Мемлекет әлсізін қорғауымен бағаланады!
Соңғы күндері ақпарат құралдары жарыса жазған оқиғалардың бірі туралы өз ойыммен бөлісуді жөн көрдім.
Сот залынан ақталып шыққан алпыс жастағы жылқышының көзіндегі жас – жеке адамның ғана қайғысы емес. Ол – мемлекетке, қоғамға қойылған ауыр сұрақ деуге болады. Ата Заңымыздың ең басты бабы – адамның қадір-қасиеті қол сұғылмайды дейді. Бұл сөз қағаз бетінде ғана емес, нақты өмірде әр қазақстандық сезінуі үшін әлі қаншама жұмыс жасалуы қажеттігін көрсетіп отыр.
Отыз үш жыл. Бір адамның тұтас ғұмыры. Бір қожалықтың жылқысын бағып, адал еңбегімен күн көрген азамат бір күнде ұры атанып, сот залынан кісенделіп шығады. Екі ай темір тордың ар жағында отырады. Тіпті алпыс жасын қамауда қарсы алған екен. Кейін сот оның кінәсіз екенін мойындайды. Ал енді сол екі айды кім қайтарады? Қай сот оның төгілген көз жасын қайтара алады? Қай шешім оның немерелерінің алдында тапталған абыройын қалпына келтіреді? Егер адам ақталса, онда мемлекет оның бостандығын ғана емес, ар-намысын, денсаулығын, қоғамдағы беделін де қалпына келтіруге жауапты болуы керек.
Бұл оқиға бізге тағы бір маңызды мәселенің тиегін ағытты. Ауылдағы қаншама жылқышы, шопан, механизатор, малшы өзара келісіммен ондаған жыл бойы еңбек етіп жатыр. Яғни олардың барлығында еңбек шарты бар ма? Әлеуметтік кепілдігі толық па?Зейнетақы жарнасы уақытылы төлене ме? Ертең бір дау туындаса, олардың құқығын қорғайтын қандай құқықтық тетік бар? Бұл сұрақтарға жергілікті жердің жәй статистикасымен емес, шынайы жауап беруіміз керек.
Тағы бір алаңдататын мәселе – инсульт алған, денсаулығы ауыр адамның берген түсініктемесі. Мұндай жағдайда адамның өз әрекетінің мәнін толық түсінгеніне кім кепіл? Осындай санаттағы азаматтарға қатысты заңда қосымша қорғау тетіктері болуы тиіс. Адвокаттың міндетті қатысуы, медициналық қорытындының болуы, тергеу әрекеттерінің ерекше тәртібі – адамның тағдырын қорғайтын маңызды кепілдіктер.
Бұл – бір адамның ғана тағдыры емес, заңның адамға қалай қарайтынын көрсететін өлшем. Әділет – сот үкімімен ғана өлшенбейді, мемлекеттік орган өз қателігін мойындап, оны толық түзете алған кезде ғана салтанат құрады.
Сондықтан заңсыз қылмыстық қудалаудан кейін өтемақы төлеу рәсімін жеңілдету, моральдық зиянды өтеудің нақты өлшемдерін енгізу, егде жастағы және ауыр науқас азаматтарға қатысты бұлтартпау шараларын қайта қарау, ауыл еңбеккерлерінің құқықтық қорғалуын күшейту – бүгінгі күннің талабы.
Бір қарияның көз жасы ұмытылып кетпеуі керек. Егер біз сол көз жастан сабақ алсақ, онда бұл оқиға тек бір адамның қайғысы болып қалмайды. Ол құқық үстемдігін күшейтетін, заңды ізгілендіретін, адам қадірін бәрінен биік қоятын жаңа шешімдердің бастауына айналады.
Өйткені мемлекет өзінің күштілігімен емес, әлсізін қалай қорғай алғанымен бағаланады.
Осы санаттағы істер бойынша азаматтардың хұқықтары мен абыройын қалпына келтіру үшін Германия, Франция, Канада елдерінің тәжірибесі негізінде мемлекеттік деңгейде мына бағыттарда жұмыстар қолға алынған жөн.
«Бір терезе» қағидатын енгізу
ақтау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін өтемақыны автоматты түрде тағайындау
моральдық зиянның ең төменгі кепілдендірілген мөлшерін белгілеу
заңсыз қамауда болған әрбір күн үшін бірыңғай өтемақы коэффициентін енгізу
өтемақыны 30–60 күн ішінде төлеуді міндеттеу
кейін мемлекет кінәлі лауазымды тұлғалардан немесе көрінеу жалған айып таққан адамдардан қаражатты регресс тәртібімен өндіріп алу тетігін нақтылау.
Және елімізде арнайы ақпараттық қолдау желісі жұмыс істесе, қаншама азаматтарға қолдау болары сөзсіз.
Бибігүл Жексенбай
Abai.kz