Түсімдегі кездесу
Поэма
Ой, сұмдық - ай! Түнде ғана... түсімде ,
Жүр екенмін өлгендердің ішінде.
Жаратқанға жалбарынып мұнда олар,
Мұңаяды біз ұқпайтын пішінде.
Қол ұшыңды бере алмайсың , себебі –
Жан азабын жалғыз өзішегеді.
Ар-ұяттың безбенімен өлшеніп,
Ақиқаттың үкіміне көнеді.
Анық баға – қарасына, ағына,
Шыға алмайды періштелер жағына.
Ешкім мұнда құтылмайды сұрақтан,
Біржолата жоғалмайды тағы да.
Солай пенде... өкін, мейлі өкінбе,
Қалтырайсың жаҺаннамның шетінде.
Қандай еді қайтаратын жауабың?!
Не істеп едің қара жердің бетінде?!
Маскүнемнің айтқаны:
–Жаны ашыған жақыныма сенбедім,
Сабыр менен салауатқа кенде едім.
Құлқынымның құлы болып жүргенде,
Білмей қалдым албастының жеңгенін.
Тура жолды көрсеткенде – көнбедім,
Ұшты желге еткен есіл еңбегім!
Қу арақтың құрдымынан шыға алмай,
Қаным кеуіп қайта-қайта шөлдедім!
Ой қонбайды сайтаны бар санаға!
Әке болып жарытпадым балама,
Елақтадым екі иығым салбырап,
Күс байланды жуылмайтын жағама.
Жиіркенді інілер де, аға да,
Ұшырадым неше түрлі табаға.
Күдер үзіп оңалмайтын түрімнен,
Туысқандар қуып шықты далаға.
Өшірдім мен өзектегі дарынды,
Тұлабойым сасық терге малынды.
Ауа жетпей қусырылды танауым,
Кең дүние минут сайын тарылды.
Қалтаңдадым жан секілді жаралы,
Күмілжітті күйзелістің бораны
Жолдастарым аянышпен еске алып,
Тірі өлікке қарағандай – қарады!..
Күйік болдым әкеге де, шешеге!
Тістерімді сақылдаттым кесеге...
Шермендемін ақылынан адасып,
Сары аязда қатып қалған көшеде...
Қарақшының дегені:
–Адамдардың өмірімен «ойнадым»,
Бұлақтарды аяғымммен лайладым.
Қарақшының «байлығы» мен «беделі»,
Қанжарының ұшында деп ойладым.
Аңдып едік ауқаттының жолдарын,
Аузын тілдік ақшасы бар дорбаның.
Сауға сұрап шырқыраған дауыстар,
Жібітпеді топастықтың тоңдарын.
Сөзіне еріп арсыздық пен айланың,
Күнәсіздің қол-аяғын байладым.
Жалғастырып жан алу мен тонауды,
Қарауылға ілінгенді қоймадым!
Жолдастарым – жымысқы мен жырынды,
Дірдектетіп бұздық талай мұрынды.
Қарындастың обалына қарамай,
Қарау қолмен умаштадым бұрымды!..
Өкінем мен ... өкінемін мен осыған !
Қара беттер қатарына қосылам.
Оқ сияқты жетімдердің қарғысы,
Нәлет жауды жесірлердің жасынан.
Таяқ жеймін құныкерлер тасынан,
Орын алдым ібілістің қасынан.
Күнде келіп көздерімді шұқиды,
Кеше ғана мен өлтірен жас ұлан!
Қайырсызға ілесем деп қаңғыған,
Өмір сүре алмаппын-ау мандыған!
Құрдым еді жауыздардың апаны,
Бірін бірі аш қасқырдай аңдыған?!
(Тозақ шығып күнәһардың алдынан,
Шыңырауда шыжғырылар мәңгі жан !)
...Жемтіктестер таласқанда мерт болдым,
Ақырында жібермеді қанды – қан!
Құдайсыздың дегені:
–Өрнегіне өшіккендей көненің,
Ақ дінімді апиынға теңедім.
«Өлдің – бітті... өкірмейсің көріңде»,
Осылай деп түсіндіргем себебін.
Жиіркенбей доңыз етін жеп едім,
Жаратқанды мойындауға жоқ едім.
Әулиенің күмбезіне күл шашып,
Исламның уағыздарын бөгедім.
