Орталық Азия АҚШ назарында!
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 2026 жылы Орталық Азия елдеріне сапар шегетінін мәлімдеді .
Америка сыртқы саясат ведомствосының басшысы бұл мәлімдемесін АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының сыртқы істер жөніндегі комитетіндегі тыңдауда айтты.
«Біз биыл аймақ елдерімен С5+1 форматында кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз, мен де осы кездесуге қатысу үшін Орталық Азияға барамын», – деді Рубио.
Сонымен қатар, ол Президент Дональд Трамп әкімшілігінің Орталық Азия елдерімен сауда қарым-қатынасына шектеу қоятын Джексон–Вэник түзетуін жоюды қолдайтынын атап өтті.
«Бұл шешім барлық тарапқа пайдалы болар еді», – деді Рубио.
1974 жылы енгізілген Джексон–Вэник түзетуі адам құқығын бұзатын елдермен сауда қарым-қатынасын шектеуді көздейді. Қазақстан АҚШ-қа бұл шектеуді алып тастау туралы бірнеше рет ұсыныс жасағанымен, мәселе әлі де шешімін таппай келеді.
Түзету бүгінге дейін алты ТМД мемлекетіне қатысты күшін жойған: Қырғызстан, Грузия (екеуі де 2000 жылы), Армения (2004), Украина (2005), Молдова мен Ресей (екеуі де 2012 жылы).
C5+1 форматы – АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ортақ мәселелерді шешуге арналған платформа. Бұл бастама Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен екіжақты қарым-қатынасты толықтырып, аймақтық деңгейде бірлескен әрекет етуді көздейді.
Abai.kz