Сенбі, 11 Шілде 2026
46 - сөз 1187 0 пікір 8 Шілде, 2026 сағат 15:12

Доп додасы: 16 – 9: Риза еткендер мен ренжіткендер

Коллаж: Abai.kz.

Әлемдік футбол чемпионатында 1/8 финал ойындары аяқталды. Біз бүгін осы кезеңнен аса алмаған командаларға шолу жасаймыз.

16-орын. ПАРАГВАЙ (5 ұпай, доп айырмасы 3:6)

Оңтүстік Америкадағы қорғанысы ең мығым командалардың бірі саналатын, алдымен тылды тастай қылып, шабуыл дегенді сонан соң барып еске алатын Парагвай биылғы турнирдің алғашқы ойынында-ақ АҚШ-тан 1:4 есебімен шашылып түсті. Осы масқарадан қорытынды шығаруды ойлаған олар кейінгі ойындарда артқы шепті тіптен күшейтті. Германияның тегеурініне де осы ыждағаттылығымен төтеп беруге тырысты. Қақпашы Орландо Хиль де ерекше көзге түсті. Ал Францияға осы қырларымен қатар өте лас та дөрекі ойынын қарсы қойып, жұртшылықтың көңілін қалдырды. Өзбек төрешісінің оларға бірде-бір ескерту бермеуінің өзі таң қаларлық. Өзіңнен деңгейі әлдеқайда жоғары командаға шама-шарқынша қарсыласып баққан жақсы, бірақ оны кескілескен қырқысқа айналдыру артық. Жеңіле білмек те ләзім.

Сурет: championat.com сайтынан алынды.

15-орын. ЕГИПЕТ (6 ұпай, 8:7)

Өз тобында бірінші орын да алар еді, тек Иранның мығым қарсылығына тап болды. Австралиядан басым ойнаса да, сол басымдығын голға айналдыра алмай, ақыры пенальтиден ғана жеңіске жетті. Аргентинаға да лайықты қарсылас бола білді. 79-минутқа дейін 2:0 есебімен ұтып тұрды. Тағы бір голын төреші есептемеді. Бұл едәуір дауға ұласты. Бір жағынан, «ойын тәртібінің бұзылғаны рас қой» деушілер де, «аяғының ұшын сәл ғана басып кетті екен деп, соған да айып добын белгілеп, голды санамай қоюға бола ма?» деп наразылық танытушылар да аз болған жоқ. Египет құрамасы шебер ойынымен жанкүйер қауымды риза етіп, еліне еңсесі тік аттанды.

14-орын. КАНАДА (7 ұпай, 9:6)

Алғашқы ұпай, алғашқы жеңістер, тұңғыш рет топтан озып шығу – Канада командасы турнирдің ішінара өз елінде өтуін сәтті пайдалана алды. Бұлар ширек финалға шығып кетсе, футболға обал болар еді.

Сурет: championat.com сайтынан алынды.

13-орын. ПОРТУГАЛИЯ (8 ұпай, 8:3) 

Өз тобында екі рет тең ойнап, екінші орынға сырғыған соң, португал командасының турнирлік жолы қиындай түсті – алдымен Хорватия, сосын Испания... Хорваттарды соңғы минуттарда гол соғып, жеңе алды, ал испандарға сол соңғы сәтте есе жіберіп, жарыстан шығып қалды. Мамандар да, жанкүйерлер де Криштиану Роналдуды басты назарда ұстап, соның әр голын, әр қимылын микроскоппен қараумен болды. Бірақ қатарынан екі рет «ПСЖ» сапында Чемпиондар лигасын жеңіп алған Витинья, Жоау Невеш, сондай-ақ Бруну Фернандеш, Бернарду Силва секілді ғажап шеберлері бар ортаңғы шеп те онша көзге түсе алған жоқ. Португалияға басқа, батыл бапкер керек.

