемшілік қоғамдық апатқа айналады.
5) Экологиялық және өркениеттік дағдарыс. Арал, Балқаш мәселелеріне арналған өлеңдерінде, ақын табиғат мәселесін адамгершілік деңгейге көтереді, ақынның көкірегін кеміктейді.
«Кемелер жүздірген шағылтып желенін айға,
Тау толқын төсіңде тербелген ерке күн қайда?» - экологиялық апат тек техникалық емес, рухани дағдарыстың да салдары екенңін аңғартады.
Азаматтық кезеңде Шаханов поэзиясының табиғаты мүлде өзгергендігін байқаймыз. Бұрынғы өлеңдерінде сезімнің нәзік тұстары, эстегикалық келбет және ақынның жеке тәжірибелері басымырақ болып келсе, кейінгі азаматтық поэзияларында оқырманға ой салу, этикалық толғаныстар және қоғамдық сана ашыққа шығады. Осылайша, ақын поэзиясының әсер ететін құралдан сананы қалыптастыратын механизмге айналғандығын байқаймыз. Ендеше, бұдан оқырманның Шаханов поэзиясы әлсіреді ме, әлде күшейді ме? Дейтін сұрауы тууы мүмкін. Бірақ, сырттай қарағанда декларативтілік (мәлімдемелік) күшейіп, публицистикалық интонация зорайған сияқты көрінгенмен, алайда ішкі құрылымда тереңдік артып, философиялық жүйе қалыптасқандығын көреміз. Былайша айтқанда, ақын поэзиясы әлсіреген жоқ, тек оның миссиясы өзгерді деп кесіп айтамыз. Сайып келгенде, Шахановтың азаматтық кезеңдегі поэзиясынан: қоғамдағы «ауруды» анықтайтын диагностикалық, моральдық үкімді бағалаушылық пен оқырманды әрекетке итермелейтін тәрбиелік функциясын анықтаймыз.
- АҚЫН ФЕНОМЕНІ: ЛИРИКАЛЫҚ СУБЪЕКТІДЕН МОРАЛЬДЫҚ ТРИБУНАҒА ДЕЙІН
Мұхтар Шаханов поэзиясындағы ең ірі өткел — тақырып ауысуы емес, авторлық «меннің» сапалық өзгеруі. Ақынның шығармашылық эволюциясы үш негізгі кезең арқылы жүзеге асады.
Бірінші кезең — лирикалық субъект. Бұл кезеңде ақын сезім иесі, ішкі әлемге бағытталған тұлға, махаббат пен адамдық тазалықты жырлаушы. Мысалы, ерте тұстағы лирикалары мен «Танагөз» сияқты поэмаларында, махаббат — сезім ғана емес, бірақ әлі де жеке тәжірибе шеңберінде қалады.
«Бірге жүрдік, бірге ойнадық, таластық,
Таластық та тағы қайта жаарстық,
Балалықта болмайды екен оғаштық,
Біз осылай келер күнге жол аштық.
Немесе,
Өткен күнге қамшы үйіру жоқ менде,
Зұлымдықпен жете алмайсың мұратқа.
Ал, өмірім ұқсайды ерте көктемге,
Көктем бұлтсыз болмайды ғой бірақ та», - сияқты өлең жолдарын оқысақ, ойымыз айқындалады.
Екінші кезең — рефлексиялық субъект. Бұл кезеңде ақын сезінумен шектелмейді, қайталай талдайды, таңдау мәселесін көтереді. Мысалы: «Махаббатты қорғау» поэмасында, махаббат — енді эмоция емес, жауапкершілік пен ерлік категориясына айналады. Осы жерде авторлық «мен» жеке тәжірибеден моральдық рефлексияға (қайта сәуле түсіру) өтеді.
Үшінші кезең — азаматтық субъект. Бұл кезеңде ақын қоғамға баға береді, үкім айтады, өзіне және басқаларға жауапкершілік жүктейді. Мысалы, «Жаңа қазақтар», «Намыссыз дарын сатқындары», «Космополиттік болашақ», «Мәңгүрттендіру <марсельезасы>» сияқты өлеңдерінде, авторлық «мен» жеке тұлға емес, қоғамдық сананың өкілі ретінде сөйлейді.
