Непалдағы су тасқыны: Қаза тапқандар 160-тан асты
Непалда кенеттен болған жойқын су тасқыны салдарынан кем дегенде 162 адам қаза тауып, 500-ден астам адам із-түзсіз жоғалғандар тізімінде тұр.
Апат соңғы онжылдықтардағы ел тарихындағы ең сұмдық трагедиялардың бірі деп аталып отыр. Су тасқыны сәрсенбі күні таңертең Бхоте-Коши өзенінің бойын шарпып, шекара маңындағы елді мекендерді талқандады, гидроэлектрстанциялары мен Катманду — Керунг сауда дәлізі бойындағы инфрақұрылымды қиратып, Тришули өзенінің бассейніне қарай жайылды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, тоғыз гидроэлектрстанциясы жойылған, 19 автокөлік көпірі мен 40 шақырым тасжолды су шайып кеткен.
Апатқа Расува — Расувагадхи шекара өткелінен солтүстік-шығысқа қарай шамамен 20 шақырым жерде мұз бен тастардың құлауы себеп болған. Бхоте-Коши өзенінің тармағы саналатын Лхенде өзенін көшкін бөгеп, артынша лай-тас тасқыны Тимуре арқылы Тришули өзеніне қарай лап қойған.
Жергілікті билік адам шығыны мен материалдық шығынның бұлайша үлкен болуына кенеттен келген су тасқыны туралы тиісті ақпараттың болмауы себеп болғанын мәлімдеп отыр.
Аймақта жауын-шашын тіркелмегендіктен, тұрғындарға апат туралы ескерту жасалмаған.
Тілсіз жау келген сәтте адамдар әдеттегі күнделікті тіршілігімен айналысып жатқан еді.
Непал армиясы мен жеке тікұшақ операторлары апат аймағынан жүзден астам адамды эвакуациялап үлгерді.
Ең қатты зардап шеккен аудандарға тікұшақтармен шатырлар, азық-түлік және басқа да ең қажетті бұйымдар тасталды.
Abai.kz