Қуандық Танабас. Қазыбек би, Мұхтар Әуезов көшелерін саяжайдан іздеңіз
Павлодар қаласының нақ қиыр шетіндегі солтүстік өнеркәсіп ауданында Лесозавод деп аталатын шағын аумақ бар. Жұрттың бау-бақшасы, саяжайлары, «бәріне түсінікті тілмен» айтқан кезде, дачалары осы Лесозаводтың ішінде орналасқан. Қаланың бұл саяжайлы аймағында әдемі алма ағаштары мен бірең-сараң үйшіктерден басқа Қазыбек би мен Мәшһүр Жүсіп Көпейдің, Ермұхан Бекмаханов пен Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұхтар Әуезов пен Жұмат Шаниннің және Сабыр Шәріповтің қысқа-қысқа ойқыш көшелері де бар екен.
Шаһар көшелері жайлы
Павлодар қаласының нақ қиыр шетіндегі солтүстік өнеркәсіп ауданында Лесозавод деп аталатын шағын аумақ бар. Жұрттың бау-бақшасы, саяжайлары, «бәріне түсінікті тілмен» айтқан кезде, дачалары осы Лесозаводтың ішінде орналасқан. Қаланың бұл саяжайлы аймағында әдемі алма ағаштары мен бірең-сараң үйшіктерден басқа Қазыбек би мен Мәшһүр Жүсіп Көпейдің, Ермұхан Бекмаханов пен Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұхтар Әуезов пен Жұмат Шаниннің және Сабыр Шәріповтің қысқа-қысқа ойқыш көшелері де бар екен.
Шаһар көшелері жайлы
Бүгінде қала ішіндегі 315 көшенің саусақпен санарлықтайы ғана қазақша аталған. Ал орысша атауларды тіпті жік-жігімен бөліп қарастыруға болады. Мәселен, қаланың өнеркәсіптік бөлігінде Торговая, Товарная, Транспортная, Кирпичная, Путейская, Металлургов, Сталеваров, Химиков көшелері жатса, кешегі кеңестік дәуірді еске түсіріп, тіпті Ресейдің тарихи қайраткерлерін ұлықтайтын Первого Мая, Красноармейцев, Комсомольская, Молодогвардейцев, Кутузов, Суворов, Ермак, Минин, Рылеев, Бестужев, Малахов, Царева, Муравьев көшелері бар. Оған қоса әлі күнге шейін Ленин, Яков Геринг, Димитров көшелерінің аты сақталған. Мұндай «әйгілі адамдардың» атына берілген көшелер саны барлық қаламыздың көшелерінің 47,8 пайызын құрайды. Павлодар қаласы көшелерінің атауларында географиялық сипатқа да тоқтауға болады. Жалтырап жатқан Москва, Российская, Ленинград, Архангельск, Барнаул, Кисловодск, Днепропетровск, Новосибирск, Кубанская, Омск, Пенза, Ладожская, Ленская, Смоленск, Мурманск, Челябинск, Красноярск, Волочаев, Кисловодск, Лунная, Солнечная көшелері сөзімізге дәлел. Бұл тек орысша аталған қала көшелерінің бір бөлігі ғана және қала ішінде орналасқандары.
«Қудаланған» көшелер жайлы
Мәселенің мәнісі аталмыш көшелердің бүгінгі жай-күйі, сапасында емес, орналасқан аймағында. Ал Лесозавод - Павлодар қаласының солтүстік бөлігіндегі ең шеткі аумақтардың бірі болып саналады. Кезінде ағаш кесу зауыты болғандықтан, осылай аталған. Кей қала тұрғындарының бұл жерде саяжайлары бар. Кеңес өкіметінің құлдыраған тұсында дәл осы аймақтағы бос көшелерге қазақ халқының біртуар азаматтарының есімдерін беру ұйғарылған екен. Мәселен, «Улицы нашего города» кітабында Қазыбек би мен Мәшһүр Жүсіп Көпейдің, Жұмат Шаниннің есімдері 1991 жылы, Ермұхан Бекмаханов пен Жүсіпбек Аймауытовтың және Мұзтар Әуезовтің есімдері 1990 жылы көше атауына беріліп, ресми түрде бекітілгендігі жазылған. Бірақ, тәуелсіздік келгенімен аталмыш көшелердің мәселесі бүгінге шейін де шешімін таппаған. Ономастика комитеті арыстарымыздың есімін бау-бақшалардың ішіндегі жолдардан қала орталығындағы көшелерге көшіреміз деп уәде бергелі қашан. Қала халқының көп бөлігі бұндай көшелердің бар екенін де білмейді екен.
Ал осы «қудаланған» көшелердің жағдайы айтпасақ та белгілі болар. Дегенмен де қайран кешегі бабамыз, 13 жасында дау айтқан қаз дауысты Қазыбек би көшесінің тағдыры бөлек. Струнина және Потапов көшелерінің арасында жатыр. Оған қоса бастапқы кезде аты да дұрыс бекітілмеген екен. «Казыбека переулок» деп беріліпті. Тегі көше атауын бекіткенде «ақылмандар» би сөзін артықсынған болар. Оған қоса Қазыбек бидің тұйық көшесі бар жоғы он шақты жер үйді қамтиды екен. Ал қазақтың тарихшы ғалымы, Баянауыл ауданының тумасы Ермұхан Бекмаханов көшесі тап саяжайдың ішінде орналасқан. Бір қызығы Бекмаханов көшесі қала картасында да, телефон анықтамалығында да жоқ болып шықты. Енгізілмеген екен. Санда бар, санатта жоқ Бекмаханов көшесіндегі 20 үйге телефон сымдары да тартылмаған. Тіршілік жоқ сияқты болып көрінеді. Кешегі кеңестік кезеңде шындықты жазып, 25 жылға сотталған танымал тарихшы Ермұхан Бекмахановты бүгінде, міне, қудалаудың өзге бір сорақы түрі шығыпты. Кереулік «қудалау».
Аймауытов, Шанин, Шәріпов көшелерінің де жағдайы дәл осындай. Әлі күнге дейін Копеева деп аталып, Лесозавод кентінде жатқан көшенің де бағы ашылар емес. Сол сияқты ұлы классигіміз Мұхтар Әуезовтің де есімі қорланып, орыс орфографиясымен Ауэзова деп жазылған. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Мұхтарұлы Арынның айтуынша, ол бастаған ғылыми кеңес пен бір топ зиялылар қауымы алдағы уақытта Мәшһүр Жүсіп Көпей мен Мұхтар Әуезовтің есімдерін қала орталығындағы басты көшелердің біріне бермекші. Тек бәрін уақыт көрсетеді.
Ойтүйер
Бүгінге дейін Павлодар облысы үшін ономастика, қазақ тілінің мәселесі шешімін таппаған күрделі проблемалардың қатарында қалып отыр. Өйткені, жергілікті басшылық «жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдыра беруді үйреншікті әдетке айналдырған. Ал Ономастика жөніндегі Заң талаптары бойынша, бір тұлғаның есімін бір елдімекенде екі көшеге қоюға болмайды. Яғни, Лесозавод аумағының саяжайларындағы арыстарымыздың есімдерімен аталған көшелерді түгелімен жойып, қайта тіркету қажет. Ал бұл мәселе дағдарыс жағдайында едәуір шығын әкеледі екен. Сондай-ақ, кейбір адамдар тобының табанды қарсылығын туғызу қаупі де жоқ емес.
Көзқарас
Ерлан Мұхтарұлы Арын, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Бүгінгі күнге шейін жер-су, көше атауларын қазақшаландыру жұмысында аймақ бойынша ғана емес, республика көлемінде қалыптасқан жүйе жоқ. Павлодар қаласындағы Аймауытов, Әуезов, Шанин, Шәріпов, Қазыбек би сияқты көше атауларының қала шетіндегі саяжай телімдері арасында қалуының да себебі сол. Ономастика комитетінің талдау, сараптау жұмыстары әлсіз. Мәселен, ұлы ақынымыз Абайдың есімі тар бір көшеге беріле салды, сонда Абайдың есімі қала орталығындағы басты көшелердің біріне лайық болмай шыққаны ма? Немесе Шоқан Уәлиханов атындағы көшенің түрін көріңіз. Қала түгіл, ауыл ішіндегі көшеден қорқынышты. Маған осының барлығы мазақ сияқты көрінеді. Ал осының барлығын көре жүріп, біздің де құр қол отырмай, тындырып жатқан істеріміз бар. Университет құрамындағы арнайы ғылыми кеңес Мәшһүр Жүсіп Көпейдің, Малайсары тархан мен Бөгенбай батырдың есімдеріне көше беруді талап етіп, жұмыс жүргізуде. Бірақ, біздің ұсыныстарымызға ресми түрде әлі жауап қайтарылған жоқ. Әрине, біздің бастамамызға қарсы шығатын кері пиғылды адамдар бар. Бірақ, қала халқының көп бөлігі көше атауларының қазақша аталуын қолдайды. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев та аймақтағы ономастика мәселесіне алаңдаулы екенін байқатты. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табатынына сенімдімін.
Арман Қани, ақын, «Ертіс дидары» газетінің бас редакторы
Бұл - ономастика саясатындағы оң өзгерістерге жергілікті кейбір топтардың табанды қарсылық көрсету жағдаятынан туған құбылыс. Олар облыс аумағында өзге ұлт өкілдерінің саны басым екенін басты дәйек ретінде алға тартқанымен, ұлты өзге жерлестеріміздің көпшілігі елдімекендер мен көше атауларының егемендік кезеңі рухымен сай өзгерту мәселесіне түсіністікпен қарайды.
Айталық, Ресейдегі және Қазақстанның өзге қалаларындағы сияқты Павлодардағы Ленин көшесінің атауын өзгерту жөнінде баспасөз арқылы ұсыныс жасап едік, өзгелерді айтпағанда, бұрын партиялық, кеңестік қызметтерде істеген ұлты қазақ қарт коммунистер мен соғыс және еңбек ардагерлері «Пролетариаттың ұлы көсемін» мәңгілік құрметтеуді барынша жақтайтынын айқын танытып, білек сыбанып шыға келді... Ал облыс орталығындағы басты көшелерге қазақ-жоңғар соғысында ел тәуелсіздігі үшін шайқасқан қаһармандардың есімін беру туралы мәселе қозғалғанда, ақсақалдарымыз рулық белгілері бойынша жіктеліп, бір-бірімен пікір таластырып, бір мәмілеге келе алмады. Демек, аймақтағы ономастика саясатындағы іркіліс үшін тек өзге ұлт өкілдеріне ғана күмәнмен қарауға негіз жоқ.
Және бір ескерер жайт: кеңестік кезеңде М. Әуезов, Ж. Көпеев (дұрысы Мәшһүр Жүсіп) тәрізді ұлы тұлғалардың есімдері Павлодар қаласы шетіндегі ықшам аудандардағы шолақ көшелерге қасақана берілгендіктен, осы орайдағы мәселе түйіні тіпті шиыршықталып тасталғаны. Өйткені, ономастика жөніндегі Заң талаптары бойынша, бір тұлғаның есімін бір елдімекенде екі көшеге қоюға болмайды. Қызыл комиссар Дзержинский атындағы көшені әлемдік деңгейдегі ұлы ғұлама Қ. Сәтбаевтың атына ауыстыру ісі әлгіндей жайтқа байланысты қиындықпен жүзеге асырылды.