Президентке және Құрылтайға ұсыныс: Қазақ баласының контентін кім жасайды?
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа және Құрылтай мүшелеріне ашық үндеу
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Құрметті Құрылтай мүшелері!
Мен бұл мәселені сырттан бақылаушы ретінде емес, балаларға арналған контент жасап, аударып, қазақ тіліндегі цифрлық өнімдердің мүмкіндігі мен қиындығын күнделікті көріп жүрген журналист әрі аудармашы ретінде көтеріп отырмын.
Менің айтпағым қарапайым көрінгенімен, оның артында Қазақстанның ұзақ мерзімді болашағына қатысты үлкен мәселе тұр.
Қазақстанда бала көп. Бірақ қазақ баласына арналған сапалы ұлттық контент әлі де аз.
Бұл – мәдениет саласының ғана мәселесі емес. Бұл – ұлттың болашағы, қазақ тілінің келешегі, адами капитал, ақпараттық қауіпсіздік және креативті экономиканың мәселесі.
Қазақстан халқының үштен бірі – балалар!
Қазақстанның демографиялық құрылымына қарасақ, біздің ең үлкен капиталымыздың бірі анық көрінеді.
18 жасқа дейінгі балалар ел халқының шамамен 34 пайызын құрайды.
2021 жылғы ұлттық санақ дерегінде балалардың 79 пайыздан астамы – этникалық қазақтар болған.
Осы екі көрсеткішті қатар қарағанда, ел халқының шамамен 27 пайызы – 18 жасқа дейінгі қазақ балалары деген шамамен есеп шығады. Бұл – өте үлкен аудитория.
Бірақ менің журналист және контент жасаушы ретіндегі сұрағым:
Біз осы аудиторияға не ұсынып отырмыз?
Қазақ баласы өзінің тілінде қанша мультфильм көреді?
Қанша сапалы анимациялық сериал бар?
Қанша ұлттық кейіпкерді біледі?
Қанша қазақша ғылыми-танымдық арна бар?
Қанша комикс, манга, интерактивті кітап, мобильді ойын жасалды?
Қазақ ертегілерінің қаншасы заманауи анимацияға айналды?
Тарихымыздағы тұлғалардың қаншасы бүгінгі баланың экранынан көрінеді?
Міне, мәселе осында.
Бала тәрбиесін тек мектепке жүктеу – жеткіліксіз. Бүгінгі бала бұрынғыдай тек мектептен білім алып, үйде кітап оқып өспейді. Оның екінші мектебі – цифрлық кеңістік.
YouTube, TikTok, мультфильм, ойын, комикс, әлеуметтік желі, подкаст, музыка және қазір жасанды интеллект баланың күнделікті өміріне кіріп кетті.
Бала кейіпкерлер арқылы сөйлесуді үйренеді. Оқиғалар арқылы дүниені таниды. Ән арқылы тілдің интонациясын қабылдайды. Ойын арқылы мінез-құлық моделін меңгереді. Демек, балалар контенті – тәрбиенің көлеңкеде қалған, бірақ аса қуатты құралы.
Біз мектепке миллиардтаған теңге инвестициялаймыз. Ал баланың мектептен кейінгі төрт-бес сағатын кім тәрбиелеп жатқанын жеткілікті деңгейде ойлап жүрміз бе?
Бұл сұраққа шындап жауап беретін уақыт келді.
Бізде мұра бар. Бірақ оны балаға жеткізетін заманауи форма жетіспейді
Қазақстанның ең үлкен артықшылығы – біз контентті нөлден ойлап табуға мәжбүр емеспіз.
Біздің қолымызда ұшан-теңіз материал бар:
Қазақ ертегілері.
Аңыздар.
Батырлар жыры.
Әл-Фараби.
Абай.
Шоқан.
Ыбырай.
Ахмет.
Әлихан.
Мұхтар.
Қазақтың хандары мен батырлары.
Ұлттық ойындар.
Домбыра.
Қазақтың табиғаты.
Этнографиясы.
Тұрмыс-салты.
Балалар фольклоры.
Бірақ осының бәрін бүгінгі баланың тіліне, визуалды әлеміне және цифрлық мәдениетіне бейімдеу мәселесі толық шешілген жоқ.
Бізде тарих бар, бірақ оның заманауи кейіпкерлері аз. Бізде ертегі бар, бірақ оның цифрлық әлемдегі нұсқасы жеткіліксіз. Бізде тіл бар, бірақ сол тілде баланы экранға ерікті түрде қайта-қайта шақыратын контент аз.
Ең қауіпті нәрсе – баланың назарын жоғалту
Біз кейде «қазақша контент керек» дегенде мәселені тіл тұрғысынан ғана қарастырамыз. Меніңше, бұл жеткіліксіз. Балаға қазақша контент жасау – қазақша аударып қою деген сөз емес.
Бала оны көруі керек. Ұнатуы керек. Кейіпкерін жақсы көруі керек. Оқиғасын күтуі керек. Достарына көрсетуі керек. Ойын ретінде пайдалануы керек. Яғни қазақ тілі баланың цифрлық әлемінде қызықты әрі заманауи тілге айналуы қажет.
Бұл үшін тек аудармашы жеткіліксіз. Сценарист, режиссер, аниматор, иллюстратор, композитор, дыбыс режиссері, дизайнер, программист, педагог және маркетолог бірігуі керек.
Сондықтан бізге жеке-жеке жобалар емес, ұлттық балалар контенті индустриясы қажет.
Жасанды интеллект – жаңа мүмкіндік
Бүгін бұл мәселені шешуге бұрынғыдан әлдеқайда көп мүмкіндік бар.
Жасанды интеллект технологиялары сценарий жазуға, иллюстрация жасауға, кейіпкер әзірлеуге, анимация құруға, дауыс синтездеуге, музыка жасауға, дубляж бен субтитр дайындауға мүмкіндік беріп отыр.
Әрине, жасанды интеллект адам шығармашылығын алмастырмайды. Бірақ ол шағын шығармашылық топтардың мүмкіндігін бірнеше есеге арттыра алады. Бұрын үлкен студия қажет болған жобаны бүгінде бірнеше жас маман бастап кете алады. Сондықтан Қазақстанның ауылындағы немесе шағын қаласындағы талантты бала да ертең қазақша анимация жасаушы автор бола алады.
Бірақ оған мүмкіндік керек. Білім керек. Техника керек. Ментор керек. Платформа керек. Ең бастысы – нарық керек.
Президентке және Құрылтайға ұсыныс
Осыған байланысты мен Қазақстанда «Ұлттық балалар контенті» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынамын.
Бұл бағдарламаны кезекті қысқа мерзімді гранттар жиынтығына айналдырмай, нақты индустриялық жоба ретінде қарастырған жөн.
Бірінші: Ұлттық балалар контенті қорын құру
Қазақ ертегілері, аңыздары, тарихи оқиғалары мен ұлттық кейіпкерлерінің бірыңғай цифрлық базасы жасалуы қажет. Ол сценаристерге, аниматорларға, мұғалімдерге, балалар жазушыларына және шығармашылық студияларға қолжетімді болғаны жөн.
Екінші: «1000 қазақ кейіпкері» жобасын бастау
Қазақстан тарихы мен мәдениетіндегі тұлғалар, фольклорлық кейіпкерлер және қазіргі заман қаһармандары негізінде жаңа балалар кейіпкерлерінің қорын жасауға болады. Әр кейіпкердің өз тарихы, мінезі, визуалдық стилі, кітабы, мультфильмі және цифрлық өнімі болуы тиіс.
Үшінші: Қазақша анимация мен AI-контент студияларын қолдау
Әсіресе жастар мен өңірлік шығармашылық топтарға мүмкіндік беру керек. Бір ғана Астана мен Алматыға емес, облыстар мен аудандарға да бағытталған шағын өндірістік орталықтар қажет.
Төртінші: Қазақша балалар контентіне арнайы мемлекеттік тапсырыс
Мемлекеттік тапсырыс тек телевизиялық өніммен шектелмеуі керек.
Оған YouTube-сериал, қысқа анимация, комикс, аудиокітап, подкаст, мобильді ойын, интерактивті ертегі, білім беру видеосы және AI-анимация сияқты жаңа форматтар кіруі қажет.
Бесінші: Балалар контентін өндірушілерге емес, нәтижеге қаржы бөлу
Мемлекет қаржыландырған өнімнің қанша қаралым жинағаны, қанша бала пайдаланғаны, қанша тілге аударылғаны және халықаралық нарыққа шыққаны да бағалануы керек. Яғни: «Қанша ақша бөлінді?» емес, «Қанша балаға жетті?» деген өлшем бірінші орында тұруы тиіс.
Алтыншы: Балалар контентін экспорттық өнімге айналдыру
Қазақ тіліндегі контент тек Қазақстан үшін жасалмауы керек. Қазақ ертегісі ағылшын, түрік, орыс, қытай және басқа тілдерге аударылып, халықаралық нарыққа шығуы мүмкін. Біздің ұлттық кейіпкеріміз шетелдік балаға да қызықты болуы ықтимал.
Бұл – мәдени дипломатия. Бұл – ұлттық бренд. Бұл – креативті экономика.
Құрылтайға бір ұсыныс
Құрылтай аясында «Балалар контенті және ұлттық цифрлық мәдениет» арнайы секциясын құруды ұсынамын.
Бұл алаңға:
- журналистер;
- балалар жазушылары;
- аудармашылар;
- аниматорлар;
- режиссерлер;
- IT мамандары;
- педагогтер;
- психологтер;
- кәсіпкерлер;
- ата-аналар;
- балалардың өздері қатысуы керек.
Өйткені балалар туралы шешімді ересектер ғана қабылдап қоймауы тиіс. Баланың өзі де қандай контент көргісі келетінін айтуы керек.
Менің жеке кәсіби ұсынысым:
Мен журналист-аудармашы әрі балалар контентін жасаушы ретінде бұл жұмыстың ішкі қиындықтарын жақсы түсінемін.
Қазақ тіліне мәтін аудару – бір мәселе. Оны балаға қызықты етіп аудару – мүлдем басқа мәселе.
Сценарийді қазақша жазу – бір мәселе. Оны баланың эмоциясына жеткізу – басқа мәселе.
Жасанды интеллект арқылы сурет жасау – оңайлап келеді. Бірақ қазақ баласының жүрегіне жақын кейіпкер жасау – үлкен шығармашылық міндет.
Сондықтан мен осы бағытта жұмыс істейтін журналистер, аудармашылар, педагогтер және шығармашылық мамандардың тәжірибесін мемлекеттік саясат қалыптастыру кезінде пайдалануды ұсынамын.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қазақстанның болашағы туралы көп айтамыз. Біз білімді ұрпақ тәрбиелегіміз келеді. Цифрлық Қазақстан құрамыз дейміз. Жасанды интеллект дәуіріне қадам басып жатырмыз. Қазақ тілін дамытамыз дейміз. Креативті индустрияны өркендетеміз дейміз. Осының бәрінің тоғысатын бір нүктесі бар.
Ол – бүгінгі бала. Егер біз баланың тіліне, қиялына және цифрлық әлеміне бүгін кірмесек, ертең кеш болуы мүмкін. Өйткені бала күтіп отырмайды. Ол қазір-ақ контент көріп отыр. Қазір-ақ кейіпкер таңдап отыр. Қазір-ақ тіл үйреніп отыр. Қазір-ақ өзінің мәдени әлемін қалыптастырып жатыр.
Сондықтан біздің таңдауымыз анық болуы керек: Баланы тек контент тұтынушысы ретінде қалдырамыз ба, әлде оның қиялын қалыптастыратын ұлттық контентті өзіміз жасаймыз ба?
Меніңше, Қазақстан екіншісін таңдауы тиіс!
Қорытынды: Қазақстанда шамамен 34 пайыз бала бар. Олардың басым бөлігі – қазақ балалары. Бұл – жай статистика емес. Бұл – Қазақстанның ең үлкен болашақ аудиториясы.
Бізде мұра бар. Бізде тіл бар. Бізде талант бар. Бізде технология бар. Енді осы мүмкіндіктерді біріктіретін мемлекеттік ерік пен жүйелі индустриялық саясат керек.
Мен Президентке және Құрылтай мүшелеріне балалар контентін мәдениеттің қосалқы бағыты емес, ұлттық даму саясатының стратегиялық бағыты ретінде қарастыруды ұсынамын. Өйткені бүгін қазақ баласы көрген кейіпкер – ертеңгі қазақ азаматының дүниетанымына әсер етеді.
Бүгін бала тыңдаған тіл – ертеңгі қоғамның тіліне айналады. Бүгін бала қиялдаған әлем – ертеңгі Қазақстанның бейнесіне айналуы мүмкін. Сондықтан Қазақстанға жай ғана көп бала емес, өзінің тілін, мәдениетін, тарихын және болашағын сүйетін, әлеммен тең сөйлесе алатын бала керек.
Ал ондай ұрпақты тәрбиелеудің бір жолы – оның экранын сапалы ұлттық контентпен толтыру!
Құрметпен,
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар,
журналист-аудармашы, фонолог-ғалым, әдебиет теориясының зерттеушісі, филология магистрі, балалар контентін жасаушы, Abai.kz ақпараттық порталының Абай облысы бойынша меншікті тілшісі, «Құнанбай қажы атындағы Алаш аудармашылар одағы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, Ахмет Байтұрсынұлы медалінің иегері
Abai.kz