Дүйсенбі, 25 Мамыр 2026
Өзекті 131 0 пікір 25 Мамыр, 2026 сағат 12:51

Мыңдаған кітапты қазақ тіліне аударуымыз керек!

Сурет: Видео скрині.

Еліміз мыңдаған кітапты қазақ тіліне аударуы керек. Себебі, кеңес дәуірінде бұл істен оқшауланып, әлемдік ақыл-ойдың көздерінен ажырап қалдық. Мәселе жайында Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы, Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов «24KZ» арнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

«Тап қазір, бүгінгі күні бізге басқа тілден кітап аудару бірінші орында тұр. Себебі біз кеңес дәуірінде оқшауланып қалдық. Қазақ тіліне аударылған кітап өте аз. 100, 200 кітап дейді. Ал біз мыңдаған кітап аударуымыз керек. Өйткені әлемдік ақыл-ойдың көздерінен ажыратты кезінде жүйе. Өзіміздің тілімізден ажыратты. Осы екі олқылықтың орны әлі де толтыруды қажет етеді», - деді спикер.

Әлихан Байменов аудармашыларға субсидия беру туралы бастама көтерді. Қазақ тіліне тікелей аудару шетелдік шығарманың түпкілікті мағынасын жеткізетініне назар аударды.

«Қазақшаға жаңа мәтін аударған кез-келген адамға мемлекет субсидия беру керек. Сұраныс болса, жалақысы болса, бізде  тіл білетін мамандар көп. Отандық авторлармен қатар, аудармашыларды сол деңгейде қоюымыз керек», - деді ол.

Кітапханашының мәртебесін көтеру керек

Сұхбат қонағы Әлихан Байменов елімізде кітапханашының мәртебесін көтеру мәселесін қозғады. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл маманның дұрыс орта қалыптастыруда маңызы зор.

«Бізде мәртебесін көтеріп, лайықты орын қамтамасыз ететін мамандық - ол кітапханашы. Әсіресе ауылдық жерлерде кітапханашы сол ортаны ұйытатын тұлға болуы керек. Сәйкесінше оның жалақысы да дұрыс болу керек және кітапхана сол ортаны қалыптастыратын жерге айналуы керек. Ол туралы кешегі Президенттің жарлығында да айтылған», - деді спикер.

Балаларды кітап оқуға қалай қызықтырамыз?

Әлихан Байменов ерекше көңіл бөлетін бағыт – ол балалар әдебиеті екеніне тоқталды. Балдырғандардың дүниетанымын қалыптастыруда кітаптың орны зор. Айтуынша, бүгінде елде шығып жатқан кітаптардың 70%-ы оқулық. Отандық өнімдер әлі де аз.

«Қазіргі бала ертегіні мәтін түрінде ғана емес, суреттермен, комикс түрінде оқиды. Ұлытауда өткен ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында мен қазақтың тарихи кейіпкерлерін пайдаланатын комикстерге халықаралық бәйге жариялау туралы ұсыныс жасадым. Комикске, мангаға, басқа да анимациялық өнімдерге. Сонда ол әлемге тарайды және өзіміздің балалар бойына сіңіріп өседі», - деді Әлихан Байменов.

Сонымен қатар, Мемлекет және қоғам қайраткері заман ағымы мен технологиялық прогресті өз мүддемізге пайдалана білуіміз керектігіне назар аударды. Баланың бойында білімге, адамгершілікке ұмтылу, үлкенді сыйлау сияқты дұрыс құндылықтар қалыптастыру маңызды.

«Бағдарлама көрермендеріне қандай 3 кітапты оқуға кеңес бересіз?», - деген сұраққа Әлихан Байменов: «Тұрысбек Сәукетаевтың «Желқайық», Ақберен Елгезектің «Дардай», Абай Аймағамбеттің «Толқынды күткен бала» романдары», - деп жауап берді.

Әдеби подкасттар жоқтың қасы

Бүгінгі кітап көп тараған заманда әр адам өзіне шын мәнінде пайдалысын тауып оқуы маңызды. Әлихан Байменов ол үшін қазақша әдеби шолу жасайтын бағдарлама, подкасттарды көбейтудің қажеттілігін атап өтті.

«Адамдарды жетелеп жол көрсетіп отыратын әдеби бағдар беретін қазақша хабарлар керек. Орыс, ағылшын тілдерінде бұндай бағдарламалар көп. Сол секілді бізде қазақша әдеби шолу және заманауи әдебиетті талдау подкасттары керек. Арналардың бір бағыты осы болу керек. Оқырманды да тәрбиелеу керек. Тек бұрынғы классика емес, қазіргі жазылып жатқан шығармаларды да. Меніңше, осы маңызды бағыт», - деді бағдарлама қонағы.

Бағдарламаның толық нұсқасы:

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3136
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2223