Вьетнам соғысының ең құпия операциялары
ХХ ғасырдың ең қанды әрі ең жұмбақ қақтығыстарының бірі – Вьетнам соғысы. Бұл соғыс тарихта тек майдан даласындағы шайқастарымен ғана емес, құпия қызметтердің көлеңкеде жүргізген операцияларымен де ерекше орын алды.
1955 жылдан 1975 жылға дейін созылған бұл қақтығыс кезінде әлемнің екі ірі идеологиялық жүйесі – капитализм мен коммунизм – Оңтүстік-Шығыс Азияның шағын ғана мемлекетінде өзара текетіреске түсті. Алайда ресми әскери қимылдардың ар жағында көпшілікке ұзақ жылдар бойы түсініксіз болып келген арнайы операциялар жүзеге асырылды. Олардың кейбірі ондаған жыл өткен соң ғана құпиясыздандырылып, әлем жұртшылығының назарына ұсынылды.
Вьетнам соғысында қару мен техника ғана емес, ақпарат, психологиялық ықпал, жасырын барлау және диверсиялық әрекеттер де шешуші рөл атқарды. Соғыс барысында АҚШ-тың Орталық барлау ұйымы (CIA), арнайы жасақтар мен әскери барлау құрылымдары көптеген құпия миссияларды іске асырды. Сол сияқты Солтүстік Вьетнамның арнайы қызметтері де қарсы тараптың жоспарын бұзып, күтпеген жерден соққы беру арқылы әскери артықшылыққа қол жеткізуге тырысты.
Ең құпия операциялардың бірі – MACV-SOG бағдарламасы еді. Осы құрылымның толық атауы – Military Assistance Command, Vietnam – Studies and Observations Group. Атауы ғылыми зерттеу тобын елестеткенімен, шын мәнінде ол АҚШ армиясының ең құпия арнайы бөлімшесі еді. Оның негізгі міндеті ресми жарияланбаған әскери әрекеттерді ұйымдастыру болатын. Арнайы жасақ сарбаздары Лаос, Камбоджа және Солтүстік Вьетнам аумағына жасырын еніп, барлау жүргізді, байланыс желілерін қиратты, қарсылас әскерінің қозғалысын бақылап, маңызды нысандарға диверсия ұйымдастырды.
Бұл операциялардың ерекшелігі – олардың ресми түрде жоққа шығарылуында еді. Егер арнайы жасақ мүшелері қолға түссе немесе қаза тапса, АҚШ үкіметі олардың бұл аумақта болғанын мойындамайтын. Сондықтан көптеген әскери қызметкерлер ондаған жылдар бойы өздерінің қандай тапсырмалар орындағанын жариялай алмады.
Вьетнам соғысындағы тағы бір аса құпия бағдарлама – Феникс операциясы (Phoenix Program). Бұл бағдарлама 1967 жылы іске қосылып, оның мақсаты Оңтүстік Вьетнамдағы астыртын әрекет еткен Вьетконг ұйымының құрылымын анықтау еді. Бағдарлама аясында мыңдаған агент тартылып, құпия ақпарат жиналды, күдіктілер ұсталды және қарсылас ұйымының байланыс жүйесі бұзылды.
Дегенмен бұл операция тарихтағы ең даулы бағдарламасына айналды. Себебі көптеген зерттеушілер бағдарлама негізінде бейбіт тұрғындардың да жапа шеккенін айтып келеді. Кейбір жағдайларда нақты дәлелсіз адамдар күдікті ретінде танылып, ауыр тергеулерге ұшырағаны туралы мәліметтер кейін архив құжаттарынан айқын болды. Осы оқиғалар қазіргі халықаралық құқық тұрғысынан әскери операциялардың адам құқықтарын сақтауы қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Соғыстың ең ерекше операцияларының қатарында Igloo White жобасы да бар. Дегенмен, бұл – технологиялық тұрғыдан өз дәуірінен озық жүйе еді. АҚШ әскері джунгли ішіне мыңдаған электронды датчиктер орналастырып, Солтүстік Вьетнам әскері пайдаланған әйгілі Хо Ши Мин соқпағы арқылы өтетін жүк колонналарының қозғалысын бақылауға тырысты.
Датчиктер адамның қадамын, көлік дірілін, қозғалтқыштың дыбысын және басқа да физикалық белгілерді тіркеп, алынған ақпарат ұшақтар арқылы басқару орталығына жеткізілетін. Сол кезең үшін бұл нағыз цифрлық барлау жүйесі саналды. Бүгінде қолданылып жүрген әскери бақылау технологияларының бастауында дәл осы тәжірибелер тұрғанын көптеген әскери сарапшылар атап өтеді.