Демек, біз атап өткен жоғардағы үш кезеңнің бастабында суъект «мен» болып қалыптасып, біртіндеп «бізге» өтеді, онан соң «қоғамдық сана»ға көтеріліп эволюциялық логика қалыптастырады.
Азаматтық кезеңде ақынның рөлі түбегейлі өзгереді. Ол тек көркем мәтін авторы емес, белгілі бір моральдық позицияның тасымалдаушысына айналады. Мәселен, автор «Жаңа Қазақтар»да — әлеуметтік өзгерістерді бақылайтын куәгер болып көрінсе, «Қыран тағдыры»нда — құндылықтардың сапасы мен салдарын талдаушы болады. Ал, автор «Намыссыз дарын сатқындары»нда — рухани сатқындықты айыптайтын бағалаушы болса, «Бағынпаздықтан өрбіген жағымпаздық»та — оқырманды әрекетке шақыратын үндеуші болып келеді. Сүйтіп, ақын моральдық институт деңгейіне көтеріледі.
Ақын позициясының өзгеруі поэтикалық сөйлеу формасын да өзгертеді. Алдымен, Лирикалық интонация риторикалық үнге айналады. Алғашқы нәзік, ішкі, баяу мәнер азаматтық кезеңге келгенде өткір, тікелей, айыптаушы үнге өзгереді. Мұның мысалын «Жаңа қазақтар» өлеңіндегі әлеуметтік сынның күшейген ирония мен сарказмінен көріп аламыз. Онан соң, автордың монологі қоғамдық диалогқа айналады. Поэзия ішкі сыр айту формасынан қоғамдық пікір алаңына ұласады. Мысалы: «Үш тұғырлы тіл» сияқты өлеңдерде ақын қоғаммен тікелей сөйлеседі, пікірталасқа түседі. Және бірі, образ моральдық аргументке айналады. Шаханов өлеңдеріндегі образ тек эстетикалық қызмет атқармайды, белгілі бір ойды дәлелдеу құралына айналады. Мысалы, «Қыран тағдыры» шығармасындағы: «Ақылсыздың қолындағы жомарттық — нәрестенің қолындағы қанжар» деген метафора көркем бейне ғана емес, құндылықтар теориясының формуласы.
Азаматтық кезеңде оқырманның рөлі де өзгереді. Бұрын оқырман қабылдаушы, эмоцияны сезінуші болса, ендігі кезекте қатысушы және жауапкершілік иесіне айналады. Оқырман келіседі немесе қарсы шығады, моральдық шешім қабылдайды. Мысалы, «Жаңа қазақтар» немесе «Бағынпаздықтан өрбіген жағымпаздық» өлеңдері: оқырманды бейтарап қалдырмайды немесе оқырман Шаханов поэзиясымен диалогқа түседі.
Жалпы Шаханов поэзиясындағы ақын бейнесі: махаббат, адамдық тазалыққа ұмтылған романтикалық идеалист; қоғамды талдап, баға беретін реалистік сыншы; позициясы айқын азаматтық қайраткер және ар философиясын ұстанған экзистенциалдық ойшыл сынды бірнеше қабаттан тұрады. Бұл қабаттар ақынның моральдық моделін қалыптастырады. Мұхтар Шаханов поэзиясындағы азаматтық кезең мазмұн кеңеюі ғана емес, поэтикалық жүйенің сапалық қайта құрылуы. Шаханов поэзиясы — көркем мәтін ғана емес, ұлттық ар мен жауапкершіліктің поэтикалық формасы.
