Жұма, 18 Қыркүйек 2026
Бәрекелді! 1312 0 пікір 17 Қыркүйек, 2026 сағат 13:20

Қазақ тілі: Корей профессоры ой салды...

Сурет: Видео скрині.

Тіл – қазақтың жаны. Тіл – қазақтың өзі. Дербес ұлт екенінің белгісі. Мемлекеттің басты символы. Бұл еш дау тудырмайтын сөз. Біз тілді сақтау һәм дамытудың жолы дегенде – «қазақ тілін ғылым тіліне, саясат тіліне, бизнес тіліне айдалдыруымыз керек» дегенді айтамыз. Расы сол.

Бүгін Сеулде саяси салмағы жоғары басқосу өтуде. Оңтүстік Корей мен ОА елдерінің басқосуы алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. «С5+1» дейтін форматқа осыған дейін АҚШ та, Қытай да, Германия мен Франция бастаған ЕО елдері де, Жапония да басқасы да қызығушылық танытты.

Бұл формат біз үшін тиімді-ақ. Әсіресе, қазіргідей геосаяси турболентті кезеңде сыртқы саясат пен ондағы алыс-берісті әртараптандырудың мүмкіндігі. Осыған дейін жұрт назарына аса бір ілікпей келген ОА – бүгінде маңызды географиялық аймаққа айналып келеді. ОА – жұмылған жұдырықтай бес мемлекет болғанымен, бұл алаң әр мемлекетке жеке-жеке мүмкіндік. Осы тұрғыдан, саммиттен бөлек, Астана мен Сеул арасында жеке саммит өтті. Қос тарап, жекелеген келісімдер жасасты.

«Сеул – еліміздің 10 үздік серіктесінің қатарына кіреді», - деді Тоқаев бүгін. Ал кешелі-бері Қазақстан мен Корей ұзын-ырғасы 19 млрд долларды құрайтын екіжақты келісімдерге қол қойған. Соның ішінде, МӨЗ салу мен қала құрылысы бағыттарында жобалар бар. Бүгін белгілі болған тағы бір ақпарат – Алматыда сирек металлдарды зерттеу орталығы құрылмақ екен. Президент: «Корей елі стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минерал түрінің бәрі де елімізде бар», - деді.

Әлбетте, бүтіндей сыртқы саясатты әртараптандыру – стратегиялық дұрыс шешім. Сондықтан да, Сеул сапарының маңызы жоғары деп отырмыз...

Енді түйіндейік: жоғарыда біз «қазақ тілі – саясат пен ғылым тілі болғанда ғана біз ұтамыз» дедік. Сол сөзіміздің шын екенін осы жолы Кореяның Хангуг шет тілдері университетінің профессоры, Корей жастарына қазақ тілін оқытумен жиырма жылдан бері айналысып келе жатқан профессор Сон ұстаз Ен Хун дәлелдеп бергендей болды. «Достық» орденін кеудесіне тағып тұрып, профессор:

«Мен жиырма жыл бойы Кореяда қазақ тілін оқытып, Қазақстанды Корея халқына кеңінен танытуға және екі елдің достығын нығайтуға өз үлесімді қосуға тырысып келемін. Бұл марапат маған ғана емес, кафедрамыздың Кореяда қазақ тілін оқыту мен Қазақстанды зертеу ісіне берілген жоғарғы баға деп қабылдаймын. Қазақстанды терең біле түсу үшін Кореяда қазақ тілін оқып жүрген жастарға қолдауыңыз жалғаса береді деп үміттенемін», - деді.

Сұхбат беріп тұрып, тағы: «Қазақстан дамып бара жатқан мемлекет болғандықтан, Корея мен Қазақстан арасында экономикалық жағынан, бизнес жағынан көп мүмкіндік бар. Соған қатысу үшін міндетті түрде қазақ тілін үйрену керек. және үйренгісі келетін студенттер де көп», - деді.

Демек – қазақ тілі сұранысқа ие тіл. Қазақстанда бизнеске араласу үшін оның мемлекеттік тілін білу міндетті болуы – дұрыс тенденция! Бұл әуелі, Қазақстанмен істес болғысы келетін өзгелерге үлгі болардық әңгіме!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1311
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2877
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 968
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 902