Зеленский. «Мен сені сағындым»...
Зеленскийден оның батыры кім екенін – сұрапты. Ал оның жауабы көп нәрсені аңғартады.
Владимир Зеленский бес жылға жуық уақыт бойы соғысып жатқан елді басқару жауапкершілігін арқалап келе жатқан адам.
Reuters агенттігіне берген сұхбатында Украина президенті бұрынғы өмірінен нені көбірек сағынатынын айтып берген екен.
Одан: «Актер болған кезіңізді сағынасыз ба?» деп сұрағанда, Зеленский: «Мен жақсы әке болуды сағындым», - деп жауап береді.
– Балаларыңыз кішкентай кезінде оларға не деп айтатын едіңіз?
– Мен сені жақсы көремін!.
– Ал қазір есейген балаларыңызға не айтар едіңіз?
– Мен сені сағындым...
Соғыс құрсауындағы президенттің жан дүниесіндегі сағыныш пен мұңды білдіретін осы үш ауыз сөздің салмағы тым ауыр. Сан түрлі саяси мәлімдемелердің, шым-шытырық келіссөздердің және әлемдік көшбасшылардың үздіксіз қысымының артында балаларымен бірге уақыт өткізуді аңсайтын қарапайым әке тұр.
Содан кейін әңгіме батырлық туралы сұраққа ұласады.
– Сіз батырсыз ба?
– Жоқ.
– Ал кімді батыр деп санайсыз?
– Менің балаларым, біздің әскеріміз және Украина халқы. Мен өз ұлтымның бір бөлігімін. Менің ойымша, біздің ұлтымыз нағыз батыр.
Ол өзін батыр ретінде көрсетуге мүмкіндік болған еді. Алайда Зеленский отбасы туралы, Украинаны қорғап жүрген сарбаздар мен соғысқа қатысып жатқан адамдар туралы айтады.
Соғыс кезіндегі президент Зеленский туралы айтылып жүрген сан алуан әңгімелердің ішінде бұл сұхбат оның лауазымының ар жағында тұрған адамды жақынырақ тануға мүмкіндік бергендей.
Бәлкім, ең жүрек тебірентер сөздері батылдық немесе көшбасшылық туралы сөздер емес, дәл осы – «Мен сені сағындым» шығар...
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz