Қазақстан-АҚШ арасында әуе қатынасы қашан болады?
Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашудың қауіпсіздігі бағаланбақ.
АҚШ-тың Федералды авиация әкімшілігінің (FAA) сарапшылары 21–25 қыркүйек аралығында Қазақстанда ұшу қауіпсіздігіне байланысты халықаралық бағалау (IASA) аудитін жүргізеді.
Бұл іс-шара Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу жұмыстары аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
IASA аудиті барысында FAA сарапшылары төмендегі бағыттарды бағалайды:
-
Қазақстанның авиация саласындағы заңнамасы мен нормативтік-құқықтық актілері;
-
Ұшу қауіпсіздігін бақылайтын мемлекеттік жүйенің мүмкіндіктері мен тиімділігі.
Азаматтық авиация комитетінің хабарламасынан:
«Бағалау ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесіне жүргізіледі. Бұл Авиация билігінің ИКАО-ның (ICAO) қолданыстағы стандарттары мен ұсынылған практикаларына сәйкестігін анықтауға бағытталған».
IASA бағалауы аяқталғаннан кейін FAA өкілдері қорытынды брифинг өткізеді, кейін ресми жазбаша есеп ұсынады.
Abai.kz