Сонымен қатар АҚШ әскері қарсыластың жабдықтау жолдарын тоқтату мақсатында құпия әуе операцияларын да жүзеге асырды. Ресми түрде бейтарап саналатын Лаос пен Камбоджа аумақтарына жүздеген құпия әуе шабуылдары жасалды. Бұл миссиялар ұзақ уақыт бойы құпия сақталып келді. Кейін архив материалдары жарияланған кезде ғана олардың көлемі мен ауқымы айқын болды. Осы операциялар халықаралық саясатта үлкен пікірталас туғызып, соғыс кезінде бейтарап мемлекеттердің аумағын пайдалану жағдайын қайта қарауға себеп болды.
Ал Солтүстік Вьетнамның арнайы қызметтері де қарсыласынан кем түскен жоқ. Олар ұзақ жылдар бойы агенттер желісін қалыптастырып, Оңтүстік Вьетнам билігіне және америкалық әскери құрылымдарға ақпарат жеткізіп отырды. Кейбір агенттер бірнеше жыл бойы әшкереленбей қызмет атқарған. Осындай барлау жұмыстарының арқасында Солтүстік Вьетнам көптеген америкалық операциялардың жоспары туралы алдын ала хабардар болып отырғаны кейін айқын болды.
Әлем тарихындағы ең танымал тыңшылардың бірі саналатын Фам Суан Ан осы кезеңде ерекше назар аударды. Ол халықаралық журналист ретінде жұмыс істей жүріп, Солтүстік Вьетнамның барлау қызметіне аса құнды мәліметтер жіберген. Оның қызметі соғыс аяқталғаннан кейін ғана толық ашылды. Көптеген әскери тарихшылар оның берген ақпараттары Солтүстік Вьетнам басшылығының стратегиялық шешім қабылдауына айтарлықтай ықпал еткенін жазады.
Құпия операциялардың тағы бір әдісі психологиялық соғыс болды. АҚШ әскері қарсыластың рухын түсіру мақсатында радио хабарларын таратып, үнпарақтар шашып, түрлі ақпараттық науқандар ұйымдастырды. Кейбір арнайы бөлімшелер түнгі уақытта орман ішінде ерекше дыбыстар шығарып, қарсыластың сарбаздары арасында үрей туғызуға тырысқан. Вьетнам халқының дәстүрлі наным-сенімдерін ескерген мұндай тәсілдер психологиялық қысым жасауға бағытталды.
Вьетнам соғысында ерекше орын алған операциялардың бірі – туннельдер жүйесін анықтау және жою әрекеттері. Вьетконг жүздеген шақырымға созылған жер асты дәліздерін салды. Бұл туннельдер арқылы қару-жарақ тасымалданып, әскери штабтар мен ауруханалар орналастырылды. Америкалық арнайы бөлімшелердің «Tunnel Rats» аталған шағын жасақтары осы жер асты жолдарына кіріп, оларды барлап шығуға мәжбүр еді. Алайда, бұл аса қауіпті міндеттердің бірі саналды, өйткені тар дәліздердің ішінде түрлі тұзақтар мен күтпеген қауіптер кездесетін.
Вьетнам соғысының көптеген құпия операциялары ұзақ уақыт бойы мемлекеттік құпия мәртебесінде сақталды. Кейбір архивтер тек ХХІ ғасырда ғана зерттеушілерге қолжетімді болды. Құжаттардың жариялануы нәтижесінде соғыс тарихына жаңа көзқарас қалыптасып, бұрын назарда болмаған көптеген оқиғалар ғылыми айналымға енді. Бұл деректер әскери тарихшыларға ғана емес, саясаттанушылар мен халықаралық қатынастарды зерттеушілерге де құнды материалға айналды.
Вьетнам соғысы әлемге бір маңызды сабақ қалдырды. Заманауи қақтығыстарда жеңіс тек қару-жарақтың қуатымен анықталмайды. Барлау қызметі, ақпараттық үстемдік, технологиялық жаңашылдық, психологиялық ықпал және құпия операциялар әскери стратегияның ажырамас бөлігіне айналды. Алайда мұндай операциялардың құқықтық және гуманитарлық салдары да әрдайым назардан тыс қалмауы тиіс. Кейбір құпия миссиялар қысқа мерзімді әскери нәтижеге жеткізгенімен, олардың ұзақ мерзімді саяси және адамзаттық салдары ондаған жыл бойы талқыланып келеді.
Бүгінде Вьетнам соғысының құпия операциялары әскери академияларда, халықаралық қатынастар институттарында және арнайы қызметтердің тарихын зерттейтін ғылыми орталықтарда жан-жақты талдануда. Олар қазіргі заманғы гибридті соғыстардың, арнайы операциялардың және ақпараттық қауіпсіздік стратегияларының қалыптасуына елеулі ықпал етті. Сондықтан Вьетнамдағы көлеңкеде өткен құпия миссиялар – тек өткеннің тарихы ғана демейік, бүгінгі геосаяси әлемді түсінудің де маңызды кілті болып қала береді.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz