Жұма, 12 Маусым 2026
Бүгінгі тарих! 188 0 пікір 12 Маусым, 2026 сағат 12:22

Қайрат қалықтатқан рекордтық ән құдіреті...

Сурет: Shakarim University сайтынан алынды.

Абай облысында қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған мәдени іс-шара өтті. ҚР Мәдениет саласының үздігі, Шәкәрім университетінің "Өнер" кафедрасының оқытушысы, университеттің Құрметті профессоры Қайрат Қабышев этномәдениет бағыты бойынша Азия мен Африканың дүниежүзілік рекордтар кітабына енді.

Сурет: Shakarim University сайтынан алынды.

Рекордты тіркеу қорытындысы бойынша өнер иесіне ресми сертификат пен Күміс медаль табысталды. Қайрат Арқашұлы рекорд орнату барысында қазақтың 102 дәстүрлі әнін 5 сағат 29 минут бойы орындады. Рекорд талаптарына сәйкес әр 25 әннен кейін 15 минуттық үзіліс жасау мүмкіндігі қарастырылғанымен, орындаушы бұл құқықты пайдаланған жоқ. Барлық шығармалар нотасыз, мәтінсіз, фонограммасыз және орындаушының өз аспаптық сүйемелдеуімен орындалды.

Сурет: Shakarim University сайтынан алынды.

Іс-шараға халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайберген қатысып, көрсетілген нәтиженің бірегей сипатын атап өтті.

Сурет: Shakarim University сайтынан алынды.

Өз кезегінде Қайрат Қабышев бұл нәтижеге ұлттық әншілік мектеп дәстүрі мен ұстаздар тағылымының негіз болғанын айтты. Сондай-ақ мұндай бастамалар жастар арасында ұлттық өнерді насихаттауға серпін беретінін жеткізді.

Аталған рекорд қазақтың дәстүрлі ән өнерінің халықаралық деңгейде танылуы мен ұлттық мәдениеттің жаһандық кеңістіктегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Таланттың көзін ашқан

Сурет: semeylib.kz сайтынан алынды.

Шаймардан Қалиақпаров, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

– 10 маусым - қазақ халқы үшін қуанышты күн болды. Абайлық Қайрат Арқашұлы Қабышев Семей филармониясының сахнасында 6 сағат бойы тапжылмай отырып, қазақтың дәстүрлі 102 әнін орындап шықты.

Қатынас қанжар саны көп болды. Бәріміз ақ тілегімізбен бардық. Қайратымыз алдына қойған мақсатын - әлемдік рекордын орындап шықсын деген тілекте болдық. Ол әр өлеңге түсініктеме беріп отырғанда "күш-қуатын алады" айтпай-қойсаңшы деп отырдым. Дауысы қарлығып, шықпай, айта алмай қала ма деп күдіктеніп отырдым. Таңдап алған әндері де ауыр екен. Созылмалы, ұзақ ырғақты талап етеді. Оның үстіне Қайрат демін алмады, отырған орнынан тұрмады. Саусақтары да қатып қалды. Тамақ та ішпеді, сыртқа да шықпады. Іштей толғанып отырдым.

"Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады" деген қалыпта отырдым. Әр өлеңін нақышына келтіріп, дауысын үнемдей, шығарып айтып отырды. Әр әннің орындалғаны мен қоса санын қадағалап отырдым. "Мәресіне жетсе екен" деп тілеп отырдым. Қайрат әр әнді толығымен, бір кеште асықпай отырып айтқанындай, айтып шықты. Шара барысында комиссия мүшелері де, тыңдаушылар да қолымыздан келгенше қолдап отырдық. Қайратты қолдамаған адам болған жоқ. Ол әнін орындағанда бәріміз де жерімізді ісімізге алып тыныш отырдық. Бөгет жасамайтын деген ниетте болдық.

Ол 100-і әнін орындады. Тағы да екі әнді айтып шықты. Әлі де шамасы бар. Бірақ 102 әнмен тоқтады. Көрермендер тағы 20 минут әлемдегі, Азия мен Африка, Сауд Арабиясындағы комиссияның шешімін күттік. Олар да Қайраттың орындауларын қарап, қадағалап отырыпты. Сол комиссияның Қазақстандағы өкілі Қуаныш деген азамат комиссияның Қайрат Қабышевтің талапқа сай орындағанын, 102 қазақ әнін орындағанын қабылдапты. Қайраттың рекорд қойғанын мойындапты. Біздің де күткеніміз сол еді. Бүкіл қазақстандықтар үшін, қазақ халқы үшін қуаныш. Құтты болсын!

Киелі Абай топырағы перзентін рекордқа жеткізді. Қуаныш марапаттарын берді. Комиссияның шешімін жеткізді. Қайраттың орындағаны әлем деңгейінде қабылданды, 100-ден артық елге тарады. Менің қасымда Қайраттың інісі Әсет отырды. Ол Қайраттың кішкентай кезінен әнге әуес екенін, кешке жатса да, көзі ілінгенше өлең айтатын, оған әке-шешесінің "ұйқы бермейсің" деп ренжімей тіндерін айтып отырды.

Семей педагогикалық институтына түсерде, Қайрат алдында қабылданатын 5 баланың қатарына ілінбепті. Осындай шешім алдын-ала тыңдаудан өткенде болыпты. Қайрат студент бола алмайтынын біліп, көңілсіз отырған. Бір уақытта қабылдау комиссиясы оның тізімге енгізілгенін таблодан көрсетіпті. Онда 5 саны 6-ға өзгертіліпті. Осылай Қайраттың көңілі көтеріліп студент болып шыға келіпті. Зор талпыныстарға ие болған Қайрат институтты бітірген. Осылай комиссия мүшелері "бұлақтың көзін ашып" оқуға жіберіпті. Таланттың іске асуына көмегін тигізіпті. Егер комиссия бұрынғы шешімінде тұрса, не болар еді?..

Мүмкін, институтқа қабылданбаған ол ауылда қойшы болып қалар ма еді? Комиссияның ішіндегі бір адамның көрегендігі болар. Міне, сондай бір кісінің ұсынысымен Қайрат Қабышев білім алып, ән өнерінің үздігі болып, әлем рекордсмені болды. Біз, семейліктер, қазақстандықтар болып Қайратты әлемдік жеңісімен құттықтаймыз. Әлі де әлемдік табыстарға жетсін, ұстаздығы шыңдала берсін. Түлектері де өзіндей жетістіктерге жетсін. Түлектері ұстазынан озып шықсын. Абай елінің топырағынан Қайраттай әлем көлемінде жетістікке жетіп, жұртын қуанта берсін. Қайраттың жетістігіне бәріміз  қуанамыз. Қайрат сияқты ұлдарымыздың арқасында Қазақстан әлемге қанатын жайып таныла берсін. Жеңісті, сәтті күндеріміз көп болсын!

Бұл – ата-бабадан келе жатқан дәстүрдің бүгінгі замандағы жаңғырығы!

Сурет: massaget.kz сайтынан алынды.

Ерлан Рысқали, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қайрат Қабышев ағамыздың 100 әнді жанды дауыста орындап, Гиннес рекордтар кітабына енуге жасаған талпынысын шын жүректен қолдаймын. Бұл – жай ғана рекорд қуалау емес. Бұл – қазақтың дәстүрлі ән өнерінің қуатын, ән қоржынымыздың байлығын және халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өнерін әлемге танытуға бағытталған игі бастама. Бұл – ата-бабадан келе жатқан таңды таңға ұрып ән салған дәстүрдің бүгінгі замандағы жаңғырығы.

Ән – халқымыздың рухани қазынасы. Осындай өнерпаздардың еңбегі арқылы ұлттық өнердің қадірі артып, жастардың қызығушылығы оянады. Сондықтан Қайрат Қабышевтың бұл қадамын қазақ өнеріне көрсетілген құрмет әрі ұлттық мұраны насихаттаудың заманауи үлгісі деп бағалаймын. Сонымен бірге, мұндай рекордтардың халықаралық деңгейде мойындалуы үшін оның талаптары мен қабылдау тәртібі қатаң сақталуы қажет екенін де естен шығармаған жөн. Өйткені әлемдік рекордтың құндылығы оның әділ бағаланып, ресми талаптарға толық сәйкес тіркелуінде. Жалпы, мұндай бастамалардың қазақ өнерінде тарихи үлгілері де бар.

Кезінде халқымыздың көрнекті өнер қайраткері Құрманбек Жандарбеков Ғани Мұратбаевқа ескерткіш орнату мақсатында халықтың назарын аударып, қолдауын ұйымдастыру үшін “Құрманбек бір кеште 100 ән орындайды”  деп жарнама беріп елуден астам ән салған деген дерек бар. Яғни өнер арқылы қоғамдық ой қалыптастыру, ұлттық мұратқа қызмет ету біздің дәстүрімізде бұрыннан бар құбылыс. Сондықтан Қайрат ағамыздың бұл бастамасын жеке адамның жетістігі ғана емес, қазақ ән өнерінің мүмкіндігін көрсететін мәдени оқиға ретінде бағалауымыз керек. Ісіңізге сәттілік тілеймін! Қазақ әнінің мерейі үстем болып, ұлттық өнеріміздің абыройы асқақтай берсін!

Abai.kz

0 пікір