Иран сыртта қалады: Пәкістан Қазақстанға не ұсынды?
Қазақстандық жүктер Карачи, Касим және Гвадар порттары арқылы өтуі мүмкін. Пәкістан бұл үшін өзінің инфрақұрылымын ұсынуға және еркін экономикалық аймақтардағы бірлескен жобаларды талқылауға дайын.
Бұл ұсынысты Пәкістанның Теңіз істері министрі Мухаммад Джунаид Анвар Чаудхри Қазақстан елшісі Ержан Қыстафинмен кездесуде білдірді.
«Пәкістанның теңіз порттары Қазақстан үшін және бүкіл Орталық Азия өңірі үшін Парсы шығанағы, Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына жол ашатын транзиттік хабтарға айнала алады», — деді министр.
Тараптар қазақстандық жүктерді тасымалдауды жеңілдету және бейінді ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселелерін талқылады. Дегенмен, әлі келісімдер жасалған жоқ.
Қазіргі уақытта Қазақстан негізгі үмітті Иранға артып отыр. Бендер-Аббас портында республика 15 гектар жерді жалға алып, жүк терминалын салуды жоспарлап отыр.
Бұл бағыт елге Парсы шығанағына, ал ол арқылы Үндістанға, Шығыс Африкаға және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне шығуға мүмкіндік беруі тиіс.
Қазақстан билігі бұған дейін Пәкістан бағытын қосалқы нұсқа ретінде атаған болатын. Вице-премьер Серік Жұманғарин бұл бағыт Иран арқылы өтетін бағдар жұмыс істемеген жағдайда іске қосылуы мүмкін екенін айтқан. Ол жағдайда пәкістандық порттарға баратын жолды Ауғанстан арқылы салуға тура келеді.
Abai.kz