Доп-дода: 48 – 33: «шерлілер» шеруі...
Әлемдік доп додасында топтық кезең аяқталып, 1/16 финал ойындары өтіп жатыр. 48 команданың 16-сы жүгін буып-түйіп, елдеріне қайтып та кетті. ФИФА-ның алтын кубогы үшін таласатын таңдаулылар туралы айтуға алда уақыт бар, ал бүгін аламаннан шығып қалғанына қабырғасы қайысқан «шерлілер» жайын түйіндемекпіз.
48-орын. ИРАК (0 ұпай, доп айырмасы 1:12)
Норвегиямен болған алғашқы кездесудің кей сәттерінде тәп-тәуір ойын көрсеткенімен, Ирак құрамасы бәрібір ірі есеппен жеңіліп тынды. Франция мен Сенегал да оларды ойсырата ұтты. Сөйтіп, Ирак командасы 1930 жылғы Мексиканың, 1982 жылғы Жаңа Зеландияның антирекордын қайталады – яғни топтағы үш ойында да ірі есеппен тізе бүкті.
47-орын. ТУНИС (0 ұпай, 2:12)
Жалпы, кейінгі уақытта Африка футболының деңгейі едәуір өсті дегенімізбен, бұл өсудің Туниске еш қатысы жоқ секілді. Бұл құрама әлем чемпионаттарының (ӘЧ) финалдық турниріне жиі шығады, бірақ ешқашан топ жарған емес. Әйтпесе «Карфаген сұңқарлары» Африка өкілінің ӘЧ тарихындағы тұңғыш жеңісіне қол жеткізген команда еді ғой (1978 жыл, Тунис – Мексика – 3:1). Міне, биыл да үш қарсыласынан да оңбай ұтылып, еліне ерте қайтты.

Сурет: championat.com сайтынан алынды.
46-орын. ӨЗБЕКСТАН (0 ұпай, 2:11)
Дүниежүзілік додаға тұңғыш рет шыққан өзбек құрамасы үш ойында да жеңілді. Колумбиямен кездесудің екінші таймында, Конго ДР командасымен бәсекенің бірінші бөлігінде аз-маз жақсы ойнағанымен, өз мүмкіндігін ашып көрсете алмады. Көбінесе қорқасоқтап, жігерсіз ойнады. Атақты Фабио Каннаваро да көмектесе алған жоқ. «Оның орнына команданы финалдық турнирге жолдаманы жеңіп алған жергілікті бапкер Тимур Кападзе баптап барғанда дұрыс болар ма еді» деп өкінеді өзбек жанкүйерлері.
45-орын. ГАИТИ (0 ұпай, 2:8)
Араға 52 жыл салып, әлемдік доп додасына қайта оралған гаитиліктер топтағы қай қарсыласынан да қаймықпай, батыл ойнады. Рас, үш матчта да ұтылды, бірақ Шотландиямен тең түсуге мол мүмкіндігі болды, тек жолы болмады. Марокконы тіпті біраз уақыт жеңіп тұрды. Бразилиядан да қорқып, қақпа алдында жатып алған жоқ, шама-шарқынша қарсыласты. Елдеріне еңсесін тік ұстап аттанды.
44-орын. ИОРДАНИЯ (0 ұпай, 3:8)
Иордания құрамасы туралы да осыны айтуға болады: топтағы үш қарсыласына да лайықты қарсылық көрсетті. Үш ойында да гол соқты. Аламан бәйгеге алғаш қатысып отырған команда үшін мұның өзі аз жетістік болмаса керек.
43-орын. ПАНАМА (0 ұпай, 0:4)
Бірде-бір гол соға алмады демесеңіз, үш ойында да соңғы минуттарға дейін айқасып, ұпайдан күдер үзген жоқ. Ганадан біршама басым ойнаса да, ақырғы сәтте гол жіберіп алды. Хорваттар мен ағылшындарға да Панаманы ұту үшін әжептәуір тер төгуіне тура келді.

