Сейсенбі, 1 Қыркүйек 2026
Көкжиек 102 0 пікір 1 Қыркүйек, 2026 сағат 13:01

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Швецияда миллион адамға шамамен 8 911 зерттеуші ғалым болса , Данияда 8 838, Нидерландта 6 563 зерттеуші  ғалым келеді. Бұл халықтың шамамен 0,89 пайызы, 0,88 пайызы және 0,66 пайызы деген сөз.  Қазақстанда сол көрсеткіш 2023 жылы 693 адам, шамамен 0,069 пайыз ғана.

Демек, халық санына шаққанда Швеция мен Данияда Қазақстанға қарағанда он екі, он үш есе көп адам ғылыммен кәсіби айналысады. Бұл шведтің миы қазақтың миынан он үш есе артық деген сөз емес қой. Айырмашылық қоғамның талантты тауып, оқытып, қаржыландырып, ғылымға алып келе алу қабілетінде.

Мемлекеттің мақсаты Құнанбайдың баласына берілген мүмкіндікті қарапайым қойшының, жұмысшының, мұғалімнің, жалғызбасты ананың баласына да бере алатын жүйе құру. Нағыз азаматтық қоғам дегеніміз осы.

Ғылымға жұмсалатын қаржыда да айырмашылық орасан. Швеция ғылыми зерттеулерге жалпы ішкі өнімінің үш пайыздан астамын жұмсайды, Дания да осы деңгейге жақын, Нидерланд та ғылымға мол қаржы бөледі. Қазақстанда бұл көрсеткіш бір пайызға да жетпейді. Сонда бір елде талантты бала мектептен бастап зертханаға дейін қолдау көреді, ал екінші елде мықты баланың өзі қаражат, таныс, мүмкіндік іздеп өмірінің жартысын жоғалтуы мүмкін. Мұндай жағдайда «неге бізден ғалым аз шығады?» деп таңғалудың өзі артық. Талант бар, бірақ оны ашатын орта әлсіз.

Азаматтық қоғамның тағы бір үлкен күші академиялық еркіндікте. Ғалым министрдің, әкімнің, ректордың немесе беделді академиктің сөзін ақиқаттың соңғы нүктесі деп қабылдамауы керек. Ғылымның табиғаты күмәндану, тексеру, салыстыру, қате болса жоққа шығару. Жас зерттеуші үлкен профессордың теориясын тәжірибемен теріске шығара алатын орта болмаса, ғылым дамымайды. Бэконның беделге соқыр сенбе дегені де, Декарттың күмәндан дегені де, Милльдің себепті ізде дегені де осы жерден көрінеді. Ғылым билікке жағу үшін емес, шындықты табу үшін өмір сүруі керек.

Меніңше, азаматтық қоғамның басты міндеттерінің бірі адамды әкесінің ақшасына, танысына, руына немесе қызметіне тәуелді етпеу. Қабілетті баланың жолын оның шыққан отбасы емес, өзінің еңбегі мен қабілеті ашуы керек. Университетке түсу, грант алу, зертханаға кіру, кәсіп бастау, ғылыми жобаға қаржы алу ашық бәсекемен шешілсе ғана қоғам өзінің шын таланттарын табады.

Әйтпесе кедейдің үйінде туған болашақ Фарадей қара жұмысшы болып қалуы, болашақ Рамануджан есепші болып өтуі мүмкін. Бұл бір адамның ғана қасіреті емес, бүкіл ұлттың жоғалтқан капиталы.

Бірақ бір нәрсені де әділ айту керек. Авторитарлық мемлекеттен мүлде ғалым шықпайды деу дұрыс емес. Кеңес Одағы кезінде Ресей мен басқа республикалардан үлкен физиктер, математиктер, инженерлер шықты, қазіргі Қытай да ғылымға орасан қаржы салып, әлемдік деңгейге көтерілді. Демек, ғылым үшін ақша, білім, меритократия, зертхана мен ұзақ мерзімді мемлекеттік саясат та өте маңызды.

Бірақ ұзақ мерзімде еркін сұрақ қою, билікке ұнамайтын қорытындыны да айту, халықаралық ғылыммен араласу, жас таланттың төменнен жоғары көтерілуі үшін академиялық еркіндік пен азаматтық қоғамның орны бөлек. Ғылым қорқыныш бар жерде емес, сұрақ қоюға еркіндік бар жерде тереңдейді.

Ең маңызды нәрсе, әр қазақ баласына қабілетін ашатын бірдей мүмкіндік берілсін. Байдың баласы да, кедейдің баласы да жақсы мектепке, кітапханаға, зертханаға, университетке, грантқа, ғылымға бірдей жол таба алсын. Сонда біз данышпанның қай үйде туғанын уайымдамаймыз, өйткені қоғам оның жолын өзі ашады.

Құнанбайдың баласына мүмкіндік беру бір әкенің қолынан келеді. Ал миллиондаған баланың мүмкіндігін ашу тек мықты мемлекет пен азаматтық қоғамның қолынан келеді. Ұлтты бірен саран бай көтермейді, ұлтты білімді, еркін ойлайтын, қабілеті тұншықпайтын халық көтереді. Нағыз өркениет дегеніміз адамның тағдырын әкесінің қалтасы емес, өзінің қабілеті мен еңбегі шешетін қоғам.

Ахметбек Нұрсила

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 102
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 145
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 104
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 107