Сәрсенбі, 2 Қыркүйек 2026
Не дейді?! 176 0 пікір 2 Қыркүйек, 2026 сағат 14:28

ЖИ адам қабілетін шыңдай ма, әлде өшіре ме?

Сурет: rbc.ru сайтынан алынды.

Технологияның өрлеуі жұмыс ырғағы мен күнделікті тұрмысымызға бұрын-соңды болмаған серпін әкелді.

Генеративті жасанды интеллект (ЖИ) ұсынатын жоғары өнімділік пен шығармашылық мүмкіндіктерге арбалмау мүмкін емес. Десе де, бұл қарқын үлкен пікірталас тудырды: ЖИ-ге арқа сүйеу біздің когнитивті (танымдық) қабілеттерімізді әлсірете ме, әлде керісінше, жаңа белеске көтере ме?

«Адамдардың ЖИ көмегімен көптеген тапсырмаларды сапалы орындайтыны дәлелденген. Бірақ басты сауал – оны тұрақты пайдаланғанда жеке дағдыларымыз не болмақ?» – дейді Пардью Университетінің психология ғылымдарының доценті, дағдылардың қалыптасуы мен уақыт өте деградацияға ұшырауын зерттеуші Брук Макнамара (PhD).

Зерттеулер көрсеткендей, тапсырмаларды ЖИ-ге оңай тапсыра салу (когнитивті жүктемені сыртқа ысыру) дағдының әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Дегенмен, мәселе өте күрделі: пассивті тұтыну интеллектті сарқыса, ойланып, жүйелі түрде қолдану сын тұрғысынан ойлау мен шығармашылықты арттырады.

Адам баласы табиғатынан ақыл-ой күшін үнемдеуге бейім (когнитивті сараңдар). Телефон нөмірлерін немесе күнтізбені құрылғыға сеніп тапсырғандай, ақпаратты өңдеу ауыртпалығын сыртқы құралдарға артамыз. GPS навигаторларын тұрақты қолдану адамның кеңістікті бағдарлау қабілетін төмендететіні сияқты, генеративті ЖИ де ақыл-ойдың терең қатысуын азайтады. Microsoft мен Карнеги Меллон университетінің 319 сарапшы қатысқан зерттеуі көрсеткендей, ЖИ-ге тым қатты сенетін қызметкерлер жаңа идея өндіруде, шешім қабылдауда немесе жаңа тақырыпты меңгеруде сын тұрғысынан ойлануды сиретеді.

Университеттік Лондон колледжінің профессоры Мутлу Чукурова: «Қазіргі адам мен ЖИ арасындағы қарым-қатынас көбіне транзакциялық сипатта: сұрақ қойдым, жауап алдым, кеттім. Бұл пассивті процесс ақыл-ойдың дамуына емес, когнитивті атрофияға (сарқылуға) әкеледі», – деп ескертеді. ЖИ-ді қолданудың нәтижесі пайдаланушының ішкі біліктілігіне тікелей байланысты:

Тәжірибелі мамандар: ЖИ ұсынған деректегі қателер мен логикалық шикіліктерді бірден байқайды. Олар үшін ЖИ – тек уақыт үнемдейтін ассистент. Бастаушылар мен студенттер: Базалық білімі қалыптаспағандықтан, ЖИ-дің бұрыс пайымдауларын ажырата алмай, дайын өнімді сыни талдаусыз қабылдауға бейім келеді. Майкрософттың әлеуметтік психологы Дэвид Эванстың айтуынша, бұл процесс тек «біліксіздендіруге» емес, «біліктілікті арттыруға» (upskilling) да апаруы мүмкін. Босаған уақытты күрделірек ізденіске бағыттасақ, ЖИ білімді тереңдетудің таптырмас құралына айналады.

ЖИ бұрыннан бар білімді біріктіріп, жинақтауға шебер болғанымен, мүлде соны, жаңа идеялар ойлап таба алмайды. Неміс зерттеушісі Герлих бұл айырмашылықты көркем мысалмен түсіндіреді: «ЖИ-ге майшамды жақсарт десеңіз, ол сізге ең жарқын, ұзақ жанатын, арзан әрі әдемі майшам жасап береді. Бірақ ЖИ ешқашан майшамнан электр шамына (лампочкаға) өту туралы идеяны ойлап таба алмайды. Бұл – қалыптан тыс (out-of-the-box) ойлау. Ал ЖИ тек бұрыннан бар паттерндерге сүйенеді».

Жасанды интеллект – адам интеллектын алмастыратын балама емес, тек оны толықтыратын құрал. Бәсекеде өнімділік пен жылдамдықты қуалаймыз деп, адамзатты ерекшелейтін басты қабілеттерден – теңдессіз қиялдан, дербес пайым мен сыни ойлаудан ажырап қалмаумыз керек. Технология қанша дамыса да, бастапқы шешім мен түпкілікті жауапкершілік тек адам ақылының еншісінде қалуы тиіс.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 418
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 1535
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 391
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 368