Жұма, 26 Маусым 2026
Жаңалықтар 193 0 пікір 26 Маусым, 2026 сағат 14:32

Киіз үй - Қазақ мәдениетін әлемге танытатын кітап!

Сурет: abai.kz сайтынан алынды.

«Киіз үй / The Kazakh Yurt» - Қазақ мәдениетін әлемге танытатын жаңа басылым! «Атамұра» баспасынан жарық көрген бұл басылым қазақ халқының дәстүрлі баспанасы – киіз үйдің тарихын, құрылымын, жасалу технологиясын және мәдени-рухани маңызын жан-жақты таныстырады.

Киіз үй – көшіп-қонуға ыңғайлы баспана ғана емес, қазақ халқының дүниетанымын, табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетін, шаңырақтың береке-бірлігін, ұрпақ сабақтастығын, ұлттық құндылықтарды, қолөнері мен тұрмыс-салтын айқындайтын ұлттық мұра. Оның құрылымы халқымыздың табиғат заңдылықтарын терең түсініп, өмір тәжірибесін шебер пайдаланғанын көрсетеді.

Кітапта киіз үйдің түрлері мен құрылымдық ерекшеліктері, кереге, уық, шаңырақ жасау тәсілдері, киіз басу, үй жабдықтарын әзірлеу жолдары кеңінен баяндалады. Сонымен қатар ши тоқу, өрмек тоқу, басқұр, бау, арқан есу өнері, текемет, сырмақ, алаша, кілем және тұскиіз сияқты ұлттық қолөнер туындыларының жасалу ерекшеліктері сипатталады.

Басылымда киіз үйді тігу тәсілі, ішкі жасауы, жиһаздары, тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық ыдыс-аяқ түрлері туралы да толық мәлімет берілген.

Кітаптың ағылшын тілінде жарық көруі қазақ мәдениеті мен өркениетін шетел оқырманына таныстыруға мүмкіндік береді. Бұл басылым ұлттық мұрамызды халықаралық деңгейде насихаттап, мәдени байланысты нығайта түседі.

«Киіз үй» кітабы бірнеше халықаралық көрмеге қатысып, кітапсүйер қауымның сұранысына ие болды. 2025 жылы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырған байқауда Бас жүлдені иеленді.

«Атамұра» баспасының кітап дүкенінде өткен бұл іс-шара барысында кітаптың мазмұны мен ерекшеліктері таныстырылып, ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің маңызы сөз болды.

Abai.kz

0 пікір