Жұма, 11 Қыркүйек 2026
Билік 256 0 пікір 11 Қыркүйек, 2026 сағат 15:10

Біз - Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагеріміз!

Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен сайысқа түсіп, халқымыздың атынан абыроймен өнер көрсеттіңіздер, Отанымыздың көк байрағын көкте желбіреттіңіздер. Ұлттық құрамамыз отандастарымыздың үмітін толықтай ақтады деп кәміл айта аламын. Мемлекет басшысы ретінде барша Қазақстанды жігерлендірген осы жеңістеріңіз үшін сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүкіл халқымыз сіздерге жанкүйер болып, шын жүректен тілеулеріңізді тіледі», — деді ол.

Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты шарада Мемлекет басшысы спортшылар мен бапкерлерді Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы табысты өнерлерімен құттықтады. Ол құраманың жоғары шеберлігін және еліміздің ұлттық спорт түрлеріндегі беделін арттыруға қосқан үлесін атап өтті.

Сонымен қатар Президент ұлттық құраманың жалпы есептегі жеңісі бүкіл ел үшін үлкен мақтаныш болғанына тоқталды.

«Ойын қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алса, оның 32-сі — алтын. Бұл табыс халқымыздың қайсар мінезінің, биік рухының және жеңіске деген мүлтіксіз ерік-жігерінің айқын дәлелі болды. Сөзсіз, спорттың ең басты миссиясы — өзара құрмет пен қолдауды қалыптастыру, сондай-ақ халықтар арасындағы достықты нығайту. Бұл дүбірлі спорттық оқиға жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оның нәтижелері де әділ болды. Осыған байланысты Қырғыз Республикасының Президентіне ризашылығымды білдіргім келеді», — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінде бүкіл әлемнің назары түркі халықтарына ауып отырғанын айтып, осы жарысты одан әрі дамыту мен танымал ету үшін күш біріктіруге шақырды.

«Қазақстан бұл ортақ іске әрдайым өз үлесін қосуға дайын. Бабаларымыздың екі бауырлас халыққа қалдырған ең бағалы мұрасы — өзара құрмет пен мәңгілік достық. Біз бұл дана өсиетті қастерлеуіміз керек. Біз — Ұлы дала цивилизациясының заңды мұрагеріміз. Қаһарман бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр жерді аманат етті, өз дәстүрлері мен рухани құндылықтарын табыстады. Осы асыл қазынаны көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманаттау — бәрімізге ортақ парыз. Бұл қасиетті миссияны біз ішкі мәдениетімізді, жоғары әдебіміз бен парасатымызды сақтай отырып орындауымыз қажет», — деді ол.

Президент Қазақстан болашаққа бағдарланған, айқын мақсаты мен жоспары бар ұлт ретінде қарқынды дамып келе жатқанын баса айтты.

«Бәріміз, соның ішінде ұлттық спортпен айналысатын жастар, басқа да спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен бизнесмендер, дәрігерлер мен мұғалімдер, студенттер мен ғалымдар, жұмысшылар мен басшылар, әскери қызметшілер мен түрлі орган қызметкерлері жоғары мәдениеттілік, ұстамдылық, ішкі сабырлылық танытып, бос сөз бен мақтаншақтықтан аулақ болуымыз керек. Тек сонда ғана біз шынымен де озық қоғам құра аламыз», — деп атап өтті Тоқаев.

Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерін дамыту Үкімет пен әкімдіктердің ең маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты.

«Қазіргі таңда бұл салада 30-дан астам арнайы мекеме жұмыс істейді. Астанада Ұлттық спорт университеті ашылды. Бұл жоғары оқу орны спорт саласындағы кадрлардың кәсіби деңгейін көтеруге шешуші үлес қосады деп сенеміз. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы да өз жұмысын ойдағыдай бастап кетті. Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да спорт түрлерінен мыңнан астам жарыс өтеді. Тұрақты түрде Ұлттық спорт түрлері фестивалі, «Ақ бидай» ауыл ойындары, «Қазақстан барысы» турнирі ұйымдастырылады. Ең бастысы, ұлттық спорт түрлерінің мәртебесі заңнамалық түрде олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілді. Бүгінде қазақ спортының беделі бұрын-соңды болмағандай жоғары және мұны бүкіл әлем мойындайды. Спортшыларымыз әрдайым үздіктер қатарынан көрінеді. Таяуда ғана біздің даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннис бойынша әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл — шынымен де тарихи әрі айтулы жетістік. Мен Елена Рыбакинаны құттықтап, оның еңбекқорлығын, шеберлігін және жеке мәдениетінің жоғары деңгейін ерекше атап өттім», — деді ол.

Президент отандық спорттың қазіргі жетістіктері Үкімет пен тиісті министрліктің жүйелі әрі дәйекті жұмысының нәтижесі екенін жеткізді. Сонымен қатар, әлі де шешімін табуы тиіс міндеттердің аз еместігіне тоқталды.

«Қазақстанда көптеген халықаралық жарыстар өткізіліп келеді. Бұрын-соңды болмаған дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды тоғыстырған «Болашақ ойындары» биыл Астанада табысты өтті. Келесі жылы елордамыз бірден жеті әлем чемпионатын қабылдайды. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр, бірақ бұл халықаралық шаралардың барлығы еліміздің халықаралық беделі мен абыройын нығайту үшін өте қажет. Ал 2029 жылы Алматыда X Қысқы Азия ойындары өтеді. Осы ірі турнирлердің барлығын ең жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек», — деді Тоқаев.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы спортшылар жеңісінің өсіп келе жатқан жас ұрпақты жігерлендірудегі маңызды рөлін атап өтті.

«Жастар сіздерге қарап бой түзейді, бұл — үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу — бір басқа, ал айналаңдағыларға үлгі болып, чемпион деген атқа толықтай лайық болу — бір басқа. Жастардың бойында қайсарлық пен төзімділікті ғана емес, сонымен бірге оларды әдептілікке, мәдениеттілікке және тәртіпке баулу өте маңызды. Тек осылайша біздің жастарымыздың дені де, рухы да сау болады», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1088
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2637
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 761
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 728