Жәрдемақы кімдерге берілуі керек?
Баласын қымбат ақылы мектепте оқытатын, табысы жоғары отбасылар мемлекеттен жәрдемақы алмайды. Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа тәсілін енгізу кезінде осындай ұстаным қарастырылып жатыр. Негізгі мақсат – бюджет қаражатын материалдық жағдайы жақсы азаматтарға емес, мемлекеттік қолдауға шынымен мұқтаж отбасыларға бағыттау.
Жоспар бойынша мемлекеттік жәрдемақылардың 14 түрін тағайындау кезінде отбасының нақты әл-ауқаты ескеріледі. Яғни азаматтың ресми табысымен ғана шектелмей, отбасының жалпы материалдық жағдайын бағалау көзделеді.
Мәселен, отбасы баласын ақылы мектепте оқытуға, қымбат мүлік ұстауға немесе басқа да ірі шығындарды көтеруге мүмкіндігі болса, оған бюджет есебінен әлеуметтік қолдау көрсету қаншалықты негізді деген мәселе туындайды.
Осы бастамаға Құрылтай депутаты Асхат Рахымжанов та пікір білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік көмек ең алдымен оған нақты мұқтаж адамдарға жетуі керек.
«Күнкөрісі төмен отбасыға берілетін жәрдемақы мен табысы жоғары топ-менеджердің отбасына төленетін жәрдемақының міндеті екі бөлек. Екінші жағдайда ол әлеуметтік қолдау емес, бюджеттен берілетін қосымша қаражатқа айналады», – дейді депутат.
«Жалпыұлттық социал демократиялық партияның ұстанымы әлеуметтік-демократиялық әділеттілік қағидатына негізделеді. Адам неғұрлым көп табыс тапса, салық арқылы ортақ бюджетке соғұрлым көп үлес қосады. Ал мемлекет қолдауды оған мұқтаж азаматтарға бағыттайды.
Алайда жаңа тәртіп азаматтарға қосымша бюрократиялық салмақ түсірмеуі тиіс», - дейді Құрылтайдағы ЖСДП фракциясының жетекшісі.
Депутат, отбасы өзінің мұқтаж екенін дәлелдеу үшін бірнеше мекемеден анықтама жинамауы керек, қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынуы қажет деп есептейді.
Сонымен бірге отбасының табысы белгілі бір межеден сәл ғана асқан жағдайда барлық көмекті бірден тоқтатпау ұсынылады. Өйткені мұндай жүйе азаматты ресми жұмыс істеуге немесе нақты табысын көрсетуге ынталандырмауы мүмкін.
Сондай-ақ депутат, жүйенің нәтижесі ашық жариялануы керек, деп отыр. Яғни пилоттық жоба барысында қанша отбасы көбірек қолдау алғаны, қаншасына жәрдемақы берілмейтіні, оның себебі және қанша азамат қабылданған шешімге шағымданғаны көрсетілуі тиіс. Жүйе іске қосылғаннан кейін оның нәтижесіне қарай түзетіліп отыруы қажет.
Негізгі қағида – бюджет қаражатын үнемдеу үшін жәрдемақыны жаппай қысқарту емес, мемлекеттік көмекті оған шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттау. Жәрдемақы күнкөрісін әрең қамтамасыз етіп отырған отбасыға қажет қолдау болуы керек, ал табысы жоғары отбасы үшін ол бюджет есебінен берілетін міндетті емес қосымшаға айналмауы тиіс.
Abai.kz