Аңыздан ақиқатқа айналған «Қаралы көш»
(Үндістан және Ұлыбритания мұрағаттарында ағылшын тілінде жазылған қазақ көшіне қатысты 3000 беттік құпия құжат жөнінде)
2022 жылдың қара күзінде Астана қаласындағы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы»-нан тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлсім Бисенова хабарласып, өздері қызмет етіп отырған орталық жағынан Үндістанға арнайы экспедиция ұйымдастырып, көптеген олжамен оралғанын сүйіншіледі. Мені Үндістаннан әкелінген сол қолжазбалардың алғашқы таныстырылымына шақырды. Бардым.
Гүлсім ханым қатты тебіреніп: «Сіздің «Қарал көш» романыңызды оқыған соң, қазақтардың қанды көшінің тарихына қызығушылықтан осы сапар туындады. Және сапардан мол олжамен оралдық» деді.
Менің көзіме жас келді: ««Қаралы көш» тарихи көркем шығарма. Енді ол тарихқа, ғылымға жол тартты. Үндістан-Пәкістан еліне барсам, оқиға болған орындарды көрсем деп армандаушы едім. Сол арманыма сіздер арқылы қол жеткеніне ерекше толқып, қуанып тұрмын...» дедім.
Осылайша, 2022 жылдың қыркүйек айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы»-ның ғалымдары мен тарихшылары - тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бисенова Гүлсім, т.ғ. д., профессор Гүлфира Өтепова және PhD доктор Жандос Болдыков Үндістан ұлттық архив қорларындағы архивтік құжаттарға қол жеткізіп, 1930 жылдардың екінші жартысында Шығыс Түркістаннан басталып, 1954 жылы Түркияда аяқталған қазақтардың ұлы көшіне қатысты тың деректерді қазақ еліне көтеріп келген еді. Онда Қазақтардың Алтай-Баркөлден шығып, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен керуен тарихына қатысты ресми шешімдер мен құжаттар көшірмесі қамтылған.
«Қаралы көш» романында – XX ғасырдың 30-50 жылдарындағы Шығыс Түркістан (Шынжаң, Алтай-Баркөл) қазақтарының жан түршігерлік қанды қырғынды бастан кешіріп, атамекенінен айрылып, Гималай асып, Түркияға дейін жасаған ұлы көші суреттеледі. Бұл – адамзат тарихындағы ең ұзақ, ең ауыр әрі қасіретті босқындар шеруі.
Гоминьдан және Сталиндік зұлматты көшіріп қолданған Шың Шысай 1930 жылдары Шынжаң аймағын билеген қытай генералдары арқылы қазақтардың малын тартып алып, зиялылары мен діни жетекшілерін жаппай тұтқындады, Қарсыласқандарды өлтірді, түрмеледі. Осындай қанқұйлы кезең халықтың ашық бас көтеруіне және елден үдере көшуіне себеп болды.
Көш Алтай мен Баркөлден басталып, Гансу, Шынхай, Тибет, Үндістан және Пәкістан арқылы өтті. Осы барыста олар аптап ыстық Такламакан шөлін жаяу-жалпылы басып өтіп, мәңгілік мұз басқан Гималай тауларынан асты. Жол бойында қытай әскерлері мен жергілікті дүңген, моңғол, таңғыт қарақшы-лары үнемі оқ жаудырып, көшті қуғынға, қырғынға ұшыратып отырды. Таудағы оттегінің жетіспеушілігі («тау соғу», «ыс тию»), суық пен аштықтан мыңдаған адам көз жұмды. Оған қоса мал мен адамға жұқпалы індеттер тарап, халықты мүлдем нәубетке ұшыратты.
Елісхан Әліпұлы (1908-1943): Осы тарихи көштің басында тұрған, халықты ажал аузынан аман алып қалу үшін жан аямай күрескен бас кейіпкер, батыр әрі ел ағасы.
Кейіннен 1951 жылы Қалибек Хакім, Хамза Шөмішбайұлы, Солтаншәріп Зуқаұлы, Құсайын тәйжі бастаған екінші лек көшті жалғады. 1950 жылдардың басында Түркия үкіметі қазақтарды ресми түрде қабылдап, баспана берді. Бүгінгі таңда Түркия мен Еуропада тұратын қазақ диаспорасы – міне, осы «Қаралы көштің» аман қалған ұрпақтары.
Елісхан батырдың бастауымен Гималай асқан қазақтардың тағдыры – ұлтымыздың тарихындағы ең қасіретті әрі ең ерлікке толы парақтардың бірі.
«Қаралы көш» романында осы ұлы көшті ұйымдастырушы, халықты соңынан ерткен көсем әрі әскери қолбасшы Елісхан өзінің қысқа, бірақ өте трагедиялы тарихымен аңыз кейіпкеріндей бейнеленеді. Бірақ көш және көш басшысы Елісхан аңыз емес ақиқат еді.
Елісхан жаумен шайқастарда өзінің мергендігімен, тактикалық тапқырлығымен көзге түсті. Қытай әскерлерімен болған бірнеше ірі соғыста аз ғана қолмен тұрақты армияға тойтарыс беріп, көштің алға жылжуын қамтамасыз етті. 1941 жылы Елісхан бастаған қазақтар Үндістанның (ол кезде Ұлыбритания колониясы) Кашмир аймағына ілігеді. Алайда, ағылшын өкіметі алғашқыда босқындарды елге кіргізбей, шекарада ұстап тұрады. Ерлік пен дипломатиялық қасиетін қатар қолданған Елісхан ағылшын генералдарымен келіссөз жүргізіп, халықты Кашмирге орналастыруға рұқсат алады.
Үндістанның тропикалық ыстық климаты, таудан түскен қазақтарға өте ауыр соқты. Халық арасында безгек (малярия), сүзек, сүт безі қабынуы сияқты жұқпалы аурулар тарайды. Ел ағасы Елісхан батыр да осы жұқпалы дертке шалдығады. 1943 жылы небәрі 35 жасында Пәкістанның Равалпинди (немесе Лахор маңындағы) ауруханасында емделіп, дауалау өнім бермей, өз үйіне келіп көз жұмады. Оның сүйегі сондағы мұсылман зиратына қойылған.
Батырдың арқасында аман қалған аз ғана қазақ кейіннен, 1950 жылдары Халифа Алтай, Әтейхан Білгін (Қайсаұлы) және кейінгі (1951) көштегі Қалибек Хакім, Құсайын тәйжілердің бастауымен Түркияға қоныс аударып, жаңа өмір бастады. Елісхан есімі Түркия, Еуропа және Қазақ елі үшін ерлік пен жанқиярлықтың символы болып тарих бетіне таңбаланды. Батыр атында конференциялар өтті, кітаптар шығарылды.
Елісхан батыр көшінде болған Халифа Алтайдың естеліктері мен көштен қадған көне көздер шерткен шерлі шежіре біз пақырды – Мені (Жәди Шәкенұлын) осы көш сорабына салып, содан «Қаралы көш» аталатын кесек шығарма өмірге келді. Кітап түрік тіліне аударылып түркия президенті Ережеп Тайф Ердоғанның оқуына да нәсіп болды.
Шын мәнінде, оқырмандар үшін аңыз болған сол тарих енді, міне, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы»-ның ғалымдары мен тарихшылары жағынан ақиқатқа айналды, тарихи деректемелер құжат көшірмесі түрінде елге жетті.
Жай ғана құжат емес, сол дәуірдегі қазақ көшінің тағдырына қатысты Пәкістан, Үндістан және Ұлыбритания мұрағаттарында ағылшын тілінде жазылған өте құнды ресми құжаттар.
Құжаттар неге ағылшын тілінде жазылған?
Британдық Үндістан кезеңі: Қазақтардың алғашқы Гималай асқан көші 1941-1943 жылдары қазіргі Үндістан мен Пәкістан бөлінбеген, «Британдық Үндістан» (British India) деп аталатын Ұлыбританияның отары еді.
Ресми іс-қағаздар: Мемлекеттік басқару, әскери бұйрықтар, шекара қызметі мен дипломатиялық хат-хабарлардың барлығы тек ағылшын тілінде жүргізілді.
1947 жылы Пәкістан Үндістаннан бөлініп, жеке мемлекет болғанда, бұрынғы отаршыл үкіметтің Кашмир, Равалпинди, Лахор және Пешавар аймақтарына қатысты құжаттарының бір бөлігі Пәкістанның Ұлттық мұрағатында (Исламабад) және провинциялық архивтерінде қалды. Онда мынадай нақты деректер бар:
Шекаралық есептер: Қазақ босқындарының Кашмир шекарасына алғаш аяқ басқан сәті, оларды қарусыздандыру процесі туралы әскери мәліметтер.
«Қазақ комитетінің» (Kazakh Committee) іс-қағаздары: Британ үкіметі қазақтарға көмектесу және оларды қадағалау үшін арнайы комитет құрған. Онда босқындар лагерінің шығындары, қаржыландыру және азық-түлік бөлу туралы есептер бар.
Медициналық есептер: Қазақтардың ыстық климатқа бейімделе алмай, жұқпалы аурулардан (безгек, сүзек) жаппай ауырғаны, ауруханаға түскендері (соның ішінде Елісхан батырдың өлімі туралы тіркеулер) жазылған.
Дипломатиялық хаттар: Қытайдың Гоминьдан үкіметі, Британдық Үндістан билігі және Лондондағы Сыртқы істер министрлігі арасындағы «қазақ босқындарын қайтадан Қытайға қайтару немесе қайтармау» туралы саяси айтыстар мен телеграммалар.
Бұл жаңалықтар отандық ғалымдар арасында да аса үлкен «төңкеріс» тудырып, қазіргі кезеңде зерттеу бағыттарына ілікті.
Соңғы жылдары отандық тарихшылар осы Үндістан мен Пәкістан мұрағаттарына арнайы барып, ағылшын тілді құжаттарды ғылыми айналымға енгізе бастады. Бұл деректер бұрын тек естеліктер деңгейі мен көркем шығарма түрінде айтылып келген «Қаралы көштің» тарихын нақты цифрлармен және халықаралық құжаттармен дәлелдеуге мүмкіндік берді.
Осы архив құжаттарында қазақ босқындарының нақты саны немесе британдықтардың қазақтардың жауынгерлік мінезі туралы жазған сипаттамалары да бар.
Британдық және пәкістандық архив құжаттарында Алтайдан ауған қазақтардың саны мен олардың жауынгерлік қасиеттері өте дәл әрі таңданыспен сипатталған. Отаршыл британ шенеуніктері мен әскерилері бұрын-соңды өздері кездестірмеген бұл халықтың қайсарлығына ерекше баға берген.
Архив құжаттарындағы қазақ босқындарының нақты саны
Британдық Үндістан үкіметінің (мысалы, Кашмирдегі британдық резиденттің есептерінде) қазақтарды тіркеу, оларға азық-түлік пен жәрдемақы бөлу үшін жүргізген нақты статистикасы сақталған:
Шекарадан өткендегі саны (1941 жыл, күз): Ресми құжаттар бойынша, Кашмирдің Лех (Ладакх) аймағы арқылы британ шекарасына алғаш ілінген қазақтардың саны 3039 деп көрсетілген.
Балалар мен әйелдер үлесі: Тізімдерде босқындардың басым бөлігі әйелдер мен балалар екені жазылған.
Ыстықтан қырылу кезеңі (1942-1943 жылдар): Архивтік медициналық есептерде қазақтардың Үндістанның ыстық климатына бейімделе алмай, жаппай ауырғаны айтылады. Жиналған мәліметтер бойынша, алғашқы екі жылда безгек пен сүзектен халықтың тағы үштен бірі (1 000-ға жуық адам) көз жұмған. Салыстырмалы түрде, Түркияға көшуге рұқсат алған 1950 жылдардың басында бұл топтан және кейін қосылған өзге де шағын топтардан болып, жиыны 1850 ғана қазақ қалған.
Британдықтардың қазақтардың жауынгерлік мінезі туралы сипаттамалары
Британ әскери барлауы мен Кашмирдегі шенеуніктердің күнделіктері мен рапорттарында қазақтардың соғысу шеберлігі мен мінезіне мынадай сипаттамалар берілген:
«Туа біткен сарбаздар» (Born Warriors): Британдық офицерлер қазақтардың ат үстінде өте нық отыратынын, таулы аймақта соғысу тактикасын жетік меңгергенін жазады. Құжаттарда: «Бұл адамдар заманауи әскери мектеп көрмесе де, партизандық соғыстың ең тиімді тәсілдерін инстинкт деңгейінде қолданады», – деп таңданыс білдірген.
Керемет мергендік: Архивтік есептерде қазақтардың қаруды өте жоғары деңгейде меңгергені айтылады. Британ шекарашылары қазақтардың ескі мылтықтармен (тіпті білтелі мылтықтармен) Гоминьданның заманауи пулеметтермен жарақтанған тұрақты әскеріне қалай тойтарыс бергенін жазып қалдырған. Олардың «шауып бара жатып, бұрылып ату» әдісін ерекше атап өткен.
Тәкаппарлық пен тізе бүкпеушілік: Британ шенеуніктері қазақтардың қайыршы немесе жай ғана қорғансыз босқын сияқты емес, өте өр, намысты мінез көрсеткенін жазады. Олар ағылшындардан жәрдем сұрағанда да өздерін құл немесе кіріптар сезінбей, терезесі тең одақтас ретінде ұстаған. Тіпті қаруларын тапсыруды талап еткенде, Елісхан батыр бастаған топ өздерін қорғау үшін тек ең ескі қаруларын беріп, жақсы мылтықтарын жасырып қалған.
Өзара бірлік пен тәртіп: Рапорттарда қазақтардың өз ішіндегі темірдей тәртіпке бағынатыны, ақсақалдар мен батырлардың (Елісхан тәйжі Әліпұлы, Құсман тәйжі Зайыпұлы, т.б.) сөзін екі етпейтіні көрсетілген. Қандай да бір қылмыс немесе ішкі тәртіпсіздік мүлдем тіркелмеген.
Бұл ағылшын тілді құжаттар қазақтардың жат өлкеде жай ғана жан сауғаламағанын, өз намысы мен азаттығын қорғай білген қаһарман халық болғанын халықаралық деңгейде айғақтайды.
Бұл деректер «Қаралы көштің» шынайы болғанын нақты айғақтайды.
Үндістан мұрағаттарындағы бұл құжаттардың табылуы мен «Қазақ босқындары комитетінің» қызметі – отандық тарих ғылымындағы соңғы жылдардың ең үлкен жаңалығы. Бұл деректер қазақ босқындарының тағдырын халықаралық деңгейдегі заңды құжаттармен бекітіп берді.
Архив құжаттарын алғаш тауып, жарыққа шығарған тарихшылар
Ұзақ уақыт бойы бұл тарих тек шетелдегі қазақ диаспорасының (Халифа Алтай, Хасан Оралтай, Дәлелхан Жаналтай, Әбдуақап Қара, т.б.) естеліктері ретінде ғана белгілі болса, ХХІ ғасырда (бүгінгі күні) қазақстандық кәсіби тарихшылар оны ресми архивтік негізге орнықтырды.
«Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының» ғалымдары мен тарихшылары (мысалы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлсім Бисенова, зерттеушілер Г.Өтепова, Ж. Болдықов) Үндістанға арнайы экспедиция ұйымдастырды.
3000 беттік құпия құжат: Қазақстандық ғалымдар Үндістан Ұлттық архивінен (Нью-Дели) бұрын-соңды жабық келген, «Құпия» грифімен сақталған 3 000 беттен астам түпнұсқа құжаттардың көшірмесін елге жеткізді. Айрықша айта кетерлігі – құжаттар арасында сол кезде түсірілген фото-суреттердің де көптігі. Табылған материалдар негізінде «Үндістандағы қазақ көшінің тарихы» атты іргелі ғылыми мақалалар мен зерттеулер дайындалды. Онда Кашмирге келген қазақтарға қатысты қабылданған ресми шешімдер, Бхопал штатына орналастыру мәселелері мен Хайдарабад қаласына жіберілген сұраныс хаттары (1941-1946 жж.), т.б. құнды материалдар алғаш рет қазақ тілінде талданды.
Британдықтар құрған «Қазақ босқындары комитетінің» жұмысы
1941 жылы Елісхан батыр бастаған 3 мыңдай қазақ Кашмирдің Лех (Ладакх) аймағына өткенде, британдық отаршыл билік олардың тым жауынгер әрі қарулы екенін көріп, жергілікті қауіпсіздікке алаңдады. Оларды бақылау және әлеуметтік көмек ұйымдастыру үшін Британдық Үндістан үкіметі арнайы «Қазақ босқындары комитетін» (The Kazakh Refugee Committee) құрды.
Комитет мынадай негізгі бағыттарда жұмыс істеді:
Қарусыздандыру және тіркеу: Комитеттің алғашқы міндеті қазақтардың қаруын өткізуін қадағалау және әр отбасын жеке-жеке тізімге алу болды. Архивтегі әрбір қазақтың аты-жөні, жасы, руы көрсетілген тізімдерді осы комитет жасақтаған.
Лагерьлер мен қоныстандыру: Сұрапыл суық таудан түскен қазақтарды тропикалық ыстық климаттан аман алып қалу үшін комитет оларды Кашмирден ішкерірек, Бхопал, Музаффарабад және Тарнава аймақтарына көшірді. Олар үшін арнайы шатырлы лагерьлер тігілді.
Қаржылық шығындар мен азық-түлік: Архив құжаттарында «Бхопалдағы қазақтарға қатысты шығындар» (1946 ж.) деген арнайы есептік папка бар. Британия үкіметі қазақтардың азық-түлігіне, киім-кешегіне және балалардың емделуіне ай сайын бюджеттен арнайы қаржы бөліп отырған.
Медициналық миссия: Көш безгек пен сүзекке шалдыққан кезде, комитет лагерьлерге британдық әскери дәрігерлерді жіберіп, госпитальдар ұйымдастырды. Бірақ климаттың мүлдем жаттығынан өлім-жітім бәрібір жоғары болды.
Саяси қорғаныс (Сауд Арабиясы мен Түркиямен келіссөз): Комитеттің ең үлкен тарихи рөлі – Қытайдың Гоминьдан үкіметі қазақтарды «қылмыскерлер» деп айыптап, кері қайтаруды талап еткенде, британдықтар бұл талапты орындамай, қазақтарға саяси босқын мәртебесін берді. Соғыстан кейін бұл комитет қазақтардың мұсылман елдеріне (мысалы: Түркия) қоныс аударуына құқықтық тұрғыдан жол ашып берді.
Бұл комитеттің іс-қағаздары бүгінде қазақ көшінің Пәкістан мен Үндістан жеріндегі әрбір күнін дәл анықтауға мүмкіндік беретін бірден-бір заңды құжат болып табылады.
«Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Үндістан (Нью-Дели), Пәкістан және Ұлыбритания мұрағаттарынан табылған құжаттардың ішінде британдық дәрігерлердің медициналық есептері мен Түркияға көшуге рұқсат алған қазақтардың тізімдері ерекше маңызға ие. Бұл деректер босқындардың бастан кешкен трагедиясы мен азаттыққа жету жолын нақты фактілермен айғақтайды.
Британдық дәрігерлердің медициналық есептері мен рапорттары
1941 жылдың күзінде Кәшмірдің Лех (Ладакх) аймағына жеткен қазақтардың денсаулығы ағылшын әскери госпиталдары мен санитарлық инспекторларының жіті бақылауында болды. Архивтік медициналық папкаларда мынадай деректер тіркелген:
«Тау соғуы» («Ыс тию») және үсік салдары: Британдық дәрігерлер Гималай асқан қазақтардың басым бөлігінде созылмалы оттегі жетіспеушілігінің белгілерін (өкпе ісінуі, жүрек қабынуы) анықтаған. Көптеген балалар мен әйелдердің қол-аяғын үсік шалып, Кәшмірдегі далалық госпиталдарда оларға шұғыл хирургиялық оталар (ампутация) жасалған.
Климаттық шок және безгек (Малярия): Қазақтар салқын Алтай мен биік таудан Үндістанның тропикалық, 40-45 градус аптап ыстық аймақтарына (Равалпинди, Бхопал лагерьлеріне) түскенде, ағзалары мүлдем төтеп бере алмады. Дәрігерлердің апталық есептерінде қазақтардың жаппай безгек (малярия) және сүзек (тиф) індетіне шалдыққаны жазылған. Құжаттарда: «Ыстық климат пен бейтаныс микробтар бұл тау халқының иммунитетін толықтай жойып жатыр», – деп көрсетілген.
Елісхан батырдың өлімі туралы жазба: Архивте 1943 жылы Елісхан Әліпұлының ауырып, Равалпинди госпиталиіне түскені және оған қойылған медициналық диагноз (сүт безінің немесе ішкі құрылыстың ауыр қабынуы/безгек) мен өлім себебі тіркелген ресми анықтама сақталған.
Түркияға көшуге рұқсат алған алғашқы қазақтардың тізімдері
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қазақтар Үндістан мен Пәкістанда қала алмады (өйткені 1947 жылы бұл аймақ екіге бөлініп, діни қақтығыстар басталды). Осы кезде қазақтар Жаңа Делидегі (Үндістан) және Карачидегі (Пәкістан) Түркия елшіліктеріне ресми өтініш бере бастайды.
Архивтерде Түркияға қоныс аударуға рұқсат алған «Көші-қон куәліктері» (Emigration/Immigration certificates) мен тізімдер сақталған:
«Шығыс Түркістан қазақ босқындары қоғамының» тізімі: 1950 жылдардың басында құрылған бұл қоғам атынан Түркия үкіметіне жолданған хаттарда әр отбасының отағасы, мүшелері және жас шамасы нақты көрсетілген.
Анкара үкіметінің ресми қаулысы: 1952 жылы 13 наурызда Түркияның Премьер-министрі Аднан Мендерес пен Президент Жәлел Баяр қол қойған арнайы қаулы архивте сақталған. Осы құжат негізінде Пәкістан мен Кәшмірдегі қазақтарға Түркия азаматтығы мен «еркін қоныстанушы» мәртебесі берілді.
Құжаттарға сәйкес, 1952 жылдың шілде айында Түркия топырағына алғаш табаны тиген Құсайын тәйжі бастаған топтың (шамамен бірнеше жүз адам) тізімі, паспорттық мәліметтері мен оларды Стамбул портында күтіп алу хаттамалары бар. Сондай-ақ, екінші лекпен көшкен Халифа Алтай, Далелхан Жаналтай отбасыларының да ресми тіркеу қағаздары осы архивтерде сақтаулы. Тізім бойынша Үндістан, Пәкістаннан Түркияға 1952-1954 жылдар аралығында 1850 шамалы қазақ аман-есен жетіп, қоныстанған...
Жалпы, елге оралған архивтік деректер туралы айтқанда, бұл көш туралы шынайы ізденістің бір парағы ғана. Әлі де болса, зерттелген, әкелінген архивтік құжаттар мен деректерден басқа әлі талай дүние бар екені шүбәсіз.. Алғашқы із, бағыт соған жол ашқандығымен, түрен салғанымен қуантады. Жақсы бастама жалғасын табады деп үміттенеміз.
Қорыта келгенде, «Қаралы көш» – аңыздан ақиқатқа, көркем-тарихи әдебиеттен ғылымға бет бұрды.
Менің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының» осы қолжазбаларды отанға әкелген алғашқы отырысында көзіме жас алуым – мыңдаған шаһиттер рухының, үнінің, ізінің құжат жүзінде елге жеткендігіне қуанған, тебіренген, елжіреген ет көңілдің әмірі еді.
Азаттық жолында арпалысқан халықтың арман-мұраты да осы тәуелсіз ел – Қазақстан. Біз қасіретті жолды – «Қаралы көшті» басып өткен бақытты халықпыз.
Ел аман, жұрт тыныш болсын, Ағайын!
Жәди Шәкенұлы, жазушы-тарихшы,
Abai.kz