Сурет: championat.com сайтынан алынды.
42-орын. КЮРАСАО (1 ұпай, 1:9)
Әлем чемпионатына қатысқан тарихтағы ең кішкентай ел (аумағы жөнінен де, халық саны жағынан да). ӘЧ тарихындағы ең қарт бапкер Дик Адвокаттың жетекшілігімен тұңғыш голын соқты (Германияның қақпасына!), алғашқы ұпайын еншіледі. Аралдықтардан бұдан артық ерлік күту жөн бола қоймас.
41-орын. ҚАТАР (1 ұпай, 2:10)
Ойыны жөнінен турнирдегі ең нашар командалардың бірі болды. Бастапқы матчта швейцариялықтардың бұларды аса менсінбей ойнауының арқасында ғана ұпайға ие болды. Бір чемпионатта өз қақпасына екі рет автогол соғып алып, 1966 жылғы Болгарияның, 2018 жылғы Ресейдің «рекордын» қайталады. Мынадай ойынымен «көзі тірі» Жапония мен Ираннан, Австралия мен Оңтүстік Кореядан озып, қалайша екі рет Азия чемпионы атанып жүргеніне таң қалмасқа лаж жоқ.
40-орын. ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯ (1 ұпай, 4:10)
Океания аймағының жалғыз өкілі бірінші матчта Иранды ұтып кете жаздады – бірақ тең түсті. Египетті де біраз уақыт жеңіп тұрды – бірақ ұтылды. Одан арыға шеберлігі жетпеді – өзіне де жеңіс ауадай қажет Бельгия Жаңа Зеландияны орнына қойды.
39-орын. ЧЕХИЯ (1 ұпай, 2:6)
Іріктеу сынында Дания мен Ирландияны пенальти арқылы жеңіп, Солтүстік Америка жеріне зор үмітпен келген чехтар сүреңсіз ойынымен күллі жанкүйер қауымның көңілін қалдырды. Аса күшті топқа түспесе де, бірде-бір ойында жеңіске жете алмай, пұшайман болды.
38-орын. САУД АРАБИЯСЫ (2 ұпай, 1:5)
Кейінгі жылдары сауд клубтары әлемнің атақты футболшыларын қымбат бағаға сатып алып, ұлттық чемпионаттарын, ел футболын қызықты да бәсекеге қабілетті етуге барын салып жатыр. Алайда Араб түбегінде доп теуіп, дорбалап ақша санайтын Кәрім Бензема, Криштиану Роналду, Марцело Брозовичтер Сауд Арабиясы құрамасын күшейтуге еш көмектесе алмайды ғой. Ұлттық құраманың деңгейі әлі сол төмен күйінде. Биыл тағы да соңғы орында қалды.
37-орын. УРУГВАЙ (2 ұпай, 3:4)
Әлемнің тұңғыш чемпионы топтан шыға алмайды деп ешкім де ойламаған еді. Алайда алғашқы ойыннан бастап-ақ командадағы көңіл-күйдің, ұжымдық атмосфераның, моральдық ахуалдың онша емес екені аңғарылып қалды. Бас бапкер Марсело Бьельсаның тұйық та тәкаппар болмысы, мәмілеге келмес тоңмойын мінезі, футболшылармен тіл табыса алмауы да нәтижеге әсер еткені анық. Ойын жағынан да Уругвай топтағы қарсыластарынан артылып көзге түсе алған жоқ.
36-орын. ШОТЛАНДИЯ (3 ұпай, 1:4)
Бұл команданың чемпионатқа неге сеніп, неменеге үміт артып келгені түсініксіз. Шотландықтардан гөрі қайта олар әупірім-тәңіріммен әрең жеңген Гаити жігерлі қимыл, жіті ойын көрсетті. Ұтылса да, алға ұмтылумен болды (британдықтардан ұтылмауға тиіс еді). Әрине, Шотландия ешқашан теңбіл допты қалауынша билететін техникалық жарағы мықты ұжым саналған емес. Бірақ бұрын тым құрығанда мұқалмас мінез, қайтпас қайсарлық көрсетуші еді. Ол да жоқ. Тоғызыншы чемпионатына қатысты да қайтты. Ешқашан топтан шығып көрген емес-ті. Қайтіп шықсын, мынадай ойынмен...

Сурет: sports.kz сайтынан алынды.
35-орын. ТҮРКИЯ (3 ұпай, 3:5)
Түріктердің топтан шыға алмауы ешкім күтпеген нәтиже еді. Екі жыл бұрын ғана Еуропа чемпионатының ширек финалына жеткен жігіттердің доп тебуден жаңылып қалмағаны анық. Бастапқы екі ойында Австралия мен Парагвайдың қақпасына 62 соққы жасап, соның бірде-бірін голға айналдыра алмауы ақылға сыймайды. Сәтсіздік деуге де болар. Дегенмен жанкүйер жазғанның өкінішін онымен жуып-шаю да қиын.
34-орын. ОҢТҮСТІК КОРЕЯ (3 ұпай, 2:3)
Чемпионатты жігерлі жеңіспен бастаған (Чехияны ұтты, 2:1) корейлердің де топтан шыға алмауы сенсация болды. Олардың Мексикадан ұтылуына түсіністікпен қарауға болар (қанша дегенмен дода қожайындарының бірі ғой), ал шешуші матчта Оңтүстік Африка футболшыларына есе жіберуі қалай?
33-орын. ИРАН (3 ұпай, 3:3)
Үш ойында да қарсыластарымен тең түсті. Ешкімді жеңе алмады, бірақ жеңілген де жоқ. Саяси себептерге байланысты чемпионаттағы кедергілерге ең көп ұшыраған команда болды. Америкалық ұйымдастырушылар Иранның топтан шыға алмағанына қуанғандарын жасырмады. Дегенмен соңғы турда Алжир мен Австрияның бірі жеңіске жеткенде, ирандықтардың келесі кезеңге өтуі де мүмкін еді.
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz