Сейсенбі, 30 Маусым 2026
Ақмылтық 277 0 пікір 30 Маусым, 2026 сағат 16:06

Билер институтынан Құрылтайға дейін...

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Бір замандарда Қазақ Елін іс жүзінде Билер басқарды...

О замандарда Хан жарлық шығарды, әскерге қолбасшылық жасады, соғыс жариялады. Бірақ, әр уақытта Ел мен Жер тұтастығына келгенде Билер шешуші роль атқарды.  Бұл ‑ далалық демократия үлгісі, Ел билігін Билер ұстағанының жарқын көрінісі!

 Осындай демократиялық тарихы бар елдің бүгінгі күйі қандай?

 Сонымен, Қазақстан парламентаризмі өзінің жаңа тарихи кезеңіне аяқ басты ‑ Қазақстандағы парламентаризм кеңестік кезеңдегі Жоғарғы Кеңестен бастап, кәсіби екі палаталы Парламентке, енді, қайтадан жаңартылған бір палаталы жүйе – Құрылтайға дейінгі жолдан өтті. Бұл үдеріс елдің конституциялық құрылымының эволюциясын және мемлекеттілігінің нығаюын көрсетеді.

Парламентаризмнің даму кезеңдері мыналарды қамтиды:

Парламентке дейінгі кезең (1990–1993)

Жоғарғы Кеңес: Алғашқы жоғары өкілді орган Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі болды. Ол 1990–1993 жылдары тәуелсіздіктің құқықтық негіздерін қалады.

Тарихи шешімдер: Дәл осы Жоғарғы Кеңес Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны (1990 ж.) және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын (1993 ж.) қабылдады.

Екі палаталы Парламенттің қалыптасуы (1995–2022)

1995 жылғы Конституция: Жоғарғы Кеңес таратылып, тікелей басқару кезеңінен кейін жаңа Конституция екі палаталы Парламентті құрды.

Құрылымы: Парламент екі палатадан тұрды — жоғарғы палата (Сенат) және төменгі палата (Мәжіліс).

Жұмысының басталуы: Жаңа кәсіби Парламенттің алғашқы сессиясы 1996 жылғы 30 қаңтарда өтті.

Қызметтері: Сенат өңірлердің мүддесін білдірсе, Мәжіліс тұрақты негізде заң шығару қызметімен айналысты.

Трансформация және бір палаталы жүйеге көшу (қазіргі кезең)

Саяси реформалар: 2026 жылғы 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша Конституцияның жаңа редакциясы қабылданды.

Екі палаталы дәуірдің аяқталуы: 2026 жылғы маусымның соңында жоғарғы палатаның (Сенаттың) қызметі аяқталып, ел жаңа бір палаталы заң шығарушы орган — Құрылтайды қалыптастыруға көшті.

Құрылтай – билер институтын қалпына келтіру ме? 

Осы сұрақ әлі де көпшіліктің көкейінде тұр. Тұруы – заңды. Себебі, біз тек салт‑дәстүрді ғана емес, со заманнан жеткен Ел басқару тәжірибесін ұмытпаған халықпыз. Сондықтан болар, бұрын «Елдік мәселе көтерілгенде ғана шақырылатын Ұлы жиын – Құрылтай, бүгінде, күнделікті жиналатын Мәжіліске сай ма?» деген сұрақтың туғаны рас...

Сол себепті, қоғам пікірі бұл мәселеде әлі де бір түпкілікті ойға келе алмай жатқанын жасырмаймыз... Дегенмен, мәселеге тарихи тұрғыдан келсек, Қазақстан халқының бүгінгі заманымызда референдум арқылы Құрылтайды қабылдауы – заманға сай дұрыс шешім болғанын көрсетеді.

Неге десеңіз, замандардың өзгеруімен бірге, қазір бұрынғы қалыптағы «Құрылтай» ұғымының дәуірі келмеске кеткенін ашық айту керек. Ол заманғы «ел мен елдің арасы алты айлық жол» дейтін Қазақ Елі қазір жоқ. О кездегі Құрылтай мәні, сондықтан, бүкіл Ел тағдыры талқыға түскенде шақырылатын Ұлы Жиын еді. Әрі, ол заманғы «Ел тағдыры» дегенннің өзі мағынасы жағынан бір сұраққа: «Не бар болу, не жоқ болу?» дегенге келіп тірелетін...

Қазір, біз тәуелсіз мемлекетке айналдық. Бұрынғы «Елдік сипат», енді, «Мемлекенттік сипатқа» көшті. «Алты айлық алыс жол» деген де мәнін жойды – Ұлы жиынды бір күнде өткізіп, бір күнде тарап кету мүмкін болды. Бірақ, қазіргі «Елдік мәселенің» мәні зорайды, ол – күнделікті талқыға тусуі тиіс сұрақтар қатарына көшті...  Яғни, осы тұрғыда, бүгінде, тарих қойнауына кеткелі жатқан Мәжілістің әрбір жиыны – Құрылтай деп аталатын мағынамен толықты десек болады.

Ендеше, қазіргі заманда, елімізге бұрынғы Билер институтының заңды жалғасы ретінде, күнделікті жұмыс жасайтын Құрылтай қажет. Өйткені, әр күні Құрылтайда көтерілетін сұрақтардың салмағы – бұрынғы «Елдік сипаттағы» сұрақтардан бір мысқал кем емес болып қалды...

Ендеше, біз қазіргі Құрылтайды, шартты түрде, «билер институтын қалпына келтіру» деп сеніммен айта аламыз.

Депутат би бола ала ма?

Бұл сұрақ тікелей ел басқару моделімен тығыз байланысты. Егер, мемлекет авторитарлы, тікелей қатаң вертикальға бағыну жолымен басқарылса – ондағы парламентаризмнің Құрылтайға еш қатыс жоқ болады. Оны біз өзіміздің отыз бес жылдық тәуелсіздік тарихымыздан байқамыз ‑  Сенат пенн Мәжіліс депутаттары «жоғарғы биліктің нотариусы» деген иронияның шығуы да сол кез еді ғой...

Ондай билік формасы кезінде Ел басқару жүйесінде «алаңсыз  бақытты ғұмырдың» толық идиллиясын қалыптастырды: Жоғарғы биліктің (авторитарлық биліктің) шешімін «жүз пайыз қолдау», не, қарсы жақтың ұсынысын «жүз пайыз қолдамау» деген де осы кезде белең алды. Сөйтіп, Мәжіліс дала демократиясы саналатын Құрылтай принципінен алшақтап, билік тармағы болып қала берді...

Депутаттар да «билер емес ‑ билік өкілі» деп қабылданды... Ал, бұл, қазақы болмысқа, қазақтың еркіндік пен әділеттілік туралы дүниетанымына мүлдем жат құбылыстар еді...

Құрылтай нені өзгертеді?

Оның мүмкіндігі елімізде «Ел басқару принциптері» ретінде жарияланған «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» бағытының қаншалықты жүзеге аса алуына байланысты болмақ...

Бізге ондай мүмкіндікті «қанатымен су сепкен қарлығаштай» болып, санамызға сіңірген өткен Мәжіліс сайлауындағы «жеке мандат бойынша сайлауға түсу» ережесі алып келді. Енді, бұрынғы «ләппәйшыл» партиялардың ішінде өз пайымымен сөз айта алатын, халықпен етене байланыс орната алған бір топ депутаттар Мәжіліске өтті.

Соңғы Мәжілістің барлық жұмысына қан жүгіртіп, оның енді Құрылтай деп атануына да тікелей ықпал еткен – осы дептуттардың үлгісі дер едім. Олар, аттары ел аузында жүрген «жеке мандатшылар»: Ермұрат Бапи, Базарбек Бақытжан.

Бұрынғы «аздап оппозицияшыл партия» болған «Ақ жол» партиясынан Қазыбек Иса. Азат Перуашев.

«Аворитаризмге демократиялық сипат беруді» көздеген бұрынғы «Нұр Отан», кейінгі «Аманат» партиясынан біраз депутаттар көзге ілікті...

Әрине, «құрылтайлық тәжірибе» жоқтығы олардың көзқарастарында байқалып жатты: кейбірі ‑  «елдік мәні бар» мәселелерде жалтақтық танытты да! Дегенмен, осындай белсенді депутаттар болашақтағы бірпалаталы парламент – Құрылтайдың өмірге келуіне көп еңбек сіңірді. Олар әртүрлі сұрақтар бойынша көзге түсіп, Мәжілісті Құрылтайға «жалғаған» Асхат Аймағанбетов, Еділ Жаңбыршин, Абзал Құспан, Ринат Заитов, Ерлан Саиров...

Иә, одан өзге де бірқатар депутаттар өздерінің белсенділігімен танылды – аттары аталмай қалса, кешірім етіңіздер... 

Бірақ, олардың қызметін мен «құрылтайлық мән‑мағынамен» бағалай алмас едім. Ал, мәселе Елдік сипатта болса ‑ оны атауға болар еді...

Сондықтан, бүгін тарих қойнауына қызметі мен депутаттық мандатын тапсыратын Мәжілістің толық құрамына алда тек жақсылық тілейік.

Сіздерге халықтық мінберден алған тәжірибелеріңізді елге таратып, Қазақстанның гүлденуіне одан әрі қызмет ете беріңіздер дейміз!

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист

Abai.kz

0 пікір