Бейсенбі, 16 Шілде 2026
Жаңалықтар 197 0 пікір 16 Шілде, 2026 сағат 12:20

Оқулықтар жаңартылып, қателер түзетіледі - министрлік

Сурет: Оқу-ағакрту министрлігі сайтынан алынды.

Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін бекіту және білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық оқулықтарға қосымша сараптама жүргізілген. Бұл жұмыс оқулықтардың сапасын арттыру мақсатында қолға алынған.

– Қазіргі уақытта баспалармен және сарапшылармен бірлесіп анықталған ескертулерді жою жұмыстары жүргізілуде. Қосымша уақыт оқулықтардың сапасын толық қамтамасыз ету үшін қажет. Оқу-ағарту министрлігінің басты міндеті – әрбір оқушыны мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына және білім беру жүйесінің өзекті талаптарына сәйкес келетін сапалы әрі заманауи оқулықтармен қамтамасыз ету, – делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қосымша тексеру барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден астам ескерту мен қателік анықталғанын мәлімдеген болатын. Осыған байланысты оқулықтарды бекітуге дейін оларды қосымша жетілдіру туралы шешім қабылданған.

Министрлік мәліметінше, оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Биылғы 30 тамызға дейін 3-сыныпқа арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндерінің, сондай-ақ 7-сыныптың «Дүниежүзі тарихы» оқулығы сатып алынады.

– Оқулықтарды таңдау Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы жүргізілді. Соның нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар баспаларға өтінім жолдады. Сонымен қатар өңірлерде оқушылар санының артуы мен кітапхана қорын жаңарту қажеттілігі ескеріліп, қалған сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жалғасып жатыр. Ал 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптардың, 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сыныптың оқулықтарын жаңарту жоспарланған, – деп мәлімдеді министрлік.

Abai.kz

0 пікір