Ерлан Қарин: Қазақстанда Алтын Орданы зерттейтін дербес ғылыми-тарихи мектеп қалыптасып келеді
ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Қазақстан тарихының көптомдық академиялық басылымын әзірлеу жөніндегі Редакциялық алқаның қорытынды отырысында елімізде Алтын Орданы зерттейтін дербес ғылыми-тарихи мектеп қалыптасып келе жатқанын айтты.
«2019 жылы Президент Ұлытауға арнайы барып, алғаш рет Алтын Орда туралы тақырыпты көтерді. 2020 жылы Жошы хан тарихи-мәдени кешені мен визит орталықтың құрылысы басталды. 2021 жылы Жошы ұлысын зерттеу институты құрылды. 2023 жылы Қазақстан тарихының көптомдық академиялық басылымындағы бөлек бір томды Алтын Ордаға арнау туралы шешім қабылданды. 2026 жылы ЮНЕСКО деңгейінде Алтын Орда тақырыбына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы бір ғана тақырыптың өзін назардан шығармай, табанды әрі тиянақты, кезең-кезеңімен жұмыс жүргізіп келеді. Ал осындай қаншама бастамалар мен бағыттар бар. Түптеп келгенде, осының барлығы Қазақстанда Алтын Орданы зерттейтін дербес ғылыми-тарихи мектеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді», – деді Ерлан Қарин Редакциялық алқаның қорытынды 14-ші отырысында.
Оның айтуынша, көптомдықтың 3-ші томында Алтын Орда тарихы тек жорықтар мен шайқастардың жылнамасы ғана емес, әлемдік тарихтағы бірегей өркениеттік модель ретінде жаңаша пайымдалған.
«Көптомдықта Алтын Орданың өзіндік мемлекеттік басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, халықаралық деңгейде мойындалған валютасы, өз дәуіріне тән озық технологиялары болғаны ғылыми тұрғыдан негізделіп көрсетілді», – деді Ерлан Қарин.
Abai.kz