Әлемдегі ең бай ел ең кедей елге қалай айналды?
16–17 ғасырларда британдықтар өте ауыр жағдайда болды. Осыны растап, Робертсон 16-ғасырда «Англия артта қалған ел еді» деп атап өтсе, 17-ғасырдың басында Ұлыбритания «бұрыс басқарудан зардап шеккен, азаматтық соғыстан күйзеліске түскен, сауданы кеңейтуге мүмкіндігі жоқ, өте аз капиталы бар ел болды» деп Лажпат Рай да атап өткен.
Қазіргі таңда көпшілікке белгілі болған мәліметтерге қарағанда, Ұлыбританияның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 1500 жылы бары-жоғы 2 815 миллион доллар болса, 1700 жылы 10 709 миллион доллар болған (Ангус Мэддисон).
Ал тіпті 1000 - жылы Үндістанның ЖІӨ-і шамамен 33 750 миллион долларды құраған. Кейіннен 1500 жылы 60 500 миллион долларға жетіп, 1700 жылдары бұл көрсеткіш 90 750 миллион долларға дейін өскен. Бұл Үндістанның сол кездегі ең бай ел болғанын көрсетеді.
18-ғасырда Үндістан жоғары сапалы дайын тоқыма бұйымдары мен дәмдеуіштерді жеткізуде монополиялық құқыққа ие еді. 1750 жылы оның саудасы әлемдік жалпы сауданың шамамен 24,5 пайызын құрады (David Clingingsmith & Jeffrey G. Williamson, 2020).
Осы аралықта Үндістанның байлығын біліп алған британдықтар Үндістанмен өзара тиімді жұмыс істеу келісімшартын жасасты. Мемлекеттің ықпалды адамдарына Англияға еркін келіп-кету визасын, баспана алу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, достық қарым-қатынаста болу келіссөздерін жүргізе бастады. Осының нәтижесінде Үндістанның мемлекеттік басқаруында болған адамдар Англияда жылжымайтын мүлікке ие болды. Бұл өзара тиімді келісімнің алғашқы нәтижесі еді, ал оның қарымына ағылшындар Үндістанның алтыны мен байлығын алып, орнына бағалы қағаз деп аталатын борышқорлық тілхаттар бере бастады. Осы кезден бастап Ұлыбританияның ЖІӨ-і 1870 жылдан бастап 100 179 миллион долларға (орташа есеппен 5% өсіммен) жетіп, кейін 1950 жылы 347 850 миллион долларға дейін күрт өсті (Мэддисон).
Англияның дами бастауы
Осы келісімнің нәтижесінде 18-ғасырдың екінші жартысында Англияның әлеуметтік-экономикалық өмірінде орасан зор өзгерістер орын алды. Бұл құбылыс өнеркәсіп төңкерісі деп аталды және осы төңкерісті сәтті жүзеге асыруға қажетті инвестицияның басым бөлігін Үндістан қамтамасыз етті.
Ағылшындар Үндістанның билігіне ықпал етіп, бұрыс адамдарды басқаруға шығарды, ал олардың қолдауымен билікке отырғандар британдықтардың қатыгез саясатын өз елінде жүзеге асыра бастады. Оның ішінде: ұлттық кәсіпкерлерге жоғары салық салу, тоқыма өнеркәсібі мен кеме жасау сияқты салаларға сауда шектеулерін қою сияқты қасқөйлік қаржы саясатын жүргізді. Яғни, биліктегі жемқорлар өз еліне қарсы жұмыс істеп, Үндістан экономикасының құлдырауына үлкен үлес қосты. Осылайша британдықтар орасан зор байлықты тегін тасып әкетті.
Бұл кезеңде Үндістан халқының да, мемлекеттің де жағдайы ауырлай бастады. Үндістанның байлығына көз сүзгендер тоқтаусыз барлық байлықты тасып әкетіп, өнеркәсіптерін жапты. Оның орнына Англия өз өнеркәсібін дамытты. Осының нәтижесінде Англия халқы жұмыспен қамтылып, тұрмысы түзелсе, Үндістан халқы жұмыссыз қалып, аштықтан қабырғасы ырсиған тері мен сүйекке айналды. Осылайша ашыққан халықтың соңында күресетін де қауқары қалмады.
Осындай жағдайға жеткізу үшін ағылшын тіліндегі білім беруді психологиялық отарлау құралы ретінде пайдаланды.
Ағылшындар үндістердің санасын отарлаудың ең тиімді жолы ағылшын тіліндегі білім беруді енгізу екенін түсінді. Сондықтан Махатма Гандидің «Көркем ағаш» деп атаған жергілікті халықтың білім беру жүйесін таратып, жойды. Оның орнына үндістерге Еуропа әдебиетін, батыс өнері мен тілін үйретуге үлкен мән берді. Білім жүйесінің күйреуі Үндістан жастарын моральдық жағынан аздырып, білімсіз етіп шығарды.
Білімсіздіктің үстіне ұлттық мұрасы мен дәстүрін ұмытқаны Үндістан халқын патриоттық сезімнен жұрдай етті. Патриоттық сана қалыптаспағандықтан, не үшін және қалай күресерін білмейтін, күрессіз халыққа айналды. Оларда бағатын мал да, мал соңынан көшетін мүмкіндік те болмады. Егін егетін жерлерін жерді жекешелендіру арқылы тартып алғандықтан, басатын жер де қалмады. Осылайша Үндістан елі Англия отаршыларының кесірінен әлемдегі ең бай елден қорқынышты кедейлер еліне айналды.
Бұның бәрі билікке отырған жемқорлардың кесірі. Осындай көрініс бүгінгі Қазақстаннан да байқалатын тәрізді.
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz