Дүйсенбі, 25 Мамыр 2026
Алтын Орда 170 0 пікір 25 Мамыр, 2026 сағат 13:02

Тоқаев тарихтың тағы бір жаңа бетін ашты...

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Астана төрінде «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумінің өтуі – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бұрын-соңды болмаған аса ірі тарихи оқиға болды!

Аталған симпозиумде Қазақстан Республикасының Президденті Қасым-Жомарт Тоқаев қасқайып тұрып: «Біз– мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз!», - деді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзді Өзінің кезекті жиналыстарының  немесе дәстүрлі Жолдауларының бірінде айтқан жоқ.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзді, Өзі айтқандай, Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, әлемдегі ең беделді ұйым – ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханым және ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған әлемдік деңгейдегі делегаттар қатысып отырған халықаралық симпозиумда айтты!

Әрине, «Біз – мемлекет ісінде Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз!»,-деген сөз осыған дейін там-тұмдап айтылып келгені рас.

Бірақ, дәл мынадай арнайы халықаралық симпозиум өткізіп, әлемдік деңгейдегі беделді ұйым басшылары мен ғалымдардың алдында шегелеп тұрып айтылған емес!

Сондай-ақ, «Алтын Орда көшпенділер өмірін, қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасты»,-деген сөзде осы халықаралық симпозиумда ашық айтылып отыр...

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөздерін мен НАҒЫЗ ЕРЛІК деп бағалаймын!

Иә, біз 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдап, Қазақстан Республикасының ТӘУЕЛСІЗДІГІН жариялады.

Сөйтіп, бір ТӘУЕЛСІЗ МЕМЕЛЕКЕТ болдық.

Алла бұйырса, биыл сол Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын мақтанышпен атап өтеміз...

Бір қызығы, бүгін мен Қасым-Жомарт Кемелұлының «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда жасаған баяндамасын, әсіресе, ондағы «Алтын Орда көшпенділер өмірін, қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасты...»,-деген сөзін оқып отырып, «Иә, біз жаңа Конституциямыздың  маңдайына жазылғандай  мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар «Алтын Орда» деген әуелден ТӘУЕЛСІЗ мемлекетпіз, 1991 жылы 16 желтоқсанда біз Тәуелсіздік алған жоқпыз, біз тек сол «Алтын Орда» дәуірінен жалғасқан байырғы ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ қалпына келтірген екенбі-ау...» деген ойға қалдым.

«Әттең, Салық Зиманов бастаған кемеңгер ағаларымыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевты иландырып, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігін ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ туралы» деп қабылдағанда, қандай керемет болар еді...», - деп те ойладым мен.

Бірақ, 1991 жылы сол «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдау қарсаңында мұндай пікірдің болмауы мүмкін емес, болды деп ойлаймын.

Өйткені, бізбен тағдырлас, бірақ Кеңес Одағының шекпенін бізден екі ай бұрын сытылып шыққан әзербайжандар біз құсап «Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылдап, Тәуелсіздік жариялаған жоқ. Олардың тәуелсіздік туралы негізгі құжаты «Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы» Конституциялық акт деп аталады.

Өкінішке орай, сол кездегі Қазақстанда мемлекет құраушы ұлттың тым аздығы – елу пайызға жетпейтіндігі; отарлық сана мен құлдық сананың қазақтың етінен өтіп, сүйегіне жетіп кеткендердің молдығы тәуелсіздікті қалпына келтіруге емес, тәуелсіздік жариялауға мәжбүр етті.

Оның өзі манағы Салық Зиманов бастаған санаулы заңғар тұлғалар мен сана-сезімі тәуелсіз бір шоғыр қауымның арқасында жүзеге асқанын айта кеткен дұрыс шығар.

Қалай десек те, Қазақстан Тәелсіз мемлекетке айналды.

«Ештен кеш жақсы» демекші, отыз бес жыл дегенде Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузымен Қазақстан Республикасының Алтын Орданың тікелей мұрагері екені бүкіл әлемнің алдында ашық айтылды.

Тағы қайталап айтам, бұл – нағыз ерлік!

Сонымен қатар, біз отыз бес жыл бойы өзіміздің  Алтын Орданың тікелей мұрагері екенімізді ашық айта алмай келгеніміздің себін де ашық айтып, мойындай білуіміз керек!

Ең басты себептің бірі – мемлекет құраушы ұлт үлесінің аздығы еді, оны Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жолға қойған Көші-қон саясатының арқасында Атажұртына оралған екі миллионға жуық қандастарымыз бірден толықтырып жіберді;

Екінші себеп, әрине, халықтың, әсіресе, билік тұтқасын ұстағандардың басым бөлігінің отарлық санадан құлантаза айыға алмай келуі;

«Үшінші себеп» деп, біреулер әлемде болып жатқан «геосаяси жағдайыды» алға тартуы мүмкін.

Өз басым оған мүлде сенбеймін!

Билік басындағы «Геосаяси жағдай»,-деп жүргендердің мақсаты белгілі. Ол – жұртты қорқытып, өздеріне тиімді жүйені жан салып қорғап қалу!

Біз отарлық сананы айтып, сонау тоқсан бірінші жылға «өкпелеп» отырмыз.

Бұл енді пендешілік.

Бірақ, сол отарлық сана, жасыратын түгі жоқ, әлі гүлдеп тұр.

Қарапайым халықты былай қойғанда, біздің билік басындағылардың басым бөлігі отарлық, құлдық санамен жүр. Айығатын түрі көрінбейді.

Соның бір дәлелі – «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы Үкімет қабылдаған бірлескен бұйрық!

Дау жоқ, «Пилоттық жоба» – отарлық сананың жемісі!!

Сенбесеңіз, қараңыз:

– Орыс тілін білмейтін қазақстандықтардың дені – басқа мемлекеттерден қоныс аударғандар, яғни қандастар. Бұл олардың заманауи қазақстандық қоғамға тез сіңісуіне кедергі келтіреді, бұл ел билігі үшін айтарлықтай проблемалар туғызады...

Бұл - Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкиннің осыдан бір-екі жыл бұрын өз еліндегі «Независимая газетаға» берген сұхбатында айтқан сөзі.

– Біздің мақсатымыз – Қазақстанға заңды сыйлайтын, мәдениетімізді құрметтейтін адамдардың келуі. 2026 жылғы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар, алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама, уәкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесу кіреді...

Бұл – аталған «Пилоттық жобаны» жолға қоярда Үкімет мүшесінің  айтқан сөзі.

Маған осы екі сөз үдесіп жатқандай сезіледі.

Аида Ғалымқызы жыл басында таныстырып, ақпан айының 14-нен бері қатар атқарылып жатқан «Пилоттық жобаның» талабы кешегі отаршыл Кеңес Одағының бүгінгі мұрагері Ресей Федерациясының Алтын Орданың тікелей мұрагері болған Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкиннің жоғарыдағы сөзіне бап келіп тұр!

Шеттен келген этникалық қазақтар, Үкімет мүшесі айтқандай, «Демографиялық көрсеткіш», «Білім беру деңгейі», «Тілді меңгеру деңгейі», «Қазақстан Республикасында оқу және/немесе жұмыс тәжірибесі», «Басқа елдерде оқу және/немесе жұмыс істеу тәжірибесі», «Кәсіби құзыреттіліктердің бейімделу көрсеткіштері», «Қосымша көрсеткіштер мен шарттар»... деген секілді алдын ала қатаң іріктеулерден өтуде!

Ең сорақысы – бұл «Пилоттық жобаның» нормалары Конвенцияға да, Конституцияға да, қолданыстағы Заңдарға да қайшы.

«Пилоттық жоба» қабылданарда, «Үкіметтің қаулылары және Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заң актілеріне, Республика Президентінің жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге тиіс»,-деген Конституцияның талабы мүлде сақталмаған...

Соған қарамастан, аталған жоба қолданысқа еніп, қатаң атқарылуда.

Соның кесірінен, қандастарымыздың құжаттануы қатты қиындап кетті. Тіпті, құжаттана алмай қалды десе де болады.

Сөйтіп, кешегі Алтын Орда мен оның тікелей мұрагері болған бүгінгі Қазақстанды құраушы ұлттың шекара сыртында қалған бөлігі өзінің тарихи Атажұртынан шеттетіліп, сергелдең күйге түсуде!

Бір халықты өзінің туған жерінен зорлықпен бездіру, бір ұлтты екі елде екіге бөліп басқару – отаршылдарға тән мінез.

Әрине, бүкіл әлемнің алдында «Біз – мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз!»,-деп отырған Қасым-Жомарт Тоқаев Өзінің қандастарын өз Отанынан шеттетеді дегенге есі дұрыс адам сене ме?!

Бұл – Президенттің аналасы мен Үкіметте отырған әлі сол ортарлық санамен жүрген, дүниеге отарлық санамен қарайтын байқұстардың жасап отырған тірлігі!

Санасы сау адам бұлай істемейді...

Тәубе, Құдай қазақтың маңдайына «Қасым-Жомарт Тоқаев» деген парасатты ұлды берген екен, сол Қасекең бүгін бүкіл әлемнің алдында Қазақстанның Алтын Орданың тікелей мұрагері екенін қасқайып тұрып айтып, кешегі отаршыл жүйенің мұрагерін есінен тандырды.

Сөйтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев тарихтың тағы бір жаңа бетін ашты...

Дәл осы тарихи сәттен бастап отарлық сананың да күлі көкке ұшты деген сөз!

Енді әділет туын тіккен, рух оянған Елі барда, шеттегі қазақ ешқашан далада қалмайды!

Біз - Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз!

Атаңа нәлет, отарлық сана!!

Сенен де құтылатын күн келді-ау!!!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3137
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2223