Алматыда грек-рим күресінен Қазақстан кубогы аяқталды
Ел чемпионаты биыл айрықша мәнге ие болды. Өйткені осы жарыстың нәтижесіне қарай ұлттық құраманың алдағы халықаралық бәсекелерге қатысатын негізгі тізімі айқындалады.
Аталған ел біріншілігінде ұлттық құраманың негізгі балуандарымен қатар Қазақстанның түкпір-түкпірінен үздіктер жиналған болатын. Дегенмен сәуір айында өткен Азия чемпионатында жүлдегер атанған және жарақатына байланысты кейбір балуандар бұл бәсекеге қатыспады. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы айтты.
"Жарысқа негізгі құрамдағы балуандардың барлығы дерлік қатысты. Әлем чемпионы және Олимпиада жүлдегері де белдесті. Тек 67 келіге дейінгі салмақта Мейіржан Шермаханбет жарақатына байланысты күреспеді. Сонымен қатар биыл өткен Азия чемпионатының жеңімпазы Алматбек Аманбек (72 келіге дейін) жарыстан босатылды", - деді бас бапкер.
Айта кетерлігі, кейбір балуандар бұл бәсекеде өз салмақтарында күрескен жоқ. Солардың қатарында қола жүлдеге ие болған Ислам Евлоев бар. Отандасымыз ішкі біріншілікте 87 келіге дейінгі салмақта күресті.
Сондай-ақ биылғы Қазақстан кубогында Әлішер Ерғали грек-рим күресінен сынға түсті. Отандасымыз бұған дейін еркін күрестен екі мәрте Олимпиада ойындарына қатысып, Азия чемпионатында төрт рет жүлдегер атанған болатын. Ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы балуанның толықтай грек-рим күресіне ауысқанын айтты.
"Исламның негізгі салмағы - 87 келі. Дегенмен бұған дейінгі халықаралық жарыстарда 97 келіге дейінгі салмақта күресіп жүрген. Бірақ Қазақстан кубогы алдында сырқаттанып, толық бабына келе алмады. Сондықтан 87 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Иә, Әлішер Ерғали грек-рим күресіне ауысты. Қазір ол жігітті Хорватияда өтіп жатқан біріккен оқу-жаттығу жиынына жібердік. Сондай-ақ 130 келіде Олжас Сырлабай, 97 келіде Нұрасыл Аманалы және Юсуф Мациев оқу-жаттығу жиынына аттанды", - деді маман.
Бас бапкер Қазақстан кубогында көзге түскен балуандарды да атап өтті.
"72 келіде негізгі көшбасшы белдескен жоқ. Ал Мәди Данелов бұған дейін U23 санатындағы Қазақстан чемпионатында жеңіліп қалған еді. Биыл бабында келіп, чемпион атанды.
Алдағы халықаралық жарыстарда Азия чемпионаты мен Қазақстан кубогының жеңімпаздарын апарып, мүмкіндіктерін байқап көреміз. Сондай-ақ 55 келіде Алпамыс Дастанбекті осы салмақтағы көшбасшымен белдестіріп, деңгейін саралаймыз", - деді бапкер.
Сонымен қатар ұлттық құраманың бас бапкері алдағы Азия ойындары мен әлем чемпионатына қатысатын құраманың қалай анықталатынын да айтты.
"Алдағы турнирлерден кейін нақты шешім қабылдаймыз. Қазір 15-30 мамыр аралығында Шымкентте оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Одан кейін 6-16 маусым күндері қалпына келтіру жиыны ұйымдастырылады. Шілде айында Түркия құрамасымен бірлескен жаттығу өткіземіз. Кейін Венгрияның Будапешт қаласында өтетін төртінші рейтингтік турнирге қатысамыз. Сол жарыстың нәтижесіне қарай Азия ойындарына баратын спортшыларды анықтаймыз. Ал Дортмундтағы турнирден кейін әлем чемпионатына қатысатын құрам жасақталады", - деді Қонысбек Кәрімұлы.
Abai.kz