Жексенбі, 9 Тамыз 2026
Әдебиет 1519 0 пікір 5 Тамыз, 2026 сағат 13:12

Ысқақ пен Ыбырайым

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

(Діни поэма)

(М.Б-ға)

— Жүр, Ысқақ, Неге қатып қалдың? Жүр!

— Қазір барамын, — деді бұлақ бойынан бұлқынып.

Нөсер құйған түн еді салқын-дүр,

Нөсерге кіргенде айғай да нөсерге тұншығып.

 

Орысшада Ысқақ — Исаак боп қысқарып,

Рухы да, көлеңкесі де көңіліне алмайды,

Бір әріптің ауаға ұшқанын,

Тек ғана жымиып барлайды.

Табылмай кетеді бір дыбыс ауада,

Тамшы боп, үгім боп жоғалып,

Исаак сөз — майшамның тұқылындай боп қала ма,

Бұрын Ысқақ боп кең жүрген таралып.

Жалғыз дыбысты қайтаршы айғайлап,

«Исаак! Исаак!» деп жарардай жаңғырып.

Сол сәтте Исаак майшамнан жай лаулап,

Жалынын көтерер сән қылып.

 

Ал, Ыбырайым, қол жетпес есімің,

Жотаны, бұтаны, дұшпан мен достарды шақыра,

Жисаң да зиратты, мешітті, кеш, інім,

Шақыртсаң да бәрінің атынан:

Оларға еш жауап бермейді. Миынан

Құлағы бөлініп қалғандай.

Бір дауысты дыбыстың жоғалған сыйынан,

Дауыссыз дыбысты шу басып алғандай.

Бір дыбыстың кемейуіне ренжіп, жебелі нөсерге

Көмей мен мидың үнсіздігін сап қойған,

Бір майшам емес-ау, бұтағы тап болып кеселге,

Бұталы ұрпағы қурап, ішпеді тәтті ойдан.

 

— Жүр енді, Ысқақ.

— Барамын. —

— Тездет.

Жауап беруге бөгелді.

— Неғып тұрсың?

— Күтіңіз.

— Күттім ғой, қарағым...

Шам қызартар қараңғылық ішінде денеңді.

— Жүр, қалма.

— Жүгіріп келемін... Бүйірін бір қысып...

Шығыстағы бұлттардың тобына бұлғақтап...

— Неге тоқтап қалдың?

— Көзіме құм түсіп...

— Қалма артымнан.

— Жоқ, жоқ.

— Жүр, қорықпа!

Бала құмдай қозғалар сырғақтап.

 

Ысқақ пен Ыбырайым сол шөлде,

Жаяулап бет алып қасиетті орынға,

Жыралармен төрт күнді еңсерген,

Қамырдай былқылдақ құмдардың жолында.

Құм дала, құм ғана.

Түбірі қураған —

Құмның да ішінде қияқтай шөптер тұр сұрлана,

Құммен бірге көшеді, құм «жүр!» деп ымдаған.

Сұп-сұрғылт қиғақ шөп,

Қайдан нәр алады?

Бір тамшы ылғал жоқ,

Қияққа ұқсайтын дәмін-ай ананың.

Толған құм төбелер — далалар,

Санасаң сан жетпес, салмағы белгісіз.

Құм теңізі, түбінде қара жер бар десең қара нар,

Сенбейді ол да, жер түбін көргісіз.

Құм төбе. Аты оның — бархандар,

Шөл аспаны айдағарша бұратылып тұрғандай.

Ыбырайым басады алға алшаңдап,

Ысқақ ілесіп, шөлге өзін буғандай.

Күн батып, әкенің жонына сәуле ұрып,

Құм ұйтқып, жел үдеп тұрады ал...

Ыбырайым тіл қатты әреңге әлденіп:

— Балам, отын алдың ба?

— Міне, қураған бұта бар...

 

Жанын соққылап тас толқын барады,

Ұзақ әңгіме кілт тынып үзілді-ай!

Бір қарыс бұтаны жұлып ап қарады,

Ойдың, жоқ, сөйлемнің қалыңдығындай.

Жағалаусыз құмдарға жаға сап,

Екі жолаушының іздері тереңдеп,

Жағалаудағы қайраңдай болғанмен қарасаң,

Көбелектей қалқыған көбік жоқ, дегенмен.

Теңіздің күңгірт жалы жоқ, жарқырап

Оңда да, солда да басқаша теңіздер...

Мына екі жолаушы қайық боп қалтырап,

Қайықты көтерді толқындар, шомылып көп іздер.

— Шырпың өзіңде ма?

— Шырпы міне ғой.

Жарық аспанға шағылысып көрінбей...

Еңкейген екеудің арқасын тілердей,

Арқадағы отынның бұтағы тебіндей...

Ыбырайымның қою шұбаты болыпты,

Әр құдықтан Ысқаққа суды да алдырып...

Қырынан қарасаң Айға ұқсап көрікті,

О, осы құмыралары, өзекті қандырып...

Шығыстан келген бұлт көкке енді таралып,

Инедей, найзадай ширығып ойнаған құйындар,

Қара ормандай қоршайды қадалып,

Дің болып Ысқақтың жанына жиылған.

Сәулелі саңлауларды қалдырмай,

Аңдар арқасымен жарықты жапқандай.

Қара түнектер төменге жапырлай,

Құс болып шаншылып жатқан ба-ай?!

Құйын ормандар шошайып шың болып,

Жолаушылар қайық боп жүзеді ентігіп...

Қараңғылыққа қара құм шын көміп,

От жақпаса болмады... Жанарды сергітіп...

 

Тағы да есімде. Тау болды сол жерде,

Ару шие ағаштарымен тізілген соқпағы...

Етегінде көл болды, елесін көргенде,

Сол көлдің үстіне таңғы бу тоқтады...

Толқыны сыбдырлап, шөптері сыбырлап,

Із тимеген иен соқпақ — қараусыз.

Жапырақтың көлеңкесі шымырлап,

Күзінде жапырақтары төгілер амалсыз.

Жалтыраған тұмсыққа бу жылжып,

Ағарған діңдерді тышқаны кеміріп...

Бұтақтар құм жаққа тұр мүлгіп,

"Құмда не болғанын білсем" деп беріліп...

Тіпті төменге өседі салбырап,

Құмның да ішіне сұғынып,

Көлеңкелерімен жаяды жапырақ,

Соқпақпен бір дене боп туылып.

Жылтыр көл бетінде — ызыңы араның...

Құлақты бұтақтар арасымен сырға Ай кеп жүзеді,

Екі жапырақтың көлеңкесі 8 санының жасап жанарын,

Осы жұмбақ сан жапырақты көтеріп тұр еді.

 

Ыбырайым қарады кенет бір бұтаққа,

Көкжиекке жайылған сол бұтақ,

Малына бастады жүректей шуаққа,

Мақсаты орындалатын болды шақ.

— Жақын қалдың, — деп бұтақ үн қосты,

Ыбырайымның бетіне созылып,

Ыбырайым үндемей қараңғылықпен тілдесті,

Ысқақ ал мұны көрген жоқ сезініп.

Ол басын көтеріп қарады, күрсіне —

Мұңды орманның тамыры ашылған тұстарға,

Үстіне жайылған құйынды орманның ішіне —

Бір жұлдыз жарығын жағып, ұшты алға...

Тағы бірі олардың жанынан

Өтті де, соқырша соқтыққан кесектер

Жапырлап өтеді... Төбеден жабылған —

Құйынды орманы жоғалды, суырылып елестер.

Екі қадам жерден бұтаны көрді де,

Тастай салды отынын, қызғанып...

Мөлдір жапыраққа көзін сендіре,

Жапырақты сипалап, құмға жүрегін тыңдатып...

Жайылған бұта бәріне ұқсап шығатын —

Үйдің көлеңкесіне, алапат жарылысқа, имамдық шапанға,

Доңғалаққа да ұқсайды төменге айналып тұратын,

Өзен атырауына, ұқсайтын сәулелі баранға.

Алақаныңа, денеңе де ұқсайтын,

Жалт қара! Тмырдай таралған тараулар...

Бір ысқырсаң жиналып, бұйрығыңнан шықпайтын —

Тарыдай шашыраған халық па, қараңдар.

Иә, алақанға, жүздеген қолға да ұқсаған,

Тілі жоқ дененің өзіндей.

Бар өскені — сол. Өз әлемі өзін тұмшалап,

Көктемде жұлдыздар жиналар, тек соның көзіндей.

— Тездет.

— Тоқташы.

— Жүр.

— Қазір.

— Тоқтама. (Шатырдың астында тұрып алғандай өренім).

— Тезірек. — (Әр көзден жасырған зілді бір бұрқасын).

— Жылдамдат. Кеттік.

— Қазір.

— Не дедің?

Ұяға ұқсайды ол бұта, балапандары дүниеге

Жасыл қанатымен пыр-пырлай аттанған.

Қанға да ұқсатам, ұқсаттың десе мұны неге,

Бір қанға ұқсайды, оралмайтын таралған жақтардан.

Бәрінен бұрын, денеден көрі ұқсайды жаныңа,

Жанның бойы — толған діріл, қозғалыс...

Түйісер дірілдер, көлеңкелерінде тағы да,

Туылар қандай бір толғаныс?

Түйіседі, қайта артқа шегініп,

Кесе алмай жолдарын тайғанап.

Түн ішінде араласады емініп,

Буындар иіліп, жапырақ ойға қап.

Жақындап, шегінер шуылдап,

Тұншығып түнекке тұрды ұзақ,

Кетуге ұмтылса сынады сытырлап,

Құлайды отын боп қу бұтақ.

Ысқырып жел өтер үстінен,

Алғашқы бұтаққа бар бұтақ қайысып,

Түйінін серпінді күш тіреп,

От күшін ұшына жайысып,

Құдайдың құрметіндей қара жел құлпырып,

Бүкіл жерді кезген тірлік кейпін тербетіп.

Сезімі тыншытпай, өмірге ынтығып,

Бұтақты тіршілік дүбірі терлетіп...

Сезімнің бейнесі ғана ма?

Далиған әрі тым нәзік әлемің —

Жүз есе айбынды күйінде, жан аға,

«Әй, Ысқақ, жүр енді» дейтұғын сәлемің.

Бұта ма? Тамыры жоқ енді,

Сөзден де кесек бір әріптер...

«К» әрпіне бұтақ, «У» әрпіне тіпті де ұқсайды дегенмін,

«С» мен «т» басқа бір әлемді дәріптер.

«К» бұтағының бұтасы екеу-ақ,

Екеу боп кеңес!

«У» бұтағы — жалғыз буыннан өнген-ді...

Енді сөздерді мағынасынан емес,

Әрпінің пішінінен танитын кез келді.

— Әй, Ысқақ!

— Әке, барамын.

Ішінде ыстығы будақтап, қаталап,

Құмыраны аузына апарып еді қарағым,

Быт-шыт болды жерді алалап.

Түн. Әкесінің жанында Ысқақ,

Ұзын киімімен құмдарда балпаңдап,

Ай туып — әр жаңа қадамды нұсқап,

Алтын құмның үстінде жаутаңдап.

Жұмсақ құм төбелер таусылмай,

Қатты зат байқалмай, дірілдеп,

Әке көлеңкесіндей бұдыр әлемге салқындай,

Көктің тесігінен көмескі үн уілдеп.

Ай көкжиекті көгертіп, жарқырата жуып,

Жел із-түссіз ғайып боп, тыныштық мүлгіп,

«Әлі алыс па?» десе, — «Жақын»,— деп саңқылдата шығып,

Ыбырайым бұрылмастан

түрі ыстық тұрып.

Төбеден төбеге, қайтадан төмен,

Сексеуілдей қадап кірпігін жан-жаққа,

Қатар ілбіген екеуі байқағанда өлең,

Ойын ұшыратын жел де жоқ аулаққа.

Түнемел жерге жетіп, Ыбырайым,

Өкшесімен құмды шұқырайтады,

Ұлына шөп сыбырлады, деді ме судырайын,

Шөп байыппен бір нені

тынып айтады.

— Әй, Ысқақ, тездет, жүрісіңді естірт құлағыма!

Көзін адырайтып, ауаға тор қылып жаяды.

— Мен келе жатырмын. Маған

мына бұта

Сыбырлағандай болды,—  деді Ысқақ аяулы.

— Жүре берейік! — деп Ыбырайым адымын аша түсіп...

Ай қалқып, түбінде жұлдыздар буылып,

Жылы жымиуға аспан өзін

ғана жуып.

Әуеден бір сыңғыр құлаққа ілініп,

Сезесің тек қана ауаның судырын, кідіріп...

Құм түнекті тырмалап бұталар етбеттеп,

Әр қадам ауырлап барады-ау...

Еңкейген екеудің өңдері көрінбей жер-көкке,

Арқа отынын Ыбырайым тастай сап қарады-ау...

От жақты.

Ұшқынымен тарап тұс-тұсқа алау,

Ащы түтінге көзден жас шығатын.

Түн ішіне қанатын қаққан ұшқынға қарап,

Ысқақ шырпысын сындырған мына түн.

 

Жүрелеп отырып, ошақтың жолына нұсқап:

Отынын салмақ боп, білегін түретін:

Бірақ, әкесі қолынан ұстап:

— Қоя тұр, ертеңге керек қой бұл отын,—

Одан да шөп жұл, — деп Ысқақты,

Тұрғызды түнерген түнекке.

Әрең ілбиді, жүрісі солғын бір ырғақты,

Түнектен жалғыз от қондырған жүрекке.

 

Сынған бұтақтар ойланды өлімге,

Өлім жетеді енді

оларды қуып,

Олардың тәнін ғана емес, өзегін бөлімдеп...

Алайда, басқа бір жазмышқа —

жол алды шығып.

Шырпылар ұйқыға батқандай болғанмен,

Жылтыр құм бетінде,

Балқыған отқа айналып ып-ыстық талғаммен,

Лайықты соңында күл болып кетуге.

Күлдер тозаңға айналып,

Құм көшкіні астында бытырап,

Сонда рас толығымен өтеді сорланып,

Жойылу, жоғалу араны жұтып ап.

Шайнар-ау бұтаны әртүрлі өлімдер буып ап,

Тоғайдан шыққан бөрілер әуегі жер кезіп —

Түнгі меңіреуді тұмсығымен жарса ымырап,

Бұталар қараңғылық әуенімен тербеліп.

Ысқақ шөп жұлып

кіші ағыннан жетті,

Ыбырайым саусағын шүберекпен орап, парықтап,

— Әкел бері!  — деді де құшағындағы шөпті,

Отқа сала бастады байыптап.

Қорқыныш азайып, жарығы қолды ұстап,

Күркілдеп үрлеген жалынды.

— Ертеңге отын не керек? — деді Ысқақ,

Сонда Ыбырайым үн қатты сабырлы:

— Бұл жерге не үшін келдік, арт жақта

Қалып қойып, жүріп жеттің бір алға...

Қауіп те қалып қойды аулақта,

Ертең осында құрбандық шаламыз Құдайға.

Шөп теріп жүргенде, көрдің бе

Құрбандық орнын, сен солай өрледің.

— Түнектің түбі ғой ол мүлде,

Қорыққанымнан бойым мұздап, көрмедім.

—Құм жатыр қомданып, көрсетпей,

Тыншыдым.

— Жарайды, ішкің келе ма мұны да?

Торсығын қысып, құяды сусынын,

Ысқағым шалқая қарап жұтуда.

Аспанды жап-жарық бір гуіл жапырып,

— Болдым, — деп от жаққа жылынған.

Басы бұлғаңдап, аузын сүртіп отырып,

Мажаурай бастады жылудан.

Қараңғылыққа көз тастап, бір сөзін тербетті:

— Құрбандық тоқтысы қайда енді? — деп тұнды.

Күңгірт сәулелі көзіне шамырқанған сөз жетті:

— Осы шөлде... Құдай өзіне қажет тоқтыны

Өзі табады, Иеміз өзі қамын жасайды...

Әкенің көзінде қызылсары жалтыл шатырлап,

Көзқарасы отпен, жалынмен тоғайды,

Жұлдыз жарқырап, ұйқы патшалығына жақындап.

Ысқаққа жақындап:

— Ана жақта тұр,

Өте ескі құрбандық орны,

Кім қалағанын білмеймін, бас қатып....

Құм толқып, бұтақтар үндемей желігіп...

 

От жанып, түтіндер жұлдызға ұмсынып,

Әуедегі белгісіз түртті арайды,

Барлығы ұйқыда, тыныштық бұлқынып,

Солай болуы керек —

Ыбырайым ғана ұйықтамайды.

Ысқақ ұйықтап жатып көрді түс:

Бұтақтар бұлғаңдап алдында мүлгудей,

Қолын тигізгісі келеді, өзіне берді күш,

Бірақ, жапрырақ мазасыз билейді тидірмей.

— Кім?

— Бұта.

Не?

— Бұта?

Тамырсыз тұс міне,

Әріптер сөзден де ауырлау мәнге ие.

«К» — бұтаға ұқсайды, «У» әрпі тіпті де,

«С» мен «Т» басқа бір әлемді әлдиле.

Жанның жолымен бұтақтар ұйқасып,

Тоғысып, түйісіп көлбеген,

Бұйығы тыныштық ішінен түнді ашып,

Иіліп, жалт етіп жоғары өрлеген.

Бір бұтақ тікенін көтеріп,

Тұмантып қарайды алдынан,

Ол жиған қу бұтақ елеңтіп,

Тірі бұтаққа ұмсынып қарғыған.

Бұтақтар ұзарып қол созып,

Жапырағы жақындап Ысқаққа.

Жер жылтырап, бұталар сермеліп,

Қараңғылыққа биіктеп күш тапқан.

«С» мен «Т» қайда?

«КУ» — бұтақ боп тұманды қақ жарды...

«С» мен «Т» бірлікте гулепті...

«Т» әрпі — құрбандық орны боп толғанды,

«С» — оның үстінде байланған бір тоқты.

«КУСТ (бұта)» деген төрт әріп түйісті қай тұста,

Бұтақ боп тұрғанның жел шайқап сенімін...

Барлығы түйісіп ақыры айқышта,

«Т» әрпі басады орнын көбінің...

«С» әрпі ғана емес жоғалған, бұзылып қорғаны,

«У» әрпі ғана емес бұтақ боп сынатын,

Көлденең сызығы сырғыса болғаны —

«Т» әрпі айқышқа айналып шығатын.

Бұтақтар ұзарып қалқымақ,

Бұтақтар баланы құшаққа қысқандай.

Бір құшақ қара жер жарқырап,

Сәбидің үстінен ұшқандай.

Сарғайып атқан таң ойға қап,

Құрбандық сәті кеп соңында,

Ыбырайым баланы байлап ап,

От орнына әкелді.

Кешегі орынға...

Бар отын сол жерге қойылған,

Құрбандық үстеліне Ысқақты жатқызды,

Түс сияқты бір күйге бой ұрған,

Шынайылыққа ұқсайтын сәт сынды.

Отқа жүн сап көрді, саусағын от шалып,

Жүн иісі қоңырсып кеуледі.

Ыбырайым селебесін алып тоқталып,

Баласын отқа ұстап сөйледі:

«Жә, уақыты келді» деп, қарады,

Бір қолы баласы басында.

Саусағына өткір қан тарады,

Тамырының ішінде тасуда.

Қанжар жарқылына

баланың жанын

Шағылыстырмақ болды да, елеңтіп,

О, Құдай сақта!— деп, көзінде

ойнатып сағым,

Бір періште шыға келді құм төбеден топ етіп.

 

— Жетер, Ыбырайым!— дегенде, абдырап,

Денесі қара терге малшынып тұр еді,

Пышағы сусыды, қолдары салбырап,

Періште қағып алды да, амандық тіледі.

— Бәрі бітті. Әкесі бола тұра

Ыбырайым,

Құрбандыққа тәуекел еткенсің.

Ұмытпаймыз мұны дайым,

Көк те разы. Сынақтан өткенсің.

Зұлымдықсыз әлем құруымызды оңғарғай,

Жүр, қиналғандарға жетейік.

Ешкімді жараламайтын қанжардай

Жарқырап аққан өзендерден өтейік.

Мына шөптерден де қалыңын іздегенін білдім,

Бізді күткен отар-отар малыңды табайық.

Сенің шатырыңдағы балаларың — құмның

санымен теңесетін күнге барайық.

Бір тау бар өрілген бұлағы,

Етегі кілемдей жазылған,

Мұнары өрмелеп әр таңда шығады,

Беткейі тоғаймен сыңсытып жабылған.

Қанатын шөптері суына,

Жел келсе тоғайы иілер аларып,

Сыз тартып шіріген жапырақ бұғына,

Көктемде қайтадан жоғары оралып.

Жапырақтар ұқсайды өзара,

Жылдар өтседе өзгертпей түрлерін.

Діңдер-ай, бұталарың өсіп тұр арада,

Жоғарыда ақ бұлттың қарашы гүлдеуін.

Сансыз жұлдыздың жылтылы,

Аспан күмбезін сәулелеп.

Түнде ұлғайып бұлақтың сыңғыры,

Өзендей күркіреп, әурелеп...

 

Бұтақтары үнсіз тоғайға барайық,

Шөптен ұя өрген құстары,

Тамыздық болсада бұтағы сорайып,

Қураған бұтақ жоқ ұжмағы.

Санаңды бастырма қап-қара бұлттарға,

Көзіңді аш, мұнда өлім нышаны байқалмас.

Әр бұта белгідей ілініп биіктеу тұстарға,

Шөлдегі ұмтылыс үндерін тойтармас.

Мәңгілік бұталар бүрлеуде биікте,

Қара, күтеді бір жауап өзіңнен.

Ыбырайым, жауап қат оған да, маған да, сүйікті ол,

Жүрелік,

Жел боздай бастады — бозінген.

Жүрелік Ыбырайым, еліңе —

Жаны мен рухы олардың тұтасқан,

Бар бақыт байланған жеріңе,

Бар нәрсе жүз қайтара гүл ашқан.

Олар көбейсе, қараңғылық та көбейіп,

Көлеңкелері қол-аяғын матайтын.

Әр сөзден бір белгі серейіп,

Бастапқы мәніне сонысын атайтын.

Көгілдір кеңістікке жайылым мен орманы

Ыбырайым мен Ысқақтай жарқ етіп.

Қадамды жұтатын бұталар әлденіп,

— Әй, жүріңдер, басталмақ дауылдың сорлы әні.

Ыбырайым, болды, сыннан да өттің, мұнарым,

Пышақты ап қойдым, дір қақпа!

Таңғы салқын нұр сипалап бұтаны,

Жүрелік. Оянар Ысқақ та.

Ыбырайым, сыннан өттің,

Сөйлеме, үнің бас,

Соңы осы, тоқтайық, жаңарып,

Тоқтап Ыбырайым, жүзіңді аш,

Жетеді, бәрі анық.

 

Шатырлар, маңайы толған қой,

Мыңғырған қойларда жоқ есеп.

Әлгі бұлттардай, үйіріліп ормандай

Шалшықта бұлт елесін еселеп.

Бықсиды от, жүздеген құс ұшып,

Қазандағы сүйекке ырылдасты иттер де,

Аптапта өңдерден тер ағып, түлежіп,

Дауыстар гуілдеп тіктелген.

Бұлттар беткейде көлеңкелеп қойларды,

Сырғиды, көтеріліп күн де,

Жалтылдаған құздарға бұлағы байланды,

Түйелер көлеңкеде шөгетін бірге.

Бұталар сыбдырлап мыңдаған шыбынға,

Қойлардың мыңғыры араның ызыңын қайырып,

Тарсылдап балта үні, қойшы қарап тұр бір шыңда,

Малшылар шатыры далаға дақтай жайылып.

Бір саңлаудан бір кесек жер білініп,

Әйелдер қолы да көрініп қалды ма-ау,

Бұрышқа жарық пен шаң сіңісіп,

Жарқышаққа толы барлық жер саңлау.

Әр тақтай біледі жарқышағын жақсырақ,

Қандай асыл ағаштан болсада,

Қалың, жіңішке, ұзыны, қаттырақ,

Өзегінде ашылу басталса сол ғана.

Ағаштың қалың жарқышағы алдында,

Сырттағысы неге тұратын?!

Ағаш ішіндегі шайыры балқуда,

Тіпті де былығып, шыланып.

Ақыры, шайыр кеуіп, түгелдей бу болып

Сыртқа шықты да, қуысы бос қалып,

Қиғаштап жылжып, гулетіп,

Қайда жылжығанын білсін бе тоқталып?!

Пышақ қадап көр, жұқа болсада,

Басқа жаққа үдіре тартқанын байқайсың,

Тақтай пышақты қасарысып тартты қаншама,

Кенет екіге айырылады, қандай мұң.

Қараңғылық өзектерді жасырса тайпалып,

Бейшара пышақ бұрынғыша тік сызбай,

Қисалаңдап кеседі-ау шайқалып,

Өзектерде бұлқынбай.

Іштегі жарқышақ бұтадай сабақтас үнемі,

Шырмалып, соқтығып, дуылдап,

"Өсіп келемін" деп қайталап біреуі,

Шайырдың тозаңы қара қуыста шуылдап.

Барлығы сыртынан

қар басқандай,

Бірлі-жарымы терезені күзетіп,

Үйдің есігі қабырғамен астасқандай,

Жел бұталар мен талшықты үйетін.

Кіреберіс көзден тым таса,

Бірақ, пышақ әрдайым біріңғай ішінде.

Екі жақтың да қызметшісі болып тұрды аса,

Алақан мен тақтайдың бірінде.

Қандай көзбен қараса да,

Саңлаудан сүзіліп түскен сәуле шаңмен араласып.

Түйелер шөккен жерге Ысқақ бара сала,

Белгісіз бір жолаушымен сөйлесіп, сананы ашып.

От бықсып, жүздеген құс ұшып,

Қойлардың мыңғыры араның ызыңын қайырып,

Аптапта өңдерден тер ағып, түлежіп,

Шатырлар далаға дақтай жайылып.

Мал табыны жылжиды, қабір қылтиып,

Бұлақ сылдырап, самалы

шөпті жарып,

Селк ете қалды, меңіреу ауада бұл тұрып,

Өз есімін тағы бір естіп қалып.

Алыста шатырлар, көшеді ел лапылдап,

Шығыстан келеді бұлт төніп,

Иттер ошақты айнала шапқылап,

Бір төмпешті көріп қалды, бұталар бүркеніп.

Әйелі, артында шатырлар, кең дала,

Қолында інжірдің жасыл бұтағы.

Сол бұтаны бұлғап шақырды,

Бұта толғана:

— Жүр Ысқақ, болашақ әйелің Рәбиға тұр, әні.

*

— Жүр Ысқақ, неге тоқтап қалдың? Жүр.

— Қазір жетемін, — дегені бұталар ішімен,

Түнгі жаңбырдың астында салқын тұр,

Жылдам аққан салдай айғайы кішірген.

— Ысқақ, қалып қойма.

— Жо, жоқ, сіз жаққа өтемін!

Аққайыңның қайсарлығымен сөйлеген.

— Ысқақ, үйді ұмытқан жоқсың ба?

— Жетемін.

Әкесі терлеген:

— Жарайды, жүрдік, қап қойма.

Бала:

— Мен келем.

 

— Жүр, Ысқақ.

— Тұра тұр.

— Жүр.

— Қазір.

— Кідірме. Бөріктің ішіне тығылған торғайдай.

— Тезірек. Жалт қарап байқатпай бұл да бір,

— Тездет, жүр.

— Қазір.

— Естімедім. Дыбыс не ол қандай?

Ысқақ — Исаак боп,

Бір дыбысын кемітті тілімде,

Есесіне жаңа сипатқа

ие боп,

Екі әріптің орнына бір әріп дірілдеп,

Үш есе өтеуін әріпке жасырып,

киелеп.

Орысша «И» — жай ғана бір жалғау,

Істердің санын көбейтер сөйлемде,

Қосу таңбасы секілді бұл маңда,

Оларды кім қосатынын білмейді —

Ол, мен де.

Қорытындысы аузымызға салынбай, жүреміз,

Бұған арналған дыбыс мүлде жоқ.

«С» нені білдіретінін бұтадан білеміз,

«С»-ның байланған құрбан екенін білген ек.

«А» әрпі — әріптер ішінде көнекөз,

Сөздерді айыратын дыбыс боп танылар.

Шынында, қорқынышты айғай боп

келеді өзі —

Сәби зарын жамылар,

Қасірет үні боп, ажал алдында — тағы зар.

Оны қосарлап «ААА» деп айтсақ, шешіліп,

Тоғыстыра түссек дыбысты былайғы,

Сөздерді бөлетін дыбыстар қосылып,

Жантүршігерлік жанайғай құрайды:

Жалын «К» -ның буынын шарпып өтердей,

Жалғыз қалған «А» тіке бұл ұмтылып,

Ешкімнің қолы да пышақ көтермей,

Азапты тосатын Ыбырайым да жоқ, кіл тынып.

Есімнің ерніне жартысын қалды алып,

Екінші жартысын жалын жасырып.

Құрбан тағы да от үстінде зарланып,

Міне, орысша Исаак естілді асығып.

*

Жаңбыр бұтақты тоқпақтап көңілсіз,

Қоршаудан әрі еңіреп адам жүрегіндегі бір ұя,

Көзге көрінбей.

— Әй, кім бар? Тек үнсіз.

—Жүр, Ысқақ. — Тұра тұр. — Жүр. — Иә.

— Кідірме.

Жаңбыр шатырды ұрғылап, дірілдеп,

— Тезірек.

Үнемі осылай онымен,

— Тез. — Қазір.

— Естімедім ғой-мен аяқталып соңы үнем.

 

Толассыз төпелеп бұл жаңбыр қиялап,

Дірілдеп аққан су күйені кетіріп,

Көктемгі жапыраққа қалың жаз ұялап,

Жаз болып жетіліп,

Маусымның жапырағынан да қалың жаз

Осында үш есе көрініп,

Жаздағыдан бозғылттау келсе де шөптері, ауылдас,

Жапырақтың көлеңкесі ештеңе берместен семіріп.

Ағаш діңінің көлеңкесінде жер анық сезіліп,

Жарықта шаңытқан нәрсе сонда анық байқалып,

Үнсіз пойыз зымырап егістік ішімен керіліп,

Рельске қарай қисайған оң қаптал алқапта шалқайып.

Кейін күні-түн сол жақтан

Түссіз түтіндер будақтап жүрді ұлып,

Түтіннің ішінде көрінбей кеткендерге аулақтан —

Пойыз өзін «8» санының ішіндегі шексіздіктен жылжытып,

Ол сол «8»-дің кіндік өсін бойлай қиып өтеді.

Оның шеңберлері ауылға, егіске, қоршауға, жыраға нақ толып,

Рельстің екі жағынан қақ айырылған толқындар кетеді,

Жан-жаққа, көктерге қарай лап қойып.

Пойыз «8» санының ішінен — жел диірменінің қанаттарының,

Болат бұрандалардың қалақтары ішімен —

Жүйткіп. Бір қол бастап келеді алдында

қарап бәрінің,

Сәуле шоғы төбелердің сырғып үстімен.

Дәл сондай сәуле шоғы бар өзінде,

Ашкөз құмарлықпен шырақтың ішіне таңылып ұйықтаған.

Бау-бау болған астық шоғы секілді сезілген,

Маталып, сыртқа да шықпаған.

Пойыз зауласа, қараңғыда адам жүздері аларып,

Айналадан төбелеріңіз қарайды.

Теміржолдан тараған толқындар бірде жоғары,

Бірде төмендеп, шамдардың сәулесіндей тарайды.

Жалтыратып, толассыз сабалап, ұшты ұрып,

Қақпаны, терезені жаңбыр қиғаштап ұратын,

Науадан сыздықтап су ағып ысқырып,

Суланған дөдеге асқақ боп тұратын.

Бір ғана терезеде шырақ жанып тұр.

Суық жаңбыр терезе жақтауын осатын.

Тура шүңетте тұрғандай анық бұл,

Қараңғыда жалыны дірілдеп сасатын.

Ол жанғанмен, айналасы

Көрінбес елеске шырмала бастаған,

Түнекте ешқандай жолаушы жоқ,

Айналайын, сен қарашы,

Қарсыда кірпіш қабырға — тұр үнсіз, саспаған.

Үнсіздік баптаған.

Аула құлыптаулы. Сыпырушы

ішіп кеткен,

Жаңбырың болат құлыпты тербетіп.

Түн қаңырап. Шамда қағаздың шеті бүлк еткен,

Топсалар от қоршап толды өріп.

Қараңғыдағы ілмектер жалындай жиылып,

Түбінде кілттер жылтырап хор айтып,

Ілгек, тиектер, шынжырлар үн қатып ұйлығып,

Теңіздің өзіндей, өзін бұл тоғайтып.

Соған қарамастан, жарығын қараңғыға бағыттап,

Өз үнін жауынның, кірпіштің арғы жағына жеткіре,

Тақтайдың арғы жағына тұрсада табыстап,

Өз ішінде жанып тұрған нәрсеге үндеуі өтті ме?

Тақтайдан қоршауы. Есікте үш құлып,

Саңлаусыз болғандықтан, кілтің де суырылмай.

Төрт тарапты түпсіз қараңғылық билеп тұр жұлқынып,

Терезені аша қалсаң, толқындар лап қоймақ бұрынғыдай.

Топса тұр сартылдап, баратын жол жабық.

Дәрменсіз ызамен құлыпты қыса түс.

Соған қарамастан, жанып тұр, жана береді толғанып,

Өмірден де зор бір нәрсені жалмап жатыр бұла күш.

 

Түлкі кеп, көздері терезеде жарқырап,

Алдындағы әйнек шағылыстарды өшіріп,

Қарайды ол. Шырақ жанып тұр, құбылып, қалтырап,

Ұзын көлеңкелермен қабырғаларды бояп, есіріп,

Жетсе де кешігіп.

Түлкі ұзап, сығалай қарайды,

Ысқырып, ысқырық ішінен әлдене естіліп,

Сөзге ұқсас бір үн бар, шырақты жалыны орайды,

Шырағданды ара мен жапырақ өрнектеп, көп тынып.

Жан-жағында аралар, қанаттар, тозаң, гүл,

Мыс түстес көріністің тілінде —

Бір себет, ішінде жеміске оранып,

Бедерленіпті осылай. Білдің бе?

Алмұрт дәнінен кішірек бұл өрнек.

Бірақ шырақтың жалын тілі оған жалаңдап тебінді,

Өз үстінде билеп, дірілдеп, өзін түнекке жібермек,

Басамын бетімді —

Күзгі қаңыраған тоғайымда қап қойған жазғы жапырақ секілді.

1963 жыл

Иосиф Бродский

Дайындаған: Көкбөрі Мүбарак

Abai.kz

0 пікір