- «МҰХТАРЛЫҚ ФОРМА»: ПОЭТИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
6.1 Құрылымның құбылмалылығы: динамикалық поэтикалық синтаксис
Мұхтар Шаханов поэзиясының құрылымына талдау жасау үшін, алдымен оның өлеңдерінің формалық табиғатын дәстүрлі және «мұхтарлық» деп екіге айырып алғанымыз дұрыс. Мұхаңның өлеңдері толыса бастағаннан формалық өзгерістерге ұшырайды. Атап айтқанда, өлеңдерінің толысқан тұсы тұрақты классикалық өлшемдерге басыбүтін бағына бермейді. Оның өлең құрылымында айқын байқалатын басты белгі — құбылмалы ырғақтық-синтаксистік жүйе. Бұл құбылмалылық: буын мен бунақ санының тұрақсыздығы, тармақ ұзындығының өзгеріп отыруы және ой ағымына қарай жолдың «созылып» немесе «қысқарып» кетуі сияқты бірнеше деңгейде көрінеді. Мұнда форма алдын ала берілген схема емес, ой мен эмоцияның қозғалысына тәуелді тірі жүйе ретінде қызмет етеді. Яғни, өлең құрылымы мағынаның өзімен бірге «тыныс алады» немесе сезімнің ыңғайына қарай толқып отырады.
Мұхтар Шаханов поэзиясының формасы құбылмалы силлабика (буындық) және риторикалық құрылым (әрлеу құрылымы). Оның поэзиясының ең аз зерттелген, бірақ ең маңызды қырларының бірі — оның өлең формасы. Ақын шығармаларында сыртқы тұрғыдан қарағанда өлшем тұрақсыз, тармақтар ұзынды-қысқалы, буын саны құбылмалы болып көрінеді. Алайда тереңірек үңілгенде бұл құбылыс кездейсоқ емес, керісінше ішкі заңдылыққа бағынған күрделі поэтикалық жүйе екені аңғарылады. Ақынның өлеңдері форманың күрделі түріне айналып кеткен сияқты сезілгенмен, оқу барысында ырғақтық кедергіге жолықпайды. Зерттеуші Айгүл Үсенованың: «Мұхтар шығармалары қазақ поэзиясындағы ерекше құбылыстың бірі. Ол халықты өлең тыңдауға, өлең оқуға үйретті. Ол өлеңді оқырманның жеке кітапханаларынан үлкен залдарға алып келді. Бұл поэзия құдіреті. Оның өлеңдері адамды ой-санасы, білім мен білік дәрежелеріне, жас ерекшелігіне бөлмейтін нағыз адамзаттық поэзия» («Қазіргі қазақ өлеңінің құрлысы: дәстүр және даму үрдістері», 73- бет, Алматы «Білім» 2010) дегені бар еді, бізше де дәл баға. Мұхтар Шаханов поэзиясының тұтас құрылымына тоқталсақ, Қазақ өлеңдерінің біраз иіріміне барар едік. Бірақ біз мақаламыздың көлеміне қарай, оның өлеңдерінің бірнеше негізгі тұстарына ғана аялдаймыз.
Біз негізгі мазмұнға өту үшін алдымен Мұхаңның өлеңдерінен бірнеше мысалдар келтіріп алғанымыз дұрыс болар?
- мысал):
Қартаю ылғи //ортаю емес, //ортайған жанның //– соры көп, (18) а
Қартайған сайын //қанатын қомдап,// мазмұндана түсті //Тоныкөк. (19) а
Қанша рет жаудан //мекенін қорғай, //өліммен келген //бетпе-бет, (18) ә
Мазмұнды шақта //тәуелді болмай //қалуға қанша //от керек? (18) ә
Осындай қарттық //салтанат құрғай, //бұл неткен өрлік, //жаным-ау, (18) б
Әділдік үшін //қағанның өзін //қаған екен деп //танымау. (18) б
(«Тоныкөк бабаның көрегендігі»).
(2. мысал):
Біз екеуміз //жолықтық, (7) а
Бірақ тым кеш //жолықтық, (7) а
Достасудан //от тұтап, //қоштасуға //қорықтық. (14) а
Маған құйды //жарығын //сенің көңіл-//терезең, (14) ә
Арқамызда //құзар шың, (7) б
Алдымызда //өр өзен. (7) ә
Өр өзеннен өтуге //кім береді //қайықты, (14) д
Кім бар бізді //түсінер, //қане, кім бар //байыпты? (14) д
Ал қайықшы //қиқар шал //Жалынғанмен //не бітті? (14) е
Қайығына //қабаған //итін байлап //кетіпті... (14) е
Япырай, біз //соншама //дәрменсіз боп //тудық па? (14) ф
Бойымызда //жоқ екен //итті алдайтын //қулық та. (14) ф
(3. мысал):
Көз жасымды //көрсетпеуге //тырыстым мен //саған бірақ, (16) а
Сен деп шыққан //сенімімнің //биігінен //барам құлап. (16) а
(4. мысал):
Ар алдында, //адал, ақпыз //десек те (11) а
Сан сұрақтар //алар кейде //жағадан. (11) ә
Мүмкін, бізді //таңар шулап //өсекке, (11) а
Мүмкін, бізді //түсінбейді //көп адам. (11) ә
Алуан ұғым //алуан жаққа //тартады, (11) д
Сан көңілдің //тұйығына //малтыдым. (11) е
Ғашық болып //көрмегендер //бар тағы, (11) д
Олар бізді //қайдан ұқсын, //алтыным. (11) е
(5. мысал):
Замана тұр //бөркін алып //ойланып, (11) а
Сол түнгі ойлар //кетті бізді //қайда алып? (11) а
...Сол түні біз //сенің туған //сіңліңнің (11) б
Он сегізге //толған күнін //тойладық. (11) а
Мен қуана //тост көтердім //қызға арнап: (11) ә
Ал сапарың //сәтті болсын, //қызғалдақ. (11) ә
Өмір мынау:// (4) в
Қатар тосқан //жеңілі мен //ауырын, (11) д
Қайғысы мен //сауығын, (7) д
Шуағы мен //дауылын. (7) д
Бүгін, міне, //сенің туған //күніңде (11) е
Қандай тілек //айтсам екен, //бауырым? (11) д
Саған байлық //тілер ем мен, //бірақ ол бір //әңгүдік, (15) ф
Есігіңнен //кіргенімен //паң күліп, (11) ф
Жүргенімен //шеру тартып, //сән құрып, (11) ф
Саған жолдас //бола алмайды ол //мәңгілік. (11) ф
Бәлкім, ерлік //тілер ем мен //тамыр алған //төзімнен, (15) г
Ерлік сезім //бірақ сенің //табылады //өзіңнен, (15) г
Онсыз адам //жүре ала ма //соқпақтар мен //жолсызда, (15) п
Ал сұлулық //тілер едім, //сұлусың сен //онсыз да. (15) п
(«Махаббатты қорғау»)
(6. мысал):
Төменде таудың //өзені жатты //гүрілдеп, (13) а
Жапырақ біткен //дірілдеп, (8) а
Ай тұрды //жүзі күлімдеп, (8) а
Менің де жаным //нұрланып, (8) ә
Жартасты жарып //шыққан бір қызыл //гүлді алып, (13) ә
Өзіңе, айнам, //ұсына берген //кезімде (13) б
Үрей сап шаттық //сезімге, (8) б
Биікте таудан //тас құлап (8) д
Азан да қазан //бар маңай, (8) е
Өзіңе деген //сол гүлді (8) с
Бере алмай //қалдым //арман-ай. (8) е
(«Танагөз»)
Шаханов поэзиясындағы ырғақ сыртқы пішіндік (метрлік) қатаңдыққа емес, ішкі интонациялық толқынға негізделеді. Бұл — сөйлеу тілінің табиғи ырғағына жақын модель. Айталық, 5. Мысалда: 11, 7, 15 буындық тармақтар бар. Тіпті,15 буынды тармақты бөліп, 11 және 4 буынды тармақ жасайды. Осылайша бунақтарға орналастырғанда: 4+3, 4+4+3 және 4+4+4+3 өрнектерін қалыптастырады. Сонымен бірге, 11, 7, 15 және 4 буынды тармақтар кейде аралас, кейде ұқсас бунақты тармақтар тізбегімен де келе береді. Бұлай болуының себебін ақын сезімі және өлеңде бейнеленетін мазмұнның ыңғайы белгілегенін аңғару қиын емес. Бұдан ішкі ритмнің басым болуы, сөйлеу интонациясының өлең құрылымына енуі және пауза мен екпіннің мағыналық қызмет атқаруы сынды ерекшелікті де байқаймыз. Осы арқылы өлең тек оқылатын мәтін емес, айтылатын, естілетін, эмоционалдық әсер беретін сөз ағымы ретінде қалыптасады. Бұл поэтикада ырғақ математикалық өлшем емес, психологиялық күйдің көрінісі болып табылады.
Шаханов поэзиясында ұйқас ешқашан толық жойылмайды. Бұл оны таза еркін өлеңнен (верлибрден) ажыратады. Ұйқас риторикалық қайталау арқылы жасалған дыбыстық үндестік. Ол тек дыбыстық әуез үшін емес, ойды шегелеу, логикалық екпін қою қызметін атқарады. Шаханов поэзиясындағы ұйқас жүйесі дәстүрлі қатаң схемаларға бағынбайды, бірақ толық еркіндікке де кетпейді. Ол аралық, гибридтік (будандық) модель ретінде қалыптасады. Оның өлеңдерінде ұйқас бар, бар болғанда кейде арт – артынан қабаттасып, құйылып кетіп отырады, бірақ ол тұрақты формада емес. Өлеңдеріне ден қойсақ: қара өлең ұйқасы, егіз ұйқас, шалыс ұйқас, шұбыртпалы ұйқас т.б. лардың бәрін таба аламыз. Айталық, 6. Мысалда: алдыңғы үш тармақ шұбыртпалы; одан кейінгі төрт тармақ егіз және кейінгі төрт тармақ шалыс ұйқас жасап тұр. Ал, 4. Мысал кезекті ұйқаспен аяқталса, 5. Мысалдың алдыңғы төрт жолы қара өлең ұйқасы (ақсақ ұйқас) жасап тұр. Десе де, қосарланған және қабаттасқан ұйқастар өлең тармақтарының буын, бунақтарының артып, кемуіне қарамай әдемі жымдасып отырған. Ақынның өлеңдерінде кейде ішкі ұйқас (аллитерация, ассонанс) негізгі рөл атқарып отырады. Осылайша өлең құрылымында «ұйқас үзілмейді», бірақ ол көрінетін деңгейден гөрі ішкі музыкалық жүйеге айналады.
Мұхтар Шаханов поэзиясының формасы — бірнеше поэтикалық дәстүрдің синтезінен туған күрделі жүйе. Оның өлеңдерінде екі тармақтық, төрт тармақтық және одан да көп тармақтық шумақтар кезігеді, тіпті, оның өлеңдерінің шұбыртпалы шумақсыз құрылымы бүкіл поэзиясында басымдық ұстайды. Оның құрылымынан: қара өлеңдік дәстүр — қарапайымдылық, ырғақтық нақтылық, жыраулық поэзия — шешендік, риторикалық қуат, публицистикалық пафос және еркін құрылым (верлибрге жақын элементтер) — ой ағымының еркіндігі сияқты қабаттарды көруге болады. Біздің бұл ойымызды жоғардағы мысалдардың қай-қайсысы да дәлел бола алады. Онда дәстүрлік орнықты, әр тармақ бір келкі бунақтар арқылы үндескен, ұйқасы өз орнында болып келетін шумақтар; шешендікпен төгіліп ала жөнелетін жыраулық стилдер және дәстүрді кеңіткісі келетін бунақтық, тармақтық еркіндік қатарлылар айқын көрінеді. Бұл синтез нәтижесінде Шаханов поэзиясында «таза бір форма» емес, көпқабатты поэтикалық жүйе пайда болады. Осы себепті оның поэзиясы бір ғана дәстүрге симайды, ол дәстүрді сақтай отырып, оны қайта құрастырады.
Шаханов поэзиясының формасын классикалық жанрлық категорияларға толық сиғызу қиын. Себебі оның өлең құрылымы тек метрикалық жүйе емес, мағына мен ырғақтың бірлігінен тұратын динамикалық (қозғалмалы) модель. Осы негізде Мұхтарлық үлгіні шартты түрде: Ритмикалық-семантикалық (ырғақ пен мағынаның өзара тоғысуы) еркін өлең түрінде анықтауға болады. Бұл модельде, ырғақ мағынаға бағынады, форма ойдың қозғалысымен өзгереді, ұйқас ішкі музыкалық жүйе ретінде қызмет етеді және құрылым сөйлеу интонациясына негізделеді. Өлеңнің буын, бунақ саны да, екпіні мен паузасы да мазмұнмен үйлесім тауып отырады. Яғни, Шаханов поэзиясында форма алдын ала берілмейді, ол мазмұнмен бірге туатын тірі процесс. Бұған 5. мысалды келтіруге болады. Өлең жәй қозғалыспен де, ырғақтық – интонациялық қозғалыспен де өрбиді, бірақ ойды анықтауды мақсат етеді. Осылайша тармақтардың буын саны сезім толқынымен кейде кеміп, кейде мүлде артып кетіп отырады. Кейде оның поэзиясы жыраулық дәстүрдің заманауи жалғасы сияқты да көрінеді.
Мұхтар Шаханов поэзиясында форма дербес эстетикалық категория ретінде емес, мазмұнды жеткізудің динамикалық құралы ретінде қызмет ететіндігін айттық. Яғни, өлеңнің ырғақтық құрылымы ақынның эмоциялық күйіне, ой ағымына, риторикалық екпініне тәуелді өзгеріп отырады. Бұл тұрғыдан алғанда, Шаханов поэзиясында тұрақты метрикалық (сыртқы құрылымдық) схема жоқ, бірақ толық еркіндік те жоқ, керісінше ішкі реттелген құбылмалы жүйе бар.
Қазақ поэзиясының дәстүрлі негізі — буын санына құрылған силлабикалық жүйе. Шаханов бұл дәстүрден бас тартпайды, бірақ оны классикалық шеңберде ұстап қалмай, кеңейтеді және икемдейді. Ақын өлеңдерінде қатар кездесетін негізгі буын өлшемдері: 7, 8, 10, 11, 13, 14, 15 және 18 буынды тармақтар. Кейде интонациылық өзгерістерге қарай, тіпті 4 және 19 буындық тармақтар да кездесіп қалады. Бұл құбылыс Шаханов өлеңдерінің құрлысында кездейсоқтық саналмайды, оны полиметриялық силлабика (көп өлшемді буын жүйесі) деп атауға болады. Шаханов поэзиясының ерекше белгісі — ырғақтың кенет өзгеруі. Өлең белгілі бір өлшеммен басталып, ой немесе сезім шегіне жеткен тұста тармақ құрылымы күрт өзгереді, буын саны артады немесе қысқарады, бунақтар бұзылады немесе қайта құрылады және паузалар күшейеді. Сыртай қарағанда бұл поэтикалық «ақау» сияқты көрінгенмен, керісінше эмоциялық шиеленістің формалық көрінісі.
Формалық құбылмалылыққа қарамастан, Шаханов өлеңдері оқуға жеңіл. Бұл бірнеше факторға байланысты, алдымен, сөйлеу тіліне жақын синтаксистік жүйе, енді бірі, логикалық екпін айқын сақталады және өлеңнің ішкі ритмі табиғи.
Шаханов поэзиясының формасын бір ғана терминмен анықтау қиын. Сондықтан оны: құрылымдық тұрғыдан құбылмалы силлабикалық поэзия, өлшемдік жақтан полиметриялық жүйе, функциялық тұрғыдан риторикалық поэзия және тарихи тұрғыдан дәстүр мен еркін форманың синтезі ретінде көпқабатты түрде сипаттаған орынды.
Жинақтай айтсақ, Мұхтар Шаханов Қазақ поэзиясында дәстүрлі силлабикалық өлең мен еркін өлеңнің арасындағы жаңа, үшінші форманы қалыптастырды. Бұл форма тұрақты өлшемге тәуелді емес, бірақ толық еркіндікке де жіберілмейді, қайта, мазмұн мен эмоцияға бейімделген динамикалық жүйе ретінде жұмыс істейді. «Мұхтарлық форма» — Қазақ поэзиясындағы дәстүрлі өлшемдер мен еркін поэтиканың тоғысқан ерекше үлгісі. Оның басты жаңалығы қатаң метриканы бұзу емес, керісінше, мағынаны ырғаққа айналдыру. Сондықтан Шаханов поэзиясының формасы техника емес, ойлау тәсілі, құрылым емес, рухани қозғалыс моделі деп сипатталады.
Жалпылай айтқанда, Мұхтар Шаханов поэзиясы — бір ғана тақырыптың немесе бір ғана кезеңнің аясында қалып қоймайтын, уақыт өте келе күрделіленіп, тереңдеп отырған тұтас көркем-философиялық жүйе. Оның шығармашылық эволюциясы айқын үш ірі деңгей арқылы көрінеді: лирикалық бастау, философиялық тереңдеу және азаматтық-экзистенциалдық биіктеу. Ерте кезеңде ақын поэзиясы нәзік сезімге, махаббатқа, жастықтың мөлдір әлеміне құрылған лирикалық кеңістік ретінде танылады. Бұл тұста поэзияның өзегі — жеке адамның ішкі толғанысы, табиғатпен үндестігі және махаббаттың идеалданған формасы болды. Ал, сезім — басты өлшем, көркемдік кеңістік — ішкі эмоционалдық әлем еді. Кейінгі кезеңде бұл лирикалық жүйе біртіндеп күрделене түседі. Махаббат ұғымы тек сезім деңгейінде қалмай, моральдық таңдау, жауапкершілік және адамдық өлшем категорияларымен астасады. Бұл кезеңде поэзия жеке сезім шеңберінен шығып, этикалық-философиялық мазмұнға ие болады. «Танагөз» секілді шығармалар арқылы махаббаттың тек романтикалық құбылыс емес, рухани шешім мен өмірлік таңдауға байланысты күрделі феномен екені айқындалады. Ал үшінші, кемелденген кезеңде Шаханов поэзиясы толықтай азаматтық және болмыстық (экзистенциалдық) сипат алады. Мұнда ақын тек сезімді суреттеуші емес, қоғамның моральдық санасын талдаушы, тарихи жадыны жаңғыртушы, ұлттық рухтың жауапкершілігін көтеруші тұлғаға айналады. Тіл, тарих, әділет, сатқындық, ар мәселелері поэзияның негізгі мазмұны ретінде алға шығады.
Осылайша, Шаханов поэзиясының ішкі эволюциясы сезімнен моральға, моральдан ұлттық санаға көтеріліп біртұтас логикаға бағынады. Оның шығармашылығын біріктіріп тұрған негізгі өзек те осы үш ұғымнан: адам болмысының бастапқы энергиясы махаббаттан, моральдық өлшем мен ішкі бақылау жүйесі есептелетін ардан және жеке адам мен қоғам арасындағы рухани міндет есепті жауапкершіліктен тұрады. Бұл сатылар оның жеке өмірімен, әлеуметтік дамуымен тікелей қатысты. Ақын жаңалығының ең басты қыры — поэзияны тек эстетикалық құбылыс ретінде емес, рухани-этикалық жүйе ретінде қарастыруында. Ол поэзияны сезімнің көрінісінен жоғары көтеріп, моральдық ойлау құралына, ал одан әрі ұлттық сана мен тарихи жауапкершілікті оятатын қоғамдық феноменге айналдырады. Сондықтан Мұхтар Шаханов поэзиясы — жеке авторлық стиль ғана емес, Қазақ поэтикалық ойлау жүйесіндегі трансформациялық құбылыс. Ол поэзияның мүмкіндігін кеңейтіп, оны тек көркем сөз деңгейінен рухани-этикалық және қоғамдық-философиялық деңгейге дейін көтерген тұтас шығармашылық модель ретінде бағаланады.
Авторлық ескертулер: бұл мақала әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың поэзиясы туралы алғашқы ізденістер. Еңбек телегей теңіз ақынның тұтас поэзиясының айнасы деуден аулақпыз, тек белгілі беттері ғана. Мақала ұзақ жылдық өз ойымыздың жүлгесі арқылы қалыптасты. Мақаладағы өлеңдер Шахановтың өз туындылары.
Мырзағали Тоқтаубайұлы,
ақын, әдебиеттанушы
2026 жылдың 20 жұлдызы, Талғар