Тоқаевтің мұраты
1989 жылы мамырдың 16-сында Орталық ұлттар университетінің ұстаздары, студенттері және қызметкерлері Тяньаньмэнь алаңында аштық жариялап жатқан студенттерге қолдау көрсету мақсатында орталық алаңға ереуілдетіп жаяу бардық. Көтерген тулардан, жазып алған ұрандардан көз сүрінеді. ҚКП-ның экс-бас хатшысы Ху Яобан тосыннан жүрек талмасынан қайтыс болғаннан кейін басталған ереуіл Пекиндегі бүкіл жоғары оқу орындарын қамтып, сабақ тоқтап, ақыры орталық алаңдағы аштық жариялауға ұласқан еді.
Біз ұрандатып, кернейлетіп, биліктің символына айналған алаңға жеткенде, түс ауып кеткен. Шешендер дауыс күшейткіш арқылы Үкіметке деген талаптары мен тілектерін жеткізіп жатты. Жетпіс жыл бұрын осы байырғы қаладан басталған «Төртінші мамыр қозғалысы» ұлттық теңдік, ғылым мен демократияны талап етіп көшеге шықса, қазіргі қозғалыстың талаптары демократия мен еркіндік орнату, жемқорлықты тізгіндеу, партиялық диктатураны тоқтату болды.
Осы кезде бір шешен:
— Дәл қазір Партияның бас хатшысы Чжао Цзыян Кеңес Одағының бас хатшысы Горбачевпен Дяоюйтай қонақүйінде кездесіп жатыр. Кеңес Одағын жариялылыққа, қайта құру мен реформаға бастаған Горбачев мырзадан студенттердің отаншылдық қозғалысына моральдық қолдау сұрайық! — деп жар салды.
Бұл кезде басқа да жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттері толассыз ағылып келіп, қатарымыз мүлде молайған-ды. Ұрыс та, тұрыс та жоқ, солай тартып кеттік.
Біз барған кезде мемлекеттік қонақүйдің алды шетелдік маркалы машиналарға толып, күзет күшейтіліпті. Бірақ ереуілшілерді ешкім тоқтатқан жоқ. Ғимараттың алдына таяп барып, топталып тұрдық. Ара-тұра:
«Қайта құру, жариялылық, реформа, жаңаша ойлау!»
«Кеңес Одағында басталған реформа Қытайды айналып өтпесін!»
«Бүкіл әлем сізді қолдайды, сіз де Қытайдағы студенттердің әділетті, заңды талабын қолдаңыз!» — деп ұрандатамыз.
Осы кезде іштен ұзын бойлы, еңселі, отыздан асқан, қырыққа еркін жетпеген, азиялық өңді, еуропаша киінген жігіт шығып, ереуілшілерге бір сәт қарап тұрды да, қайтадан ішке кіріп кетті.
Өзгені білмеймін, осы жылы жүзді, инабатты жігіт менің көзіме оттай басылды. Кеңес Одағы десе, санамызға көккөз, сары шашты адамдар елестейтін біздер үшін мына жігіттің тұла бойы, тұлғасы бұлт арасын жарып шыққан күн шуағындай ыстық әрі жылы сезілгені әлі есімде.
Сөйтсем, түйсік алдамапты. Жиырма жылдан астам уақыт өткеннен кейін Қасым-Жомарт Кемелұлының «Беласу» атты кітабын оқи отырып, сол жігіт ағасының әлемдік өзгерістер заманында Кеңес Одағының ҚХР-дағы Пекиндегі елшілігінде қызмет істегенін, екі алып ел арасындағы ұзақ жылғы үзілістен кейін басталған тарихи оқиға — алғашқы мемлекеттік сапардың басы-қасында үйлестіруші болғанын білдім.
Еліміздің екінші Президенті, қазіргі Жаңа Қазақстанның бас сәулетшісі кешегі қандастың, бүгінгі Республика тұрғынының санасында осылай сақталып қалған екен.
1994 жылдың 26 қарашасында тәуелсіз Қазақстанға табанымның ұшы тиді. Біз туған ғасыр революциялар мен қоғамдық жаңғыруларға толы болғандықтан ба, әйтеуір, біздің ұрпақ саясатқа үйір, саяси мәселелерге құмар болып қалыптасты. Әлде жас мемлекеттің тағдыры мен өз тағдырымызды тұтастыра, байланыстыра білгенімізден болар.
Барлық ақпарат құралдары арқылы саяси және экономикалық үдерістерге жиі көңіл бөлетінбіз. Сол жылдары еліміздің қырыққа енді келген, қазақша еркін көсіліп сөйлей қоймайтын, сымбатты Сыртқы істер министрі жылы жүзі, мейірімді жанарымен өзіне ерекше баурайтын. Көп жыл өтпестен ағылшын, қытай, француз тілдерінде мүдірмей сөйлейтін министр ана тілінде де еркін, мүлтіксіз сөйлеп, журналистерге мақалдатып жауап беретін болды.
Біз шетінен романтик болдық. Қазақ елі еркіндікке қол жеткізді. Енді түзу сызық бойымен заманауи, дамыған мемлекетке айнала кетеді деп қиялдадық, армандадық. Бірақ арманымыз көп болғанымен, дәрменіміз аз, дертіміз зілбатпан екен.
Елді жұмыссыздық, қылмыс, жемқорлық, ақшаның күн санап құнсыздануы тұмшалап алды. Одан шығар жол — Батыс құндылықтары деп білдік те, Украина, Қырғызстан, Грузиядан басталған түрлі-түсті революцияларға қызыға да, қызғана да қарадық.
КДТ құрылып, аяғы шарықтап, «Нағыз Ақ жолға» дейін барғанда, Қ. Тоқаев мырзаны сол қатардан көргіміз келгені рас болатын. Шығыс пен Батыстың ілімін еркін меңгерген ғұлама дипломат «жас түріктердің» қатарынан табылса, шіріген жүйе опырылып, бабалар армандаған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнар деп дәметтік.
Сөйтсек, айсбергтің сыртқы қабатында сырғанап жүр екенбіз. Әлемдік күрделі геосаясатты, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымыздың менталитетін ескермеппіз, түсінуге де тырыспаппыз. Білгеніміз бір тоғыз болса, білмейтініміз тоқсан тоғыз екен.
Зиялы отбасында дүниеге келіп, заманның оңалған кезінде ештеңеден таршылық көрмей өскен Қасым-Жомарт Кемелұлы кезінде АҚШ-тан отбасымен ат арытып, жайлы жұмақ іздеп көшіп келгенімен, Кеңес билігінің сеніміне кіре алмай, Қазақстанға жер аударылып келген мұғалімнен ағылшын тілін үйренеді.
Мектеп бітірген жылы қиырдағы Алматыдан қияндағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректорына оқуға қабылданудың тәртібі мен уақытын сұрап, өте ыждағатпен хат жазады. Болашақ дипломаттың әлемдік үлкен саясаттағы кеңістігі осы хаттан басталып, ары қарай Одақтық, тіпті ғаламдық деңгейдегі дипломаттар мен саясаткерлердің жолымен тоғысып кетеді.
Олар кім дейсіздер ғой?
Ол — Кеңес Одағының белгілі партия қайраткері әрі дипломатының ұлы, АҚШ-та білім алған және ММУ-дың филология факультетінің түлегі, Сталиннің аудармашысы, Хрущевтің көмекшісі, ширек ғасырға жуық Кеңес Одағының маңызды мемлекеттердегі елшісі болған Олег Александрович Трояновский болса, енді бірі — 36 жасында тарих ғылымдарының докторы дәрежесін қорғаған, әйгілі қытайтанушы, Кеңес Одағы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Михаил Степанович Капица болатын.
Тұлға ғана емес, қарапайым адамның да дүниетанымы мен ой-санасының, жұмыс ырғағының қалыптасуы үшін айналасындағы адамдардың ықпалы зор болады.
Одан әрі жиырмасыншы ғасырдағы әлемдік саясат пен дипломатия тарихында іздерін қалдырған А. Громыко, Э. Шеварднадзе, Е. Примаков қатарлы тұлғалармен қызметтес болыпты.
Осы аралықта біраз жылын Сингапурда өткізіп, Шығыс пен Батыстың менталитетін жақсы білетін әлемдік деңгейдегі өзгеше саясаткер Ли Куан Юден қызмет барысында алған өнегесі мен жиған тәжірибесі азулы елдер қақтығысында қалайша тепе-теңдік сақтап, өз еліңнің мүддесін қорғай білудің кілтін қолына ұстатса керек.
Ол заманда қазіргі империяның жұртын күзетіп, ықпалын жоғалтпаймын деп жанталасып жүрген Путиніңіз арнайы қызметтің қатардағы полковнигі болатын.
Мәскеуде оқып, Қытайды шиырлап, Сталинге еліктеп мұрт қойса да, ақшаның түбіне жетемін деп жүріп, санасына сәуле қонбаған Мәсімовтің: «Ұшақ толы доллар бар, қалаған жағыңызға қайқайып кете беріңіз», — деген мұнафық сөзіне ой жүгіртсеңіз, жетесіз саудагердің майда тірлігіне күлкіңіз келіп, жаныңыз ашып кетеді. Ел аманаты, ұлт құндылығы деген ұғымдарды сезінбеген болды ғой, қасқаң!
Еңіреп туған ер ел басына күн туғанда сыналады.
2022 жылы «Қаңтар оқиғасы» еліміз үшін қатерге толы күн болды. 72 жылдық кеңестік номенклатураның баса-көктеп билеуінен жиналған қайшылықтың жаңғырығы, 33 жылдық авторитаризмнің асқынуынан қордаланған байлықтың 156 үркердей топтың қолына шоғырлануы қабаттаса келіп, қоғамда зілзала тудырды.
Тумысынан мінезі жұмсақ, мейірімді, парасатты болып көрінетін дипломатты ойдан құрастырылған «20 мың террористің» сесімен қорқытып, «қалпақпен ұрып аламыз» деген үлкен астаудан ас ішіп, ауызданған «күлшелі балалар» оңбай қателесті.
Халық сайлап, Конституция өкілеттік берген сертіне адал болды. Жұмсақ мінезі қайсарлыққа, парасаты жігерге ауысып, бар жауапкершілікті мойнына ала отырып, Көк Туды құлатпай, шаңырақты шайқалтпай ұстап қалды.
Сонымен саяси сабақтастықты негіз етіп, біртіндеп жаңғыру кезеңі аяқталып, саяси бұрылыс пен өркендеу кезеңі басталды. Бұл үдеріс 2024 жылдан кейін құрылымдық реформалар мен жаңа экономикалық модель іздеуге ұласты.
Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мектебінен түлеп шыққан дипломат тізгін-шылбырды өз қолына алған соң, күтпеген жүрістер жасап, ел ішіндегі де, сыртындағы да саясаткерлер мен саясаттанушыларды таңғалдырып келеді.
Тоқаев билікке келгеннен кейін көп өтпей, дүниежүзі экономикасын ғасыр дерті — COVID-19 жайпап өтті. Сол кезеңде Ел Президентінің алдында денсаулық, экономика және халықтың әлеуметтік жағдайы деген үш міндет тұрды.
Сондықтан барлық күш індеттен сақтануға, экономиканы ұстап тұруға жұмылдырылды. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына 42 мың теңгеден көмек берілді. Орта және шағын бизнеске үш жылдық мораторий жарияланды. Еліміз COVID-19-ға қарсы вакцина жасап шыққан елдердің қатарына қосылды. Сондай-ақ Президенттің Жастар кадрлық резервін қалыптастыру, цифрландыруды жетілдіру жөніндегі ұсыныстары күн тәртібіне қойылды. Экономикадағы жеке сектордың үлесі артты.
2022 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өткізіліп, Конституциялық сот қалпына келтірілді, сайлау, партиялар және жергілікті басқару туралы саяси реформалар жасалды.
Сол жылдың қарашасында мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтіп, ескі де, жаңа да саяси қарсыластар қапы қалды. Қазақ қоғамында «күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» жүйесі орнықты.
Отыз жылдан астам уақыт бойы әбден шаң басып, ескірген салық заңнамасы жаңарып, жаңа экономикалық өсімге жауап беретін деңгейге жетті.
Кезінде латын жазуына көшеміз деп жалпы халықтық талқыға салып, ары-бері көкпарша кергілесіп, кер ауыздар мен көк ауыз мыжымаларға нәпақа тауып берген сәтсіз жүрістен сабақ алғанымыздан болар, Қ. Тоқаев заманында АЭС салу мәселесін ұзақ талқыға салмай, тікелей референдум арқылы шештік.
Сыртқы саясатта кәсіби дипломат мұхитта еркін жүзген алып китті көз алдымызға әкелді.
Ресеймен стратегиялық байланысымыз күшейе түсті. Путин алғаш Президент болған кезі есіңізде шығар? Сонда алғашқы Орталық Азияға сапарын Өзбекстаннан бастап, Қазақстандағы орыс мәселесін атап өткен.
Ал қазір ше?
Еліміздің оңтүстігі мен батыс аймақтарында орыс тілін оқытуға қаржы бөлініп жатыр. Қытаймен жан-жақты ынтымақтастық тереңдей түсті. Көршіні Тәңір сыйлайды дегендей, ТМД елдері бойынша алғашқы визасыз қарым-қатынас Қазақстан мен Қытай арасында орнап, қаншама кәсіпкер мен саяхатшы артық шығыннан құтылып, уақытын үнемдеп отыр.
Ұмытпасақ, Қытайдағы алғашқы Төтенше және өкілетті елшіміз марқұм Мұрат Әуезов елшілік миссиясын аяқтаған кезде Іле, Ертіс сияқты шекара асып ағатын өзендердің тағдырын сөз етіп, дабыл қаққан еді. Артынан ұмыт болды.
Қ. Тоқаев кезекті бір Путинмен кездесуінде Балқаш көлінің айналасында барыс болғанын, кейін оның тұқымы құрып кеткенін тілге тиек етті. Екінші бір кездесуде Ресей Президенті қажет болса, барыстың тұқымын беретінін айтып қалды.
Осы диалогтардың астарына үңілсек, көл, өзен, барыс дегендердің бәрі — экология мәселесі. Шығыстағы, солтүстіктегі екі көршіміз де Париж климат келісіміне қол қойып, міндеттеме алған елдер. Балқаш табиғи қорығы құрылды.
Енді шекара асып ағатын өзендерді бірлесіп қорғап, әлемдік жылынудың зардаптарынан сақтану — үш елдің де міндеті. Сонымен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің келесі Қазақстанға мемлекеттік сапарына сол елдің Су ресурстары министрі бірге келуге тиіс болып қалды. Суды сіңетін жеріне құя білетін шеберлік деген осы.
Орталық Азия елдерімен өзара жақындасу ауыз жүзінде емес, іс жүзінде іске асып жатыр.
Еліміз Президентінің бастамасымен Орталық Азия + Ресей, АҚШ, Қытай, Жапония, Корея, Германия және басқа да форматтардағы форумдар дүниеге келді. Сөйтіп, адам саны 130 миллионды құрайтын, қойнауы қазба байлыққа толы туысқан елдер бірлесіп іс-шаралар өткізіп, инвестор тарта бастады. Кеден, салық, цифрлық даму үлгілерін бір ізге түсіруге талпыныс жасалды.
Түркі елдерімен болған ынтымақтастығымыз да сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Түркі кеңесі 2040 жылға қарай ықпалды одаққа айналады деген болжам бар.
Жалпы саны 200 миллионға жуық, тілі, ділі, діні мен дәстүрі жақын туысқан елдер өздеріне пайдалы шешімдерді ешкімнің қабағына қарамай қабылдайтын басқышқа келді. Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық қорғаныс, цифрлық даму, көлік-транзит салаларына қарай ойысты.
Биыл Түркі академиясы еш дабырасыз қазақ және қырғыз тілдерінің латын графикасына негізделген әліпбиін бекітті.
АҚШ бастаған Батыс елдерімен болған байланысымыз да кемелденіп келеді. Рим папасы елімізге екі рет келді. Президенттің Құрама Штаттарға сапары одан әрі Еуропалық Одақ басшыларымен кездесуге жалғасып, кейін Жапония мен Кореяға барып ұласты.
Ибраһим келісіміне қол қойылып, Палестинаны қайта құру ісіне қатысатын болдық.
Иранның Қатынас және көлік министрі елімізге келіп, Ормуз бұғазы арқылы мұхитқа шығатын терминал салу үшін жер сатып алдық. Бір мұхитқа шығар жол жабылар болса, келесі мұхитқа шығатын жол бізге ашық деген сөз.
Басты мақсат — сирек кездесетін минералдардың көздерін шикізат ретінде сатып қана қоймай, оларды өз күшімізбен анықтап, зерттеп, терең өңдеп, нарыққа шығару үшін шетел капиталын тарту әрі транзиттік мүмкіндіктерімізді барынша тиімді пайдалану.
Осы мақсаттарға жету үшін Тоқаев ай сайын алыс сапарларға шығып, саяси және бизнес элиталарының тілін табуға тырысты.
2022 жылдан кейін халықаралық геосаяси жағдай күрделіліп, соғыс пен аштықтың үрейі жер шарын кезіп кетті.
Міне, осы кезеңде Қазақстан өзіндік сыртқы саясат маневр кеңістігін сақтап, орта держава ретіндегі ықпалын арттыра түсті.
Оның формуласы Ресеймен қатынасты үзбеу, Қытаймен экономикалық байланысты тереңдету, Батыспен байланысты кеңейту, Орталық Азияның дербес субъектілігін күшейту тұрғысынан көрініс тапты.
Ішкі саясатта «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың бәрі бағынатын ортақ өлшемге айналды.
Осы тұрғыдан келгенде, Тоқаев саясатының басты ерекшелігі — революциялық емес, басқарылатын трансформацияға айналуы.
Бұл салада реформаның заң қабылдаумен ғана шектелмей, соттардың тәуелсіздігі, құқық қорғау органдарының жұмысы және азаматтардың нақты құқықтарының қорғалуы арқылы бағалануы маңызды болмақ.
Қысқасы, бұрынғыдай пара алған халық әртісінің Президентке «ағатайлап» хат жазуы арқылы заң құрығынан құтылып кетпеуі керек. Заң алдында атағына, даңқына қарамай, бар азамат тең болғаны жөн.
Жолы болмаған саясаткерлер мен еріккен блогерлер елімізді «штрафстан» деп мазақтап, насыбайды сылтың қылды.
Сингапур мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі Ли Куан Ю кезінде өз елінде азаматтардың сағыз шайнауын шектеп, сағыз импортына тосқауыл қойған. Өйткені ел тұрғындарының кез келген жерге сағыз қалдығын тастайтын жаман әдеті болған екен. Оның зардабынан магнитпен жүретін метроның рельстері істен шығып, адамдар жұмысынан кешіккен.
Одан сырт, сингапурлықтардың біз сияқты әлеуметтік орындарға жазу жазып, сурет сызып кететін жаман дағдысы да болыпты. Үкімет тәртіп бұзғандарға қатаң жаза қолдануды міндеттеген.
Қас қылғандай, АҚШ сияқты өркениет ошағынан келген кәмелетке толмаған еркетотай бала заңның сол тармағын бұзады. Жаза орындалатын шешім шыққанда, Президент Билл Клинтонның өзі араласып, Ли мырзаға қиылып өтініш айтады. Бірақ заң баршаға ортақ деген принциптен айнымай, Премьер-министр баланы жазалайды.
Бүгінгі Заң мен тәртіп салтанат құрған, тұрмысы шалқып, берекесі артқан Сингапур осындай сынақтарды бастан кешкенін ұмытпайық.
Кешегі сылтыңға тұздық болған насыбай хикаясы болашақтағы дамыған, бейбіт, тәртіпті, таза Қазақстан тарихындағы бір жақсы бетбұрыстың бастауы болып қалуы мүмкін.
Әңгімені өткен ғасырдан бастап, бүгінгі тұтас аумағы құрылыс алаңына айналып бара жатқан Әділетті Қазақстанға тіреп отырмыз. Мұндағы айтпағымыз — Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің мұраты не деген мәселе.
Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында әлем картасында Қазақстан деген ел шаңырақ көтеріп, 35 жылда толағай табыстарға қол жеткізіп, өңірлік құбылысқа айналды.
Әрине, қателіктер болмай қалмады. Мемлекет құру мен нарыққа өту қатар жүрді. Айналамыз бізден үлес алып қалуды дәметсе, біз орнымыздан нық тұруды армандадық.
Тарих доңғалағы айнала келіп, Тоқаевқа жаңа мұрат ұсынып отыр.
Ол — Қазақстанды заң салтанат құрған, халқы салауатты да сапалы, саналы, айналасын сыйлай да, сыйлата да білетін, зайырлы, әлеуметтік, заманауи мемлекет құру.
Қазір оның тағаны берік қаланды. Енді ең бастысы — тыныштық пен тұрақтылық керек. Осы екеуі бар жерде халық баяшатты өмір сүреді.
Құрылтайы кері тартып керкілдесіп, сұрқылтайы басқа шығып, бұтына тышып жатқан елге кім жоласын? «Қайта пәлесінен аулақ» деп кері қашады.
Көк Туымыз желбіреп тұрғанда, бүлінген бүтінделеді, қашқан оралады, ортайған толады, майысқан түзеледі. Қазақстан саны да, сапасы да артып, айналасына әлі үлгі болады.
2019 жылғы 12 сәуірде 360 әулиенің мекені Маңғыстауда Қ.К. Тоқаев:
«Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру — біздің қасиетті парызымыз», — деп төңіректің төрт бұрышына жар салған.
Бұл — тарих жүктеген, болашаққа бағытталған мұрат!
Омарәлі Әділбекұлы
Abai.kz