Әдебиет алыптарының Жетісудағы сапары
Сайын Мұратбековтың артында мол әдеби мұрасы ғана емес, ел аузында жүрген талай естеліктер қалды. Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді Немеребай екеуіміз жазушының туған інісі Ғалым Мұратбеков пен қарындасы Майра Мұратбековамен жуырда сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында көптеген қызықты естеліктер айтылды. Қаламгердің шығармашылығы туралы әңгіме өрбіді. Солардың ішінде мені ерекше толғандырып, жүрекке әсер еткен мына бір естелік болды.
– 1964 жылдың жазы еді, – деп әңгімені Ғалым аға бастады. – Сайын ағам Тахауи Ахтанов пен Бердібек Соқпақбаевты өзі туып-өскен Қоңыр ауылына алып келді. Қоңыр ауылы – ол кезде Талдықорған облысы, Қапал ауданына қарайтын, мал шаруашылығы бригадасы бар үлкен елді мекен. Алматыдан шыққан Сайын ағалар 4 сағаттық жерге күндік жол жүрді. Мен ол кезде 16 жастамын. Ере шықтым. Жол-жөнекей олар ат басын тартып, тоқтаумен болды. Табиғаты жақсы, суы бар жерге аялдап, бір тынығып алады. Әңгімелері жол бойы тауысылар емес. Көксу өзенінің жағасына ат шалдырып ұзақ отырғандары есімде қалыпты.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарып жүрген Сайын Мұратбеков сол жылдары небәрі жиырма жеті жаста болған. Тахауи Ахтанов пен Бердібек Соқпақбаевты бұрыннан таниды, алыс-берісі болмаса да рухани үндес. Әдебиет, руханият, ұлттық болмыс турасында әңгімелері мен ойлары ортақ. Ортақ әңгіме болған жерде үшеуінің айтары да көп. Қызықты әңгіме үстінде ұзақ жол жүріп келген жолаушылар кешқұрым Қоңыр ауылына жетеді. Қара шаңырақта кешкілік қонақ күтіледі, ет асылып, дастархан жайылады. Ертесі ауылдың мәдениет үйінде ауыл үлкендерімен, мәдениет, еңбек адамдарымен, жастармен кездесу болады. Жиынға келген көпшілік Тахауи Ахтановтың «Боран» романын, Бердібек Соқпақбаевтің «Менің атым Қожа» повесін, Сайын Мұратбековтың «Менің қарындасым» әңгімесін оқыған, мейман жазушылардың шығармашылықтарынан мейілінше хабардар. Жиналғандар жазушыларға сұрақтарын қояды. Оқырман мен автор арасында еркін әңгіме өрбиді. Сонда Тахауи Ахтанов: «Мына ауылдың адамдары әдебиеттен алыс емес екен, біздің жазған туындыларымызды жақсы біледі екен, Сайынның шығармаларындағы прототиптері де ортамызда екен...» – деп, ризашылығын білдіреді.
Сәтті кездесуден кейін ертеңінде үшеуі атқа мініп ел аралап, жер көріп, саяхаттап қайтуды жөн көреді. Сол кезде Керім Мұсабаев деген колхоз басшысы жазушыларға тау-тастың жолына төселген, жүргек бір-бір ат береді. Ғалым аға сөзін жалғап:
– ...Үшеуі Қоңырдан он бір шақырым жердегі Тастыбұлақ ауылына барады. Онда кіші әкеміздің қызы Сайра апайымыздың үйіне тоқтайды. Әпкеміздің күйеуі колхозда механик болып қызмет етеді екен. Мұнда екі күндей болады. Ауылдың кәрі-жасы жазушыларға ерекше құрмет көрсетеді. Үйлеріне шақырады. Содан олар алда әлі талай баратын жер бар екенін айтып, әрең дегенде жайлауға аттанады.
Әңгіме қыза түскенде Майра апай да сөзді жалғап әкетіп:
– Жолаушылар Тастыбұлақтан жайлауға жол тартады. Атпен өрлей отырып, «Досқұл» деген жерге келгенде аттарын бір тынықтырады. Сөйтіп, әрі қарай Үлкен Жасыл көл, Кіші Жасыл көл арқылы «Қызыл» аталатын таудың шыңына шығады. Ар жағы – Қоры сайы. Табанында Қора өзені ағып жатады. Ал, өзен жағалай қатар-қатар киіз үй тігіп, Қоңырдың шопандары отырады. Сайға түсудің өзі оңай емес. Иректің жолы арқылы сайдың табанына түседі. Өзен жағасында отырған Сайын ағамның құрдасы Шорабай деген малшының үйіне жолай тоқтайды. Ол кезде о кісі жас шабан еді. Колхоздың малын бағады. Жөн сұрасып, аттанарда Шорабай жазушыларды жібермей қонақ қылады. Өзі сондай жомарт болатын. Мұны естіген әрбір малшы меймандарға келіп сәлем беріп, жүз көрісіп, кездесіпті, – деді.
Сайын Мұратбеков бастап келген бұл сапарда әдебиет алыптары Тахауи Ахтанов пен Бердібек Соқпақбаевтың барын естіген жайлау халқы да жазушылармен кездесіп, дидарласып қалуды жөн санаған ғой. Әрқайсысы қаламгерлерді қонақ қылып, сый-сияпат көрсетіп, әңгімелерін тыңдайды. Араға үш-төрт күн салып аттарына мініп, сайды өрлей отырып, Бұрқанбұлаққа аялдап, сарқыраманы тамашалайды. Ғалым Мұратбековтың айтуынша, Бұрқанбұлақтан асқанда жалғызаяқ жол кетеді. Қалың шырша сиреп, жайдақ көк жазық басталар тұста Сайын Мұратбековтің аталары жайлаған жайлауы бар. Жұрт ол жерді «Мұратбектің жайлауы» деп атап кеткен дейді. Сапар барысында сол жаққа дейін барып, аунап-қунап, бір тынығып, қонақтар кері қайтады.
Қайтар жолда мынадай қызық оқиға болады. Сайын Мұратбеков қасындағы серіктерімен құрдасы, әрі досы Науқанға арнайы сәлем беріп үйіне тоқтайды. Науқан – Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» повесіндегі басты кейіпкер Аянның прототипі еді. Ол кезде колхоздың малын бағатын малшы. Автор өз кейіпкерін өзімен бірге келген қонақтарға кеңінен таныстыруды жөн санаса керек. Науқанмен жүздескен Тахауи Ахтанов пен Бердібек Соқпақбаевтың қандай күйде болғанын елестетіп көріңіз. Шығарма кейіпкері мен жазушылар арасындағы ақжарма әңгіме, еркін сұхбат ұзаққа созылып, түннің бір уағына дейін жалғасады. Тамылжыған мамыражай маусымның қоңыр салқын сол бір түні адамның жан сарайын кеңінен ашып әртүрлі ғажайып әңгімелердің айтылуына да себеп болған сыңайлы.
Бірнеше күнге созылған сапардың қиындығы мен қызығы әдебиет алыптарының жадында өшпес із қалдырса, сол сапар арқылы «Жусан иісіндегі» Аянның прототипі болған Науқанның есімі де барша оқырманға кеңінен таныла түсті.
1999 жылы 6 мамыр күні Сайын Мұратбеков Талдықорған қаласына келген бір сапарында Науқанның қызы Нұржанатқа кітабын сыйлапты. Мұқабасына: «Менің шығармамдағы Аянның прототипі – Науқанның қызы Нұржанатқа, автордан…» – деп, қолтаңба жазып қалдырған.
Содан кейінгі әңгіменің қызығы мынада. Журналист Бейсен Құранбек жүргізген Қазақстан Ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасының бір шығарылымында «Жусан иісі» повесіндегі нақты кейіпкер көпшілікке алғаш рет белгілі болды. Майра Мұратбекова оған дейін алып-қашпа әңгімелер мен өзін сол шығарманың кейіркерімін дейтін адамдардың көп болғанын айтады. Бір күні Майра апайға Бейсен Құранбектің өзі хабарласып, Аянның анық прототипі кім болғанын айтып беруін сұрайды. Сөйтіп жүргенде Науқан Керімов қызы Нұржанатқа Сайын Мұратбековтің қолтаңба қалдырған кітабын Майраға әкеліп көрсетеді. Ал, «Айтуға оңай» бағдарламасында кітап мұқабасына автордың өзі қалдырған қолтаңба нағыз Аянның кім екендігін анықтап, алып-қашпа сөздерге нүкте қойған сыңайлы.
Қалқаман Абдрахманұлы,
Ақын, публицист, Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің редакторы
Abai.kz