Сәрсенбі, 15 Шілде 2026
Ақмылтық 909 0 пікір 14 Шілде, 2026 сағат 13:20

Жарты жылдың есебі: Оптимизм мен прагматизм жарысы...

Суреттер: globalkz.biz, azattyq-ruhy.kz сайттарынан алынды.

Оптимизм мен прагматизм жарысы. Жартыжылдықтың 4,1% деген нәтижесі нені білдіреді?

Қазақстан биылғы жартыжылдықтың экономикалық қорытындысын шығарды. Алты айда ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,1% құраған. Егер жыл басындағы болжамдарды қарасақ, бұл Азия даму банкінің бастапқы болжамымен толық сәйкес келеді. Алайда Үкімет болжаған 5,4 пайыздан төмен болып отыр. Сондықтан қалған жарты жылда экономикалық өсімді үдету мақсаты тұрғаны анық. Ең маңызды болып саналатын 3-ші тоқсанда қарқынды еселеп арттыру қажет.

Бастысы, біздегі экономикалық өсімнің құрылымында нақты сектордың, жеке инвестициялардың және шағын әрі орта бизнестің рөлі артып келе жатқаны байқалады. Мемлекет басшысы да осыған назар аударып, тиісті тапсырма бергені есімізде. Бүгін берілген Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәліметінше, қаңтар-мамыр айларындағы көрсеткішпен салыстырғанда экономиканың өсу қарқыны 0,4 пайыздық тармаққа жақсарған. Жыл басынан бері қалыптасқан динамика экономиканың біртіндеп жеделдеп келе жатқанын көрсетеді.

Өсімнің басты ерекшелігі мынада. Оның негізгі бөлігі мұнай өндірісінен емес, экономиканың басқа секторларынан қалыптасып отыр. Нақты сектордағы өсім 4%-дан 5,1%-ға дейін көтерілсе, қызмет көрсету саласы 3,5%-ға ұлғайған. Ең жоғары көрсеткіштер құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салаларында тіркелді. Агроөнеркәсіп кешені мен байланыс саласында да оң серпін сақталды.

Мұнай бағасы мен шикізат экспортына тәуелді экономика үшін мұндай өзгерістің маңызы зор. Қазақстан ұзақ уақыт бойы сыртқы нарықтағы мұнай бағасына, экспорттық бағыттардың тұрақтылығына және әлемдік шикізат конъюнктурасына тәуелді болып келді. Сондықтан мұнай емес сектордың тұрақты түрде 5%-дан жоғары өсім көрсетуі экономиканың ішкі тіректері күшейіп келе жатқанын аңғартады. Бұл өсімнің уақытша құбылысқа айналмауы үшін оның артында инвестиция, еңбек өнімділігі және жаңа өндірістік қуаттар тұруы керек. Осы тұрғыдан алғанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің 9,5 трлн теңгеге жетіп, 9,6%-ға өсуі аса маңызды көрсеткіш.

Бұдан да маңыздысы, инвестицияның негізгі бөлігін жеке сектор қамтамасыз етіп отыр. Жеке инвестициялар көлемі 21,4%-ға артып, жалпы инвестициялар құрылымындағы үлесі 87%-ды құрады. Бұл экономикадағы белсенділіктің тек бюджет қаражаты немесе мемлекеттік бағдарламалар есебінен емес, бизнестің өз бастамасы арқылы да қалыптасып жатқанын көрсетеді.

Биылғы жарты жылда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 56,3 млрд долларды құрады. Экспорт көлемі 30,4 млрд долларға, импорт 26 млрд долларға жетті. Сауда балансының профициті 4,4 млрд доллардан асты. Сауда профицитінің сақталуы елге экспорттан түсетін валюталық түсімнің импорттық шығындардан жоғары екенін білдіреді. Бұл төлем балансы мен ұлттық валюта тұрақтылығы үшін қолайлы фактор. Алайда экспорт құрылымындағы шикізаттың үлесі әлі де жоғары. Сондықтан келесі міндет экспорт көлемін ғана емес, оның сапасы мен технологиялық деңгейін арттыру болады.

Экономикалық өсімнің тағы бір маңызды тірегі бар. Ол - шағын және орта бизнес. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ-тың Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 40,9%-ға дейін өсті. 2021 жылы бұл көрсеткіш 33,5% болған. Демек, төрт жылдың ішінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 7,4 пайыздық тармаққа артқан. Бұл экономиканың біртіндеп әртараптанып келе жатқанының негізгі көрсеткіші болып саналады.

Қазір кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 2,9 млн-ға жетті. Бұл жыл басымен салыстырғанда 499 мыңға немесе 20,4%-ға көп. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 688,6 мың субъектіні құраса, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жиынтық саны 1,9 млн-нан 2,3 млн-ға дейін өскен.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткіштер Қазақстан экономикасында оң қозғалыс бар екенін көрсетеді. Өсім қарқыны жеделдеді, нақты сектор күшейді, мұнай емес салалар алға шықты, жеке инвестиция көлемі артты, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40%-дан асты.

Дегенмен негізгі міндет тек жоғары өсім көрсету емес. Бұл өсім халықтың тұрмысына, нақты табысына, тұрақты жұмыс орындарына және өңірлердің дамуына әсер етуі тиіс. Қазір Үкімет осыған қатысты ауқымды бағдарламасын бастап кетті. Алғашқы оптимистік нәтижесі туралы кеше жазған болатынмын.

Айбар Олжаев, экономист

Abai.kz

0 пікір