12-орын. АҚШ (9 ұпай, 11:8)

Аргентиналық маман Маурисио Почеттино тәп-тәуір ұйымшыл ұжым жасақтаған екен. Топтан қиналмай шықты. Плей-оффтағы алғашқы кедергіден де еркін өтті. Тек Босниямен ойында қызыл қағаз алған Фоларин Балогунға қатысты дау-дамай команда психологиясына кері әсерін тигізген секілді. Оның үстіне, Бельгия да осал қарсылас емес. Кейінгі үш ойында 12 гол соққан бельгиялықтардың бет қаратпас шабуылына АҚШ футболшылары төтеп бере алмады.

Сурет: championat.com сайтынан алынды.

11-орын. БРАЗИЛИЯ (10 ұпай, 10:4)

Гаити мен Шотландияны оңай ұтқаны былайғы жұрттың көзін алдағаны рас. Ал сәл де болсын құрамы мықты, ойыны мығым, өзіне деген сенімі мол, ұйымшыл командамен ұшырасып еді, бүкіл кемшілігі бадырайып көрініп шыға келді. Бастапқы турда Мароккомен тең түскенінің өзіне қуанды. Сосын Жапонияға қарсы ештеңе істей алмай, нұшайман болды, тек соңғы сәтте ғана жеңіс голын соғып, «уһ» деді. Ал Норвегиямен ойында нағыз бразилиялық футболды... норвегтер көрсетті. Бразилия құрамасы өздері «шаңғышылар» деп менсіне бермейтін скандинавтарға допты беріп қойып, көп уақыт қорғанумен болды. Норвегиямен кездесуде допқа тек 34 пайыз ғана иелік ету деген – әлемнің бес дүркін чемпиондары үшін нағыз масқара емес пе? Бразилия ойнағанда шабуылдың ақбораны ұйытқи соғуы керек деп күткен жоқ па күллі жанкүйер? Норвегтер сол ақборанда адасып, білгенінен жаңылуға тиіс емес пе еді?

Жоқ, бас бапкер Карло Анчелотти «біз допты қарсыласқа әдейі беріп қойдық, өзіміз олардың қателігін пайдаланып, зу етіп қарымта шабуылға шығып, матч тағдырын шешуді жоспарладық» деді кездесуден соң. Норвегтерге (испандарға емес!) доп беріп қойып, сосын оны олардан тартып ала алмай жарты матч бойы салпақтау – осы ма тактика? Бразилия – Парагвай мен Эквадор емес қой! Әлде «папа Карло» Бразилияны да «Реалға» айналдырмақ болды ма? (Мадридтіктер де «Леванте» мен «Осасунаға» қарсы екінші номермен ойнауға арланбаушы еді-ау).

Марокко мен Норвегиядан да қорқасоқтап ойнайтын мұндай әлсіз де әсіресақ Бразилияны Пеле мен Сократестің көрмей кеткені де жөн болған шығар.

10-орын. КОЛУМБИЯ (11 ұпай, 5:1)

Өз деңгейінде өнер көрсетті. Мығым қорғанысын ешкім бұзып өте алмады (Колумбияның қақпасына соғылған жалғыз голдың авторы – өзбек Аббосбек Файзуллаев). Рас, өздері де допты көп соға қойған жоқ. Дегенмен барлық матчта да қарсыласынан бір бас жоғары ойын көрсетумен болды. Ширек финалға шыға алар еді, бірақ жолы болмады.

9-орын. МЕКСИКА (11 ұпай, 10:3)

Төрт ойын бойына өз қақпасына гол жіберген жоқ. Қай қарсыласынан да айқын басым түсті. Тек Англияның тегеурініне ғана төтеп бере алмады. Оларға да өте қатты қарсылық көрсетіп, соңғы минутқа дейін есепті теңестіруге барын салды. Техникалық шеберлігімен, ұйымшыл да жігерлі ойынымен жанкүйерлерінің көңілін хош етті.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір