Дүйсенбі, 10 Тамыз 2026
Талқы 1857 0 пікір 6 Тамыз, 2026 сағат 18:28

Мемлекет тұрақтылығының кепілі – қуатты институттар!

Сурет: Автордың жеке архивінен алынды.

Соңғы уақытта Конституциялық құрылысты түсіндіруге, оның қажеттілігін саралауға деген қоғамдық сұраныс кең қанат жайып келе жатыр. Азат елдің азаматтарынан осындай сұраныстың туындауы заңдылық.

Себебі мемлекет деген тек қайталанбас қоғамдық құрылысты реттеуге бағытталған феномен ғана емес, күш қолдануы заңдастырылған, легитимді алапат күш. Бұл алапат күшті қадағалау, қоғам, халық мүддесіне жұмыс істету, адам құқықтарын қорғау тетігіне айналдыру бүгінгі күні азаматтық қоғам үшін ең маңызды сауалдардың бірі. Шын мәнінде мемлекеттің табыиғаты кемелденген тетіктерден тұратын қоғамдық келісімге негізделетіндігі айқын. Ал оны қадағалаушы негізгі күш, азаматтық қоғам. Азаматтық қоғамның тобырдан айырмашылығы, оның тәуелсіздігі мен белсенді позициясы. Сандаған ғасыр бұрын өмір сүрген Рим империясында ең ауыр жаза азаматтықтан айыру болып есептелгендігі белгілі. Осы жаза адамның ұлы өркениет, ұлы мемлекет, ұлы ұлттың бір бөлігі болудан қалып, шешімдері мемлекет өркендеуіне ықпал етпейтін қарапайым халықтың бір бөлігіне айналуды заңдастырған болатын. Ұлы идеяға қызмет ету мүмкіндігінен айрылған адам өзінің қоғамдағы маңызын жоғалтып қана қоймай, мемлекетпен тұрақты байланыстан айрылатын. Азаматтық ол кезеңде де, бүгін де тек құқықтардан ғана емес, қоғам тұрақтылығын қамтамасыз ететін міндеттерден де тұратын. Атақты рим легиондарының тиімділігінің бір көрінісі де осының айғағы. Себебі басқыншылық соғыс болсын, қорғаныс мақсатындағы соғыс болсын, азамат түбінде өз мүддесі үшін, өз арманы үшін, өз отаны үшін соғысты, өз ұрпағының ертеңіне қызмет етті. Бұл құқықтарды қамтамасыз ету, Рим Сенаты, ақсақалдар кеңесі секілді алқалы органдарға арқа сүйеді. Римнің тіпті империяға айналу кезінде де алқалы органдар түрленгенімен жойылып кеткен жоқ. Себебі азаматтық өкілдік институты ретінде алқалы органдар қоғам дамуының маңызды институттары болып қала берді. Мұны ең бассыз императорлардың өзі түсініп, бұл органдарды жоюға ынта білдірмеді. Тиісінше империяның ыдырауына бірден бір ықпал еткен фактор ғұн жорықтары немесе христиан дінінің пайда болуы мен оның кең қанат жаюында жатқан жоқ. Негізгі себеп институттардың тежеуші басқарушы тетіктерінің тиімді жұмыс істей алмауында, азаматтардың тобырға айналып, азаматтық ұғымының өзгеруінде жатыр. Ортақ мүддеден айрылған мемлекет ұзақ өмір сүре алмайтындығы айқын. Демек мұндай жағдайда өркениет құлап, ыдырай бастайды, немесе сол қоғамда қабылданған қағидаттарға сай терең өзгерістер орын алып, мемлекеттік институттар түрленіп өзгере шығады. Мүны Батыс Рим ыдырағаннан кейін, Шығыс Рим, яғни Византия мысалынан көре аламыз. Тиімді азаматтық институттар қызмет еткен қоғамнан дінді өз қызметіне бағындыра отырып, шығыстық деспотияның негізгі элементтерін бойына сіңірген Византия рим дәстүрін жалғастырушы мемлекетке қарағанда, тобырға арқа сүйейтін орталықтанған шексіз монархияға қарай бет алып, өкілдік органдардың табиғаты да, мазмұны да біртіндеп бұрынғы ықпалдың көленкесіне айналды. Демек мемлекеттің табиғаты, институттардың арақатынасы өзгерді.

Осы тұрғыдан алғанда отыз жылдан астам әр түрлі конституциялық реформалардың астарында өмір сүріп келе жатқан қазақ қоғамы бүгінгі күні қандай институционалды өзгерістерді бастан өткеріп отырғандығына бір назар аударып көрелік. Бұл үшін өте маңызды фактор мемлекеттің дербестік алуына себеп болып, тәуелсіздігінің тірегі не болғандығына назар ауадару керек секілді. Айталық АҚШ конституциялық құрылысының негізгі өзегі тек Ұлыбританиядан тәуелсіздік алып қою идеясынан ғана туындады деп айту қиын болар. Мұндағы конституциялық құрылыстың пайда болуы мен өзгеруіне ықпал еткен өзге фактор әрбір штаттың өз дербестігін қамтамасыз етуге деген қажеттілігінен туындады. Конституция құраушылардың негізгі ойы мұхиттың ар жағындағы деспотты жергілікті деспотпен айырбастамау, деспот болдырмайтын институттар қалыптастыру болып табылды. Конфедерация баптары деген атаумен белгілі алғашқы конституция жобасы тиімсіз болғандықтан конфедерациядан федерацияға қарай бет алған мемлекеттік аппарат аймақтардың осы бір қорқынышын, ал ең маңыздысы қажетті кепілдігін ескере отырып, тек орталық билік деңгейінде биліктердің тармақтарға бөлінуін қамтамасыз етуді басшылыққа алып қойған жоқ, сонымен бірге жергілікті билік пен федералды биліктің арақатынасына жіті назар аударды. Сондықтан айтарлықтай мықты болып көрінетін Президент институты халық тарапынан тікелей емес, аймақтық ерекшеліктерді ескеретін сайлаушылар тарапынан сайланады. Президенттік республика мәртебесіне қарамастан Конгресстің ықпалы президент ықпалынан кем емес, тіпті жекелеген жағдайда одан күшті. Сондықтан да болар АҚШ унитарлы билік доктринасына ғана емес, саяси сауал доктринасының өркендеуіне де жол ашты. Сондықтан да болар, ресми түрде Конституцияда көрініс таппағанына қарамастан және ресми доктринаға сәйкес саяси билікке қатысты мәселелерді қарастыру құқығы шектелген АҚШ жоғарғы соты Конституциялық құрылыстың мызғымастығының кепіліне, қайталанбас феноменге айналып отыр. Билік тармақтарының арасында тұрақты орын алып отырған қақтығыстар біртіндеп қуатты институттардың қалыптасуына жол ашты. Тек жол ашып қана қойған жоқ, билік тармақтарының арасында заман талабына сай икемділік те берді. Алысқа барудың қажеті жоқ, Ұлы депрессия жылдарында Франклин Рузвельттің ықпалы мен биліктің тиімді шешім қабылдау үшін белгілі дәрежеде бір орталыққа шоғырлану қажеттілігін түсінген Конгресс пен Жоғарғы сот алғашқы кезде көрсетілген қарсылыққа қарамастан, уақыт өте келе бұл қажеттілікке мойынсұнды. Дегенмен бұл Рузвельт билікті жеке басып алды деген сөз емес. Биліктің негізгі иесі ретінде Конгресс Президентке уақытша өкілеттігін кеңейту мүмкіндігін бергенімен, биліктің либералды сипатына қажеттілік туған жағдайда билікті қайтарып алу тетігін қолында сақтап қалды. Президент болып сайланған Трумен Рузвельт кезіндегі биліктегі президент басымдығын пайдалана отырып болат, шойын өндірісін мемлекет меншігіне алу туралы шешімі конгресс тарапынан үлкен қарсылық тудырып, нәтижесінде теңдік қалыптастыру мақсатында, меншікті мемлекет меншігіне алу, соғыс жариялау секілді құқықтар конгресске қайтарылған болатын. Естеріңізде болса бұл Корей соғысының жаңа басталып жатқан кезеңі болатын. Оңтүстік пен Солтүстік болып бөлінген түбек өзара жанжалға жол берген сәтте, болат және шойын өндіретін кәсіпорын жұмысшылары стачка мен әр түрлі қарсылық акцияларына бой алдырып, кәсіпорын жұмыстарына кедергі келтіреді. Кәсіпорын егелері материалдық жағдайды жақсарту үшін бос қаржы ресурстарын таба алмай дал болады. Металсыз қару эоқ. Қарусыз одақтасты қолдай алмайсыз, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайсыз. Әскери қажеттілікті ескере отырып президент Трумен, Рузвельттің кезіндегідей өкілеттігім бар деп металл зауыттарын мемлекет меншігіне өткеру туралы орындаушылық актіге қол қояды. Шын мәнінде ойланып қарасаңыз Рузвельт бұдан да қиын, күрделі шараларға барып экономикалық тұрақтылықты сақтап қалды емес пе? Енді ұлттық қауіпсіздік мақсатында неге осы тетікті қайтадан іске асырмасқа деген сауалға Конгресс ашық қарсылық білдірмегенімен, қолдау да көрсетпейді. Бірқатар конгрессмен бастамасымен АҚШ жоғарғы сотына петиция толтырылады. Петицияда АҚШ Президенті өз құзіреттілігін асыра пайдаланғаны туралы айтылып, әрекеттердің Конституцияға сәйкестігінет қатысты қорытынды жасау өтініші тіркеледі. Сол кезде АҚШ Жоғарғы Соты Президент Труменнің билікті асыра пайдаланып, Конгресс құзіретін иемденгендігі жөнінде шешім шығады. Тиісінше атқарушы акт Конституцияға қайшы деп мойындалып, оның күші жойылады. Сот сонымен бірге Конгресстің негізгі билік көзі екендігін және тиісінше үндемей қолдау білдірген жағдайда атқарушы билік өз өкілеттігін Конгресстің үнсіз рұқсаты негізінде кеңейту мүмкіндігіне ие бола алатындығы, ал қарсылық көрсеткен жағдайда барлық билік Конгресске қайтуы қажеттігі жөнінде шешім шығарады. Жоғарғы сот тарапынан қабылданған шешім саяси шешім бе, құқықтық шешім бе? Соттың өзге билік тармақтарының бұлай ісіне араласуы қаншалықты дәрежеде оның табиғатына сәйкес келеді деген сауалдар тууы мүмкін және заңды. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе соғыс жаңа аяқталған дәуірде, Президент өз айтқанын істете алмас па еді? Президенттің ұлттық қауіпсіздікті желеу етіп сот шешімін орындамай тастауға шамасы келмес па еді? Негізі билікке сайлау нәтижесінде жеткен Президент неліктен Жоғарғы сот шешімдерін тыңдап, орындауы керек деген сауалдарда жатыр. Шын мәнінде билікті мақсат етіп қойған адамның шалыс басуы, шалыс басып қана қоймай өзі басқарып отырған билік институтын өзге билік институттарына бағынышты етіп қоюы қаншалықты дәрежеде логикаға сияды деп ойлайсыз? Бұл билік институттары тенгерімінің қалыптасуына ықпал еткен көп кейстің бірі. Бұл кейстің маңызы оның орнатқан теңгерімінде ғана емес, билік тармақтарының өз арасындағы қабылданған шешімдерге деген көзқарасы мен сыйластығында жатыр. Бұл қалыптасқан саяси мәдениеттің мемлекеттің институционалдық негіздерін нығайтуға бағытталған саясатының айқын көрінісі екендігінде жатыр.

Дәл осы секілді АҚШ-тың алғашқы Президенті, азаттық соғысының батыры Джордж Вашингтонның үшінші кезеңге президенттік сайлауға түсу мүмкіндігі болмады деп ойлайсыз ба? Болған болса бұл идеядан бас тартуына не себеп болды? Алғашқы күннен қарқын алып, өз үнін түсірмеген Конгресс пе, диктатураны болдырмауды мақсат етіп қойған қоғам құндылығы ма, жоқ әлде демократиялық құндылық пен азаттық идеясына берік Вашингтонның ішкі дүниесі мен құндылықтар жүйесі ма? Қайсысы басым болғаны белгісіз, бірақ ортақ ниет пен бірізділік ғаламдық деңгейде ең өміршең, ең ұзақ жазбаша Конституцияға арқа сүйеген кемел жүйенің дамуына жол ашты. Үлкен өзгеріссіз, билік балансы мен қатынастарына әсер еткен түрлі прецеденттерге арқа сүйей отырып бұл жүйе ұзақ өмір сүріп келе жатыр. Биліктің институционалдық негізі тек жазылған Конституция баптарының мызғымастығына ғана емес, Президент, Конгресс пен Жоғарға соттың өзара ықпалдастығы, дербестігі мен тежеу тетіктеріне арқа сүйеді. Конституцияның қарпі де, одан бөлек Конституцияның рухы да биліктегі бірізділікке арқа сүйейді.

Қазақстан жағдайындағы негізгі күрделі мәселе биліктің институционалды негізін айқындайтын билік институттарының арасында прецеденттердің болмауында немесе олардың әлсіздігінде жатыр. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері бір билік институты ғана нығайып, дамып түрленіп, өзге институттар сол ситуацияға икемделіп отырды. Заң шығарушы билік пен атқарушы биліктің қайшылығы заң шығарушы биліктің жеңілісімен аяқталып отырды. Онымен шектеліп қана қоймай, тиісті конституциялық реформа нысанына қарай ойысып, Президент институтын биліктің бір тармағы емес, билік тармақтарының үстінен қарайтын төрешіге айналдырды. Әр қабылданған жаңа Конституция референдум арқылы заңдастырылып отырса, әр Конституциялық өзгеріс тиісті рәсімнен өткізілді. Демек халықаралық аренада кеңінен таралған халықтық егемендік тұжырымдамасына арқа сүйеді. Кең мағынада саяси немесе құқықтық ғылым тұрғысынан ешқандай күмән тудырмайтын құқықтық шешім болды. Бірақ маңызды мәселе ол емес, маңызды мәселе осынау күрделі реформалардың нәтижесінде елімізді тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын конституциялық құрылыстың институционалды негіздері қалыптасты ма деген сауал. Ал бұл сауалға жауап беру оңай емес. Президенттік институттан басқа институттардың барлығының әлсіздігі билік тармақтары ықпалдастығының мардымсыздығы мен шектеулігінен туындаса керек. Соңғы шешім қабылдаушы ретінде Президент фигурасының болуы бұл институтқа үлкен ықпал мен жауапкершілік артқанымен шын мәнінде бұл институтты да әлсіретті. Бұл ретте Н. Назарбаев кезінде президент мал шаруашылығынан бастап, мектептерде таңғы асқа дейінгі үлкен аралықты қамтитын сауалдарға жауап беретін органға айналғандығын аңғармай қалдық. Тұлғаның институтқа айналуы, институттың тұлға шешімдеріне арқа сүйеуі әлем тарихындағы таңсық дүние емес. Бірақ қалыптасқан демократиялық құндылықтарға арқа сүйейтін қоғамға тән емес екендігін ескеру керек. Күшті фигура институттың ықпалын күшейткенімен табиғатын әлсіретеді. Нәтижесінде мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асыратын маңызды орган биліктер координатында өз орнынан айрылып, жауапкершілігі айқындалдмаған, барлығына бір мезетте жауапты, алайда, сол мезетте ештеңеге нақты жауап бермейтін дәрменсіз фигураға айналады. Қоғам бұл жағдайда мемлекеттің бүгіні мен болашағын тұрақты жұмыс істейтін институттармен емес, жеке тұлғамен байланыстырады. Нәтижесінде билікте жеке тұлғаның басымдығы орын алса, Парламентте тұлғалық партиялардың ықпалы күшейеді. Яғни қоғамның негізгі қозғаушы күші идеяға арқа сүйейтін маңызды саяси платформалары бар институционалды партиялар емес, лидерлердің хоризмаларынан асып кете алмайтын тұрақсыз құрылымдар орын алады.

Соңғы уақытта партияларда орын алған басшылық ауыстыру үдерісін де, жаңа Конституцияның қабылдануын да осымен түсіндіруге болады. Бірақ бұл реформаның бастамасы ғана. Келесі қадам Президенттік институтының билік бөлінісіндегі орнын нақты айқындап, өзге билік тармақтарымен қатынастарын реттеу. Бұл жұмыс өте күрделі болмақ. Біз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алғашқы президенттік кезеңіндегі сынның табиғатын да осыдан көре аламыз. Қоғамдық өмірдің барлық салаларына араласып, белсенді басқармашылық бағытты ұстанған жүйе құраушы Елбасы мен президенттіктің институционалдық негізін қайта қарап билік тармағы ретінде орнығуына ықпал ету үстіндегі мемлекет басшысының айырмашылығы да осында. Белсенді президентке үйренген қоғамның салиқалы президентке үйренуіне тура келді. Жеке адамға арқа сүйейтін жүйеден, иснтитуционалдық жүйеге бетбұрыстың арқауы да осы болмақ.

Шыңғыс Ергөбек

Abai.kz

0 пікір