Тірі жанға болмаса да жазығы,
Қуаладым молда менен қажыны.
Момындарға жала жаптым ұялмай,
Соңдарына салып қойдым «тазыны».
Тұмарынан ажыраттым бесікті,
Тепкіледім киесі бар есікті.
Айғай салып айшықтарға оқ аттым,
Атқораға айналдырдым мешітті.
Имани – гүл өсіп тұрса жапырдым,
Құтырынған қуыс кеуде пақырмын.
«Құдай қайда?! Көрінбей ме көзіме ?!» –
Деп езуім көпіргенше бақырдым.
Дәуірледім, шалықтадым, шайқадым,
Иіскедім «көсемдердің» байпағын.
Жетеледі көзі ойнаған әзәзіл,
Қолтығыма су бүрікті сайтаным!
Ақиқатты ең соңында байқадым,
Бірақ енді, шырқалмайды қайта әнім!
Менің үнім тірілерге жетпеді-ау...
«Құдайы бар! – деп, – Құдай бар!» – деп айтамын...
Мансапқордың дегені:
–Бастықтардың орындығын көздедім,
Оның құтты болмайтынын сезбедім.
Мазам кетті қошеметке бөленіп,
Мәртебесі көтерілсе өзгенің.
Жүйріктердің жүлдесіне сенбедім,
Жағынуға жаратылған пенде едім.
Таланттардың көшесіне тас атып,
Тарландардың елемедім еңбегін...
Аңқауларды торымызға түсірдік,
Шіренгенде – алабөтен «ісіндік».
Тіршіліктің жалғыз ғана өлшемі,
Таңырайған мансапта деп түсіндік.
Шекпенсізге шекемізден қарадық,
Керек емес маған халық, маған ұлт.
Қызығады сыртымызды көргендер,
Ішіміз тар, таным – соқыр, сана – бұлт!
Шынында мен – ұлық емес, ұры едім!
Жылпостарға табанымды тіредім.
«Қудың жолы – құрдым» деген мақалдан,
Қорыққанда – қуаратын реңім.
Сайқалдарша құбылатын түр, өңім,
Ақиқаттың тірілмеуін тіледім.
... Орынтақтан омақасып түскенде,
Солқ етті де... соқпай қалды жүрегім!..
Азаматтар үні:
–Арпалыстық иман үшін, ар үшін,
Күресіміз ұрпақтарға дарысын!
Өзін ұққан Тәңірін де таниды,
Құрандағы жазылғанның бәрі шын.
Ақылдылар аша алады құлыпты,
Арлы жандар аялайды тұнықты.
Қараулыққа қарсы шапқан батырлар,
Қара бастың рахатын ұмытты.
Аталардың кегін алдық жауыздан,
Алтын дәнді аршығанбыз қауыздан.
Қасиетін кетірмеген тектілер,
Маңдай терін топыраққа тамызған.
Қырандарды қияларға ұшырдық,
Қиналғанға қолымызды ұсындық.
Атағымыз алты қырдан асса да,
Анамызды көрген кезде – кішірдік.
Кіндігіміз туған жерге байланып,
Домбыраның әуенімен тойладық.
Даламыздың пейілі мен кеңдігін –
Даналықтың кепілі деп ойладық.
Қайтарусыз қалдырмадық қарызды,
Ада қылдық мұсылмандық парызды.
Жаратқаным жарылқаса пендесін,
Бүкіл әлем жарқырайтын тәрізді.
Ақиқаттың жолы оңай болмайды,
Алайда оның жапырағы солмайды!
Сүйе білген, күйе білген жүректі,
Бұл жақта да Құдай, әруақ қолдайды!..
***
Осындай бір түс көріп ем – наныңыз,
Тірі екен-ау, ұшып кеткен жанымыз!
Сөздеріме сенбейтіндер – сенбесін,
Көп нәрсені көре алмаймыз әлі біз.
Шын қуанған секілді едім, шын күлген,
(Құдіреттің құпиясын кім білген?!)
Тұлабойым тітіркенді, тылсым күш,
Айбалтасын көрсеткендей үңгірден!
Салыстырсам – бір күн жақсы, бір күннен!
Кешір, Алла, кінәм болса бүлдірген!
...Шықылына құлақ түріп сағаттың,
Оянып ап, ойға батып тұрдым мен...
Батық Мәжитұлы
Abai.kz