Сарапшы: Экономика - Жолдаудың өзегі болды....
Мемлекеттік басқаруды жаңғырту, экономиканы дамыту және инвестиция тарту – бүгінгі Президент Жолдауында көтерілген негізгі бағыттардың бірі.
Алайда реформалардың нәтижесі қабылданған шешімдермен ғана емес, олардың ел экономикасына қаншалықты әсер ететінімен де өлшенеді. Құрылыс саласы экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айнала ала ма? Инвестиция тарту мен логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы бастамалар Қазақстан экономикасына қандай мүмкіндік береді?
Осы мәселелер жөнінде экономист Айбар Олжаевтың пікірін білдік.
— Экономикалық мәселелер осы жолы негізгі өзегі болды деп ойлаймын. Және адам капиталын дамыту. Экономиканы алатын болсақ, ең басты мәселелер — біздегі экономикалық белсенділікті арттыру, оған жаңа мемлекеттік-жеке инвестициялық стимул беру. Құрылыс келесі жылдан бастап біздің экономиканың локомотивіне айналатын сияқты. Себебі үлкен ауқымды мемлекеттік инвестициялар бар, мемлекеттік қордан. Онымен қатар жеке инвестицияларды тарту көзделген. Өте үлкен тапсырма берілді. Инвестиция жұмысының кураторы ретінде «Бәйтерек» холдингі таңдалды. Өйткені дәл осы «Бәйтерек» холдингінің инвестиция тартуда басқа органдарға қарағанда тәжірибесі өте мол деп айтуға болады.
Онымен қатар, менің ойымша, логистика, жолдар салу және мемлекетаралық өткізу бекеттері — тура осы логистиканың тіреліп тұрған мәселесі. Осы ішімізге жүк көліктері, жүк ағындары ағып келсе де, шекарада тұрып қалады. Бірнеше күнге кезек созылып кетеді. Осы мәселені шешу тапсырылды.
Бұл да — логистиканы, біздің экономиканы дамытатын белгілі бір саяси шешім. Бүгін айтылды, енді оны жасауға ешқандай кедергі жоқ. Жолдар бойынша нақты тапсырмалар берілді. Еш нәрсеге қарамай жолдардың бәрін салу, оны белгілі бір түрлі органдар арасында келісіп жүретін ұзақ бюрократиялық кедергілер алынып тасталды. Бір ғана министрлікке тапсырылды. Бір ғана министрлік ешкіммен ақылдаспай, өзі ғана, ешкімнің шешімін күтпей, толық айналыса беретін болды.
Менің ойымша, жаңа жолдардың салынуы, бар жолдарды модернизациялау, жөндеу жұмыстары процедуралық жағынан анағұрлым тездетіледі деп ойлаймын.
Томирис Маратқызы
Abai.kz