Қытай сақалға жол жапты
Қытай мемлекеті «сақалды қазақстандықтардың» елге кіруіне тосқауыл қойып жатыр. Әлеуметтік желілерде сақалды қазақстандықтардың «Қорғас» бекетінен өтерде, немесе, Қытай шекарасынан өту кезінде Қытай тарапынан сақалдарын қыруды талап еткендеріне шағымдары жиілеп кетті...
Әрине, мұндай қатаң тексерістер бүгіннен орын алған жоқ Ол талап Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 2017 жылдан бері қолданылып келе жатыр. Ол Қытайдың экстремизмге қарсы ішкі заңдармен байланысты. Бұл ережелер бойынша «қалыпты емес» (діни сипаттағы ұзын) сақалдар мен бетті толық жауып тұратын киімдерге шектеу қойылған. Шекарадағы бақылау: «Қорғас» немесе басқа да өткізу пункттеріндегі Қытай шекарашылары күдікті деп тапқан адамдардан сақалын қыруды талап етіп, бұл процесті бейнебаянға түсіріп алу жағдайлары кездеседі. Талапты орындамағандар елге жіберілмейді. Онымен қоса, қалта телефондары да тексеріліп, онда діни сипаттағы уағыздар жүктелгені анықталса – оларды да шегарадан өткізбейді. Тіптен, 2017 жылы сәуір айында Қытай жағы «экстемизм қаупінен сақтану» деп, екі ел арасындағы шегараны бір аптаға жауып қойғаны да белгілі. Сондықтан, бұл іс‑шараны біз жаңалық дей алмаймыз.
Соған қарамастан, бұл еліміздегі сауда‑саттықпен айналысатын діншілдерге елеулі қиындықтар туғызуда. Бізге бұл жағдай жақсы таныс, өйткені, 2000‑ші жылдардан кейін қазақ жастары жапай сақал қоя бастады. Онымен бір мезетте еліміздің барлық түпкіріндегі базарлар мен сауда орындарындағы ең өтімді орындарға да «сақалдылар» иелік етуге көшті. Әрине, бұл базар немесе сауда орталығының қожайынының, яғни, меншік иесінің «кенеттен діншіл болып кетуі» әсерінен орын алған жоқ. Оған жоғарғы жақтан ықпалды бір күштің бұйрық беріп отырғанын жұрт сезді – ешкім қарсы сөз айтуға батпады. Одан кейінгі уақыттарда елімізде орын алған оқиғалар со кезде пайда болған сезіктің растығын дәлелдеп берді...
Қазір елдегі сауда жүйесіндегі бұл қарқын бәсеңдеді. Яғни, бұдан олардың мүддесін шегара бекетінен бастап сауда орындарына дейін қорғайтын жүйенің күші әлсірегенін байқауға болады. Ол әлеуметтік желілерде тарап жатқан көптеген пікірлерден көрініс табуда. Мысалы, күні кеше маған ватсап арқылы өзін «ағылшын тілінің мұғалімі Жанна» деп атаған адамның жазбасы жетті. Мұнда да осы мәселе көтерілген. Мен желі арқылы Жаннаға ары‑бері сұрау салып көрдім, бірақ, нақты авторын табу мүмкін болмады. Сондықтан, ол жазбаны қаз‑қалпында жариялау қажет деп шештім. Себебі, мұндағы көтерілген мәселе көптеген адамдарға ой салатын сұрақ десек болады:
Ағылшын мәнінің мұғалімі Жанна:
Кеше бір саудамен айналысатын танысымды Көкбазарда көріп, сөйлесіп қалдым. Алғашында танымай қалдым, сөйтсем сақалсыз кәдімгі адамға ұқсап қалған.
— Өу, сақалың қайда кеткен?!
— Қытайға барып келдім. Шекарадан өтерде сақалымызды қырғызып тастады, хиджабпен кіргізбей жатыр! Қытай деген не деген оңбаған, "харам" ел еді! — деп өзінен-өзі түтігіп отыр.
Шыдамай кеттім.
— Өй, айналайын-ау, ол ел сендерше "харам", жаман ел болса, не бар ол жақта сандалып?! Шәйіңді ішіп, тып-тыныш Қазақстанда отырмайсың ба? — дедім.
— Е, мен сауда жасаймын ғой, бармағанда қайтемін? — дейді шіреніп.
Ақша табуға келгенде "харам" Қытайың заматында "халал" болып шыға келеді. Барлық ризығын, нәпақасын солардың зауытынан тасып жүріп табады да, артынша солардың заңына түкіргісі келеді. Ал мен сол Қытайдың тәртібі мен заңына келгенде, басымды иіп, риза болдым!
Қытай мемлекеті өз елінің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне келгенде ешкімнің көңіліне қарамайды! Діннің жетегінде кеткендерге, бөтен ағымның идеологиясын жамылып, қоғамға іріткі салғысы келетіндерге дәл сол жерде нүкте қояды. Талап біреу: Олардың заңына бағынасың ба – кір! Бағынбайсың ба шекараның арғы жағында сақалыңды сипап отыра бер!
Біздің кейбір "тақуасымақтар" өз елімізде зайырлы мемлекеттің заңдарын менсінбей, мектепке хиджаб кигізіп, сақал жіберіп, доңайбат көрсеткісі келеді. Ал шекараның арғы жағына барғанда, сақалын өз қолдарымен-ақ сыпырып, тым-тырыс жүруге мәжбүр болады.
Міне, бұл қосстандарттылық! Бұл шынайы сенім емес, жалаң демонстрация!
Еліміздің тәуелсіздігі, зайырлылығы мен ішкі тыныштығы бәрінен биік. Тәртіп пен заң салтанат құрған жерде ғана болашақ бар. Шекарадан өткенде заңға бас иетіндер, өз елінде де Конституцияны құрметтеуді үйренсін!
Ақиқат осы, ағылышын тілі мұғалімі Жаннаның сөзіне алып‑қосарымыз жоқ.
Әбірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz